Өлең, жыр, ақындар

Баба Таня

— Сөзді қойыңдар да, осы үйге кіріп алыңдар. Барлық жағынан да қатып тұр.

— Иесі кім екен?.. — десті екеу де жарыса.

— Бір құдай бере салған адам. Несің айтасың, рахат болды сендерге. Кәдімгі жалғызбасты кемпір. Ондай хозяйканың табыла қоюы қиын ғой. Мазаны алатын келімді-кетімді кісісі жоқ. Үсті-басы жинақы, тіршіліктен қалмаған. Сендерге тіпті салмақ салатын адам емес. Несін айтасың, әшейін рахат болды!..

Жағымды жаңалық қашанда жаныңды жылытып, көңіл күйді лезде көтеріп жібермей ме? Бір-біріне аңқая қараған екі жастың да жүздері жадырап сала бергені. Пәтер іздеумен табандарынан таусыла сандалып келіп, сандарын соққандарына қанша күн. Енді, міне, аяқ астынан... «Бұл неғылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» дегендей, сенер-сенбес айран-асыр халде.

— Ыстық су, суық су, газ — бәрі келіп тұр, — дейді Бәтима тәтей мына сүйкімді хабарды одан әрі құтырта түсіп. — Өзі бедірейген бетон емес, кірпіш үй. Қысты күні қыжылдап, қайнап кетеді дейді. Ертең өмірге ана кішкене келсе, жағдай керек емес пе? Ойбай-ау, ол не дегендерің!.. Құлағалы тұрған мына құжыраларыңа қарағанда... қайда-а!.. Хан сарайындай. Сөзді қойыңдар да, әйда, көшіп алыңдар. Естісе болды, пәтер іздеушілер қаптап кетеді. Екеуіңді әбден мақтап, кемпірді көндіріп келіп отырмын. Тұңғыш баланың бабы қиын болады. Өздерің баласыңдар, не білуші едіңдер сендер? Көпті көрген қария ғой, ол жағынан да таптырмайтын адам. Әйда, дереу кіріп алыңдар!..

Екі жастың еншісіне тигені — қуықтай ғана шағын бөлме. Бір кереует, бір стол еркін сыйысып тұр. Енді олардың үстіне бір қабат төсек-орын, ескі-құсқы шабадандар мен «Саратов» тоңазытқышын кіргізгенде, төрт қабырғаның ортасы мүлде қусырылып қалды. Бірақ үйдің тарлығына қарап, тарығып жатқан жастар жоқ. Сыз иісі мүңкіп, қабырға сылағы қақырап кеткен ескі балағаннан кейін мына жайлы мекен әлгі Бәтима тәтей айтатын тура хан сарайының өзіндей. Азғана мүлікті орын-орнына жайғап болысымен, істейтін шаруаның да түбі көрініп қалды.

Қолайлы мекен табылып, көңілі көншіген Ниязбек зауыттағы жұмысына алаңсыз кірісіп кетті. Үйге оралғанда, ас-суын дайындап тосып отырған келіншегінің қасынан үй иесі кемпірді де қатар көруге көзі үйрене бастаған.

Үй иесі жалғызбасты болғанымен, өзіне өзі берік, сүйегі пысық жан сияқты. Кейбір замандастарына ұқсап, ашылып-шашылып шұбатылып жүретіні байқалмайды. Қақаңдаған кәдімгі қалалық кемпір. Үсті-басы тап-таза, жинақы. Бұнысы Ниязбекке қатты ұнады. Өйткені өзі де киіміне қылшық жуытпай, бойын үнемі таза ұстайтын қылап жігіт. Тас пен шаңның ортасынан келсе де (ол кірпіш зауытында істейтін), алдымен қоятын шарты — тазалық. Бейне бір санэпидстанция қызметкері дерсің.

— Әжеміз жақсы адам екен, — деді Ниязбек бірнеше күннен кейін. — Көңілі жарым кәрі кісі ғой. Қас-қабағына қарап, айтқанын істей сал. Соған-ақ мәз болып қалады ол.

Шағын ғана қағілез денелі қара торы келіншек Зифа артық-ауыз сөзге жоқ, бұйығылау. Сонысына бағып, ең жақын тартқан адаммен ғана ашыла сөйлеседі.

— Әжей екеуміз онсыз да жақсымыз ғой. Мен ол кісіге ылғи шай қойып беремін. Сосын екеуіміз әңгімелесіп отырып, шайды ұзақ ішеміз. Күніне бір рет мені көшеге де алып шығады. Маңайдағы дүкендерге мені алып барып жүрген сол. Тек қана осы кісінің несі... сөйлегені бір түрлі.

— Бір түрлісі қалай? — деді жігіт үлкен көздері сәл-пәл жыпылықтап.

— Жай, әшейін... Ана нетіп... кейде орысша сөйлейді дегенім ғой.

— Е, онда тұрған не бар? Қаланың адамы емес пе? Сен екеуміз дейсің бе кеше ғана ауылдан келген. Сол ма бір түрлі деп тұрғаның?

— Содан кейін ыңғайсыздау сөйлеп қояды екен.

— Қандай ыңғайсыздау?.. Айтсаңшы енді...

— Қойшы, бір түрлі ұялам.

Күйеуі қадалып болмағаннан кейін келіншек өңін төмен салып тұрып, ақыры шынын айтты:

— Кеше маған «Ей, Зифа, шырағым, ішіңді байқа! Бірдемеге соғып алсаң, ерте туып қаласың» деді. «Туып қаласың» дегені бір түрлі.

Орнынан арбаң етіп ұшып тұрған Ниязбек ал кеп қарқылдап күлсін. Өзіне тән дарақылау үнмен ішін басып, тоқтай алар емес.

— «Туып қаласың» деді... Е, онда тұрған не бар? Екіқабат әйелдің туатыны өтірік пе?.. Ұят? — дейді. Е, несі ұят оның? Әлі тумағасын, саған бір түрлі көрінеді де. Басқаша айту керек еді деймісің?.. Әй, Зифа!

— Қайдам? Әйтеуір менің құлағыма түрпідей тиді.

— Е, сен де сондай ұсақ-түйекке мән беріп... Әжей жақсы адам ба — жақсы адам. Бітті ендеше...

— Оның да рас енді... — деді келіншек келіскен сыңаймен.

Ниязбек пен Зифаның бұл қалада жақын таныстары жоққа тән. Қол ұстасып институт жолдамасымен келгендеріне бірер айдың жүзі. Бар жақын тартатындары — — Зифамен қызметтес Бәтима тәтей. Жол сілтеп, пәтер тауып дегендей, жат қалаға келген жас жұбайларға бірден-бір қамқор болып жүрген сол. Сосын Ниязбектің осы жаққа келгелі үйлесіп кеткен жолдастарымен тығыз байланыс әзірге жоқтың қасы. Туған-туыстан шалғай мұндай жағдайда Зифа сияқты өзі аяғы ауыр, өзі тұйық келіншек ұзап қайда бара қойсын. Жалғыз болса да, көбіне үйден шықпайды. Сондағы айландыратын тіршілігі -көлемі шағын күнделікті үй шаруасы, кітап оқу, туыстарға хат жазу, көрер жарығын күтіп іште жатқан нәрестеге ол-пұл бірдемелерді даярлау, күйеуінің жұмыстан оралар сағатын санамалап отыру.

— Тұқымы құрғыр, қайда жүр! Әбден опаздать ететін болдық-ау! — деді терезеге телміріп, дегбірсіздене бастаған әжей. Өзі қасындағы қара сумканы еңкейіп бір көтеріп қойды. Зифа еріксіз елең ете түсті:

— Апа, қайда барасыз? Бір жаққа жиналдыңыз ба?

Көңілінде — «туысқаншылап алыс сапарға беттеген шығар» деген ой.

— Банәға баратын едік. Әлгі Катясы құрғыр қайда жоғалды? Сағат міне, он болып қалды. Әбден опаздать еттік-ау!

— Е, апа, монша сағат онда ашылады екен ғой.

— Жоқ, онда ашылмайды. Менің режімім — сағат онда. Режім сақтамаса бола ма? Денсаулығы жоқ кәрі кісіге режім керек. Е, міне, өзі де келе жатыр екен. Бағанадан бері қайда жүр, тұқымы құрғыр!

Әжейдің Катя дегені орысқа үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын, бет-ауызын кезінде қорасан қорлаған қазақтың кәдімгі шүйкедей қара кемпірі болып шықты. Байғұс аяғын тарпылдатып басып, есіктен ене бергені сол еді, Баба Таняның (үй иесі кемпірді көршілердің бәрі Баба Таня дейді) бажылдап ала жөнелгені. Зифаның жөндеп амандасуына да мұрша берген жоқ.

— Сөзді қой, ұста мына сөмкені, Катя! Әбден опаздайт еттік, тұқымы құрғыр, — дей беріп, босағадан бері бұрылды, — сағат екіге таман шай қоя салшы! Банәдан кейінгі шай жақсы ғой.

— Соншалықты кеш келесіздер ме, апа?

— Аптасына бір рет баратын банә ғой. Асықпай ұзақ түсеміз. Арасында дүкенге барып селепке ала сал. Шайды селепке қосып ішкен жақсы...

Сырғи жабылған есікке қарап жас келіншек бір сәт аңырып тұрып қалыпты. Әжейдің «селепке» дегені «сливки», яғни, сүттің кілегейі. Оны қойшы, ондай-мұндай сөздерге түсінбейтін несі бар? Түсініксізі — күні бойы қолы бос болса да, әжейдің моншаға сағат онда үлгеруім керек деп асыққаны, сөмкесін өзі көтермей, Катя замандасына арқалатқаны. Айтпақшы, ол кісі неге Катя? Кәдімгі ауылдың кемпірі ғой. Шын есімі Қатипа екен. Замандасы жас болса бір сәрі, өзінен арман мәлкілдеп, сіңіріне әрең ілініп тұрған өлмелі кемпір.

... Алғашында онша аңғармайтын тәрізді еді, келе-келе көңіліне еріксіз жаттала бастаған -Баба Таняның кейбір қызық мінез-қылықтары. Байқап-түйгендерін күнде кешкісін күйеуінің құлағына жеткізгенше асық.

— Әшөк! — сол күнделікті жаңалықты өзара бөлісіп отырып. — Біздің әжей қандай «точный» адам. Кәдімгі «немістің дәлдігінен» бір де кем емес.

— Әй, Зифа-ай, дәлдік жағынан сен де кем емес едің ғой. Мысалы, свиданиеге бір минут кешікпей келетін қызды сенен көрдім. Айтқан жерде тура уақытында келуші едің. Әлде мені жақсы көріп, шыдамай бара жатқан соң сүйттің бе?

— Жоқ, Әшөк («Әшөк» — әке-шешесінің Ниязбекке бала күнінде еркелетіп қойған аты көрінеді. Енді сол ат келіншегінің де аузынан естіле бастады). Мына кісінікі басқаша...

— Баба Таня күнде ылғи бір уақытта, азанғы сағат жеті жарымда оянады.

— Ояна берсін. Онда тұрған не бар?

— Тыңдашы енді. Сегіз жарымда азанғы шайын ішеді. Он мен он бір аралығында таза ауада қыдырады. Онан келгесін, есік алдында біраз күншуақтап отырады. Үйге сонан кейін барып кіреді екен.

Әжейдің өткен жолы дігерлеп моншаға асыққаны Ниязбектің есінде шығар. Соның мәнісі енді түсінікті болды.

Режим бойынша әр сейсенбі күні сағат он мен он төрт аралығында Баба Таняның монша ішінен табылуы шарт. Осы режимді бұзу әжей үшін намаз бұзумен бірдей. (Бір қызығы пайғамбар жасынан баяғыда асса да, әжей намаз оқымайтын). Және моншаға баратын мезгілде баяғы Катя-Қатипа замандасы дәл қасынан табылмаса тағы болмайды. Ішіне керек-жарақ салынған қара сумканы мықшия көтеріп алып жүретін де сол кісі. Көрген сайын Зифа Катя-Қатипа апаны аяп кетеді.

Бір күні моншадан қайтып оралғаннан кейін:

— Әже, ана Қатипа әжей шаршап қалмай ма? — деді Зифа батылы барып.

— Е, не бопты шаршайтын?

— Өйткені сөмкені ылғи сол кісі көтеріп жүреді ғой.

— Ой, ол бәбішке маған қарағанда жастау ғой. Күш-қуаты мол тұқымы құрғырдың.

— Жастау дедіңіз бе? Сонда нешеде ол кісі?

— Ой, қайда! Ол менен бақандай, бақандай үш жас кіші ғой... Сөмкені көтеріп жүргені де содан.

Зифа үй иесіне бір сәт аңыра қарады. Катя-Қатипа әжесі мына кісіге қарағанда әлдеқайда кәрі көрінбей ме? Сонда қалай болғаны?

Ал Ниязбектің таңырқауы бөлек — үй иесі кемпірдің оғаш қылықтары ғана емес, бұйығылау, жас келіншегінің аяқ астынан аңғарымпаз болып шыға келуі. Қасындағы кісінің жатқан-тұрғанын жіпке тізіп, байқатпай ғана шотқа қағып жүргенін көрмеймісің.

Көбінесе тіршілігі түзде болатын ер кісі қайдан білсін. Қия басып ешқайда шықпайтын үйкүшік жанның айналып келгенде аңдитыны — амалсыз қасындағы кісінің қас-қабағы. Тілге ілінбеген талай әңгіме күннен күнге үстемеленіп, жаңа фактілермен толыға түсуде.

— Сен не десең, о де, маған әйтеуір апамыздың шыттай аппақ болып киініп алып, таза жүретіндігі ұнайды, — деді Ниязбек.

Қысықтау көздерінен әлдебір ұшқын жылт ете түскен келіншек:

— Е, сен де... — деді наразылау үнмен. — Моншадан шықпайтын тура сен сияқты. Ол кісі де, әрине, өзіңе ұқсаған соң...

— Жоқ, өзің айтшы, Зифа, — дегенде Ниязбектің даусы өршелене шықты. — Егер мықты болса, біздің ауылдағы апаларымыз неге осы кісі құсап, моншаға барып тұрмайды. Қазақтың мына бір анекдотын білесің бе? Жастау әйел абысынынан сұрапты дейді. «Осы неше рет суға түсесің?» деп. Сонда абысыны айтыпты: «Жылына екі рет суға шомылам. Ел жайлауға көшіп бара жатқанда бір, ел жайлаудан қайтарда бір» деп. Сонда абысыны: «Келін-ау, соншалықты немене, балық болып кеткенің бе?» деп, таң қалған екен. Біздің шешелеріміз құдды сол ғой. Бәлем, ауылдан алып келіп, мына кісінің шәкірті қылмасам ба шешейді... Қарашы өзің, Баба Таняның үсті-басында бір тал қылау жоқ.

— Бірақ кемпір адамның үсті-басына иіс су сепкені бір түрлі, — деді Зифа да өз сөзінен тайғысы келмей. — Қалай байқамайсың, күніне далаға шығар алдында аздап әтірленіп алады әжеміз.

Ниязбектің:

— Ей, кетші әрі! — дегені келіншегін өзінше еркелеткен түрі. — Ең құрығанда содан сенің үйренгенің жөн емес пе? Осы кемпір бар ғой, осы кемпөшке сенен арман современный. Рас айтам, ауылдың кейбір балпыаяқ қыздарына қарағанда, бұл кісі дегеніміз мықты. Қанша айтқанмен городской ғой.

Осы жерде Зифа Баба Таня туралы тағы бір жайтты ауызға алды. Онысы әлгі моншаға барарда сөмке көтеріп жүретін Қатипа деген кемпірге қатысты.

— Сөмкені әдейі көтертеді екен әжеміз.

— Е, неге?

— «Менен үш жас кішісің. Маған қарағанда жассың ғой» — дейді екен оған. Сол мақтағанға ана кісі мәз болып қалатын көрінеді. Тіпті моншаға барғасын ылғи біздің әжейдің арқасын ысқылап береді екен...

Әңгіме осы жерге келгенде жігіттің ішін тіреп тұрған тентек күлкінің сыртқа қарай бұрқақша бір-ақ шапшығаны. Ана бөлмеде ұйықтап жатқан үй иесі әжей (ол кісі күн сайын кешкі сағат онда төсегіне жантаяды) естіп қояр-ау, ұят болар-ау деген сақтықты қаперіне алар емес. Екі қолын сермелеп, есікке жалтақтай берген Зифаның жаны шығып кете жаздады.

Жалғызбасты жетім-жесірді жәбірлеп, басынуға даяр тұратын қатігез жандар қай кезде де кездеседі екен. «Баба Таняға» да талай оңбағандар қысым көрсетіпті.

— Өзгесін қойшы, — деді ол келіншекпен сыр шертісіп, әңгімелесе отырып. — Өзгесінің бәрі өтті-кетті ғой. Маған әсіресе мына кейінгі гәдтердің қорлығы батып тұр. Ой, тұқымы құрғыр. (Әжейдің «гәд» деп отырғаны — орысша «гад», яғни, жақсы сөз емес).

— Не болып қалып еді, әже?

— Сендердің алдарыңда осы үйде біреулер тұрған. Қайдан білейін, бір көргенге түрлері әжептәуір. Сосын ала салып едім, тұқымы құрғырды. Киген киімдері де жақсы екен, қайдан білейін. Сөйтсем барып тұрған гәдтер солар болып шықты.

— Ойпыр-ай, ә? Сонда олар не істеп қойып еді, әже?

— Не істеді деймісің? Ой, сол тұқымы құрғырлардың істегенін бастарыңа бермесін. Тіпті сөз қылуға ұят.

— Ә, онда айтпай-ақ қойыңызшы, апа... — деді жуас келіншек қара торы өңі аяқ астынан күреңітіп қалып. Тәмпіш танауының үсті де тершіп кеткен.

— Жоқ, айтам. Неге айтпаймын? Ол оңбағандар мені алдап кетті ғой.

— Ә, солай ма? Сонда қайтіп?

— Пәтерақысын төлемей кетті. Міне, олардың істегені. Бүгінгі заманның жастарын мықты дейміз, современный дейміз. Оқыған ушоный дейміз. Тұқымы құрғырлардың істейтіні әне, сол.

Бұл әңгіменің Ниязбектің құлағына жеткен уақыты кешкісін жатар мезгілде. Екеулері де бастарын шайқап, жалғыз кәрияның ақысын жеп кеткен пәтершілерге ал кеп ызалансын. Әсіресе ішіне ой іркуді алмайтын біле қоймайтын Ниязбек:

— Бәсе, оңбағандар-ай ә? Әжей не істепті сосын оларға? Әкесін танытып тұрып сотқа бермей ме? Жетім-жесірді басынудың қандай екенін көрсетсе ғой шіркін.

— Өзі де сөйтіпті...

— Немене сотқа беріп пе?

— Беріпті... Бірақ одан хабар болмай отырған көрінеді. Әлгілер таныстары арқылы басып тастаған ба, немене?..

— Қойшы, не дейді.

— Рас. Әжейдің өзі солай деп отыр.

— Сонда енді не істемекші екен?

— Маған қайтадан арыз жазып берші дейді. Әжейдің өзі хат танымайды ғой.

— Е, несі бар, жазып бер. Қазір болса, өзің екіқабатсың...

— Қойшы, олай демеші. Бір түрлі жаман естіледі ғой, — деді Зифа нәзік саусақтарымен күйеуінің кеудесінен итеріп. Қара торы реңі тағы да күреңітіп, құбыла қалған.

— Қойдық, қойдық, батырекесі! Аузыма қайдан түсе қалып еді тағы. Әлгі несің... былай енді жағдайда жүрсің ғой. Сондайда кәріп-кәсір, мүсәпір адамдарға көмектесе салу керек десіп жатушы еді ғой. Сауабы тиер, сұраған шаруасын істей берсеңші әйтеуір.

* * *

— Ал, жаз. «Аудандық сотқа арыз» деп жаз! — деді Баба Таня диктант оқыған мұғалімдей әр сөзін нығырлай айтып.

— Әже, сонда пәтершілер қанша ақшаңызды жеп кетті? — деді Зифа бір сәт талған саусағын жазып.

— Ол тұқымы құрғырлар көрсетті ғой маған көресіні. Бақандай сексен теңге...

— Қ-қанша дейсіз?

— Сексен теңге... Сол қалпы қайтарып бермей, сіңіріп кетті тұқымы құрғырлар. Мен сияқты жетім кемпірді обман қылып. Қандай оңбағандар, ә?

Қаламы қағаз үстіне құлаған Зифа аузын ашып аңқиып отырып қалыпты.

«Сексен теңге дейді. Сол-ақ па бар болғаны?.. Сонша зарлап жүргендегісі?.. Ойпыр-ау, бұл не деген?.. Қой, сегіз жүз теңге шығар». Сонан көкейдегі күдікті сейілту үшін батылы барып, әлгі сауалын тағы қайталаған. Жоқ, рас. Ешқандай да жаңсақ естімепті.

Алдындағы қағазды былай ысырып қоя салған жас келіншек өзінше бірдеме деген болды, ұялса да, сөйлеп отыр. Сөз ләміне қарағанда «Баба Таняны» райынан қайтармақ.

— Ой, әже-ай, сексен теңге тұрмақ Қожахан деген кісі Ниязбек екеуміздің 3 мың теңге ақшамызды алып бермей кеткен. «Анау» деді. «Мынау» деді. Ақыры жоқ қылды. Қайтесіз соны? Садақа деңіз де, қойыңыз. Сөзіңіз сияқты үлкендер айтып жатады ғой садақа деп...

— Зифа шырағым-ау, мәселе сексен теңгеде емес, қой, — деді әжей де оңайшылықпен оң жамбасқа түскісі келмей. — Бәрінен бұрын маған издевайт еткені жаныма батты-ау! Бәлем, көрде тұр жегендерің желкеден шығарам әлі.

Жоқ. Райынан қайтару үшін айтылатын уағыз сөзге құлақ аса қоятын адамың Баба Таня емес екен. Жаңағы сексен теңгені айтқан кезде адамға тікірейе қарайтын кішкене көздерінің аясы қанталап, шықшытты кескіні тіпті сұрлана түскен.

Бір жаманы — бұл пәтерді адаммен бірге тышқан да мекендейтін болып шықты. Кәдімгідей қатты қорықпаса да, осы бір жәндіктен Зифаның бойы түршігетін. Ниязбекке айтып жүріп, үйге әлдеқандай мысық алғызған. Өзі де бір сүйкімді мақұлық екен, пырылдап адамның аяғына орала береді. Моншадан қайтқан «Баба Таняның» мысықты көріп, нілдей бұзылғаны.

— Бырс, мынау тұқымы құрғыр қайдан келген?! — деді жақтырмаған жарқышақ дауыспен. Жағдайды айтқан Зифаға мырс ете қалды да:

— Е, шырағым-ай! — деді үлкен кісілердің маңызды мақамымен.— Әлі жассыңдар ғой, сендер не білуші едіңдер?! Туайын деп отырған әйел үйіне мысық ұстамайды. Оның үстіне өзім де ненавижу бұл тұқымы құрғырды.

Жұмыстан келісімен, сырт киімін сыпырып тастап, ештеңеге қарамастан, пысқырына жуыну — Ниязбектің қашанғы дағдысы. Сол үйреншікті тіршілігі бойынша қол-аяғын жуып, сүртінген күйі бұрыла бергені сол еді, оң аяғына әлдененің сарт ете қалғаны. Шорши секіргенімен, шошынып үлгермеді. Сонан аяғына жалт қарады да, өз көзіне өзі сенбеді, қақпан... кәдімгі тышқан қақпан.

— Ойбай, мынасы несі? — деп ышқынып қалды. — Кім әкеп жүр мұны? Зифа, сен бе?..

Мысықтың көзін құртып, әлдеқайда апарып тастаған «Баба Таня» тышқан аулағыш хайуанаттың орнына осы жансыз темірді алып келіпті. Ендігі тіршілігінің бір парасы — осы қақпанды аңду көрінеді. «Түсті ме, түспеді ме?» деп қайта-қайта келе береді дейді. Мысықты жек көрсе де, тышқаннан бірдеме етіп құтылу керек қой.

Жұрттан көрген зорлық-зомбылығын ауызға алса, «Баба Таня» неше күн жырлауға бар. Айналадағының барлығы осы кісіге жөнсіз тиісіп, ылғи да озбырлық көрсетіп жүретін сияқты. Сондай кезде әлдекімдерге кіжіне сөйлеп, кәдімгідей кәрленіп те кетеді. Ондайда ызғар шашқан жүзіне, түбі қанталаған кірпіксіз көздеріне тура қарай алмай, еріксіз бүгежектеп қаласың.

Ал енді ашу-ызадан ада жайбарақат кезінде «Баба Таня» кәдімгідей мейірбан. Өзінше бірдемелерді айтып, салдырап сөйлеп жүргені.

— Зифа-ау, газды басыңқырап қойсаңшы. Мәсі шулығып, жаман піседі ғой, — деп, бір келсе, тағы бірде:

— Ойбай, Зифа, жүгір! Мәлоко сатып жатыр, мәлоко, — деп, есіктен ентіге еніп келе жатқаны.

Екіқабат екеніне қарамай, елпең қаққан елгезек келіншектің қылығы жағып кеткенде: «Айналайын, әстөрожно! Туып қалып жүрерсің. Өзім-ақ істей саламын ғой», — деп жылышырай сөйлеп қояды.

Әуелде өзі ұғынып үлгере алмай қалған сөздердің мағынасын жас келіншек артынан бір-ақ пайымдады. «Мәсі» дегені ет, «мәләкөсі» сүт дегені екен. Өз ұлтымен онша көп араласпаған соң ба, «Баба Таня» тілі келсін-келмесін орысша сөздерге үйір.

Ішіп-жем жөнінде көсіле сөйлеп отырып, аяқ астынан:

— Дүкендегі мәсінің тұқымы құрсын. Әшейін көкжасық бірдеңе ғой, — деп, етті жамандап салғаны бар емес пе кепиятсыған кейіппен. Келіншектің іш жағынан бойын түршіктіре әлдене дір ете түскендей болды. «Тек, әй, не дейді мына кісі?! Тамақтың тұқымы құрғыр дегені несі? Ақымақ кейбір жастар секілді. Аштықты, жалаңаштықты көрген адам, парасатты қария. Ендеше қалай аузы барады кепиятсуға?»

— ... Тұқымы құрсын. Зифажан, шынын айтқанда өздеріңнен дәметіп қалып едім. Ана кәнина мәсіні айтам.

— Не дейсіз, ә..?

Тіл ұшына үйіріліп үлгерген «әже» деген сөзді айта жаздап, кейін жұтып ала қойғаны. Асыл сөзді аяқ астынан алдында тұрған адамға бола обалды қылғысы келмейтін сияқты.

Әдеттегісіндей «Баба Таня» жексенбі күні ұйқысынан асықпай оянды. Зифа түннен қалған тамақты жылытып әкелгенде әжей әлі дастарханға келмеген болатын.

— Шақырсаңшы, — деді келіншек күйеуіне ақырын ғана. Кімді атап

тұрғаны атын атап, түсін түстемесе де белгілі еді.

— Қазір... Ваннада тісін шайып жатыр.

— Тісін дейді?

— Білесің ғой ол кісінің асықпай ұзақ жуынатынын.

Екі қолын алдына салып Зифа бір сәт үндемей отырып қалды.

— Сексенге келсе де, тісін пастамен шаяды ә? «Блинда-мет» пастасымен, — деді сосын басын шайқап. — Ал біздің әжелерімізде...

— Иә, немене?

— Біздің әжелерімізде шаятын тіс те қалған жоқ...

Әбден жуынып-шайынып, ертеңгі шаруасын мұқият орындап тастаған «Баба Таня» дастарханға көңілді отырды. Зифа үндемей ғана ас құйып берген.

— Мынау не, Зифажан?

— Түндегі жасалған тамақ қой... Әбден ысыттым.

— Зифажан, сен білмеуші ме едің? Мен ескі тамақты ішпеймін ғой.

— Неге, әже?.. Ескі емес, түндегі тамақ...

— Түндегі деген ескі ғой. Өзі бұрыннан солаймын. Свежий тамаққа үйреніп қалғандықтан шығар. Түннен қалған болса, бір түрлі көңілге аласың. Сендер жассыңдар ғой, сендерге болады енді...

Бір-біріне қараған ерлі-зайыптылар әлденеге ыңғайсызданып қалды. Кепиятсынған кәрі кемпір дәм татпай қойған астан енді бұлар қайтіп ауыздарына алсын.

Шайдан кейін Баба Таня әлденелерін үтікпен, бір киініп, бір шешініп, ұзақ баптанды. Әншейінде ыңқыл-сыңқылы көп кісі сияқты денсаулығын айтып шағына беретін. Қазір онысын ұмытып кеткендей қимылы ширақ.

— Апа, немене, тойға барасыз ба? — деді Ниязбек тіл ұшында үйіріле қалған қалжың сөзді қайтара алмай. — Әлде свиданиеге ме?..

— Ә, жоға-а. Қалды ғой бәрі. Бір пахаронға барушы едім. Соған асығып... Тұқымы құрғыр, өстіп асыққанда үстіге іле қоятын жөнді киім де табылмайды.

— Похорон деймісіз? Біреу қайтыс болып ба еді?

— Иә, менің бір падірожкем өліп қалған. Елдің жиналатын жері емес пе, былай дұрыстап киініп бара қояйын деп едім. Соған жібі түзу киім таба алмай...

— Падірожкем деймісіз? — деді Ниязбек еріксіз жалт қарап. — Апыр-ай, ә, арты иманды болсын. — Сосын ауылдағы қариялардың әдетімен бетін сипады.

— Иә, үлкен мәгізіннің жанында тұратын пәдірожкем. Сап-сау жүр еді, білмеймін аяқ астынан қалай өліп қалғанын. Үш-ақ күн ауырды ғой.

— Үлкен магазиннің қасында деймісіз?..

— Иә, иә, айтпақшы, оны сендер танисыңдар, Әшөк. Әлгі Катя бар емес пе, менімен бәнаға барып жүретін бәбішке ше?

— Иә, иә! Әлгі сіз сөмке көтертіп қоятын.

— Сол ғой өлген.

— Не дейт!.. — деді Ниязбек еріксіз ышқына дауыстап.

Мына хабарды естігенде, Зифаның қолындағы ыдысы да салдыр ете қалды. Жанары жасық қысық көздері жыпылықтап кетіпті. Сосын үй иесіне аңырып қарап тұрып қалған.

— Опыр-ай, шын айтасыз ба, әже?..

Әшейінде бұл кісіге қимайтын «әже» деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін де аңғарған жоқ. Қапылыста естіген хабары қатты шошытты. Көз алдында көлденеңнен келіп тұра қалған — аяғын тапыр-тапыр басып бүкшиіп жүретін шүйкедей қара кемпір. Анда-санда күрк-күрк жөтеліп қоятын ешкімге зияны жоқ дімкәс кісі емес пе еді.

Жас келіншекті шошытқан — бұл жаманат хабар ғана емес. Сол жаманат хабарды Баба Таняның «Мысық өліп қалыпты» дегендей сөз арасы ғып әншейін ғана айта салғаны. Бейтаныс біреу болса бір сәрі. Күні кешеге дейін бірге тұрып, бірге жүрген, моншада бір-бірінің арқасын ысып, өмір жайлы өзімен сыр бөлісіп келе жатқан, ең жақын адамының бірі.

Ет пен сүйектен жаратылған жұмыр басты пенденің миына сыймайтын қатқылдық.

Жастардың жан күйзелісінде Баба Таняның тіпті де шаруасы болған жоқ. Дәл қазір бас қатырып тұрғаны басқа нәрсе. Қолындағы көйлекті әрлі-берлі аударып-төңкеріп қарап алды да:

— Менде жөнді киім де қалмапты өзі... — деді наразы үнмен. — Зифа, бері қарашы, шырғым. Молодежь, сендер білесіңдер ғой. Киім жағын деймін. Тұқымы құрғыр, жұрт үсті-басыңа қарайды емес пе?..

Адамның өңменімен өтердей ауыр көзқарастан шамалы уақыт болса да құтылып, екі жастың еркінси бастағаны сол еді. Баба Таня сыртта ұзағырақ жүре тұрса екен деген тілекті жасырмай жария ғып, жарқылдай күліседі. Сөйтіп өздерінше кең көсіліп, қысқа сәтке ғана бостандық рахатын сезініп отырған шақта есік сыртынан тоқылдаған таяқ дыбысы естілді. Даусы емен-жарқын шыққан әжейдің жүзінде кейісті күйдің көлеңкесі де жоқ. Тойдан оралған адамнан әрман сампылдап сөйлей кірді:

— Әбед іштіңдер ме, балалар? Ішкендерің дұрыс мені күтіп отыра бермей. Зифаш, казға шай қоя салшы. Жылады ма-ау, сықтады ма-ау, әйтеуір бәрі улап-шулап, есті шығарып жіберді тіпті. Содан жөндеп шай да іше алмадым.

— Немене, апа, тез келдіңіз ғой? Жерлеп те үлгерді ме сонда? — деді Ниязбек таңырқағанын ірке алмай.

— Жоқ, бейіт басына кеткендер әлі келген жоқ.

— Иә, айтпақшы, әйел адам бейіт басына бармаушы еді ғой.

— Еркек-әйел деп қарап жатқан ешкім жоқ. Бәрі жапырлап машинаға мінді ғой. Катя екеуміздің Нәда деген пәдірожкеміз бар емес пе, сол да бір «Волгаға» отырып алды. Маған да жүр деген.

— Енді неге бармадыңыз?

— Ой, тұқымы құрысыншы, әуре болып жүрсем сол. Кеше күн жауған, кіладбишенің басы езіліп жатқан шығар. Аяғым босқа былғанбай ма?..

— Әлгі бәбішкенің пахаронына сиыр сойыпты, — деді Баба Таня қызыл күрең шайды рахаттанып ұрттай отырып. — Балаларының бәрі ентелегент, қолдары жетіп, осы бүкіл қаланы тіреп тұр. Қаланың бүкіл крутойлары келіпті ғой пахаронға.

— Е, дұрыс болған... — деп, қойды Ниязбек көңілсіз ғана. Өзі кемпірдің сөзін шала тыңдап отырғандай алдындағы шайын ықылассыз ұрттап қояды.

— Сонда деймін де, шешелеріне жылқы сойса қайтеді екен. Бір ту биені ал да, жық. Бастықтың шешесі деген аты бар емес пе?..

Аман-есен босанып, қол-аяғын бауырына алған Зифа бала қырқынан шыққанша үйде болды. Келіні перзентханаға түсті дегенді естісімен-ақ, сонау шалғайдағы елден артынып-тартынып Ниязбектің шешесі де келіп қайтты. «Қыстың көзі қырауда баланы ауыртып аларсыңдар. Әуре болып ауылға келмей-ақ қойыңдар. Әжелерің бар екен ғой қастарыңда, несіне қысыласыңдар» деп, естиярлық танытып, жөн-жоба нұсқаған — сол кісі.

«Әжелері бар» деп қанша дабырайтқанымен, Баба Таняның әжелік қалпы да, қауқары да белгілі еді.

— Баланың жайы есте қалды ма деймісің... Көзім болса, көрмейді, оның үстіне қол да қатып кетті ғой, — деп, әуелден-ақ өзінен қашыра сөйлеген. Қызыл шақа шаранасын қызғыштай қорғаған тұмса ана көлденең кісіні онсыз да жолатқысы жоқ.

Учаскелік дәрігер бар, қызметтес Бәтима тәтей бар (ана жолы осы пәтерді тауып берген тәтей), әйтеуір кезек-кезек кеңес беріп, қол ұшын созып, кішкене Әселдің дұрыс өсуіне септігін тигізуде. «Бала туғаннан кейін Баба Таня бізге қалай қарар екен?» деген көптен бергі созылмалы күдік те тез ыдырады. Үй ішіне іңгәлаған нәресте қалай кірді, пәтершілердің көз алдында қожабике кемпір де қолма-қол өзгеріп шыға келгендей болды. Перзентханадан улап-шулап қайтқан шағын топ есіктен дабырласа енгенде, екі етек болып, есі шыға елпілдей жүгіргені. Әншейінде айналасына паңдана көз тастап, иілместен қақайып отыратын кекірт кемпір сүрініп-жығылып, әбден әбігерге түссін.

Сонан Баба Таня осынау тосын мінездің ырқынан шыға алмай, жас жұбайлардың көз алдында күн өткен сайын өзгеріп бара жатты. Бұрынғыдай жоқтан өзгеге Зифаны жұмсап қойып, шырт-шырт түкіріп отырмай, бүкеңдеп алдымен өзі ұмтылады. Тіпті пәтершілер осында келгелі істемеген кәсібін істеп, картоп аршиды, ыдыс-аяқ жуады, кезекке тұрып, сүт те алып қайтады.

Көшеге шығып, көршілерге кезіге қалса: «Әлгі біздің кішкентайдың қамы да, өзі бір мазасыздау неме» деп, қызыл шақа Әселді әлден-ақ меншіктей сөйлеп, өзін ылғи соның қамы үшін жүргендей ғып көрсетуге бейім. Қайта-қайта тықылдатып, есікке де дамыл бермеуге айналды. Қайдағы бір жоқтан өзгені сылтауға жаратып, жастар бөлмесіне келгіштей беруге құмар. Есіктен кіре сұрай кететіні — Ниязбектің де, Зифаның да жағдайы емес... «Қалай өзі, ұйқысы тыныш па? Түнде қыңқылдап шықты-ау деймін. Мен де естіп жаттым... Айран ішетін бе еді, айранға барып келсем...» деп, қамқорси сөйлеуді салтына сіңірген. Әйткенімен төрдегі бесіктің тұсына тым тақаған емес, тіпті осы уақытқа дейін баланың жүзіне үңіліп қарамаған да болар. Аналық сезімі оянып, жас нәрестені ең құрығанда құшырлана бір иіскеуге ықыласы мықтап ауғанмен, бойына біткен иілмес қатты мінез беттетпейтін секілді. Әлде гигиена шартын сақтап, өзін-өзі кейін қақпайлай ма екен?..

Кемпірдің кішкенеге деген риясыз ықыласына алғашқы күндері кәдімгідей іші жылып қалған Зифа келе-келе сәл басқаша мінез байқата бастапты.

— Қайта-қайта бізді несіне мазалай береді екен байқұс? Сонша үзілгенде мен баланы бере қояды дей ме екен? — дейді мұрын астынан күңкілдеп сөйлеп.

— Иә, шіркін, сенің балаңды ала қояйын деп тұрғаны-ай. Не баласы, не немересі жоқ жалғыз басты кемпір. «Әже-ау, бұл сіздің бала ғой» деп алдап-сулап қоя салмайсың ба онан да...

— Қайдан білейін, бір емес, екі емес, қайта-қайта... Екі туып, бір

қалғаны емеспіз. Бар-жоғы оның үйіндегі пәтерші ғанамыз.

Сабасына түскен бір сәтте:

— Өзінің баласы шынымен жоқ па екен? — деді Зифа бұрын да екеуара талқыға түскен сауалды қайталап. Бұл жайды тікелей өзінен сұрау жас адамға жараспас әдепсіздік болар еді. Кейбір көрші-қолаңнан Зифа суыртпақтап сыр тартқансып байқаған, ешқайсысы жауапқа жарытқан жоқ. Бар айтқандары: «Қайдам, біз көрші болғалы жалғызілікті кісі ғой әйтеуір».

Бұрынғыдай емес, екі жас енді демалыс күндері де шаруабасты. Бәрі де сол қызылшақа нәрестенің қамы. Бүкеңдей жүгіріп, бүкпесіз ниет білдіріп қоятыны болмаса, Баба Танядан нақты жәрдем ғана емес, тиянақты ақыл күту де қиын. Алғашында «Баладан шығып кеттік қой» деп, қашқақтай сөйлеп жүрген ол кісінің келе-келе нәресте күтімімен мүлде хабарсыз екендігі сезілді. Әзірше жәрдемге жарап тұрған - дәрігер мен Бәтима тәтейдің нақты нұсқаулары. Кейде жоқтан өзгеге дағдарып қалса, қолдағы кітапқа жүгінеді. Сондағы жазылғандарды айнытпай орындаймыз деп діңкелері құрып, сілелеп те жүрді.

Баланың жаялығын қайта-қайта жуу, үйге, сыртқа жайып кептіру, сосын үтіктеп қайтадан кәдеге жарату, кішкене ыңқыл-сыңқылы бола қалса, түні бойы тік тұрып ұйқы көрмеу — екеуіне ортақ жұмыстың басты-бастылары ғана.

Осындай абыр-сабырдан енді ғана мойын босатып, шүйіркелесіп отырған бір оңаша сәтте орта жастардағы сұңғақ бойлы бір әйелдің кіріп келгені. Осы үйге бұрыннан қатысы бар жандай сөзі де, қимылы да еркін.

— Қап, әттеген-ай! — деді Баба Таняның әлдеқайда қыдырып кеткенін естігеннен кейін шынымен опынып. — Кешке дейін келмейді ғой енді...

— Қалай тұрып жатырсыңдар бұл жерде? Жағдайларың жақсы ма? Кемпірмен әлі шатақтаса қойған жоқсыңдар ғой? Мына кішкентаймен сендерді қалай сыйғызып тұр, ей? — деп, бірден-ақ сұрақты үстемелей түсті.

Жатсынып жатпай, бір көргеннен-ақ іші-бауырыңа еркіндей ене кететін кәдімгі сөзшең адамдардың мінезі. Сәл-пәл тосырқап қалған именшектеу екі жасты ес жиғызбастан, ұршықтай үйіріп әкетіп барады.

Зыр жүгірген Зифа әп-сәтте жұпынылау болса да дастарханын жөнге келтіріп қойды. Дүкенге қарай тұра жүгіргісі келген Ниязбекті кідірткен — жаңағы жеңгейдің өзі, жастардың жоқ жерден қысылып қалғанын көріп, басу айтып жатыр.

Бейуақтағы бейтаныс әйел Баба Таняның жақын туысы болып шықты. Басқа жақтан келмеген осы қаланың өзінде, тіпті тақау маңда тұрады екен.

— Қызық, біз бұл кісіні жалғыз деп жүрсек... — деді Зифа ретсіз жаңалық ашқандай қысыла езу тартып. Ерініне тие берген кеседен басын жұлып алып, қонақ әйел әлгі сөзді дереу іліп әкетті:

— Еһее, «жалғыз»! Айналайын, жалғыз адамды тапқан екенсің. Қайдағы-ы-ы! Осы қаланың өзінде Қатыштың қатысы бар алты үй бармыз. Бәрі де алыс емес, бірі немере інісі, бірі бөлесі, нағашы сіңлісі сияқты ет жақын туыстары. Бәрі де бала-шаға өсіріп, өріс кеңейтіп жатқан кісілер. Солардың ешқайсысы аттап баспайды бұл үйге. Е, бұл Қатыш!..

— Кешіріңіз, әпке! Қатышыңыз кім тағы? — деп, бұл жолы сұрақ қойған Ниязбек.

— Немене, осы күнге дейін білмейсіңдер ме? — деді әйел енді пәтерші жастардың өзін кінәлауға көшіп. — Сендердің мына шешелеріңді айтам да.

Әуелде бұл кісінің кейбір сөздері Зифаның көңіліне келіңкіреп те қалған. Сөйтсе, өзімсінген пішінімен сәл қатқылдау айтып тастайтын қанына сіңген қашанғы әдеті сияқты, алды-арты жоқ, өкпелемейтін бір дықсыз адамдар болады ғой.

Қатыш кемпірдің бұл қалада ғана емес, ел ішінде де туыстары, ілік-шатысы жетерлік. Солардың барлығын жат қылып, жақын жуытпай отырған басты бөгет — мына жеңгейдің сөзімен айтқанда «кемпірдің теріс мінезі».

— Әйтпесе, — деді әйел босаған кесесін қайыра ұсынып жатып, — сонша туыстың бірі болмаса, бірі қолдарына алып, әлпештеп бағып отырар еді ғой. Өзіміз де ана бір жылдары жата-жабылып үйге апарғанбыз. Айналасы бір жеті ішінде безіп, қашып кеткен өзі. Бас-басымызға кінә қойып, қымс еткенге ілінісе кетіп, әбден берекемізді алды. Біздің жанымыз ашып, бауырға басқанымыз ойына кіріп-шығар емес. Тіпті тілдегеніне де көндік... Оның үстіне өзі кетем деген кісіні қашанғы ұстаймыз? Содан запы болып қалған ба, немене, кейде Қатыштың хабарын білуге балаларды жібере қояйын десең, қашып, ешқайсысы жолағылары келмейді. Оңды адамнан бала безе ме? Біз ғана емес, барлық ағайынмен солай сендердің шешелерің. Содан үйге келуді доғардық ақыры. Андай-мұндай жағдай болмаса, өзі де ағайынның үйіне сирек барады. Әйтеуір, жалғыз жетім кемпір ғой деп сырттан қарауыл боп қоямыз. Өзімен тікелей сөйлесіп, хал-жай білісіп отырмасақ та, көршілер бар дегендей...

Қабаттаса қойылған бірер сұрақты себеп қылып, әйел енді Қатыш кемпірдің өткен өмірінен де сыр шертіп өтті. Екі жастың ауыздарын аңқитып, таңырқай тыңдағанын байқады ма, әңгімесін дәмділеп, қоюын қалыңдата сөйлейді. Ішіп отырған шайын да нілін кесеге жұғардай етіп, қоюлата түсті. Пәтершілердің естерін жиғызбай есеңгіретіп тастаған небір соны деректер.

«Баба Таня-Қатыш» кезінде бір байдың бұлғақтап өскен жалғыз қызы екен. Бүгінгі жастар үшін бай мен кедей уақыты келмеске кеткен, көзі тірі куәгері таусылып біткен қайдағы бір көне заманның көңірсігі сияқты көрінбеуші ме еді. Ниязбек те, Зифа да, өзгені былай қойып, өз ата-тектерінің қай таптан шыққанын білмейтін, тіпті соған мән де бермейтін. Байдың ұрпағы біздің дәуірде бар ма деген мәселенің байыбына бармақ түгіл, ол жөнінде ойланып та көрмепті.

— Өзі сияқты ауқатты атаның баласына тұрмысқа шыққан екен, — дейді жеңгей. — Кәмпеске жылдары сол күйеуі Сібірге жер аударылыпты. Қатыш та қалмай ілесе барған. Көп өмірін сол жақта өткізген бұл кемпір. Шалы өлгенше екеуі бірге тұрыпты. Өмірі пұшпағы қанамаған адам, өзінен туған бала жоқ. Әже атанатын жасқа баяғыда келсе де, мейірімсіз болып қалғаны содан ба, кім біледі? Әйтеуір ес білгелі мен өзім Қатыштан жылылық көргемін жоқ. Қайта қазір қуаты кеміп, басылған кезі ғой. Әйтпесе, жасамыстау кезінде нағыз зұлхардың өзі болатын. Қарсы келгенді қағып тастап, тіпті жұлыса кетуден тайынбайтын өжет еді. Жасында жүргізіп қалған өктемдігінде қазір де жасағысы келеді. Әттең, сүйенері, сенері жоқ болып, дымы құрып жүр. Әйтпесе төбемізден ошақ қазып, шай қайнататынның нағыз өзі. Тіпті әлі күнге дейін бір сөз айтсақ «текті тұқымның тұяғымын» деп, өзімізді де беттетпейді...

Жә, жырлап отырып қалыппын, бүгін келмейтін болар, — деп, әйел жинала бастады.

— Не шаруа еді, жеңгей? Қиын болмаса соны біз-ақ орындай салсақ...

Пәтерші жігіттің күмілжи сөйлеп, пейіл білдіргені мейманның келген бұйымтайын айтып салуға еріксіз түрткі болғандай.

— Осы үйде сан пәтерші тұрды ғой. Солардың көбін Қатыш шыдатпады. Ол жағын көршілер де айтқан шығар. Әрі-беріден кейін өлмелі шағында пәтерші ұстап не басына күн туды десеңші. Ақылы бар адам болса, көп ағайының бір баласын жібермей ме үйіне. Қай-қайсысы да туғанындай әлпештер еді жалғыз кемпірді.

Сөздің қысқасы — Қатыш сендердің алдарыңда тұрған пәтершілермен жанжалдасып қалыпты. Сексен теңге үшін сотқа берді деген не сұмдық! Немересіндей жас балаларды соншама ғайбаттап не әкетіп барады десеңші. Соған бола келешегі бар жас қызметкердің абыройын төгіп... Оларға осы үйді мен тауып беріп едім. Кеше ана бала келіп тұр: «Апай, міне, ақшасы. Түсіндіріп айтыңыз. Бізді сотқа сүйреп, не рахат табады. Арызын алсыншы» дейді.

— Қайтып алғыны несі? Ол кісі сотқа арыз жазған жоқ қой, — деді Зифа абыржығанын жасыра алмайтын жарқышақ дауыспен.

— Әй, сен ана жолы... жазбай қойдым дегенің қайда?

Күйеуінің үніндегі күмән нышанын жіті аңғарған жас келіншек жедел жауап қайтарды.

— Жо-жоқ, Әшөк... Содан кейін жазған емеспін. «Әже, жазбаймын, ол пәтершілеріңізге обал ғой» дегенмін...

— Тоқта, сонда қалай? Апай, шынымен де сотқа арыз жазып па? — деді Ниязбек мына күдікті жайды табан астында айқындап алмақ ниетпен.

— Иә, жазыпты, — деді әйел, — пәтерші байғұстардың да зыр жүгіріп жүргендері сол ғой. Ей, өздері де бір ауыздарынан сөзі түскен ынжық біреулер ме деймін. Құдай біледі, сол сексен теңгені пайда қып сіңіріп кету миларында жоқ болу керек. Әншейін қазақтың парықсыздығы. Ал қақаңдаған мына қақпас оны солай ұға ма?.. «Қаскүнемдік», «зұлымдық» деп түсінеді...

— Апай, сонда арызды кім жазыпты? Баба Таня өзі қара танымайды. Зифа «жазбаймын» депті...

— Ей, інішек-ау! Сол да сөз бе екен? Зифа болмаса басқа адам жоқ деймісің, жаздырған да біреуге. Бұл Қатыш біреуді қырына алмасын деңіз. Қырына алса, бітті, ақыры құртпай тынбайды. Кекшіл кемпір ғой бұл.

О, балалар несіне бас шайқайсыңдар? Бұл — солай. Ана пәтершілер «Апай, мынау ақшасы, мынау ат-шапан айыбымыз. Бізді кешірсін енді. Обалымызға қалмай, ана арызын қайтып алсын» деп, өлердегі сөзін айтты емес пе? Әйтпесе нем бар мұнда келіп?.. Кежегемнен кейін тартып, осы үйге беттегім-ақ келмейді, амал не? Менің шаруамды түсіндіріп айтып, мына ақшаны Қатышқа бере салыңдаршы. Енді сотқа барып әуре болмасын, қойсын де. Әй, бірақ, қай жөн сөзді ұғушы еді бұл қақпас...

Сыйысып тұрып жатырмыз дейсіңдер, сендерді де бір күні қуып шығар әлі.

Баба Таня-Қатыш бұл жолы пәтершілерін қуып шыққан жоқ. Көктем туа отбасы жатақханадан орын тиді де, өзінен өзі бұл пәтерден көшудің реті келіп қалды.

Пәтершілер ол-пұлдарын тасымалдап, есік алдында көлдеңдеп тоқтаған көлікке тией бастаған сәтте Баба Таня өзін ұстай алмай кетті. Дәліздің бұрышына бұрыла беріп, көзәйнегін көтерді де, кәрі жанарына іркілген жасты жеңімен жасқады. Осы уақытқа шейін ештеңеге иілмеген қайтпас қатты көңілі сыр беріп, сынықси қалыпты.

Кімге, неге бола сонша босады, ол жағын кесіп айту дәл қазір қиын еді.

— Келеміз, әже, келіп тұрамыз, — деп, жатыр мына көрініске өзі де толқып кеткен Ниязбек әжейдің иығынан қағып. Бәсең үнмен осы жұбату сөзді Зифа да қайталаған. Шын көңілі ме, күйеуінің ыңғайымен ықылассыздау айтты ма, ол жағы әзірше өзіне ғана мәлім. Кішкенесін кеудесіне қысқан келіншек артына қарамастан, машинаға қарай асыға аяңдап барады...

Ниязбек пен Зифа содан бері «Баба Таняны» көрген жоқ. Тірі ме екен жарықтық?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз