Өлең, жыр, ақындар

Ақ тілектер мен құттықтаулар

Мен Гүлжауһарды қаршадайынан біліп, қатты бағалаймын. Адал сүт емген перзент. Ақ бесік көрген сәби. Киелі табалдырықтан оң аяғымен аттап кірген қадірлі келін. Сүйікті жар. Аялы ана. Әлдиінен пейіштің үні, періштенің демі сезілер әз Әже.

Оның өлеңдерінен қазақ қызының не бір қасиеті мен кемел жан-дүниесі көрінеді. Сабырымен, санасымен, сезімімен, төзімімен баурайды.

Шын ақын — өз жүрегінің ғана хатшысы. Ол өз жүрегінен шықпаған сөз айтпайды. Өз сезімінің елегінен өткізбей, лебіз білдірмейді. Өз парасатының таразысына салмай, басқаның санасын сандалтып, ақылын абыржытпайды.

Бұл — адамдарға деген шексіз құрмет. Өрелі азамат өзін де өзгелерді құрметтегендіктен сыйлайды. Адам абыройы төгілмесін, азамат аты аласармасын дегендер ғана адал өмір сүреді. Шын жылап, шын күледі.

Оның көрген жарығының бәрі адамға деген ізет пен сүйінішті, алғыс пен құрметті көбейе түсер ерлік пен ізгілікке толы. Ол өзгелерден бас асырып, бақ оздыру үшін емес, өмірдің қадырын жіті ұғып, жете бағалағандықтан өжет армандарға беріледі.

Бар бол, нар бол, құба жонның құланиек таңындай нұрлы сезімдер жыршысы.

Жаза бер, жаза түс, жақсылықпен жарастық жаршысы!

Ағалық құрметпен, қаламдастық тілеулестікпен Әбіш Кекілбайұлы

* * *

Сізге өңірдің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын, азаматтық қоғамды нығайту және аймақтың мұнайшыларын шығармаларыңызға арқау еткен еңбегіңізді жоғары бағалай отырып, шынайы алғысымды білдіремін.

Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық және шығармашылық табыстар тілеймін.

Қырымбек Көшербаев

Маңғыстау Облысының Әкімі

* * *

Ойлап отырсам, менің Гүлжауһармен танысқаныма да отыз жылдың үстіне шығып кетіпті. Ол жылдары Ақтау (Шевченко) қаласында "Большая земля — малая земля" деген сөздер жиі естілетін. Бұл үнемі таразының жеңілдеу жағында жүретінбіз.

Ресей мен Мәскеу "Большая земля" деп аталатын. Өзге ұлт өкілдерінен өктемдіктің лебін де сезетінбіз. Ол кезде қазақ тілінің мәселесі, қазақ тілінде оқытатын мектептер мен балабақшалардың тапшылығы, қазақ мәдениетін насихаттау жайы сын көтермейтін. Ақтау қалалық қазақ тілі қоғамына жас, жігерлі келіншек Гүлжауһар Сейітжанова келді. Алғашқы қатысқан жиналыстарының өзінде оның айқын батыл ұсыныстары, мәселен шебер қоя білуі қала басшыларын ойлантып, оң өзгерістерге түрткі болды. Сөйтіп, Ақтау қаласында қазақ тілінде оқытатын мектептер, не сыныптар, балабақшаларда қазақ тілінде жұмыс істейтін топтар пайда бола бастады. Сынның қамшысы қатты батқандар үйге кешті құрым, мезгілсіз уақытта звандап үрей туғызуға да талаптанып көрді. Бірақ оларынан еш нәрсе шықпады. Талап барған сайын күшейе берді. Гүлжауһар он жылға жуық осы қоғамда жұмыс жасағанда "қазақ тілі" ұйымдарының беделі өсіп, өндіріс, ұйым басшылары онымен санасатын дәрежеге жетті.

Мен білетін жерде Гүлжауһарды ойы ұшқыр, қаламы үшкір жазушы, ақын ретінде танимын.

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі деген ата қол заманда Қазақстанның батыс облыстарында қыз-келіншектер арасында сирек кездесетін, ол бұл ұйымның жай қатардағы мүшесі болып қоймай, 9 кітап жазған белсенді мүшесі бола да білді.

Республика мұнайшы қауымы жақсы білетін тұлға Рахмет Өтесіновтің өмірі қайғылы да қайсарлық үлгісі. Оның өмірі туралы жазылған Гүлжауһардың дастаны жастарға үлгі боларлық туынды.

Қазіргі қазақ халқының ән өнерінің жарық жұлдыздарының бірі Тамара туралы жазылған дастаны да кісі жанын толқытады.

Бүгін Гүлжауһардың мерей тойы қарсаңындағы тілегіміз — қаламың талмасын, жақын адамдардың жан жылуына бөлене бер қайсар да, қайтпас ақын қарындасым.

Өмірзақ Озғанбаев

* * *

Гүлжауһар Нұрсапақызы!

Сіздің шығармашылық жолындағы жетістіктеріңіз көпшіліктің көз алдында өтіп, санасында сақталды. Төңірегіңізге шуақ шашып, талай қырдан асып, жарқын із басып келе жатқан тұлғаңыз тұғырлы, кісілік пен кішіпейілдік соның айғағы болып келеді. Сіздің жеңісті еңбегіңіз, жоғары кәсіби шеберлігіңіз, көкейтесті мәселелерді оқырманға жеткізуге қосқан жеке үлесіңіз үшін алғыс білдіремін.

Ақтау қаласының әкімі

Сәлімгерей Бекбергенов

* * *

Сізді Маңғыстау елінің жұртшылығы табиғаты қытымырлау өр өлкеге қанатымен су сеуіп, беймәлім шалғайлардан ақ жаңбырын алып келген қарлығашқа балайды, аяғы құтты ақ келініміз, асыл жеңгеміз деп аялайды. Бұл күнде адами бақытты Маңғыстау жерінен тапқан жан, аймақтың ай маңдай ақыны болып бүгінгі биігіңізге шығып отырсыз.

Маңғыстау елі сізден жаңа жыр жауһарларын күтеді. Сізге мықты денсаулық ұзақ ғұмыр, шаңырағыңызға шаттық құт-береке тілейді.

Еділ Жаңбыршин

"Нұр Отан" ХДП Маңғыстау

облыстық филиалы төрағасының

бірінші орынбасары

* * *

Өзіңізді мұнайшылар өмірін өлең тілінде өрелі теңеу, зерделі зерттеулермен өрнектей білген санаулы ақындардың бірі деп білеміз. Қаламыңыздан көптеген мұнайшыларың өнегелі өмір жолдары очерк, өлеңдерге өзек болып, олардың ел дәулетін еселеудегі еңбектері оқырмандарға өнеге ретінде ұсынылды. Абзал жарыңыз, белгілі журналист Жоламан ініміз екеуіңіз үлгілі отбасы ретінде де белгілісіздер. Ақын болумен қатар Маңғыстауға ибалы, сәнді де сымбатты келін де бола білдіңіз. Зор денсаулық мол бақыт тілеймін.

Сағын Қырымқұлов

"Маңғыстаумұнайгаз " АҚ Бас директоры

* * *

Сіз белгілі ақын, қаламы жүйрік жазушы ғана емес, ізденімпаз, зерделі зерттеуші еңбекқор журналистсіз. Оған сіздің 2000-жылдары Өзендік Мұнайшылар, Өзен кен орны жайлы, жазған "Жаңаөзен оттары" атты еңбегіңіз куә. Өзендік Мұнайшыларға арнап шығарған өлеңдеріңіз дәлел. Сондықтанда сізді мұнайшылардың жыршысы, жаршысы деп біліп, әрқашан риза болып жүреміз. Сол үшін де сізге зор денсаулық шығармашылық табыс тілейміз.

Жалғас Бабаханов

Жаңаөзен қаласының әкімі,

Мұрат Құрбанбаев

«Өзенмұнайгаз» өндірістік

филиалының директоры.

* * *

Сен біздің курстағы ең ақылды да, тәрбиелі, талантты қыз болдың. Соны басқалардан бұрын байқаған жігіт сұлтаны Жөкең сені Маңғыстауға алып кетті. Бақыт байрағы желбіреген ақ отау құрдыңыздар.

Алла сүйген құлын сынап алатыны белгілі. Сіздерге де солай болды. Шүкір, тұла бойы тұңғыштарың Жанар келді өмірге. Ол отау көтерді. Немерелі болдыңыздар. Жоламанның жолы болды. Ел арасында абыройға ие. Баспасөзді, теле радионы басқарды. Гүлеке сен қайраткер болдың. Жыр, әңгіме кітаптарың шықты.. Әндерің шырқалып жүр. Сен күрескер, қайсар анасың. Сіздерді жақсы көремін. Құрмет тұтамын. Мақтан етемін. Жөкең екеуіңіздің шаңырақтарыңыздың төбесінде желбіреген бақыт байрағы баянды болсын!

Смағұл Елубай

* * *

Жүрек қалауың Жөкеңмен бірге жұп жазбай өмір кешіп, ұрпақ өсіріп, ошағың мен Отаныңа жыр сыйлап, айналаңа шапағатты нұр сыйлап кешкен өмірлерің ұзағынан болғай. Жөкең, Жанарың немерелерің шуағың болсын, жырың — бұлағың болсын!

Құтты болсын!.. Бетіңнен сүйеміз!

Жақау, Баққожа, Сұлтанәлі

* * *

Сен жүргенде көз алдымда қыз-елік,
Көкірегімнің кететұғын мұзы еріп.
Бір-біріне сүйеніш боп өрлеген
бір ағаштың қос бұтағы біз едік.
Жас едік-ау көгімізден күн күлген,
Есейдік те қанат қақтық бір-бірден.
Сан тарау жол алыстатып әкетті
Сағыныш боп қаларыңды кім білген?
Ұзақ болғай көрер күнің жарығың,
Бәйтерексің терең тартқан тамырын.
Жалғыз ғана тілегі бар ағаңның —
Қайғы мұңнан сақтасыншы тәңірім!
Өміріңнің есте қалар ерекше күні – туған күнің орай құдайдан қуат, отбасыңа амандық , шығармашылық табыс тілеймін!

Зұфар Сейітжанұлы.

* * *

Айдың көзі нұрланып еді, —
Түн шекпенін зерледі.
Қалың қорым тұр налып әлі,
Қаратауым да шерлі еді.
Күміс таңдай, пәк самалдың
Сыңғырлайды күлкісі.
Адам-арман, қаптаған мұң,
Өмір-қырдың түлкісі.
Көкке жайып алақанын
Көктем де өтті бұлдырап.
Көл бетінде балапаным,
Көгілдірлер жүр жылап.
Ақын жаны үлбіректеп,
Көшті сосын мұнар боп.
Күн дидарын гүл күзетпек,
Түн көзіне тұмар боп.
Түн жанары жымыңдайды,
Түріп көлдің етегін.
Сәтті күткен бір ыңғайлы
Көрдің бе, өмір бекерін?
Өткен күннің белесінен
Жетті дауыс, қалды ұзақ
Балбал тастай елесімен
Қол бұлғайды жалғыз-ақ
Жаз-жапырақ қыс-қырау ма?
Күз — көлдің тұнбасы.
Күйле, көңіл, түс бұрауға!
Жырдың тамып тұр жасы.
Сертшіл едің сезінбедің бе?
Ару ақын сымбаттым.
Менше өмірден безіндің бе?
Біл оны да, қымбаттым!
Молда торғай тілекшім-ау,
Саумал сағым-бесігім!
Өлең өртім жүрек — мынау
Сүйдік оны несі мін?!
Гүлжауһары — Қызғалдақ-ты
Жыр жауһары үнсіздік.
Түн ғашығың сырғаңды апты,
Із қалсын деп бір сіздік
Қолаң шашын тарақтап ап,
Шақырды сол тылсымым.
Сен бе екен деп қарап-қарап,
Кетті ішімде бір сырым.
Мейір қатып, нұр ішкен бе,
Алаулы шақ арындым?
Кетті тағы мың іспен де
Тек баяғы Сабырмын!
Лебізімді күткенің бе,
Жеңгем қарап жолыма?
Өмір ме? Өмір. Түк те мүлде
Өзгерген жоқ сорыма!
Бақ дегенің — сол әлгіде
Уы екен ғой, өлеңнің!
Жан тоналды, бәлем, міне
Тағысын ба?..
Тағы сосын көрермін.
Қауырсыны қан-қан болған өлеңмін!..

Құрметпен, қайныңыз Сабыр Адай.

* * *

Құрметті Гүлжауһар!

Қазан айының бүгінгі шырайлы күні Сізді жүректе хатталған өрнек, бедері, шуағы мол мерейтойыңызбен шын пейілден құттықтаймыз.

Сіз ержетіп осы есейген шаққа дейін мәнді де сәнді әрі өнегелі ғұмыр кешіп келесіз. Бейнеті көп шығармашылық еңбекті серік еткен жылдар ішінде журналистік туындыларыңыз оқырмандардың, жауһар жырларыңыз өнер сүйер қауымның жүрегіне жол тапты. Халықтың құрметіне бөлендіңіз. Біз, әріптестеріңіз, мерейіңіздің әрдайым, осылайша, үстем болуына тілектеспіз. Бүгінгі қуанышыңызды бөлісе отырып, Сізге алға қарай да дүниенің бар жақсылығын, ең алдымен, мықты денсаулық, шалқар шабыт, мұқалмас жігер, отбасына бақ-береке тілейміз.

Облыстық "Маңғыстау" газетінің ұжымы

* * *

Сен өзің жырға қосқандай ұлы Абай елінің асыл қызы, Адай елінің ардақты келіні бола білдің.

Ол абырой, құрмет адал еңбегің мен адамгершілікке толы асыл қасиеттеріңмен, ақыл-парасат, қайсарлығыңмен келді. Өте жақын туыстықпен жиі араластық. Біздер жайлы ең көп жазған да өзіңсің. Алла риза болсын. Бақыт тілейміз.

Жақсылық — Жұмағайша


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз