Тоқтарды сол күнгі әңгіме әжептәуір ойға қалдырды. Расында да "қолда барда алтынның қадірі жоқ" қой. Бір кезде қол жетпес арманымыздай көрінген асыл жарымыз үйіміздің табалдырығынан аттағаннан кейін оған бұрын көрсетіп жүрген құрметіміз неге азаяды?! Мереке сайын құшақ-құшақ гүл сыйлап, құрақ ұшып қалағанын орындап жүреміз де, ол өзіңнің ең жақынына, жан жарына айналып, балаларыңның анасы атанған кезде біртіндеп сый-құрмет те жайына қала береді. Ал, шынына келгенде, өміріңнің бүкіл сәнін келтіретін сол емес пе?! Бала тауып беріп, үйіңді базарлы етсе, жалғыздығыңды жойып, жаныңа жылу құяды. Барыңды ұқсатып, біріңді екіге айналдырады. "Бұл мықтап есте ұстайтын нәрсе", — деп қорытты ол ойын.
Бұлар жұмыс істейтін мүнай-газ өндіру басқармасы өздері тұратын қаладан жетпіс шақырымдай жерде. Жұмысқа таң атар атпастан кетеді, түнделетіп келеді. Былай қарағанда, бос уақыты жоқтың қасы. Бірақ жақын жандарыңды елеп-ескеру үшін бұл өзін ақтайтындай себеп емес екенін түсінеді. "Шын ниет еткен адамның уақыты болар-ау. Тек ниет керек десеңші". Бұл өзінің сүйікті мәтелі. Оның үстіне алаңсыз жұмыс істеп жүргені де сол Зейнештің арқасы емес пе?! Оны әлпештемегенде, оны елеп-ескермегенде, сонда кімді... Бұл "білімсіздігінің" әлі қашанға дейін созыларын кім білсін, егерде...
...Бәрі де әншейін әңгімеден басталған. Ерлі-зайыпты екеуі күндегілерінше тамақтарын орталарына алып шүңкілдесіп отырды.
— Жаңа жыл болса, келіп қалды. Сағызгүл туған күніне шақырып қойды. Күйеуі былтыр алтын сырға сыйлап еді, биыл да бірдеңе әзірлеп жүрген шығар, — деген Зейнеш әңгімелері сарқыла берген бір тұста.
— Е, әзірлесе әзірлеп жүрген шығар, — деген бұл жайбарақат.
— Шығар деген екі ұшты сөз ғой, солай екені сөзсіз. Мереке десе, ең алдымен әйелін ойлайтын адам үшін Жаңа жыл мен туған күні қатар келіп жатса, сыйлық жасауға одан артық қандай сылтау керек?!
— Ал, жарайды. Солай-ақ делік. Онда тұрған не бар?! — Әйелінен өзіне беймәлім ішкі наразылықтың шетін аңғарып қалған. Тоқтар әңгімені доғарғысы келген. — Оның тағынып жүргендерінің бәрі сенде де бар емес пе. Туған күнге арнап алмағанмен, өзің таңдап жүріп, ұнатып алдың. Жүр, одан да демалайық — Еркелете сөйлеп келіп, қолынан тартқан.
— Мұндай әңгіме сенің құлағыңа жақпайтынын білемін. Өйткені сен маған ешқашан да "сюрприз" жасап көрген жоқсың. — Күйеуінің қолын ашулана сілкіп тастап, әрірек жылжып отырған Зейнештің көзінен ашу оты жарқ ете түсті. Әйтсе де аяқ астынан естілген "сюрприз" деген сөз Тоқтарға күлкілі көрінген. Мырс ете түскенін байқаған жоқ. Сонысын жуып-шаймақ болып:
— Қойшы енді, қандай сюрпризді айтып отырсың?! Қандай сюрприз керек екенін айтсаңшы, тым құрыса, — деп жалынды енді.
— Саған мазақ керек қой. Бірақ мен өзгеде бар дүние менде неге жоқ деп, іштарлық жасамаймын. Осыны ұмытпа! Мәселе жарқыратып тағынатын асыл затта да емес, көңілде. Мәселе сенің мені, күйеуінің әйелін ескеріп, ұмытпай жүруінде. Ал сен ше?! Ойлап тұрсам, екеуміз қосылғаннан бері қарай бірталай жыл өтіпті. Балаңның алды мектепке барып отыр. Осы уақыт ішінде сен маған есте қаларлық қандай сыйлық жасадың?!
— Жарайды енді. Бұдан былай есте болсын. Ештеңе бүлінбей жарылмай сонша таусылғаның не?! — Тоқтар әңгімені сонымен тәмамдағысы келіп, теріс айналды.
Бірақ Зейнеш өз көңілінің бұл сөзге жұбанбайтынын аңғартқан.
— Мен үшін ештеңеге әуреленбей-ақ қой. Сұрап алған сыйлықтың құны болмайды, — деп, бөлмеден шыға жөнелді.
* * *
Арада екі-үш күн өтті. Жаңа жыл жақындай түсті. Ал Тоқтар келіншегін риза ететіндей ештеңе таба алмады. Зейнештің қоңырайған түріне қарап, өкпесінің тарқамағандығын да сезіп жүр. Қалай болғанда да осы жолы бір ірілік танытпаса, Зейнештің жайдары қалпын жуыр арада көре алмасын сезеді. Не істесе екен?! Ақыры... 31 декабрь күні ертемен жұмысқа кеткелі тұрып:
— Қалай, Жаңа жылдық дастарханың мықты ма?! Әлгілердің келіп қалатын сыңайы бар-ау, сірә, — деген.
— Кімдерді айтасың?
— Сен білмейтін бе едің? Өзіміздің үш-төрт жігіт семьяларымен бірге Жаңа жылды осында қарсы аламыз деп келістік деді ғой маған.
— Қашан?! Түс көріп тұрмысың өзің?
— Туһ! Ұмытып кетіппін-ау, иә. Анада бір жұмыстан келе жатып, осы Жаңа жылды қалай, қайда қарсы алу жайын әңгімелеп едік. "Кімнің хозяйкасы тамақты дәмді әзірлесе — соның үйінде" дедік те, бәрі бірауыздан сені атады. Сағызкүлдің туған күнін тойлау екінші күнге ығыстырылды. Шаршап жүріп саған айтуды ұмытып кетіппін ғой. Бірақ қысылатын не бар?! Дастарқанға керектің бәрі тұрған жоқ па. Жетпегенін өздерің ала келіңдер десең де айып етпейтін достар емес пе, — деді бәрін жайма шуақтап.
— Қайдан білейін, тамақ жетеді ғой. Келсе келсін, қайта сол жақсы...
Сөйтіп Тоқтар жұмысына кеткен.
... Кешкілік бұлардың үйіне бір топ адам сау ете түсті. Орталарында шыршаның бірнеше бұтағын ұстаған Сағызкүл де бар. Ол келе Зейнешті құшақтай кетті.
— Бүгін сендердің үйлеріңе Жаңа жылмен бірге келе жатқан ерекше мереке бар дейді ғой. Соны естіген соң басқаның бәрін жиып қойдық та, осылай тарттық Туған күніміз де жайына қалды. Ал енді айтыңдаршы, ол қандай қуаныш?!
Салдырлай сөйлеп, тереңдеп кетіп бара жатқан Сағызкүлді Тоқтар әрең бөгеді.
— Келіншектер! Жігіттер! Алдымен орналасайық Кәне, шешініңдер, Зейнеш-ау, сен неге тұрсың? Қонақтарыңды қабылда, __ деп ештеңе түсінбей тұрған оны асықтыра жөнелді...
— Құрметті қонақтар! Достар! — деп бастаған ол сөзін, — мен бүгін сендерге бір кіші-гірім әңгіме айтып бергім келіп отыр.
Әншейінде көп сөзі жоқ сыр мінез достарының бір тосын сөз қозғағалы отырғандығын сезіп, бәрі де лезде тына қалысты.
— Бәрің де астанада болып, көріп жүрген адамсыңдар. Мереке күндері көшеге сыймай, сапырылысып кететін көп халықты көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші. — Тоқтар енді соған өзі мүмкіндік берейін дегендей сәл кідірді. — Осындай мереке күндерінің бірінде Ғазиз дейтін жігіт екеуміз орталық алаңда қыдырып жүріп, бір қызға көзіміз түсті. Қос білектей екі бұрымын омырауының үстінен төмен жіберіпті де, басына қазақша бөрік киіпті. Қиылған қасты, нәркес көзді, жұқалтаң аппақ жүзі келіскен мынадай аруды бұрын-соңды еш жерден көрмеген сияқтымыз. Қасындағы досына әлденені беріле айтып барады.
Ғазиз менің ыңғайымды айтқызбай танып, екеуміз қыздардың соңынан жүре беріппіз. Бір кезде жасөспірімдер театрының алдына келіп жеткен екенбіз, қыздар аялдамаға жақындаған. Сол кезде келіп тоқтай берген троллейбусқа олар да мінді, біз да ұмтылдық Біраз жүрген соң қыздар түсуге ыңғайланды. Біз де түстік. Енді не істейміз? Жүре бермекпіз бе осылай? Не де болса деп, қуып жеттік. Жөндерін айта қоймағанымен, басбұзар жандарға ұқсамайтын түрімізді көрген соң, шығарып салайық дегенімізге келісті. Бірақ екеуінің баратын үйі екі бөлек екен. Ғазиз жақта келе жатқан әлгі сұлу қызым соған қалды да, менің үлесіме қасындағы дос қызы тигені. Айырбастап алудың реті жоқ "Жолдасыңды емес, сені қуып келіп едік. Қыз іздеген мына жігіт емес, мен едім", — деп қалай айтарсың. Сөйтіп, амалсыздан сүмірейіп, екіншісін шығарып салып кете барғанмын.
— Иә, сонан соң не болды? Ол қызды қайтадан көре алдың ба? — Тыңдаушыларының асықтырғанына да онша көңіл аудара қоймаған Тоқтар Зейнеш жаққа ақырын ғана көз қырын тастады. Сөз төркініне әлдеқашан түсінген келіншегі қызара түсіп, алдындағы қасықпен ойнап отыр. Мұның бөгелгеніне мән бермегендей, өзімен өзі бола берді.
— Тағдырдың бұйрығымен амалсыз соңынан ерген сол қыз, сөйтсем, өзімнің болашақ жарым Зейнеш екен. Екеуміздің жолымызды тоғыстыру үшін тағдырдың сұлу қыз болып, қандай еліктіргенін көріп отырсыздар ма?! Ал, енді достар, ең бастысы, Зейнешті тұңғыш рет үйіне шығарып салған күн отыз бірінші декабрь еді. Бүгін сол таныстығымызға дәл он жыл толыпты. Жұмбақ мерекеміздің сыры да осы.
Сәлден кейін сүйсіне таңданысқан көңілді үндер бөлме ішін кернеп кетті. Тек қана алыстау бұрышқа орналасқан елканың мың құбылған ойыншықтарына қадала қараған Зейнештің сәулелі жанарларында қос тамшы дірілдейді. Келесі сәтте бір қолымен әлгінде ғана күйеуі мойнына әкеліп таққан алтын алқаны аялай ұстап тұрып, бақытты жүзбен қонақтарына бұрылған.
Осы сәт ол Тоқтарына шын риза еді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі