Өлең, жыр, ақындар

Өлеңмен өрілген поэзия сардары - Абайдың лирикасы

Кәрі тарих беттерінде, қалың қазақ халқының жүрегінде рухани көсем болып қалыптасқан Ахмет Байтұрсынов: «Абайды қазақ баласы тегіс танып білуі қажет. Абай сөздері дүнияда қалғаны – қазаққа зор бақ»,- дей отырып, даналық өлшеміне айналған ойшыл Абайды қазақтың маңдайына біткен бағы, өз заманының ғана емес, ұрпақ жалғастығының да шам-шырағы дегені емес пе?

Әдебиетімізде «Алтын ғасыр» атанған XIX ғасырда дүниеге келген дара да дана Абайды Абай етіп қатайтып, қалыптастырған – тарих тағылымында қалған, қазақ халқының жанына батқан жұмыр, қиын қыстау кезеңдер еді. «Әр қазағым-жалғызым» деп, елдің ертеңіне алаңдатқан ой жүрегін біресе ысытты, біресе суытты, біресе өртеді, біресе мұз етті. Осы күйі мен лебін өмірім деп білетін өлеңмен өрілген поэзиясында, сөзбен сурет салып прозасында дамытты. Көбіне көңіл-күйі мен сезім дүниесін теңдей тоғыстырып, әлеуметтік-толғаныстарын шеберлікпен жеткізген Абай – ауыз әдебиетінен келе жатқан лириканың бас қаһарманына айналды.

10 жасынан өлең жазып, ақындықты қасиетті досы етіп, жанына серік қылып, зұлымдық, надандықпен кектене арпалысып, мірдің оғындай тура, ашық әрі айқын жазып, нағыз ақындыққа шынымен бой беріп қозғамаған тақырыбы кемде-кем. Ойлы өлеңдерімен өскелең ұрпаққа қанат бітіріп, тәрбие мен адами қасиеттерді әрдайым бойға сіңірткен сұңғыла ақын табиғат лирикасы, махаббат лирикасы, философиялық лирика, саяси лирика және көңіл-күй лирикасында да қалам тербеген. Жалпы, Абай лирикасында нәзік сезімге толы толғанысы мен гуманистік рухымен, асқан шебер суреткерлігі өзінің реалистігімен тоғысып, әдеби мұрамыздың алтын қорына теңдесіз туындылар тудырды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы : «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға», - деп вйтып кеткендей елдің ертеңіне алаңдап, өлшеусіз рухани қазынаны өлеңі арқылы қосқан. Лирик ақынның сондай шығармаларының бірі – «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»:

«Қалың елім, қаза ғым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың»

 , - деген өлең жолдарында қалың елі қазағының надандығы мен зұлымдығына налып, көзі ашық, көкірегі ояу ел болуға шақырады.

«Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың»

, - деген жолдарында Абай сатира сардарына айналып, өз елінің би-болыстарын басы бірікпейтін қиқымға теңеп, елді бастайтын емес, таптайтын жандар осылар деп, ашық сынайды. Сұңғыла ақын Абай осылай халық жанашыры болып, саяси лириканың керемет үлгісін көрсетеді.

«Есіңде бар ма жас күнің,
Көкірегің толық, басың бос,
Қайғысыз, ойсыз, мас күнің —
Кімді көрсең, бәрі дос»

,-деген аралас ұйқасқа құрылған ақын өлеңінде есік пен төрдей ғұмырдың қас қағымда өте шығатын мейірімсіз ақиқатын философиялық ойлар арқылы махаббат тақырыбын жырлайды. Абайдың данышпандығы да міне осында! Философиялық лирика мен махаббат лирикасының терезесін тең ұстап, сапырылмас байлығымыз деп білетін әдебиетімізге тағы бір шарықтаған лирикалық өлең үлгісін көрсетті.

Қорытындылай келе, қазақтың алыстан тұмандатып орағытпай, қозғайын деген пернесін дәл басатын мірдің оғындай тура сөйлейтін реалист әрі лирик ақыны Абай ғибратты сөздерімен өз мұрасын халық қамы үшін қалыптастырған десек еш қателеспейміз. Себебі Мұхтар Әуезов айтып кеткендей: «Қазақтың тұрмысын, өнерін, мінезін айқын суреттеп, кемшілігін көрсеткен де Абай».

Ділдабек Нұршат Алмасбекқызы

Профессор, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлы.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз