Өлең, жыр, ақындар

Арқаға шыққан суреттер

Ауа райын алдын ала болжап, ауыл шаруашылығындағы еңбеккерлеріне көмектесіп жүретін көріпкел Назарбекті Алматы теледидарынан талай рет көргенмін. Сөйтсем ол кісі біздің облыста да әлденеше рет болып жүр екен. Бір күні немерелі болған қайынсіңілім Жиде мен күйеу баламыз Қамбарға (облыстың ауыл шаруашылығы бөлімнің бастығына) құтты болсын айтпақ болып, хабарлассақ үйлеріне кісі келгелі жатыр екен. Бірге болыңдар деп, шақырды.

Назекең орта бойлы, көзі жайнап тұрған орта жастарға енді келген келісті адам екен. Әңгімеге де ағып тұр. Келіншегі уақтың қызы екенін білген соң, мені қарындасым деп, тіпті жақын тартып отырды. Ауа райын болжаумен көптен айналысып келе жатқаны, табиғаттың құпия сырларын ашумен қалай айналысып жүргені, табиғаттың кейбір қызық құбылыстары туралы толып жатқан қызықты әңгімелер айтты. Емшілік жасайтын да өнері бар екен. Ұққанымыз: қасиетті қамшының ұшымен ғана ұрып емдейді. Егер саған тіл, көз тиген болса, әлде кім қастық жасаса – арқаңа сол адамның суреті шығады.

Туыстығы бар әлгі ағаны ертеңіне біз шақырып, сый-құрмет көрсеттік. Жанында әңгімелесіп, бірге болсын деп, қоса шақырған ағайындар да бар еді, солардың келіншектері болып, бәріміздің ем алып көргіміз келген. Бірақ ешқайсысы бас болып, қамшы жеуге келіскілері келмеді, "сен басташы", — деп, маған жабыса берген. Ақыры солардың айтқаны болып, "таяқты" бірінші болып маған жеуге тура келген. Орындыққа отырып, көк желкемнен төменірек, қос жотамды төсеп, "қамшы жеуге" дайындалдым. Сегіз өрім қамшының 15-20 сантиметрдей ұшынан ұстап ұрады екен. Кішкентай қамшы ұшының жайлап тигенінің өзі осып түсіп жатқандай. Бірақ төзімді екенмін, дыбысымды шығармай, қаттым да қалдым. Бірталайдан соң қарап тұрғандар арқама көгеріп бірнеше жерден суреттер шығып жатқанын айтты. Менде үн жоқ. Бір кезде болды-ау әйтеуір.

Сөйтсем, арқама шыққан суреттегілерінің екеуі әйел, біреуі ер адам екен. Үшеуі де өзге ұлттан болғаны таң қалдырды.

Ойыма, қазақ тілінің жоғын жоқтаймын деп жүргенде, бастан кешкен кейбір жайлар оралған. Шынында да, өзге ұлт өкілдері алғашқы кездері мемлекеттік тіл туралы әңгімені қан жылап, жарылып кетердей болып қарсы болды ғой. Олардың көзіне әзірейілдей көрінгенім де расты. Облыстық орыс газеті маған қарсы бір бетін толтырып, толып жатқан авторлар атынан айыптау да ұйымдастырып еді-ау. Тіпті осы әңгіме басталғанға 10 жыл өткен соң да: "Біз сіздің мына мақалаңызды тиісті жердің бәріне жеткіземіз!" — деп, кіжініп телефон соғатын. Алайда олар маған қастық жасап жүр-ау деп ойламаппын.

Назекең бізге: "Мына суреттерінің шығуы осы адамдардың мазасын кетіреді. Олар түнімен ұйықтай алмай, хабарласуға әрекет жасауы мүмкін. Өзіңмен сөйлескеннен соң ғана тынышталады", деген. Ертеңіне, шынында да, маған екі адам ойламаған жерден телефон шалған. Бірақ оның бірі қазақ еді. Қалай болғанда да, Назекең сөзінің тегін еместігіне сеніп қалдық..

Өз арқамды айнадан көргенмін.

Кейін өзгелердің арқаларынан да біраз суреттерді "тамашаладық". Мұндай да болады екен...

"Шынымен шайтан ба екен?"

Мен оны екі рет көрдім, екеуі де бала кезімде...

Біз онда Қырғызстанның бір колхозында тұрып жатқанбыз. Мен сол колхозда алғаш рет мектепке барғанмын. "Қырғызстанда жүрген себебіміз, 1955 жылы тарихи отанымызға Қытай Халық Республикасынан қайта оралғандардың қатарында КСРО үкіметі бізді сонда тұруға жіберіпті".

Біз тұрған үйдің бір бүйірі мақта егілген жалпақ дала еді. Үймен екі арада үлкен жол жатыр. Күнде кешкілік апайым Махфуза екеуміз осы жолмен сүтке барамыз. Сол күні де қолымызға үш литрлік ақ бидонды ұстап, күн кешкі де үйден шыққанбыз. Кенет сонадай жерден өзімізге қарсы келе жатқан бір мақұлыққа көзім түсті. Бойы жарты метрге жетер-жетпес, жалпы бейнесі аюдың баласына келеді. Бірақ тіп-тіке жүреді. Ең қызығы, қолында дәл біздікіндей ақ бидоны бар. Дереу апайыма тығылдым. Ол кісі де көрген болу керек. Не дегені есімде жоқ дереу мені жетектеп, кері бұрылды.

Соңынан біз сүтке үйдің көпшілік жүріп жатқан көшемен барып қайттық...

Арада біраз жыл өтті. Біз Қырғызстаннан көп ұзамай көшіп, Қазақстанның Семей облысындағы Аякөз ауданының "Қарақол" совхозының 1-фермасында тұрып жаттық Ауылдық жерде мал ұстамайтындар аз. Сиыр, қой, ешкі, құс — бәрі бар. Әкемнің бірінші көмекшісі — мен. Өйткені өзімнен үлкен ағайым Зұфар қызметкер, өзгесі жас балалар. Інім бар, бірақ оны әжесінің баласы деп көп жұмсамаймыз. Сондықтан күнде малдың алдынан шығып, үйге дейін қайырып әкелемін.

Ол кезде 12-13-тердемін. Велосипедім бар. Сол күні де әлгі көлігіммен сиырдың алдынан шықтым. Өрістен қайтқан малды күтіп алу үшін бірталай жерге бару керек. Ауылдың орта шеніне жете бере жолдың бір жағы кең далаға ұласады. Дәл сол тұста, көптен бері бос тұрған бір шағын үй бар болатын. Алдында сол үйге байланысты ауылда түрлі алып қашпа әңгімелер тарап жүретін, бірақ өзіміз ештеңе байқамаған соң, мән бермейтін болуымыз керек, ештеңеден сескенбей жүре береміз.

Үй сонадайдан көрінген. Кенет далалық беттен солай қарай тіп-тік басып, сонау Қырғызстанда көрген мақұлықтың тап өзі, келе жатыр. Жүрегім зырқ ете түсті. Анықтап көрейін деп, велосипедте бара жатып, әдейі мойын бұрып едім, әлгі мақұлық қалшиып тұра қалды. Қайтадан алдыма қарап едім, ол да жүрді. Қайта бұрылып едім, тағы тоқтады. Қорқыныш өн бойымды жайлап барады. Алдымда бір атты кісі кетіп бара жатқан, тездетіп соған жақындай түстім. Абырой болғанда, менің күткен сиырым да қарсы келе жатыр екен, мұндай қуанбаспын, тездетіп кейін қайттым.

Мен сиырды айдап қайта бұрылғанша, әлгі мақұлық жолдың жиегіне жақындапты, 2-3 метрдей жерден ап-анық көрінді, қараған бойда тағы да қалшия қалды. Мен де енді көз алмауға тырысамын, өйткені оны бөгеудің жолы сол екенін біліп қалдым.

Әйтеуір аман-сау үйге жеттім-ау. Велосипедты тастай салып, үйге келе апам Қазыкейды (мамамның анасы) бас салып, жылап жібергенімді білемін. Қорқыныштан, қалш-қалш етемін...

Ол не екен? Әлде шынымен әр адамға бір түрлі ғана бейнеде көрінеді дейтін нәрсе сол ма екен?..

Қазыкей әжемнің даусы.

Біз коммунистік партия тәрбиелеген ұрпақпыз. Соның әсерінен, дінге сенбей өстік. Алайда менің өз басым ешуақытта шәк келтіріп көрмеген бір жай аруақтың барлығы. Ол сенімнің менде қалай, қашан орныққанын айта алмаспын. Білетінім — ол сенімнің менде қай кезде болмағанын да айта алмаймын.

Тағы бір қызығы, ешуақытта халық емшісіне қаралып көрмеппін. Бұған "бетбұрыс", дінге қайта орала бастаған XX- ғасырдың соңғы 10 жылы ішінде байқалды. Оның да өзіндік себептері бар еді.

Шамасы, 1990-91 жылдар болу керек, ел ішінде емшілік пайда бола бастаған кез. Солардың бірі Сары әулие туралы да еміс-еміс естіп бастағанбыз. Неге екенін білмеймін, өзге ешбір емшіге көңіл бөлмей, сол жөніндегі әңгімеге ден қоятынбыз.

Бір күні Жаңа Өзеннен "Қазақ тілі" қоғамының қалалық басқармасының төрағасы Ербақиев телефон шалып, Сары әулиенің сонда емдеу сеанстарын жүргізіп жатқанын айтып, Ақтауға шақырмайсыңдар ма деп сұрады. Біз шақыратын болып келістік. Өйткені емшінің имандылық сабақтарын жүргізетіні туралы естігенбіз. Ал ол кезде ондай насихат қала жұртшылығына ауадай қажет болатын.

Бұл бір айта қалғандай жағдай еді. "Қазақ тілі" қоғамы ол кезде бұрын "Саяси оқу үйі" деп аталған үлкен ғимаратта орналасқан. Филормонияның қазіргі үлкен залы аузы-мұрнынан шыққан халық, ғимараттың айналасы шүпірлеп толып кеткен. Бір апта емдеу сеанстары және имандылық сабақтары өтті. Емдеу сеанстарының қаншалықты пәрменді екенін білмеймін, бірақ имандылық сабақтарын таза ауадай құшырлана жұтқан халықты тарату қиын болған...

Ол мұсылманшылық әліппесін ежіктеп түсіндіріп, имандылықтың бүкіл иірімдеріне үңілтіп кеткен. Өзіміз атын білсек те, затына түсінбейтін талай ырымдар мен сөз тіркестерінің мәнін алдымызға жайып салған, ол өте білімді жас жігіт екен.

Сонымен қатар Сары әулиенің бір айтқаны ол ем сеанстарын жүргізген күндері осы қалаға осы емге келіп жүрген адамдардың бәрінің өз аруақтары да жиналады. Олар өздері желеп-жебеп жүрген адамдарды емдеуге қатысады. Олардың бәрі жанымызда жүргендіктен, бізге ешкім тиіспейді, түнде де қорықпай жүре беруге болады...

Шынымен, сол күндерде бір өзгеше шуақ бардай көрінген, кім білсін. Бірақ мен оның сөздерінде бір шындықтың ұшығы бар-ау деп ойлаймын қазір де. Бұған себеп, нағашы әжемнің өз құлағыма келген етене таныс үні еді... Сол күні таңертең ұйқыдан тұрып, жұмысқа жиналып жатқанмын. Кенет, біреу "Уһ, Алла!" — деді. Қызым мектепте, жолдасым ауылда жоқ. Келесі бөлмеде қайын сіңлім Бибігүл ұйықтап жатқан.

— Бибігүл! — дедім жетіп барып, ол басын көтерді.

— "Уһ, Алла!" — деген сен бе?! — деймін, ол емесін біліп тұрсам да.

— Жоқ Мен тіпті, алла, деп айтпаймын — дейді жайбарақат.

Ал әжемнің, ғұмырында тіршілік түйткілін көп көрген, екі ұл, бір қызынан кішкентайында айырылған, қалған екі қызының үлкені балалы-шағалы шағында қайғылы жағдайда мерт болған, әжемнің көкірегін кернеп бара жатқан шердің "Уһ, Алла!" — деп, жиі-жиі шығарып алатын қоңыр үні ешқашан ұмытпастай болып құлағыма сіңгелі қашан.

Мен бүкіл аруақтар жиналып, өз жақындарын "емдеп" жатқан мына қалаға менің Қазыкей әжемнің де келгеніне еш күмәнім, осыдан кейін болған жоқ...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз