Өлең, жыр, ақындар

Болған ана бақшасында болған алтын той

Олар үшеу еді.

Екеуінің аналары — Болған мен Нұржан әуелден дос болатын, тағдырларында да ұқсастық бар еді. Екеуі де, тағдырдың жазуымен, ерлерінен ерте айрылған екен. Мұңдас, сырлас екеуін жақындастырған қатар жүріп тартқан тіршілік тауқыметі де болар. Түрікменстанның Қарабұғазында сульфат тасыған күндерді бастарынан бірге өткеріпті. 1938 жылы олар туған жерге бірге оралады, бұл екі отбасының мұнда да қатар күн кешуі, өтіп бара жатқан жастық шақтарының белгісіндей, балаларының қылтиып қатар бой түзеулері, әрбір ата-ана сияқты, ертеңінен күтетін қызық пен қуаныш бұлардың да үміттерін жалғап, армандарына қанат бітіргені сөзсіз еді. "Егер балаларымыз аман-есен кәмелетке толса, ең болмаса, солардың қызығын бірге көріп, бірге қуанайық" — деп, уәделеседі. Осы ізгі ниет аналардың осыдан дәл елу жыл бұрын, Шахта орта мектебін жаңа бітірген, балауса қыз Құндыз бен балғын жігіт Орынның отау тігулеріне себеп болған екен. Осылайша: "Менің орнымды енді осы бала басады, есімін Орын деп қоярсың", — деп кеткен әке сөзі орнына келіп, Құлсариевтар әулетінің шаңырағы қайтадан бой түзепті. Бұл 1950 жылдың 1 мамыры екен.

— Мен бұл үйге келгенде мұнда үш-ақ адам болды. Анасы мен інісі ғана. Тұрмысқа шығып кеткен екі апасын бұрын да білетінмін, олар өздерімен өздері. Інісі Қолғанат ол кезде үш-төрт жаста ғана. Қараса, көз тоймайтын сүп-сүйкімді. Шашы бұйра-бұйра болып, томпиып жүгіріп жүретіні әлі көз алдымда. Сол кезден бері өзім де талай баланың анасы болдым, бірақ ол менің тұңғыш ұлым сияқты. Өзі де солай сезінеді, балалардың бәрі де солай түсінеді. Қазір Қолғанат жанның өзі үлкен шаңырақтың иесі. Меделхан екеуінің үш ұлы бар. Айта кетейін, Меделхан келініміз Маңғыстаудың елге әйгілі, іргелі әулетінен шыққан, көргенді жердің қызы. Құдамыз Ысқақ Шәкіратовты, оның баласы Сержанды білмейтіндер аз шығар. Медеш сол Сержанның туған қарындасы. Қолғанат пен екеуінің тұңғыштары жоғары білімді маман болып, жуырда қызметке тұрған, осы наурызда бұл немерем алғашқы айлығына көйлек кигізді. Сәбиттері Алматыда оқып жүр. Мереке алтыншы класта. Өзім он екі құрсақ көтердім. Қыздар тұрмысқа шықты, ұлдар үйленді. Бәрі де балалы-шағалы. Құдайға шүкір, бір кездегі екі-үш жанның орнында қазір ауыл емес, бүтін бір ел пайда болды, — дейді Құндыз мама.

Құдай көпсінбесін, шынында да, Орын әкемізді дүниеге әкелген Болған ананың кішкентай ұясы бұл күнде адам қызығарлық үлкен баққа айналды. Құндыз мама бұл шаңыраққа он екі перзент әкеліп, олар он екі отау тіккенін айтты, ал сол отауларының өзінің алды өркен жая бастағалы біраз болып қалды. Тұңғыштары Рухан жолдасы Орақ екеуінің үлкен ұлы екі баласымен Жаңаөзенде тұрса, одан кейінгі бала-келіні өз қолдарында. Соңында тағы жеткіншектері бар. Өзгелері әлі ұлдарын үйлендіріп, қыздарын ұзата қоймағандарымен, шүкір, ержетіп, бой жетіп отырған жасөспірім жігіттер мен қыздар отаулардың бәрінде де баршылық. Қазір Орын Құлсариев ұрпақтары Батыс Қазақстанның талай жерлерінде тұрып жатыр. Айжан-Амангелді, Гүлнар-Бөкенбай облыс орталығында, Қолғанат пен Меделхан, Сәтпай-Баршагүл, Ғалия-Көмек, Кенжеш-Нұржан бауырларымен бірге Жаңаөзенде, Гүлжан-Жоламан Қызылордада, Раушан-Жарас Бейнеудің "Ақжігіт" ауылында, Рақила-Ерлан Атырауда тұрып жатыр. Ал Светасы балаларымен өз жанында, Ескі Жетібайда. Сәкені келіншегі Бағланмен, Сымбат, Мәди есімді сәбилерімен ата-ананың қолында. "Жас өседі, жарлы байиды", "Орнында бар оңалар" деген қазақтың сөздері осындайдан айтылса керек...

Бір қызығы, осыдан жарты ғасыр бұрын Нұржан ананың отбасында да үш-ақ жан екен. Ұлы Мұхамбеди Жолболдин кезінде осы өңірдің танымал адамдарының бірі болған. Аудан көлемінде басшылық қызметтер атқарған. Аудандық әлеуметтік қамсыздандыру саласын басқарып тұрған кезінде өмірден өткен. Ұрпақтары қазір Ақтауда тұрады. Қызы Айсұлу мен күйеу баласы Өренді маңғыстаулықтар жақсы біледі, олар да қазір осы өңірдің белгілі адамдары. Құндыз мама сол Мұхамбедидің туған қарындасы.

Егер Орын әкеміз Құндыз анамыздың Ескі Жетібайдағы кең сарайдай үйіне бара қалсаңыз, сізге жасалған шайды Бағлан емес, Ақмарал есімді жас келін құюы да мүмкін. Ол жиен келін. Ал оның бұл үйде қалай жүргендігінің өз тарихы бар. Құлақ түріңіз:

Қазақта "Елу жылда ел жаңа" деген де сөз бар. Ал Орын Құлсариев азамат жасына жетіп, еңбек өлкесіне бет бұрған кез соғыстан кейінгі, елдің халық шаруашылығын қалпына келтіріп қана қоймай, елдің елдігін танытатын жайларды, ертеңгі күнін де ойлап, іс қылуға бетбұрыс жасай бастаған кезең еді. Сондықтан да болар, өнерге бейімдігі, елгезек, орнықтылығы да себеп болған шығар, ол бірден-ақ мәдениет саласына қарай икемделіп, өнер жолына түсіпті. Бұл жолда алғаш орнығуы Ақтөбе мәдени ағарту училищесінде оқудан басталса керек. Өзі көрмесе де, кішкентай кезінен үлкен апасының Ақтөбе жаққа тұрмысқа шыққаны жөніндегі әңгімеге қанық он жеті жасар жас баланың көкейінде жатқан бір ой Ақтөбеге келгеннен кейін оны тағы да мазалай берген. Оның үстіне Сәнім апасының үйіндегі жездесі Мұсағали іздеу сала жүріп, Ақзердің бір дерегін біліп, жолға шығады. Қалтасындағы тілдей қағазға жазылған дерек бойынша Ойыл ауданына келіп түседі. Баратын жері одан әрі елу шақырымдай жерде. Құрман кеңшарына қарасты малшы ауылы екен. Ол кезде қазіргідей ағылып жатқан автобус, дайын тұрған өзге көлік қайдан болсын, біреудің арбасына жармасып, біреудің сілтеуімен қара жолдың шаңын бұрқырата жаяулап, бір жерден бір жұтым суды ішсе ішіп, ішпесе — ішпестен аңқасы кеуіп жүріп, "жүре берсе, Меккеге жетеді" дегендей, апасының ауылын да табады.

Елдің соғыстан кейін әлі оңалып кете қоймаған күйсіз кезі. Оның үстіне, 1950 жылы соғыста жүріп жездесі "тұтқынға түскені" үшін ұсталып кетіпті. Бала-шаға әлі жас. Кішісі 3-4 жаста ғана. Ұсталып кеткеннен бері жездесінен еш хабар жоқ екен. Іздеу салатын адамның да сыңайы байқалмайды. Жағдайға әбден қанған жас жігіт іші-бауыры қанша езілсе де, ол жолы еліне қайтуына тура келеді. Бірақ келесі жылында тас-түйін болып қайтадан оралады да, апасы мен ең кіші жиенін жанына ертіп, Қарағандыда қамауда жатқан жездесін іздеп, сапарға шығады. Жүре-жүре оны да табады. Сол кездегі өздерінің заңы бойынша, бұларға іздеп барған адамдарын жолықтырып, бір аптадай жанында болуға рұқсат етіледі. Ол сол жолы өзінің жездесіне айтқан бір сөзін әлі ұмытпапты:

— Жездеке, заман түзеліп келеді. Жуырда бір жақсылық болады деген хабар бар. Бұйырса, көп ұзамай жазықсыз қамалған жолдастарыңмен бірге елге сен де оралып қаларсың. Соған сен, өзіңді күт! — деген екен. Айтқанындай-ақ жездесі келесі жылы амнистияға ілініп, аман-есен елге оралыпты. "Әй, аузыма құдай салған екен сонда!" — деп, өзі соны есіне алса, әлі күнге дейін мәз болып отырады...

Қазір сол ағайындарымен араға алтын көпір салынған дерліктей. Орын ағасының тәрбиесінде жүріп, осында еңбекке араласқан солардың ұрпағы Асқар Жетібай жерінен жар тауып, екі ауылдың арасы бұрынғыдан да жақындай түскен. Манаты Ақмарал атты жас келін сол Асқардың келіншегі. Маңғыстауға белгілі мұнайшылар Бижановтар әулетінен.

Жалпы Ақзер мен Ғалымнан Бекіш, Бекарыстан Жұмазия есімді үш жиен бар. Бекіш Ғалымов екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болған, Социалистік Еңбек Ері атағын алған адам. Міне, кезінде Орын әкеміз жан ұшыра қамқорлық жасаған сол бір жандар кейіннен осындай дәрежелерге де жеткен.

Орын әкеміздің екінші апасы Сәнім де кезінде өнерлі жандардың бірі болыпты. Ол кісінің құдай қосқан қосағы әйгілі Өскінбай атаның баласы Хамит екен, ол кісі де тамаша әнші болған деседі. Кезінде Сәнім мен Хамит Түрікменстанда өткен халықаралық байқаудан күні бүгінге дейін ең үздік марка болып есептелінетін "Зингер" тігін машинасын сыйға алып келген екен. Оны Маңғыстау халқы арасында "мәшінші кемпір" атанған, елге әйгілі ісмер Болған ана ұзақ жылдар бойы пайдаланыпты. Киім-кешек тапшы сол бір жылдарда осы өңірдің талай белгілі адамдары сол кісінің қолынан киінген дейді. Әжесінің бұл өнері немере қызы Айжанға қонғаннан көріп, біліп отырмыз. Қазір ол Ақтау қаласының 26-шағын ауданындағы тігін шеберханаларының бірінде істейді. "Келін қайын енесінің топырағынан жаралады дегендей, немере келіні Баршагүл де (Сәтпайдың келіншегі) тігінші шебер. Ал Сәнім мен Хамиттың ұрпақтары турасында айтсақ Лес атты ер баласы кішкентай кезінде тіл-көзден қайтыс болыпты. Хамит соғыстан оралмаған соң Сәнім Мұсағали деген азаматпен бас қосқан. Олардан тараған ұрпақ бар, бәрі де өсіп, жетті.

Міне, әкеміз Орын мен Құндыз анамыздың ғұмыр сапарларының бастауына үңілгенде, осындай жайттар ойға оралар еді. Иә, осыдан жарты ғасыр бұрын Болған ананың бауырындағы қос сәбиден өзге бұл шаңырақта көңіл жұбатар ештеңе де, ешкім де жоқ еді. Олар, шынында да, үшеу-ақ болатын. Бейне бір тамшы су көлге айналғандай, бір адам дүйім елге айналғандай. Ал осы елу жылдың астарында қаншама сыр, қаншама жыр жатыр десеңізші...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз