Өлең, жыр, ақындар

Иван Бунин

Осынау түсініксіз әлемде қанша жабығып жүрсең де, ол бірақ қалай айтқаныңмен таңғажайып нәрсе ғой.

И.Бунин.

Гимназияда жүрген кездің өзінде-ақ мен Бунинді бас көтермей оқи бастадым. Ол кездері мен оны аз білуші едім. Венгеровтың "Жазушылар сөздігіне" арнап, Буниннің өзі жазған өмірбаяндық мақаласынан мен бірдеңелерді білген тәріздімін. Онда, Бунин балалық шағын Елец пен Ефремов қалашығы (сол кездегі Тула губерниясы) арасындағы бір жерде өткізген де, сосын Елец гимназиясында оқыған деп айтылған.

1916 жылдың суық сәуірінде мен бірінші рет Ефремовтағы туысыма — жалғыз басты кемпірге бардым. Ол менің оңтүстіктегі сергелдеңімнен соң келіп, қонақ болып, тынығып қайт — деп шақырған болатын.

Ол кемпір Ефремов мектебінде мұғалім болып істейтін. Күллі мұғалім әйелдер секілді, ол да жиі-жиі тамағына суық тиіп ауыратын. Ол әр түрлі әдістермен емделетін, тіпті "Буниннің де балгерлік ем-домын" қолданатын.

— Қай Буниннің? — дедім мен таңғалып.

— Евгений Алексеевичтің. Жазушының інісінің. Ол біздің Ефремовтің акцизінде — алым-салық жағындағы қызметте. Тамақ ауруын емдеу әдісін ашқан. Ол мойынды құрғақ терімен ысқылайды, сосын тамағы бірден жазылып кетеді. Бірақ сол терісінің маған пайдасы тимеді. Ал Евгений Бунин — іскер, бірақ мінезі тым жағымсыз мырза. Жұрттың айтуынша, оның ағасы, жазушы, керемет жақсы адам дейді. Ол кейде осы араға да келіп тұрады.

Ефремов, жалпы алғанда, кісіні жалықтырып жіберетін қала болғанымен, сол араға Буниннің келіп-кетіп жүретінін білген минуттан бастап, мен үшін ол бірден өзгеріп сала берді. Енді қазір ол маған Ресейдің уәлаяттық жайлы-жұмсақтығын бойына сіңірген жердей болып көрінеді.

Біздің алыс түкпірдегі қалаларымыздың бәрі дерлік бірі-біріне өте ұқсас еді. Чеховтың сөзімен айтсақ, олардың бәрі де шеттерінен әдарияттарының қараусыз қалған қора-жайлары, шіркеулерінің тас қақпалары үстінде құм беттеніп кеткен әулие-әнбиелері бар, полиция бастығының үш ат жегілген күймесінің қоңырауы шылдырап жүретін, тепсеңінде абақтысы қауқиып тұратын, бір ғана үйдің — жер жиналысы үйінің кірмелігінде қызулы шамы бір сөнбейтін, зират басындағы жөке ағаштарында ұзақ қарғалар улап-шулап жататын, терең сай-жыралы — Ефремовтен айнымайтын. Жазды күні қалақайлар қаулай өсіп, со қалалардың бәрін басып қалар еді, ал қыс күндерінде жағалай төгілген күлден сұрғылттанып кеткен қар үстінде пештер мен самаурындардан алып, тастай салынған шалалар пышырлап, түтіндетіп жататын

Со кездері, Ефремовте, менің көкірегіме Бунин Ресейі жайғасып алды да ұзақ уақыт өз билігін жүргізе бастады.

Елец со маңайда болатын. Буниннің қаласын көру үшін, мен со жаққа барып кайтуға бел байладым.

Мүлде жасөспірім кезімнен-ақ, өзім жақсы көретін жазушылар мен ақындардың ғұмырымен байланысты жерлерді барып көру, менің әсте өлмейтін де өшпейтін құштарлығыма айналған еді. Мен осы уақытқа дейін жер бетіндегі ең жақсы құт-мекен, Псков аймағындағы Святогор одарияты дуалының түбіндегі Пушкин жерленген төбе деп есептеп келгенмін (қазір де дәп солай деп есептеймін). Осынау төбе басынан айқын ашылатын алыс түз Ресейде аз кездеседі.

Ефремовтан Елецке дейін "Максим Горький" деп аталатын жұмыс пойызы жүреді екен. Мен осы пойызбен Елецке жүріп кеттім.

Ызғарлы суық таң, мені зіркілдеп келе жатқан ескі вагон ішінде отырған жерімде тауып алды. Мен жыпылықтаған шырақ түбінде "Современный мир" журналының қобыраған ескі бір кітапшасынан Буниннің "Сәуегей Илья" атты әңгімесін оқып отырған едім.

Өзінің кісі жанын шаншып өтер күйінішімен-ақ бұл әңгіме орыс әдебиетіндегі ең таңдаулы әңгімелердің бірі болатын. Бұл әңгіменің әрбір егжей-тегжейі, әрбір заты (кебін тәрізді бозғылт сұлысына дейін) сол кездегі Ресейдің үлесіне тиген, болмай қалмайтын күйзелісті, қайыршылық пен бейшаралықты күнілгері сездіріп тұрғандай еді.

Бағзы бір кездері осынау Ресейден алды-артыңа қарамай, қаша жөнелгің келер еді. Бірақ соған бел бұған кісі өте сирек кездесетін. Расында да кісі қайыршы анасын, ол қорлықта кіріптар болып жүрген кезде де жақсы көреді ғой.

Бунин де өзінің жақсы көретін бірден-бір елінен кетіп қалған болатын. Бірақ ол сырттай ғана кеткен еді. Мейлінше тәкаппар, қатал мінезді кісі болған Бунин, өз ғұмырының соңғы күндеріне дейін Ресейді ойлап, көп жабығып, камыққан және Париж бен Грастің жатбауыр, бөтен түндерінде жұрттан жасырып, көз жасын көп-көп төккен, бұл өз атамекенінен өзін ерікті түрде қуалаған адамның көз жасы еді.

Мен Елецке кетіп бара жаттым. Вагон терезесінің сыртыңда шидиген жүдеңкі жасыл өсімдіктер шұбатылып қалып жатты. Жел қаңылтыр вентиляторда ысқыра түсіп, төмен ұшқан қара бұлттарды ышқынта айдап барады. Мен "Сәуегей Ильяны" қайталап оқимын, Елец уезі, Предтечей болысының шаруасы Семен Новиковтың қасіретті тарихын қайталап оқып отырмын. Мен осынау бір шын мәніндегі "чудо" — керемет қалай, қандай сөздермен, қандай сиқырлықпен жасалғанын түсінуге тырыстым. Өте қысқа да күшті, күйінішті де кемел әңгімені жазу кереметін ұққым келді.

Елецте мен мейманханаға бармадым. Бұлай істеуге ол кезде тым кедей едім. Ефремовке қайта баратын пойыз жүретін кез түннің бір уағына дейін, күні бойы қаланы кезіп жүремін деп, мен, әрине қатты шаршадым.

Жарық көзі биіктей түскен сұрғылт күн еді. Күтпеген жерден жапалақтап, кешіккен қар жауды. Ұйтқыған жел оны табан жолдың ат тағалары соғып қажап тастаған, аппақ тақта тастарынан аршып, суарып әкетіп жатты.

Күллі қала тастан салынған еді. Оның бедірейген тас бейнесінен бекініс белгісі байқалады. Бұл қаңырап бос қалған көшелерден де, құлазыған тыныштықтан да сезіледі. Мен Елецтің әманда у-шуы мол сауда қаласы екенін талай рет естіген едім, сол себепті де әуелде қаланың жайбарақат жатқанына таңғалдым да, оның тыныштығы мен адамдарының аздығы соғыстың салдары екенін кейін барып түсіндім.

Елец шынында да бекініс болған екен. Бунин ол туралы "Арсеньевтің ғұмырында" былай деп жазады:

"...Қала...өзінің ежелгі байырғылығымен мақтанатын, оған толық қақысы бар еді; ол, әсілінде де орыстың ең ежелгі, қадымдағы қалаларының бірі болатын, сонау Түз өтіндегі қара топырақты сайын дала ортасында және бір кездері оның ар жағында "жабайы да беймағлұм жерлер" кеңінен көсіліп кететін жазмыштың жазатайым бедесінен қоныс тепкенді, ал Суздаль мен Рязань княздіктері заманында, шежірешілердің сөзіне қарағанда, Русьтің, қаһарлы азия қара бұлттары астынан көтерілетін қара дауылдың шаңымен, ызғарлы суығымен бірінші болып тыныстайтын аса маңызды тіректерінің бірінен саналатын..."

Бұл үзіндінің әрбір сөзі дерлік өзінің қарапайымдылығымен, дәлдігімен, бейнелілігімен кісіні рақатқа батырады. Со бір ежелгі қалалар азиаттар шапқыншылығының дауылымен, суығымен тыныстайтын деген сөздерінің өзі неге тұрады. Осынау сөздер қарауылшылардың катерлі ысқырығын, шойын тақталарды соққыштар күңгірін, күллі тұрғындарды қалалар қоршауларының үстіне шақыруын қайта тудырады.

Мен тас аулалы ерлер гимназиясы үйінің жанында ұзақ уақыт тұрдым. Бұл гимназияда Бунин оқыған еді. Оның қанасы тым-тырыс тыныштықта, терезелердің ар жағында сабақ жүріп жатыр. Сосын мен иіс-қоңыстың молдығына таңғалып, базар алаңынан өттім. Аскөктің, ат тезегінің, ескі майшабақ кеспектерінің, ішінде әлдекімнің иманын айтып жатқан шіркеудің ашық есіктерінен ладанның иістері шығады; биік сұрғылт қорасы бар бау ішінен бірдеңенің күйгені, шіри бастаған жапырақтар иісі өкпені қабады.

Мен трактирден (асхана) шайға қандым. Оның іші әрі бос және суықтау екен. Одан шыққасын, қаланың шет жағына қарай беттедім. Пойыздың жүруіне дейін әлі де көп уақыт бар еді.

Қала шетінде — ылдиға қарай құлайтын, жалаңаш ұзыннан ұзақ тепсендегі қап-қара ұста дүкендерінен от қызуы мен төстерге соғылған балғалар дүрсілі естіледі. Тепсең үстінде ақшыл аспан. Бір бүйірде зират қорасының дуалы созылып жатыр.

Мен қорымға кірдім. Сылдырлаған кәрлен раушан гүлдері мен жерлеу веноктарының тот басқан қаңылтыр жыпарақтары соққан желден бәсең үнмен әндетіп сықырлап тұрады екен.

Кейбір жерде майлы бояуы қопсып түсе бастаған, ойміштеліп жасалған темір айқыштағы металл медальондар ішінен жаңбыр суынан бүлінген қоңыр түсті фотосуреттер көрінеді.

Кешке салым вокзалға бардым. Өз ғұмырымда менің талай рет жалғыз жүрген кездерім де болған, бірақ дәп сол бір кеште Елецте болғанымдағыдай, қатты күйіне жалғызсыраған емеспін.

Қасымдағы бір жерде, мына бір үйлер қабырғаларының ішінде, жылы бөлмелерде, әлде кімдердің өмір-тіршілігі өтіп жатыр, ол көңілді де емен-жарқын өмір ме, әлде жұтаңдау үн-түнсіз кісі жалығатын өмір ме — кім білген? Бірақ мен жылы үйлердің сыртыңдамын. Үшінші класты керосин сасыған күңгірт жарықты залда, аяғымнан суық соғып, жаурап отырмын.

Әркімнің ғұмырында бір түрлі түсініксіздеу, кейде жанға жағымды, кейде қайғылы бір сәйкестіктер болып жатады. Ондайлар менде де болған. Сондай бір таңғаларлық сәйкестік сол кеште Елец вокзалында менде де болды.

Мен газет дүңгіршегінен "Русское словоның" жаңа нөмірін сатып алдым. Үшінші класты зал қараңғылау болғандықтан да оны оқу қиын еді. Мен ақшамды қайта санадым. Олар самаладай жарық вокзал буфетінен шай ішуіме, тіпті қалған тиын-тебенін біраз ішіп алған даяшыға да беруіме жетеді екен.

Мен буфетке кіріп, шампан шарабын қоятын бос мельхиор шелегі тұрған үстелге барып жайғастым да газетті жая бердім...

Вокзал швейцары қоңырауын бұлғап, әдейі мұрнынан сөйлеп: "Ефремов, Волово; Тулаға! Екінші қоңырау" деп айқай салғанда барып, есімді жинадым.

Дереу орнымнан ұшып тұрып, вагонға қарай ұмтылдым, бір қараңғылау терезе алдындағы мүйіске барып тығылдым да Ефремовке барғанша отырдым.

Менің бүкіл ішкі сарайым қайғы мен сүйіспеншіліктен тебіреніп, дірілдейді. Кімге дейсіз бе?

Осынау вокзалда өлтірілген кереметтей ғажайып қызға, гимназияшы Ольга Мещерскаяға. Газетте Буниннің "Жеңіл тыныс" деген әңгімесі басылыпты.

Со бір нәрсені әңгіме деп атауға бола ма екен — мен оны білмеймін. Бұл әңгіме емес, нұр-шапағат, күллі нәзіктігімен, махаббатымен діріл қағып тұрған өмірдің өзі, жазушының қайғылы да байсалды толғанысы, қыз сұлулығына эпитафия — азанама.

Менің, қорымда қыз моласының қасынан өткеніме, көзім анық жетеді, самал жел көне алқаны желпіп, маған аялдағын деп тұрғандай еді.

Бірақ мен ештеңені білмей өте шықтым. О, қайран дүние, мен оны білсемші! Бірдеңе істей алсамшы! Мен онда сол молаға жер бетінде өсетін гүл атауының бәрін апарып, үйіп тастар едім-ау. Мен со қызға заматыңда ғашық болып қалдым. Мен оның тағдыр-талайын енді қайта жөндеуге болмайтынынан шошып, жаным түршігіп кетті.

Терезелер сыртыңда деревнялардың сирек те сығырайған оттары дірілдей жанып, сөніп жатты. Мен соларға қарап отырып, Оля Мещерская — Бунин ойдан шығарған пенде, мен әлемді романтикалық сарында қабылдайтын болғандықтан да, осынау қаза тапқан қызға тосыннан-тосын ғашық болып, әбігерге түсіп, қамығып келе жатырмын деп, өзімді-өзім жұбата бастадым.

Тегінде, со бір түнде Ресейдің қара және сұрғылт далалары арасында, түнгі желден шулап тұрған, әлі де бүршігін жара қоймаған қайың тоғайлары арасында, суық вагонда келе жатқан мен, ғұмырымда тұңғыш рет, ақырына дейін, ең соңғы тамыр-сіңіріме дейін, көркем өнердің не екенін, оның асқақ та мәңгілік күшінің қандай екеніне анық түсіндім.

Мен газетті бірнеше рет ашып-жазып жіберіп, шырақтың өлімсіреген әлсіз жарығында, содан кейін үйсіз-күйсіз жетімсіреп атқан таңның су түстес ақшыл жарығында Оля Мещерскаяның жеңіл тыныс алуы туралы со бұрынғы таныс сөздерді, "енді со бір жеңіл тыныстың әлемге, сонау бұлтты аспанға, осынау көктемнің суық желіне тарап сейіліп кеткенін" қайталап оқи бердім.

Кеңес Жазушылар одағының екінші съезі Бунин орыс әдебиетіне қайтарылуы керек деген сөздерді ду қол шапалақтап қарсы алды.

Және ол қайтарылып алынды да. Отанына Буниннің аса бағалы заттары да, солардың ішінде "Арсеньевтің ғұмыры" атты хикаяты да қайтарылды.

Буниннің өзі туралы жазу қалай қиын болса, бұл хикаят туралы жазу да тап солай, өте қиын. Оның байлығы, жомарттығы, көп-бейнелілігі, кез келген адамды — Сан-Францискодан шыққан мырзадан бастап, балташы Аверкийге дейінгі адамдарды — дәлме-дәл айқын көретіні, олардың зәредей ым-жымына және жан-жүрегінің болмашы қимыл-қозғалысына дейін таңғаларлықтай анық көретіні сондай және бұған қоса адам тіршілігінің ағысынан айырғысыз табиғат туралы саралап та даралап, бипаздап айтатыны сондай, ол жөнінде "екінші біреуден есітіп" дегендей, жазудың өзі пайдасыз да мәнсіз нәрсе.

Бунинді тек қана оқу керек, оның классикалық күшпен дәлме-дәл жазылған дүниелерін күнделікті үйреншікті, буниндік емес тілмен айтатын бейшаралық әдеттен біржолата бас тартуға тиіспіз.

Пушкиннің "Ненастный день потух..." ("Жауынды күн кетті батып..."), Левитанның "Над вечным покоем" — "Мәңгі тыныштық құшағында" немесе Лермонтовтың "Воздушный корабль" — "Әуе кемесін" өз сөзіңмен айтуға болмайды. Бұл — Моцарттың және басқа да ұлы сазгерлердің үйлесімін алгебраның құрғақ ережесімен қабылдау — әурешілік. Сол себепті де мен Бунинді өзімше қайталап айтуға, оның нәрселерін "бүгінгі күн талабына" сай түсінуге тырыспаймын.

"Бүгінгі күн талабы", басқаша айтсақ, қазіргі заман ұғымы біздің уақытымыздан бұрын өткеннің бәр-бәрімен және оны белгілі дәрежеде анықтап берген нәрселермен тығыз байланыста болмаса, мүлде өмір сүре алмайды.

Бунин кітаптарының тамаша болатын себебі олар тұтас күйінде — өз заманында және сонымен бірге халқымыздың өткен тарихымен жанды байланыс жасап, тамырласып жатқанында. Буниннің поэзиясы мен прозасында өмірді сезініп-түйсіну, адамның тууынан бастап, өлуіне дейінгі ұзақ, бірақ негізінен, оның таңғажайып жолы ретінде айқын білінеді. Әсіресе бұндай сезініп-түйсіну "Арсеньевтің ғұмырында" айқын айтылады.

Бұл хикаят — Ресейді дәріптеу сөзі ғана емес, Бунин ғұмырының қорытындысы ғана емес, оның өз еліне аса терең де поэтикалық сүйіспеншілігін білдіруі ғана емес, сонымен бірге бұл аспан күмбезінде өте сирек және ерте шығатын жұлдыздар секілді, кітап беттерінен сараң да болса, жалт етіп бір көрінетін, оның туған елі алдындағы қайғысы мен шадыман шаттығын білдіруі. Бұл тағы да мүлде басқа дүние.

Бұл — орыс адамдарының — шаруалардың, балалардың, қайыршылар мен кедейленіп кеткен помещиктердің, қолөнершілердің, студенттердің, дуаналардың, суретшілер мен әсем әйелдердің — құр тізімі ғана емес, — жазушының бүкіл жол-соқпақтарында кездескен және айрықша қатал күш-жігермен, кейде тіпті кісіні естен тандыратын күшпен жазылған хикаят.

"Арсеньевтің ғұмыры" өзінің бағзы бір бәлімдерінде суреткер Нестеровтың "Қасиетті Русь" және "Русьте" картиналарын еске түсіретін. Бұл полотналар суреткердің өз ұғымына сәйкес туған елі мен халқын әйгілеп көрсетуі.

Шоқ-шоқ ағаштар мен төбешіктер, қарайып кеткен ағаш шіркеулер, ұмыт қалған қорымдар мен шағын деревнялар және солардың аясында — бүкіл Русь! Қалың қамқа мен құйма алтынға малынған қадым заманның падишасы, ескі шекпенді ынжық мұжықтар, ұзын шыбыртқалары бар малшы-балғындар, елкезбелер мен кезбе әйелдер, сүрмеленген сияқты болып көріиетін кірпіктерін төмен салып, бейкүнә пәк жүздерін сол ғана кірбең шалса да, ішкі бір сәуледен аппақ болып нұрланып тұратын қыздар. Диуаналар, тіленшілер, кемпірлер, аса таяқты қаһарлы шалдар, сары шашты балалар.

Сол тобырда — Лев Толстой, оған жақын-жуық жерде Достоевский тұр. Олар өздерінің адал шындықты іздеген халқымен бірге, өмір бойы өздері шаршамай-талмай айтқан нұрлы, бірақ алыс қиырға кетіп барады.

Осынау суреттердің Бунин кітаптарымен ортақтасатын бірдеңесі бар. Олардың бір ғана айырмашылығы, Нестеровтегіден гөрі, Бунинде туған елі қара дүрсіндеу, кедейлеу.

Біздің Ресейдің орталық аймағы Бунинде сұрғылт күндерінің әйбат ажарымен, сабырлы маң далаларымен, жауын-шашынды тұманымен, кейде тіпті ақшыл шұғыласымен, батар күндерінің шоқтай маздап, керіліп жататын шапақтарымен бірге көз алдыңа келіп тұра қалады.

Осы арада Буниннің өмірде өте сирек кездесетін бір қасиетін-бояулар мен жарық түсіруді қатесіз сезіп-түйсінетінін айтсақ орынды болады.

Әлем бояулар мен жарықтың айтуға тіл жетпейтін сансыз көп қосынды-құрамдарынан тұрады. Осынау қосынды-құрамдарды бірден және дәлме-дәл сезіп-түйсініп, қағып ала қоятын кісі — егер ол тіпті суретші не жазушы бола қалса — оның дүниедегі ең бақытты адам болғаны.

Осы мағынадан қарасақ, Бунин бақытты жазушы болған. Ол жіті көзімен бәрін де айна-қатесіз көріп отырған, орталық Ресейдегі орыс жазын да, тұнжыраған қысты да, "кешеуілдеген күздің жүдеу-жадау, қорғасындай ауыр және жайбарақат күндерін де", "орман-тоғайлы жабайы төбелердің ар жағынан кенет маған өзінің орасан зор қарауытқан айдын-шалқарымен қараған" теңізді де қапысыз көреді екен.

Буниннің жазбаларында бір қысқа ғана сөз бар. Ол 1906 жыл жазының бастапқы кезіне жатады. "Әшекейлі ала бұлттар кезеңі басталады" — деп жазады Бунин, сөйтіп ол осы сөзімен бізге өзінің жазушылық ғұмырының бір сырын ашқандай болады. Бұл сөздер Буниннің жаз кезімен, "ала бұлттар кезімен", "жауын-шашын кезімен", "гүлдену кезімен" бірге келетін және көңілі қалайтын сүйікті міндетті еңбегінің жақындап қалғаны жөнінде.

Осынау төрт сөзбен ол өзінің аспанды бақылау, әманда құпия сырымен тартымды көрінетін ала бұлттарды зерттеу жұмыстары басталатынын сездіреді.

Жаз туралы жазылған Бунин жолдарын оқыған сайын, оның осы бір жазбасын есіңе аласың. Тіпті екі жол ғана болса да, оның жаз туралы айтқан жолдары кісіні торықтыра бастайды.

"Бау гүлдеп, бүрін төгіп, көркейе түсті, бауда әнші бұлбұл күні бойы сайрады, терезелердің төменгі әйнектері күні бойы көтерулі тұрды..."

Бунин тіршілікте көргендерінің бәрін бірдей анық та танық көре білген. Ал ол өте көп көрген, жастайынан тыным таппай, ел кезу дертін бойына сіңіріп, әлі көрмеген жерін көруге құмартып, талпына берген.

Ол алдында ұзақ жол күтіп тұрғанын білген минуттардан бастап, өзін дүниедегі ең бақытты жан деп сезінетінін ұдайы мойындап отырады екен.

Өмірдегі жарық, иіс, дыбыс пен түр-түс құбылыстарының ара¬сында белгісіз бір күшті байланыс бар.

Бұл байланыс неде? Мәселен, Ван Гогтің картинасындағы өте үлкен крокустар сияқты гүлдерге, қайдағы бір жат жемістердің мөлдір шырынын еске түсіретін қанық бояуына қарап отырып, кенеттен сол жемістердің тәбетіңді ашатын тәтті иісі мен дымқыл теңіз құмының соны лебімен тыныстап отырғаныңды сезесің. Осынау иіс сурет галереясына жат арал самалын себездеп жеткізетіндей болады.

Бунинді оқып отырғанда өзіңнің де осы тектес сезім-түйсікке беріліп кеткеніңді байқайсың. Бояу — иісті, жарық — бояуды тудырады, ал дыбыс бірқатар таңғаларлық суреттерді дәлме-дәл қалпына келтіреді. Осының бәрі жиналып келгенде, адамның тіршіліктегі толғанысы мен қайғысын, не жайдарлы көңілі мен қуанышын білдіретін жылы жед ағаштардың шуылы, мұхиттың шексіз гүрілдеуі, балалар мен әйелдердің сүйкімді күлкісі сияқты айрықша бір көңіл күйлерін тудырады.

"Арсеньевтің ғұмырында" Бунин табиғаттың бояуларын сезінуі мен оның түр-түсіне катысты ойларын білдіреді:

"Менің бояулар салынған жәшікке бір қарағаннан-ақ, тула бойым дірілдеп сала беретін де ертеден кешке дейін қағазды бүлдіруші едім, сонда сағаттар бойы ми қайнайтын ыстықта аспанның көк ніліне шомылып тұрған ағаштардың ұшар басынан әрідегі, күнге қарама-қарсы тұрған аспанның бірте-бірте қоңыр түске айналып кететін со бір ғажайып көкшіл түсіне сағаттар бойы талмай қарап тұратын кезден бері — мен жер мен аспан бояуларына түпкі мәні мен маңызы құдай тағалада жатқанын біржолата құлай сенген сезімде болған едім. Өмірдің өзіме берген нәрселеріне қорытынды жасай келгенде, көргенім, — бұл оның аса маңызды қорытындыларының бірі екен. Ағаш бұтақтары мен жамыраған жапырақтары арасынан көрінетін со бір қоңырлау көк аспанды мен көз жұмар алдында да есіме алармын-ау..."

Орталық Ресейге тән көмескі бояулар, Бунин оңтүстік туралы, ыстық үйектер, Кіші Азия туралы, Египет пен Палестина туралы айтқан кезде, бірден аптапты-аңызақты күндей болып, қоюлана түседі.

1912 жылдың күзінде Бунин Каприде тұрады және сол кездері ол өзінің немере інісі Николай Пушечниковпен ұзақ-ұзақ әңгімелесіп жүреді.

Пушечниковтың сол әңгімелері туралы жазбалары сақталып қалыпты. Бұл жазбалар тым қарапайым. Ол бізге өте ұстамды кісі болған Бунинді, оның тым сирек кездесетін, ашық-жарқын сәттерін көрсетеді.

Сол жазбалардың бәрі Буниннің өмірді қажымай-талмай жақсы көргенін білдіреді. Вагонның терезесінен ауада сейіліп кететін паровоз түтінінің көлеңкесіне қарап отырып, Бунин былай депті:

— Тіршілік ету — қандай қуанышты! Осынау бір ғана түтін мен мына бір жарықты көрсең, тек қана көріп қойсаң болғаны. Егер менің қолым мен аяқтарым болмай, тек сәкі үстінде отырып, батар күнге қарайтуға болсам, мен соның өзіне де бақытты болар едім. Тек бір ғана нәрсе керек - көрсем және естісем жетіп жатыр. Кісіге бояудан өткен ғанибетті ештеңе де жоқ. Мен әр нәрсеге қарап дағдыланғанмын. Суретшілер маған бұл өнерді үйреткен... Ақындар күзді сипаттай алмайды. Өйткені олар бояулар мен аспанды сипаттап көрмеген. Әредиа, Леконт де Лиль сияқты француздар сипаттау өнерінде таңғажайып шеберлікке жеткен.

Пушечниковтың жазбаларында Бунин шеберлігінің "құпиясын" ашатын таңғаларлық жерлері бар.

Не нәрсе туралы жаза бастасам да мен ең әуелі "дыбысты табуым керек" дейді екен Бунин. "Мен оны қалай тез тапсам, қалғанының бәрі өзінен-өзі жасала береді".

"Дыбысты табу" дегеннің мәнісі неде? Тегінде Бунин осы бір сөздерге жай қарап қойғаннан гөрі, көбірек мән бергені анық.

"Дыбысты табу" — ол прозаның ырғағы. Оның негізгі әуен-әуезін табу. Өйткені, өлең мен музыка тәрізді, прозаның да ішкі өз әуені бар.

Прозаның ырғағы мен оның музыкалық әуезділігін сезіну табиғи нәрсе және ол да туған тіліңізді жете білумен, оны нәзік сезініп-түйсінумен тамырлас екені айқын.

Тіпті балалық шағының өзінде Бунин осы бір ырғақты қатты сезінеді екен. Тіпті бала күнінде ол Пушкин "Русланының" кіріспесіндегі өлеңнің айналмалы жеңіл қозғалысын ("айналмалы тынымсыз қозғалысының сиқырлығы") байқайды.

"Түн демей — білгір мысық — күндіз демей — шынжырмен шыр көбелек — айналып жүр".

Орыс тілі саласында Бунин шашасына шаң жұқтырмайтын шебер болған.

Сансыз көп сөздердің ішінен, ол хикаятпен қайдағы бір көзге көрінбейтін, құпия жолмен байланысып жатқан және сол хикаятқа бірден-бір қажет, ең бір шырайлысын, ең бір жігерлісін айна-қатесіз тауып, таңдап алатын болған.

Буниннің әрбір әңгімесі мен әрбір өлеңі, магнит сияқты, сол әңгімеге қажетті бөлшектердің бәрін кез келген жерден тартып, әкеліп жатады.

Егер қазір Христиан Андерсен сияқты ертекші өмір сүрген болса, ол, сиқырлы магниті бар жазушыға әр түрлі кездейсоқ заттардың, — тіпті қырау қонған бұта шоғырына ұялаған күн шұғыласына, бозғылт қаралы киімге қонған жалбыр бұлттарға дейін — ұшып келетіні туралы, ал жазушы оларды тек өзіне ғана белгілі ретпен орналастырып, жанды су бүркіп ұшықтайтыны, со мезеттен бастап, әлемде жаңа бір туынды — поэма ма, өлеңдер мен хикаят па — пайда болып, өмір сүретіні туралы ертекті жазар еді және оны ештеңе де өлтіре алмас еді.

Буниннің тілі қарапайым, сөзге сараңдау, таза да шырайлы. Сонымен бірге ол бейнелілігі мен дыбыстық әуезділігі жағынан барынша бай — онда ежелгі музыкалық аспап кимвальді әннен бұлақ суының сылдырына дейінгі, бірқалыпты сара сөзден таңғаларлық нәзік интонацияға дейінгі, жеңіл әлаулайдан інжілдің күңірене әшкерелейтініне дейінгі дыбыстардың бәрі бар, соларға ілесе орел шаруаларының кезенгені мүлт кетпейтін мерген сөзі тағы бар.

Мен тек "Арсеньевтің ғұмырын" атап қана өттім. Ал бірақ бұл хикаят өте мұқият оқуды талап етеді.

Мен "Арсеньевтің ғұмырын" хикаят деп атадым. Әлбетте, бұл дұрыс емес. Ол хикаят та, роман да емес. Бұл мүлде жаңа, әлі аты аталмаған жанрдың дүниесі. Бұл жанр — кісі қайран қаларлық адам жанын әрі азапты, сонымен бірге әрі шуақты тұтқынға алатын бірегей жанр.

Жұрт "Арсеньевтің ғұмырын" автордың өмірбаяны деп қабылдаған. Бунин мұны жоққа шығарған. Өмірбаян дейін десең, "Арсеньевтің ғұмыры" тым емін-еркін жазылған.

Бұл автордың өмірбаяны емес. Ол жер бетіндегі қыруар қасіреттің, тамашалаудың, толғаныстар мен қуаныштардың қорытпасы. Ол - бір адам ғұмыры оқиғаларының, сергелдеңдерінің жиынтығы, бірақ сол көптеген алуан түрлі жерлердің ішінен оманда бірінші орында біздің орталық Ресей тұрады. "Қыстыгүні шетсіз-шексіз кар теңізі, жаздыгүні егіннің, шөптер мен гүлдердің теңізі... Және сол даланың мәңгі тыныштығы, олардың сырлы-жұмбақ үнсіздігі..."

"Арсеньевтің ғұмырында" Бунин өз ғұмырын ғажайып бір дуалы кристалда мұқият ұқыптылықпен жинайды, бірақ оның Пушкин кристалынан айырмашылығы, осынау хикаяттың алыс қиыры, жазушы ғұмырының алыс қиыры мейлінше айқын сызылып, тұңғиық түбіне дейін жарқырап көрсетіледі.

Мен "Арсеньевтің ғұмырын" хикаят деп қанша рет айтсамдағы, оны сол хұқымды пайдаланып, поэма не аңыз-әпсана деп те айта алар едім.

"Арсеньевтің ғұмыры" — әлем әдебиетінің ең тамаша құбылыстарының бірі. Оның ең бірінші кезекте орыс әдебиетінің иелігіндегі нәрсе екендігі — біздің ұлы бақытымыз.

Бұл таңғаларлық кітапта поэзия мен проза ұласып, бірігіп кеткен, табиғи түрде ұласып, тамаша жаңа бір жанр жасалған.

Әлемді поэтикалық тұрғыдан қабылдау мен оны сырттай прозалық әдіспен айтудың ұласуында қатал бірдеңе, кейде тіпті осы бір нәрсенің стилінің өзінде інжілге тән бір қасиет бар.

Бұл кітапта енді қазір поэзияны прозадан айыра алмайсың және оның көптеген сөзі жүрегіңе отқа қақталған мөр сияқты басылады.

Буниннің не туралы айтқысы келгенінің бәріне — бірден-бір қажет және бірден-бір мүмкін сөзді тапқанын түсіну үшін, оның анасы туралы жазған бірнеше жолын оқысаң да жетіп жатыр.

Со бір жолдарды жаның тітіркенбей оқи да алмайсың.

"Алыстағы туған жерде, жетім, жалғыз күйде, ел-жұрт мәңгі ұмытқан кейуананың жаны, уә, жәннатта болғай, уә, оның баға жетпес ізгі есіміне құдайдың мейірім-шапағаты жауғай. Шынымен-ақ оның жанарсыз қу басы, сарғайып кеткен сүйектері енді қазір со жақтың бір жерінде, орыстың жүдеу-жадау қаласының қорымды тоғайында, аты-жөні беймағлұм моланың түбінде жатқан ол шынымен-ақ бір кездері мені қолына алып тербеткен жан ба екен?"

"Арсеньев ғұмыры" тілінің күші, дәлме-дәл образының күші кісі жанын мұңға бөлеп, толқытады, тіпті көзіңнен жас та шығарады. Бұл әлгі таңғажайып ойларды туғызатын сирек кездесетін көз жасы ғой.

"Арсеньев ғұмырының" тағы бір жаңалығы, Буниннің ешбір басқа дүниесінде тіліміздің кедейлігі себепті, адамның "ішкі әлемі" деп аталатын құбылыс тап осындағыдай толық күйінде ашылмаған еді. Сонда адамның ішкі әлемі мен сыртқы әлемінің арасында қандай айырмашылық бар? Сыртқы әлем ішкі әлеммен тұтасып жатқан бір дүние емес пе?

Бунин бұл кітапта не туралы айтса да, соларының бәрі көз жауын алады, құлақ құрышын қандырады, оларды ұстап көруге болады, бедерлі нәрселер — бізді ұзақ уақыт бойы не қуанышқа, не қайғыға бөлейді. Мен сол кітаптан бірнеше мысалдар келтірейін. Мысалы, қиттай баланың қаламен бірінші рет кездесуі мынадай:

"Қалада бәрінен де... қайран қаларлық бір нәрсе — уәкіс еді. Өзімнің бүкіл өмірімде жер бетінен көрген заттарымның ішінен — ал мен көпті көргенмін! — со қаланың базарында уәкістің бір құтысын қолыма ұстап тұрған кездегідей қуаныш пен шадыман шаттыққа батып көрген емеспін. Осынау дөңгелек құты кәдімгі кендірден жасалыпты, кендір болғанда қандай және сол құты қандай көркем шеберлікпен жасалған десеңізші. Ал, уәкістің өзі ше! Қап-қара, тып-тығыз, спирт сияқты иісі аңқып, күңгірттене жылтырап тұрған бірдеңе".

Туған өлкесін, қайыршы өлкесін Бунин сараң да бейнелі сөзбен келістіре сипаттайды.

"Мен қайда туып, қайда өстім, нені көрдім? Тауы да, өзені де, кәлі де, орман-тоғайы да жоқ — тек сай-саласын бұталар басқан, шоқ-шоқ болып ағаш өскен, тек анда-санда ғана қайдағы бір Заказ, Дубровка деп аталатын ормансымақ бірдеңелері бар, қалғаны шетсіз-шексіз егін мұхиты жайқалған байтақ дала... Бұл... Түз өтіндегі жер, мұнда дала толқын тәрізді мұғар төбелер мен түйетайлы дөңестерге толы, көкорай шалғындары көбіне жайпақ тастақты болып келеді, ал шағын деревнялары мен олардың шәркейлі мекендеушілерін құдайдың өзі де ұмытып кеткен тәрізді — олар күй-жай таңдамайды, атамзаманындағыдай ауам, өздерінің кендірлерінің сабақтарымен, сабандарымен біте қайнасып, туыстасып кеткендей".

Жазушыларда мүсіншілерден алмастырып алған, — "адамдарды мүсіндеу" деген термин бар. Бунин сияқты, адамдарды айна-қатесіз дұрыс, кейде мейрімсіз қаталдықпен, ал кейде нәзіктікпен "мүсіндейтін" жазушылар тым аз кездеседі. Мәселен, қойшы баланы алайық:

"Қойшы бала... айрықша қызғылықты болатын: денесіне жапсыра салған жейдешесі мен аяғындағы алақандай шулғауы шұрқ-тесік болатын, аяқ-қолы мен бет-аузын күн қақтап, күйдіріп жіберген терілерінің түскені түсіп, түспегені жалбырап тұратын, еріндері жалақ еді, өйткені әрдайым қара бидайдың ашыған нанының қабығын, не қымыздықты, не со баяғы таусағызды тынымсыз жеп жүретіндіктен де ерні қып-қызыл жараға айналатын, ал өткір ұры көзі жылтылдап бір тыным таппайтын: ол біздің достығымыздың қылмысты екенін жақсы түсінетін және бізді де азғырып, кез келген нәрсені жегізетін. Бірақ сол қылмысты достық кереметтей тәтті болатын. Оның құпия түрде, жан-жағына жалтақтай қарап, үзіп-үзіп айтқан сөздерінің бәрі бізді еліктіріп жіберетін. Бұған қоса ол бізді таңғалдырып, ұзын шыбыртқысын шартылдатып сермей жөнелетін, ал біз де соны шартылдатып көрмек болғанымызда, байқамай шыбыртқы ұшын дыз еткізіп құлағымызға тигізген кездері, ол жын ұрғандай сақылдап күлетін..."

Өзінің жұмсақтығымен, ұялшақ көктемімен, көзге қораш жұпынылығы көп ұзамай ың-шыңсыз мұңлы сұлулыққа айналатын қасиетімен көрінетін орыс пейзажы ақырында оны ешқашанда боямалауға тырыспайтын дәулескер жыршысын тапты. Орыс пейзажының Бунин байқап сипаттамаған титімдей де мүйісі қалмаған шығар, сірә.

"Мал тұяқтары таптап тастаған дөңестердің арасындағы сайда өзінің ұзыннан-ұзақ айдынымен ыстық күнге шағылысып, кісі жалығатындай күйде жалтырап жатқан сазды қарасуды жанап өттік. Сол дөңестер үстінде, кей жерде, әлде бір ойға шомып, жетімсіреп отырған жалғыз-жарым ұзақ қарғалар көрінеді".

"Арсеньевтің ғұмырында" шағын бір тарау бар. Ол мынадай сөздермен басталады:

"Мен өзімнің ересек жылдарымда жүріп-тұрған жерлерімнің бәрінен орысқа тән қадір-қасиет көрінетін". Будин әрі қарай Бунин Становая деревнясына жақын жерден өтетін қара жол туралы, қарақшылар мен қараңғы түн, қорқыныш пен үрей туралы айтады, бірақ онда күні кеше ғана өткен Ресейдің қандай суреттері берілген десеңізші:

"Становаяның жанындағы үлкен жол құлдилап, терең сайға түсетін, оны біздіңше, жоғарғы, деп атайтын, міне сол ара кешіккен жолаушылардың бәріне сұмдық үрей тудыратын...Становаяның түбінен өткен кездері жас шағымда сол бір таза орысқа тән қорқынышты менің өзім де басымнан талай рет өткізген едім...Сонда өткен сайын мынадай бір сурет көз алдыңа елестейтін. Қарашы, олар қайда екен, әне солардың -сирақтарын жіліктеріне дейін сымпита орап, таңып тастаған, бөріктерін жіті көздеріне түсіре киген, қолдарында кішкене балталары бар, сенің алдыңнан кесе-көлденең асықпай, баяу басып келе жатады, кенет тұра қалып, әдейі байсалды болғансып, бәсең дауыспен: "көпес, бір минутқа тоқтағын..." — деп әмір етеді..."

Бұл кітаптың мұндай ғаж-жап жерлері көп-ақ. Мен біздің прозадан қыстың, төменде келтіргелі отырған үзіндідей сипаттамасын кездестірген емеспін.

"Орыстың уездік өмір-тіршілігі айрықша ауырлап, жұрттың бет-жүзінен мейірім-қайырымның ізі өшіп, оның жалығып-жабығып кеткені, қатуланып алғаны көрініп тұратын, қыстың сұрғылт та қытымыр күндері, жер қарайып, былжырап жататын кір-қоңысты жылымықтар жадымда жатталып қалыпты — орыс адамы әуел-бастан-ақ табиғаттың ықпалына көнгіш қой — сол кездері оған әлемдегі нәрсенің бәрі де, сол сияқты өзінің өмір-тіршілігі де мүлде қажет еместей бір түрлі торығып кететінін кайтерсің...

Әлі есімде, кейбір кездері тұтас апталар бойы көз көрмейтін азиялық борасындар соғатын да, одан қала шіркеулерінің қоңыраулы күмбездері әрең-әрең елестеп тұратын. Қадым замандардағы ежелгі Русь туралы ойға жетелейтін діни-шоқынудың аязды күндері, қаһарлы ызғардан "жер үңірейіп жарылып кететін" кездер есімде қалыпты. Сол кездері омбы қарға көміліп қалған ақ шағала қала үстінде түнемелікте қара-барқын аспан төсінде аппақ болып, Үркер шоғыры жанып тұрар еді, ал ертеңгісін шар айнадай болып, қосарланып екі күн күңгірт жылтырап тұрды, шытырлаған шымыр аяз бен бет қаратпас ауа өтіндегі қала моржаларынан алқызыл түтіндерін будақтата шығарып, күллі қала өткен-кеткен кісілер қадамдары мен зулаған шаналар табандарынан сықырлап, шықырлап-шиқылдасып жатты..."

Бунин туралы сөз қозғаған кісі еркінен тыс мазаң болып кетеді екен. Сұхбаттасып отырған адамыңа — оқырманға Бунин кітаптарының таңғажайып жерлерінің бірінен соң бірін көрсете бергің келеді екен. Ұдайы мына бір жері - ең соңғысы дегің келеді. Бірақ одан әрі - бұдан да жақсы жері бар екен, оны қалай айтпай кетерсің. Мәселен, адамның жасөспірім шағы туралы, балалық махаббат туралы сөзін қараңызшы. Әркім өзінің өтіп кеткен бозымдық шағы туралы мұңая отырып ойланады. Біз ол кездері махаббаттың өзіне, және ол өзімізге не әкелсе, соның бәріне ғашық болдық: "баудың да, деревняның да, жазғы даланың да ар жағында алыс қырда, сол жақтан оқта-текте талып естілетін, сол себепті де бір түрлі таңғажайып болып елестейтін, бөдененің бытпылдығына да" ғашық болатыныңыз, ал сүйетін қызыңның ұйықтап жатқандағы нәзік тынысына ше, ..."сол бөлмеде ұйықтап жатқан Лизаны ой көзімен көріп, соған қандай сезіммен қарағанымды қалай жеткізуге болар еді, ол ашық қалған терезеден жайымен жауған жауын сытырындай болып естілетін, сыбырлай сөйлескен жапырақтар сыбдыры аясында, алаңсыз жатыр ғой, кең даладан келетін жылы жел де оның балалық ұйқысын бұзғысы келмей, өбектегендей болады, өйткені бүкіл жер жүзінде одан таза, одан өткен таңғажайып жан жоқ сияқты еді!"

Бунннді құнығып көп оқыған сайын, оның әсте сарқылмайтыны анықтала түседі.

Қалай айтсақ та, ол жазған дүниенің бәрін білу үшін, автордың қияли мұңлы сырына қарамастан, оның тынымсыз ұмтылыспен, қимыл-қозғалыспен өткен дауылды ғұмырын білу үшін, оған көп уақыт керек.

Өмірінің біраз бөлегін Буниннің өзі айтқан ("Арсеньевтің ғұмырында" және оның өзінің өмірбаянымен азды-көпті байланысы бар көптеген әңгімелерінде), тағы бір бөлегін, 1958 жылы Парижде "Буниннің ғұмыры" кітабын — Бунин туралы естеліктер мен материалдардың аса бағалы жинағын шығарған әйелі Вера Николаевна Муромцева-Бунина әңгімелеп берген.

Буниннің ең ақырғы күндеріне дейінгі бүкіл ғұмыры жат жерде тентіреу мен шығармашылыққа арналды.

Бунин өзінің көзі анық жеткен сенім-нанымынан айнымаған адал жан болды. Ол өзінің "Деревнясында" кабинетші халықшылдар жасаған орыстың құдайшыл-шаруасы жөніндегі тәтті аңызын әшкерелеп, жоққа шығарды.

Буниннің нағыз классикалық кереметтей әңгімелерінен басқа, суретінің кіршіксіз тазалығы жағынан тым ғажайып, байқампаздығы жағынан, шалғай елдерді сезініп-түйсінуі жағынан теңдесі жоқ, Иудея туралы, Кіші Азия, Түркия, Греция мен Египет туралы жолсапар очерктері де бар.

Егер солай деп айту жөн дер болсақ, Бунин тап-таза "кастиль" мектебіне жататын бірінші дәрежедегі ақын. Оның өлеңдері осы уақытқа дейін бағаланбай келеді. Солардың арасында айтар ойының айқындығы және тіпті қолға да түспейтін, көзге де көрінбейтін елеусіз нәрселердің өзін шеберлікпен берудің не бір жауһарлары кездеседі.

Бунин — бүкіл ғұмыры бойы бақытты күтумен өткен жан, адамның бақыты туралы жазып, соған барар жолды іздеген. Ол со бақытты өзінің поэзиясы мен прозасынан, өмір мен отанына бағыштаған сүйіспеншілігінен тапты және бақыт тек білетіндерге ғана беріледі деген ұлы сөздерді айтты.

Бунин өте күрделі, кейде тіпті қарама-қайшылыққа толы өмір-тіршілікті басынан өткерді. Ол көпті көрді, көпті білді, өліп-өшіп сүйіп-күйді де және өшпенділігі де бір басына жетіп, артылатын, еңбек-бейнеті де көп болды, талай рет қателесті де, бірақ оның бүкіл ғұмыры бойына созылған ең ұлы да іңкәр махаббаты, өзгермейтін махаббаты туған елі, Ресей болатын: Гүлдер де, аралар да, шөп пен масақ Көк аспан, шаңқай түскі аптап... Кезек келіп, Құдайым сауал қояр: "Жер бетінде бақытты болдың ба?" — деп. Мен бәрін де ұмытам — тек есімде қалатыны Егін мен шалғын арасындағы дала жолы Булығып тәтті-жылы көз жасына, жауап қата алмаймын, Тек мейірбанның тізесіне бас ұрам.

Аударған Әбілміжін Жұмабаев


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз