Өлең, жыр, ақындар

Мен - жауынгер сақ тайпасының қызымын...

Раушан ӘРІП, Ақтау қаласында 1986 жылы 15 сәуірде дүниеге келген, №13 қазақ гимназиясында оқып, Оны 2003 жылы қызыл аттестатпен бітірді. Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті мұнай-газ институтының 4-курс студенті. Үздік оқуына байланысты «Аджип» ҚКО компаниясының шәкіртақысын жеңіп алған.

БІЗДІҢ ЕРТЕГІМІЗ

...Сонау алыс ғасырлар, жылдар түкпірінде, Маңғыстаудың Бозашы деген түбегінде болған оқиға екен бұл... Ұлы даладағы Сақ елінде өзі сұлу, өзі батыр, Тұмар падиша өмір сүріпті. Талай елді жаулап, халқын қан қақсатқан парсылық Кир патша Тұмар сұлуға ғашық болып, оның өзіне қосылғанын қалайды. Бірақ ешкімге бас имейтін тәкәппар сақ қызы Тұмар ханым Кирдің сөзін жерде қалдырады. Оған ызаланған Кир патша сақтардың Отанына соғыс ашып, жерін басын алуды мақсат етеді. Бірақ қанға бөккен қызыл майданда Тұмар ханым Кир патшаның басын шауып алады да, «Ал, қанша ішесің, енді кереңнен шыққанша іш!» деп қанға толтырылған меске Кирдің басын салып қояды...

Дала аңызы осылай дейді. Сол Сақ ханшайымы аман алып қалған, ол басқарған ұлы далада, біздер бүгін емін-еркін, арқа-жарқа өмір сүрудеміз. Бұл ертегіні ойламаған жерден фильмге түсіп, «Сақ қызының» ролін ойнаған Раушанның да естіп, сол әуенге құлағын тосып өскеніне күмәнім жоқ. Себебі, оның өзі де сол топырақтан жаратылған, Томирис сұлудың нағыз сіңлісі... Әзірге, ертегімізді осы жерден үзе тұралық.

1. Өскен орта

...Әр баланың кішкентай кезінен бір нәрсеге ынта-зейіні артықтау болатыны сөзсіз. Соны тек ата-ана дер мезгілінде байқап, сол іске қызықтыра білсе, құба-құп. Раушанның да туа біткен қарапайым мінез-құлқы мен қарым-қабілеті «аржақ түбінде» жатыр. Әкесі Ғалым-журналист, ақын. Анасы-Бибігүл дәрігер. Бірі - Тұщықұдықта, бірі Бейнеуде туып-өсіп, арман қуып Алматыға барғанда танысқан. Бұлардың өзі 80-нші жылдардың жаңашыл ұрпақ, жас буын өкілдері. Олай болса, зиялы қауымға жататын олардың балалары да зиялы болып өсіп-өркендеуі орынды дер едік. Көп ата-ана өздерін зиялы санағанмен ұрпақ тәрбиесінде сол жолды қатты ұстауға мән бермейді. Содан соң «қиғаш бала» қайдан шықты деп таңданамыз. Бұл жерде біз көпшілікке бала тәрбиесі туралы фәлсафа айтқалы отырған жоқпыз. Бірақ баланың түзу өсіп, түзу жүріп, өзінің бойына құдай дарытқан дарын, талантын, кішкене болса да өнерін көрсетуге, өскен орта, отбасы, ата-ана үлкен септігін тигізетіні даусыз.

Раушан да бала кезінен сабақтан бос кездерінде әдеби кітаптарды көп оқыды, өнердің сан алуан жанрында әуестікпен бағын сынады, бастаған ісін тындыруға асықты. Бесінші сыныпта жүргенде алғаш рет Абай сарайында үлкен сахнаға шығып, жергілікті сазгердің «Тырналар» әнімен танылды. Мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, «Қыз сыны», «Алтын күз» байқауларының жүлдегері болды. Осылай бойына жас күнінен сіңірген әр іске тынымсыз көзқарасы және соны ары қарай білсем деген ұмтылысы, өз ойын еркін жеткізе білуі, бастаған ісін тез меңгеруі, бейімділігі, білімділігі және әр нәрсеге «тәуекел» ете білетін батылдығы жоғары оқу орнында студент атанған кезінде, оны үлкен ортаға алып шықты. Адам қашанда бір істі бастарда соған ниет етіп, белін буады да, кейде сәл тоқыраса, тастап кететіні бар. Ондай жағдай жас адам түгілі, үлкендердің де бойынан жиі кездеседі. Бірақ Раушан алған бетінен тайсалмайтын, намысқой, бір сөзді жас. Әп-әсем, биязы да, сүйкімді жаспен сөйлесіп қарасаңыз, көп жағдайға қанығасыз. Жиырма жастан енді ғана асқан Раушанның басынан кешкен оқиғаларына өзінің қатар-құрбылары, достары қызығып қарайтыны сөзсіз. Олай болса, әңгімені кейіпкеріміздің өз аузынан естиік.

2. «Ол - жауынгер сақ қызы!»

— Раушан, сені редакцияға алдымен «Ана тілі аруы-2007» байқауының бас жүлдегері ретінде маңғыстаулықтар атынан құттықтағалы және өзіңді жерлестеріңе етене таныстырғалы шақырдым. Әрине, мен сені Бозашының боз жусанын иіскеп, сусылдаған құмында ойнап өскен, «нағыз Маңғыстаудың қызы» деп есептеуім мүмкін. Ал, қайсы біреулер үшін сен «қала бойжеткенісің». Сосын... бәрін басынан бастап айтып берші, осы «Ана тілі аруы» байқауына қалай қатыстың?

— Сұрағыңызға жүйелі жауап берейін. Біріншіден, қалада туғанмен, өзіңіз айтқан Бозашының боз даласында жусанын иіскеп, аунап-қунап өскен баламын. Екіншіден, отбасымда қазақи дәстүрді берік ұстаймыз. Ал, жарысқа келсем, алғаш рет 2005 жылы наурызда біздің университетте «Наурыз аруы-2005» атты байқау өткен, сонда 1-ші орынды жеңіп алдым. Одан соң «Хабар» телеарнасына кастингке шақырды, ол жерде «Айбын» деген жас ұландарға арналған әскери бағдарламаны жүргізушілерге байқау жүреді екен. Және көбіне студенттерді шақыратын болып шықты. Жарысқа ҚазМҰУ-дің филология, журналистика, жалпы гуманитарлық факультет жағынан қыздар көп келетінін байқадым. Техникалық ВУЗ-дан жалғыз өзім. «Неде болса қатысайын» деп шештім. Алдымен бейнетаспаға түсіріп алып кетеді де, сосын оны басшыларына көрсетеді. Біз оқу орындарымызға қайтып кеттік. Бір күні маған «Сен өттің, енді эфирге шығатын хабарыңды дайында», деп шақыру келіп тұр. Сөйтіп, мен республикалық «Хабар» арнасынан жас сарбаздардың өміріне арналған «Айбын» деген бағдарламаның жүргізушісі болдым. Бірақ та бірнеше айдан соң, мамандығыма байланысты Ақтаудан өндірістік практикадан өтуім керек болды да, «Айбынды» қалдырып кеттім.

(Әлбетте, «Ана тілі аруы» аталып, республика көлеміне кеңінен танымал бола түскен Раушанға «Айбындықтар» қайтадан қолқа салып, бағдарламаны тұрақты түрде жүргізуге шақырыпты. «Хабар» телеарнасынан биылғы жаңа жылдық өнер кешін жүргізген ол, алда «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан жаңа жобалар бойынша жүретін бағдарламаларға конкурс арқылы қатыспақ. Сонымен қатар ол күз айында тұңғыш рет өтетін «Ана тілі сұлтаны» сайысында қазылар алқасының құрамына да енгізілген).

— Журналистік қызметтің алғашқы сатысынан өтіпсің, жұмыс ұнады ма?

— Ұнады, үлкен әсерде жүрдім. Журналистік жұмыстың қыр-сырын аз да болса ұғынып қалғаныма қуанамын.Ол жерде ұжымдасып жасайсыз, режиссер де, оператор да, техникалық қызметкерлер де бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста. Сабақтарымды алдын-ала «өте жақсы» деген бағаға тапсырып тастаймын да, студияға хабарымды жүргізуге барамын.

— «Ұлы Дала» деген деректі фильмге де түсіпсің?

— Иә, түстім. Ол да аяқ астынан болды. Студиядағы жұмысымнан шығып келе жатыр едім. Алдымнан жолыққан бір ағай: «Қасың жасанды емес пе, өзіңдікі ме?» деп сұрады. «Жасанды емес» дедім. «Бізге осындай табиғи сұлулық керек, ертең киноға түсуге келесің», - деді. Таңертең ертемен қаладан шығып кеттік те, «Өжет» деген жерге келдік. Жан-жағы таулы, табиғаты әсем, көрікті мекен екен. Сол жерде кино түсірілді. Олардың асыққан себебі, фильм сәуір айында өтетін 5-ші Евразия медиа-форумының алдында экраннан көрсетілуі керек болған.

— Кімнің ролінде ойнайтыныңды айтты ма?

— Иә, айтты. Батыр қыздың бейнесін жасайсың, - деді. Басыма киетін дулыға әкелді, шашымды соның ішіне жинап қойды. Үстіме ап-ауыр сауыт-сайман, қолыма қорғанатын қалқан, ататын садақ, жебе берді де, бетіме қара күйе жақты. Сосын атқа отырдым. «Анау жерге дейін шауып кетесің», «Қатты шабасың, құласаң да шабасың!» - деді. Солай еттім.

— Қорықтың ба?

— Қорықсам да, қайта-қайта шауып үйреніп кеттім. Рольді солай ойнап шықтым, бәрі риза болды.

— Сонда қандай көрініс ол?

— Мазмұны былай: мен - жауынгер сақ қызымын. Жау жақтан бір адамды жаралап кетемін. Атпен құйғытып бара жатқан мені дұшпан жігіт жебемен атады, сонда бас киімім ұшып түседі де, менің сақ қызы екенімді біліп қалады. Ол жауызға қаһарланып, сұсты кейіппен қараймын.Ұлы Дала ұландары ұрыста жеңілмейді, беріспейтін бекем баһадүрлер...Сондай әдемі көріністер... Жанымда және М.Әуезов атындағы драма театрының актерлері де түсті. Лентаны Президент мұражайының архивіне қойған және Елбасының қолдауымен арнайы түсірілген.

— Болашақта тағы киноға түскің келмей ме?

— Шақырса, түсетін шығармын, әзірше мамандығымды меңгеріп алайын.

— Ал, енді «Ана тілі» аруына келейік...

— «Ана тілі» аруы байқауы өтетінін газеттен оқып білдім де суретімді алып, көрсетілген мекенжай, Абай-Гагарин көшесіндегі «Баспалар үйіне» бардым. Барсам, бір кісі отыр екен. Ол оқу орнымды, өмірбаянымды сұрап алып қалды. Әуелгіде 200-дей қыз қатысқан, іріктеу сынында 34-35-і қалды, ал ең соңғы турда 12 қыз шықтық. Қыздар Атырау, Орал, Мәскеу, Павлодар, Аякөз, Астана, Алматы қалаларынан келген, ең жасы кішісі 9-сыныпта оқиды. Жарыстың талаптары тіпті де жеңіл болған жоқ.

2. Сайыстың аты сайыс

Осылай, Раушан алыс қалада жүріп, танитын көп жанкүйері болмай, қобалжыса да сайысқа түсуге жігерін жанып, кірісіп кетті. Әрине, алдымен ауылдағы ата-анасымен ақылдасты. Арулар жарысы болғаннан кейін киетін киім, тағатын асыл тастар, айтылатын сөздердің түп-төркіні қандай болу керектігін пысықтады. Жарыс алдында бір қыздар: «Мұндай сайыстарда орын алдын-ала тағайындалып қойылады, қатысып қажеті жоқ, кімдер алатыны әлдеқашан белгілі» деген болатын...

Байқау 7 номинация бойынша өтті. Айтар ауызға оңай болғанмен, әрқайсысының жүгі ауыр, мазмұны да терең, сұрақтар да күрделі. Өзін таныстырудан бастап, туған жерің, оқу орнын, алға қойған мақсатын жүйелеп, көрерменнің жүрегіне жол тауып, әсерлі етіп айтасың. Раушан оның бәрін өлеңмен ұғымды да, ұтымды етіп өрнектеді. «Тек, руыңды айттырмайды екен», - деп күледі Раушан. Бірақта, сөз ыңғайын пайдаланып, алыс Маңғыстаудан екенін кірістіріп кетті.Туған жері, Қазақстан Отаны туралы өз ойларын көркем тіл, нақты деректермен, мазмұнды етіп жеткізді. Ұлттық салт-дәстүр, тілді, тарихты, мәдениетті, дінді, ділді, өнерді білудегі қойылған талаптың бәрін мүлтіксіз орындап, өзінің ой-өрісінің кеңдігін паш етті. «Ана тілің - қазақ тілінің тағдырына қалай қарайсың?» деген төтеннен қойылған сұрақтарға, ана тіліміздің бүгінгі жайын қысқаша айта келе, ата-бабамыздың қасиетті де, киелі тілін қастерлейік,

«Кең даламды қызыл гүлдер көмкерсін,

Ару қыздар ұлы өмірге өң берсін.

Тәуелсіздік көк байрағы секілді,

Ана тілім, самғап биік төрге енсін!» -

деп лезде өлеңмен жауап беріп, қазыларды риза етті. Өзінің сүйікті кейіпкері сақ заманындағы Томирис-патша қыздан бастап, қазақтың арулары мен аяулы аналары: Домалақ ана, Шоқанның, ұлы Абайдың аналары, Маңғыстаудағы Қаламқас ару туралы айта келіп, бұ заманның ардақтылары болған Сәбира Майқанова, Әмина Өмірзақова, Бикен Римовалармен аяқтап, 1986 жылғы желтоқсанда қыршын кеткен жастардың ерлігіне тоқталуы, «Атаның ұлы – ұлтын сақтар, Ананың қызы – жұртын сақтар» деген халық мақалын келтіруі, самсап отырған қазылардың көңілін пірлетсе керек.

Салт-дәстүрлерді насихаттау бөлімінде Раушан «Бесікке салу» дәстүрін әспеттеп, «Төріңде бесік тұрса, төре де бас иеді» деген халық мәтелін келтіріп, әдемі әуенмен «Ана әлдиін» айтқан. Алматыдан, бір үйден бесікті әрең сұрап алып, байқау біткенше, әрбір репитицияға барған сайын көліктен-көлікке арқалап жүріпті. Сайыстың соңғы бөліміндегі салт-дәстүрдің мазмұнды сәттері, сән үлгілері мен өнер жарысы бөлімін көрген де арманда, көрмеген де арманда. Бойжеткендер бұл жерде де ибалы, әдепті, мінез-құлықтары мен таным-түйсіктерін сарапқа салғанда Раушанның шоқтығы биік көрінді. Басына киген сәукеле-бөркі, оюлы нақышпен әсем өрнектелген, ұзын ұлттық киімі, мойынға таққан сом күміс алқалар өз сәнімен көрік беріп тұрды.

3. Сұлулық тәжі – Раушанда

Төрт мың адамдық Республика сарайы сол күні көрерменге лық толған. Байқау бітуге тақалып, қорытындысы жарияланғанда, дүйім жұрттың алдында Маңғыстаудың Раушаны, «Ана тілі аруы-2007» байқауының Бас жүлдесі мен дипломына ие болып, сұлулық тәжін басына киді. Ол өзімен бірге сайысқа түскен қыздардың да осал емес екенін білетін. Бірі атақты қобызшы, бірі белгілі биші, бірі бұрын сайыстарға қатысқан тәжірибесі мол қыздар еді. Бірақ мына таңғажайыпқа сенерін де, сенбесін де білмей таң. Тек іштей ғана тәубе етті. Қазылар алқасының тең төрағасы, ЖенПИ-дің проректоры Ләззат Мақаева: -Байқауға түскен барша бойжеткендер де құр емес, бәрінің өзіндік ерекше қасиеттері бар дей келе, аңыздағы сақ патшайымы Томиристен аумайтын оның сіңлісі Раушанға, «Саған бір көргеннен сүйсініп қарадым. Сенің бойыңнан қазақ қызына тән инабаттылық, биязылықтың лебі есіп тұр. Байқау шартын орындауда қылығың мен жүріс-тұрысыңнан қандай да бір жасандылықтың ұшқыны сезілмеді. Өзіңді ханшайымдай еркін ұстап, сөздеріңді тартымды етіп айттың, еш мүдірмедің, айналайын! Жыл сайын ЖенПИ-дің қыздары бас жүлдені ешкімге бермейтін. Биыл да оны өз қыздарыма алып беруге болатын-ды. Бірақ сен шын арусың, тұла бойыңдағы тұнған қасиетің, құдай жаратқан келбетіңмен соған лайықтысың. Сондықтан саған дауысымды бердім», - деп ағынан ақтарылуы, көпшіліктің ойымен дөп келгендей. Бұл шешімді 10-15 адамнан құралған қазылар алқасы да бірауыздан мақұлдаған. Сөйтіп, Раушан қызымыз өзінің талайды тамсандырған ақыл-көркі, әдепті қылығы, халқымыздың ұлттық дәстүріне құрметпен қарайтын сезімтал жүрегінің лүпілімен жеңіп шықты.

Біз ойладық, тек Маңғыстауда емес, бүкіл қазағымызда салт-дәстүрімізді қадірлейтін, тіліміздің сұлулығына тереңнен көз жіберетін Раушандай жастар көп болса деп. Оның нәзік жібін үзбей қастерлеп, алға апаратын осы Раушандай өнегелі қыздарымыз емес пе?!. Ендеше алдыңнан жарылқасын, сақ тайпасының сәруар қызы, ақ Раушан! Бұл «Ана тілінің аруы» байқауы - тек өнерлі жастардың сайысы ғана емес, оның арғы түбінде ұлттың көкейтесті мәселесі жатыр. Ұққан адам, «түйсігіне бірдеңе жамайды да, ұқпағаны сұлуларға арналған сайыс қой бұл» дей салар. Бірақ, Раушан қызымыз, оны өмірлік мәні бар, ұлттың мерейін тасытатын, ұлттың ерекшелігін дәріптейтін құбылыс деп ойлағандықтан ғана өз үлесін қосуды парызы санады. «Бұл аудан, қала көлеміндегі жарыс емес, республикалық көлемдегі үлкен мәдени шара ғой. Сайыста діттеген мақсаттарыма жетуім де, киелі Маңғыстау - туған жерімдегі ата-баба-аруақтардың қолдауынан болар. Маған тілектес болған ата-анама, достарыма, туыстарыма алғысым мол. Жүрексінсем де ана тілімнің намысы үшін өзімді қайрап, сайысқа түстім. «Сонша күш-жігер жұмсап, уақытыңды бөліп жүргеніңде, артта қалып қойсаң, неткен өкініш» деп те ойлайсың. Бірақ, бәрі ойдағыдай аяқталғанда, арқамнан бір жүк түскендей болды» ,- дейді Раушан. Оның құрбыларына айтар ұраны: «Сабақты жақсы оқып, бір мамандық иесі бол! Өз ана тіліңді біліп, оны насихаттаудан қашпа. Спортпен айналысып, денсаулығыңды күт, сұлулығыңды сақта. Содан соң армандарыңа жетуге дайындала бер, ешқандай кедергі болмайды». Біз де оның ақ тілегі өзіндей барша құрбыларына жұғысты болсын дедік. Раушан алдағы уақытта елімізді шетел жұртшылығына паш етуді көздейтін, ұлттық үрдістерді насихаттайтын бағдарламаларға орай Мәскеу, Түркия, Қытай мемлекеттеріне аттанбақ. Оң сапар, қасиетті туған жерінің арлы да, қайсар жас түлегі!

4. Эпилог

...Ба-я-ғ-ы-да ...Алматыда, әкем театрда «Томирис» спектаклін көріп отырғанмын. «Томирис қыз туралы кино түсірілсе, ол рольді Маңғыстаудың бір қызы ойнайтын болса. Жал-құйрығы төгілген жүйрік тұлпарлар шапқанда, Маңғыстаудың маң даласына әбден жарасып кетеді. Киноны түсіруге Үстірттің үсті әлде ой жақсы ма...»,- деп өз-өзімнен қиялға берілгенмін...». Қызық! Арада бірнеше жылдар өткенде көзімді ашып отырып көрген сол түсім аумай келгені ме?! «Ұлы дала» фильмінде Маңғыстаудың өз қызы Раушан, Томиристің ролін ойнап тұрған жоқ па?! Біреуге айтсам, сенбеуі мүмкін, өзім де сенбей тұрмын. Түсім шынымен келді...

Гүлнар НАУЫРША, «Маңғыстау». 31 шілде, 2007 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз