Бір күні Золя, бірнеше дос-жарандарымен бірге. отырғанда, жазушыға қиялдың тіпті де керегі жоқ депті. Жазушының жұмысына тек өзінің анық байқаған нәрселері негіз болуға тиіс. Дәл оның, Золяның нәрселері сияқты.
Бұл гәп кезінде болған Мопассан бірден:
— Онда сіз өзіңіздің қомақты үлкен романдарыңызды қайдағы бір газеттің жалғыз хабары негізінде жазатыныңызды қалай түсіндіресіз және сол кездері айлар бойы үйіңізден шықпайсыз? — деп сұрапты.
Золя үндемей қалыпты.
Мопассан қалпағын алып, сыртқа шығып жүре беріпті. Оның кетіп қалғанын бұны қорлағаны деп те айтуға болатын еді. Бірақ ол одан сескенбеді. Ол тірі жанға, тіпті Золяның өзіне де, қиялды жоққа шығаруға жол бермейтін еді.
Әрбір жазушы секілді, Мопассан да шығармашылық ой гүлденіп өсетін құнарлы ортаны, поэзия мен прозаның алтын жүлгелі топырағын қатты қадірлейтін.
Ол — көркем өнер тіршілігінің бастауы, Латин махалласындағы шадыман-шат ақындардың айтатынындай, оның "мәңгілік күні мен құдайы" болып табылатын.
Бірақ қиялдың осынау көз қаритын күні, тек табаныңмен жерді басқанда ғана, жарқырап жанатын. Ол бос қуыста жана алмайды. Дереу сөніп қалады.
Қиял дегеніміз не? Тап осындай кілтипанды сауалға Гайдар қалай жауап берсе, тап солай жауап беруге болар еді. Ол сұхбаттас кісіге күдіктене бір қарап:
— Сен мені тағы да шалғың келе ме? Оныңнан түк те шықпайды! Бәрібір айтпаймын, — дер еді.
Кейбір ұғымдар өзімізге азды-көпті айқын болуы үшін, ең тәуірі — ересек кісілер балалармен сөйлескенде қалай істесе, тап солай істеп, оны анықтап алуға болады.
Балалар әдетте: "Бұл не өзі?", "Бұл неге керек?", "Ол неліктен бұлай?" — деп ежіктейді. Сіз оған осынау сұрақтардың бәріне қашан, тым болмаса, жарамды бір жауап тауып бергеніңізше, олардың көңілдері көншімейді.
Егер бізге "қиялмен елестету" сөзін айта алатын бір кішкентай сұхбатшы табыла қалса, онда әңгіме, шамамен, былай болар еді.
— Ал қиял дегенің не өзі?
Егер біз бұл жайтта "көркем өнердің күні" немесе "киелінің киесі" жөнінде сөйлеп, ақыл-ой орманына еніп кетсек, онда біздің алдымызда бір-ақ жол — сұхбатшымыздан қашып құтылу жолы ғана қалар еді.
Балалар айқындықты талап етеді. Сол себепті де біз ойымыздағы сұхбатшыға, лаждың жоғынан, қиял дегеніміз адам атаулыға тән бір қасиет деп жауап берер едік.
— Қандай қасиеті?
Бұл адамның өмір-тіршілікті бақылауы, ой мен сезім қорларын пайдалана отырып, ақиқат болмысқа қоса, ойдан шығарылған адамдары мен оқиғалары бар ойдан шығарылған өмірді жасау. (Әрине, бұлай ету әлдеқайда оңай.)
— Ол не үшін керек? — деп сұрайды сұхбатшымыз. — Нағыз өмірдің өзі бар емес пе? Басқасын ойдан шығару қажеті қанша?
— Оның қажет болатын себебі, нағыз өмір дегенің өте үлкен және күрделі, адам оны ешқашанда тұтас және күллі көп сыпатты күйінде жете біле бермейді. Және ол көп нәрсені көріп, басынан өткере алмайды. Мәселен, ол үш жүз жыл артта қалған заманға ұшып барып, Галилейдің шәкірті бола алмайды, бір мың сегіз жүз он төртінші жылғы Парижді алу ісіне катысушы не Мәскеуде отырып, акропольдің мәрмәр ұстыңдарын қолымен сипай алмайды. Немесе Рим көшелерін кезіп жүріп, Гогольмен әңгімелесе қоюы мүмкін емес. Әлде Конвентте мәжіліс құрып, Мараттың сөзін тыңдауы неғайбыл. Не палубада тұрып, жұлдыздары шашырап жатқан Тынық Мұхитқа қарауы екіталай. Өйткені ол кісі өз ғұмырында ешқашанда тіпті теңізді де көрмеген. Ал, адам бәрін де білгісі, көргісі және естігісі келеді, өз басынан өткергісі келеді. Міне, сол сәтте қиял оған ақиқат болмыс беріп үлгірмеген, не мүлде бере алмайтын нәрсені бере салады. Қиял адам ғұмырының құлазыған қуысын толтыра алады.
Осы арада сіз өзіңіздің сұхбатшыңызды ұмытып кетесіз де оған мүлде түсініксіз нәрселерді айта бастайсыз.
Кімде-кім қиял мен ойдың арасына қатал шекараны қоя алады? Ол, со шекараңыз, жоқ қой.
Қиял тартылыс заңын, Ньютонның биномын, Тристан мен Изольданың қайғылы хикаятын, атомның бөлшектелуін, Ленинрадтағы Адмиралтейство ғимаратын Левитанның "Алтын күзін", "Марсельезаны", радионы, электр жарығын, ханзада Гамлетті, шама теориясын, "Бемби" фильмін жасап шығарды.
Ақиқат болмыстан қол үзген қиял қалай тұл болса, қиялсыз адамның ойы да жеміссіз, гүл болады.
Француздың: "Ұлы ойлар жүректен шығады" — деген нақыл сөзі бар. Әсілінде, мұны ұлы ойлар адамның бүкіл болмыс-бітімінен шығады деп айтқан дұрысырак болар еді. Біз мәдениет деп жүрген нәрсені тудыратын орта — міне, осы жүрек, қиял мен ақыл-ой.
Бірақ тіпті біздің құдіретті қиялымыздың өзі көз алдына елестете алмайтын бір нәрсе бар. Ол — қиялдың, демек ол өмірге әкелген дүниенің бәрінің жоғалып кетуі. Егер қиял құрып кетсе, онда адам адам болудан қалады.
Қиял — табиғаттың ұлы сыйы. Ол адамның табиғатына әуелден сіңдірілген нәрсе.
Жоғарыда айтылғандайын, ол ақиқат болмыссыз өмір сүре алмайды. Ол — оның нәр қорегі. Екінші жағынан алғанда, қиял белгілі мөлшерде жиі-жиі біздің ғұмырымыздың ағысына, біздің істеріміз бен ойымызға, адамдармен қарым-қатынасымызға әсер етіп отырады.
Бұл туралы Писаревтің жақсы айтқанын ілгеріде атап өттім ғой. Егер адам, деген еді ол болашақты жарқын да дәйекті суреттермен көз алдына елестете алмайтын болса, егер адам армандай алмайтын болса, онда оны сол болашақ үшін іс-қимыл жасауға, қажырлы күрес жүргізіп, тіпті сол үшін ғұмырын құрбан етуге ештеңе де зорлап көндіре алмас еді.
Кездейсоқта қалтаңдағы бәкіден
Алыс елдің тозаңын тауып алғайсың —
Сол-ақ екен, әлем тағы бір түрлі боп,
Түрлі-түсті тұманға кетер оранып!
Бұл — Блоктан. Ал басқа бір ақын:
Әр шалшықта мұхиттің иісі бар,
Әрбір таста құба шөл тынысы бар... —
депті.
Алыс елдер тозаңы мен жолдағы тас. Көп жағдайда міне осындай тозаң мен тастан қиялдың қайтпас қайсар жұмысы басталады. Осыған байланысты менің есіме бір қарт испан идальгосының — ақсүйек серісінің тарихы келіп түсті.
Бәлкім, бұл идальго бұрын жақсы күндерді де көрген шығар, бірақ біздің әңгімеміз кезінде, ол Кастильядағы мекен-жайында тапшылықта тұрып жатты. Мекен-жайы бекіністің казематы — абақты секілді түнерген тас үйі бар, бір жапырақ жер болатын — бұл оған ата-бабаларынан мұра болып қалған еді.
Идальго жалғыз басты-тұғын. Үйінде тек күтуші кемпір ғана тұратын. Ол қарапайым тағамның өзін әзер әзірлейтін және о кемпір дүниенің бәрін де ұмытып қалған еді. Онымен сөйлесудің өзі қиын-тұғын.
Идальго күні бойы үшкіл терезе алдында, көнетоз креслода отырып алып, кітаптарды оқитын. Үй тыныштығын тек кітап мұқабасы түбінің кепкен желімінің сытырлағаны ғана бұзатын.
Идальго оқта-текте терезеге қарайды. Сол арада тек темір тәрізді қап-қара болып, қурап қалған ағаш қана сидиып тұратын, ал көкжиекте кісіні жабықтыратын қырқалы тау ғана созылып жататын. Испанияның бұл аймағы мүлде көңілсіз құлазыған құба шөл болатын, бірақ оған идальго үйреніп кеткен еді.
Алуан түрлі ренішті жағдайға ұрындыруы кәміл кісі қажытатын ұзақ саяхаттар жасау үшін, өз үйін тастап кететіндей, ол онша жас емес-ті. Егер күллі корольдікте оның туысқандары да, дос-жарандары жоқ болса, саяхат-сапардан не пайда!
Идальгоның өткен ғұмыры қандай болды, оны білетіндер тым аз еді. Жұрт оның әйелі мен сұлу қызы болған, бірақ оның екеуі де бір жылда, бір айда, асқазан күйдіргісінен қайтыс болады. Содан бері қарай ол есігін тарс бекітіп алған еді, үйіне тіпті түннің түсуіне не жауын-шашынға ұшыраған кездейсоқ жолаушылардың өзін қиналып әзер енгізетін.
Бір күні үй есігін үстінде қылшық жүнді шекпені бар, жел-құздан өңі тотығып кеткен бір кісі келіп қақты. Ол кәрі есегін қара ағашқа байлады. Оты маздаған ошақ басында кешкі ас ішіп отырғанда, ол идальгоға, — мадоннаға мың алғыс! — Колумб деген қайдағы бір итальянның сөзіне қызыққан король бірнеше каравелланы батысқа жөнелткен қауіпті сапардан аман-есен оралғанын айтады.
Олар мұхит арқылы бірнеше апта бойы жүзіп бара жатқанда су перісі — сиренаның даусын естиді. Әйелдер көлгірсіген үнмен өздерін каравеллаға көтеріп шығаруын, сосын палуба үстінде жалаңаш тәндерін бүркеншік тәрізді, өздерінің ұзын шаштарымен жауып, жылынғылары келетінін айтып, жалынады.
Капитан сиреналардың сауалына жауап бермеңдер деп бұйырады. Матростар бұған наразылық білдіреді. Олар махаббатты, әйелдердің бұлтыңдаған шымыр бөкселерін аңсап, сағынып жүрген-ді.
Ақырында бұның бәрі сәтсіз бүлікпен бітеді. Олардың үш бастаушысын кеме діңгегінің ашасына салбыратып іле салады.
Олар әрі қарай жүзе береді, жолай айдынын теңіз шөбі басқан, ел құлағы естімеген теңізді көреді. Шоп арасында үлкен-үлкен көк гүлдер шешек атып тұр екен. Олар дұға-намаз оқып, әлгі теңізді айналып өте бастағанда, алдарынан кенет жаңа бір жер — бұрын-соңды көрмеген, таңғажайып жер көрінеді. Ол араның жағалауынан соққан жел орман-тоғайдың сүйкімді шуылы мен өсімдіктердің кісі елітер жұпар иісін жеткізеді.
Капитан көпірше үстіне атып шығып, шпагасын суырып, оны көкке көтереді, со сәтте сүңгі ұшынан алтын от жалт ете түседі, бұл — олардың ақырында тау-қыраттары асыл тастарға, алтын мен күміске толы елді — Эльдорадоны тапқанының белгісі болатын.
Идальго бұ хикаяны үн-түнсіз отырып тыңдайды.
Кеткелі тұрғанда, жолаушы дастарқан жайып, қондырғаны үшін, былғары шиланынан қызғылт теңіз бақашанағын алып, оны қарт идальгоға сыйлайды. Бұны болмашы нәрсе деп түсінген идальго оны алып қалады.
Қонақ кісі жөніне кетеді, ал түнде күн күркірейді. Тастақты жазық үстінде нажағайлар баяу жалтылдап, өшіп жатады.
Бақашанақ қабыршағы үстел үстінде, идальгоның төсегі қасында жатқан.
Ол оянып кетіп, жай отының жалтылдаған сәулесінен қабыршақты көрді. Оның түбінен мырза қызғылт нұрдан, көбік пен ақша бұлттан жаралған сиқырлы бір елді көрді.
Нажағай өшіп қалады. Идальго оның келесі бір жалт еткенін тосып, әлгі бір ел суретін қабыршақ түбінен бірінші реттегіден де анығырақ көреді. Оның түйетайлы жағалауынан айнадай жарқылдап, көбіктеніп, теңізге кең көлемді бір сарқырама сулар құлап жатыр екен. Бұл не еді? Тегі, өзен шығар. Ол тіптен сол өзендердің салқын лебін сезгендей болады. Оның бет-аузына су тозаңы бүркілгендей еді.
Ол өзінің бұл түйсігін әлі де ашыла қоймаған ұйқының әсері шығар деп ойлады да орнынан тұрып, креслоны үстелге жақындатып, қабыршаққа қарсы отырып, жүрегінің әлденеге соғып кеткенін өзі де түсінбей, соның ішіндегі елді жаңа бір қырынан көрмек болып, қабыршақ үстінен төне берді. Бірақ нажағай уақыт өткен сайын сирек жарқылдайтын болады, ұзамай мүлде өшіп қалады.
Идальго, осының бәрі жанарының жаңсақтығы шығар, шырақ жақсам, оның самаладай жарығында қабыршақ ішінде ешқандай елдің жоқтығына көзім жетер деген есеппен шырақты жағудан жүрексінеді.
Ол осы күйінде таңертеңге дейін отырады. Атқан таң арайында қараса, қабыршақтың ешбір ерекшілігі жоқ сияқты. Әлгі ғажайып жұмбақ ел түн ішінде мың шақырымдық шалғайға шегініп кеткендейін, оның әріректегі түкпірінен бұлдыраған бір көмескі сәуледен басқа ештеме де байқалмайды.
Тап сол күні идальго Мадридке аттанады, сосын ол корольдің алдына барып, тізесін бүгіп, беймәлім бір елді іздеу үшін, өз есебінен каравелла жабдықтап, батысқа сапар шегуге мәртебелі алдиярдың рұқсат етіп, бұны жомарт көңілден жарылқауын өтінеді.
Король бұған жылы қабақ танытып, оған рұқсат береді. Идальго кетіп қалғаннан кейін, ол өзінің жақын-жуықтарына:
— Әлгі идальгоның есалаң екені анық! Ол жалғыз ғана жапырайған каравелламен қандай мұратқа жетпекші? Бірақ құдай тағала есуастардың да жол сапарын демейді. Бәлкім, осы шал біздің тәж-тағымызға жаңа жерлерді қосатын шығар, — дейді жадыраңқы көңілмен.
Идальго батысқа қарай бірнеше ай бойы жүзеді. Ол қара суды ғана ішіп, асты аздап қана жейді. Жан толқыны оны нағыз қатпа-қараға айналдырады. Со баяғы сыйқырлы елге құныға берсем, оған ешқашан да жүзіп жете алмаспын деп, ол со ел туралы мүлде ойламауға тырысады. Ал егер оны көре қалатыңдай күн туса, ол бір кісі жанын жабдықтыратын, шөбі егеудей жалтаң жазық болып, ызғырған жел оның шаңын бұрқыратып, айдап жататын шығар деп қауіптенеді.
Ағаштан добалдау етіп, қашалып жасала салынған Мадонна каравелланың тұмсығына орнатылған еді. Ол кеменің алдында тулаған толқында ырғалып, тынымсыз жүзіп келеді. Оның бадырайған көкшіл көзі қас қақпастан теңіздің алыс қиырына қарайды. Шашындағы өше бастаған алтынмен апталған бояуынан, шекпеніндегі оңып кеткен қара қошқыл сырынан жылтырап теңіз тамшы-тозаңдары көрінеді.
— Бізді апар соған! — Сондай елдің болмауы мүмкін емес. Мен оны өңімде де, түсімде де анық көремін — деп жалбарынады оған идальго.
Бір күні кешкілік матростар судан бір сынған бұтақты тауып алады. Бұл жердің жақындығын білдіретін еді.
Бұтақтың, түйеқұстың қауырсыны сияқты, үлкен-үлкен жапырақтары бар екен. Жапырақтардың иісі тәтті, кісіні бір түрлі тыңайтып, сейілтетін секілді.
Со түні кемеде ешкім де көз ілмейді.
Міне, ақырында ағарып таң атарда, теңіздің бір шетінен екінші шетіне дейін, әр түсті тау қыраттары созылып жатқан бір елдің бейнесі ашыла береді. Со бір таулардан мөлдір суды өзендер мұхитқа жоғарыдан төмен құйылып жатыр екен. Жасыл ормандар үстінен көңілді құстар үйір-үйір болып ұшып жүр. Жапырақтардың қалыңдығы сондай, олар орман ішіне кіре алмай, оның ұшар басында айналып ұшатын тәрізді.
Жағалаудан гүлдер мен жемістердің кісі елітер хош иісі аңқып тұр. Осынау жұпар иістің әрбір жұтымы кісі кеудесіне өлмес өмір нәрін құйып жатқандай.
Арайланып күн шығады, сол-ақ екен, сарқырамалардан құлаған су тозаңдары шымылдығымен қоршалған ел, қырлы-қырлы хрусталь ыдыстарына шағылысқан күн шұғыласы қалай құлпырып-құбылып шыға келсе, тап солай сан түсті бояумен жанданып шыға келеді.
Аспан мен жарықтың таза-пәк тәңіриясының қалдырып кеткен гауһар белдігі тәрізденіп, сол ел де жарқырап жатады.
Идальго тізерлеп отыра кетіп, дірілдеген қолын бейтаныс елге қарай созып жіберіп, тебірене:
— Жарылқаушы жан ием, саған мың алғыс айтамын. Ғұмырымның соңғы сәтінде сен мені жаңалыққа ынтызар етіп қойдың, менің жан-жүрегімді тәңірінің мейірім-шапағаты түскен елді көруге аңсарымды аударып, сағындырып қойдың. Әйтпесе мен оны ешқашан да таба алмас едім, сөйтіп мен мұқыл таулардың біркелкі көрінісінен жанарым жасып, соқыр болып қалатын едім. Осынау бақытты жерді мен қызым Флоренсияның атымен атағым келеді, — деп тіл қатады.
Жағалаудан бері, каравеллаға қарай, ондаған кішкене нұрлы кемпірқосақтар зулап келе жатады. Солардан идальгоның басы айналып кетеді. Ол кемпіркосақтарды күн шұғыласы сарқырамалар көбігі — тозаңында жалтылдатып жаққан еді, бірақ олар кемеге қарай емес, кеме соларға қарай жеделдетіп жақындай берген еді.
Діңгектердегі желкендер салтанатпен гуілдеп қоя береді және команда биікке көтерген мерекелі тулар мәз-мейрам болып, алақандарын дуылдата соққан кісілердей, сарт-сұрт етіп желбіреп тұрады.
Идальго дымқыл да жылы палубаның үстіне бетін баса құлап түседі. Оның әбден қажып, діңкелеген жүрегі көк тәңірісі сыйлаған, біреу де болса бірегей ұлы қуанышқа шыдамайды. Ол жантәсілім етеді.
Кейінірек Флорида деп аталған ед міне, тап осылай ашылған еді.
Бұл әңгімені түсіндіріп жатудың қажеті бола қояр ма екен. Дегенмен де өмір тудырған қиялдың өзі кейбір кездері, өмірдің өзін билеп кетеді деген ойды анықтай түсу үшін, оның негізгі түйіндерін белгілеп өту керек сияқты.
Идальгоның қиялына қозғау салған — үстіне қылшық жүнді плащ киген кісі. Сол минуттан бастап, көрі идальгоны қиялы билей бастайды, өйткені ол қабыршақ түбінен таңғажайып елді көрген еді.
Қиялдың тамаша қасиеттерінің бірі — адамның оған кәдімгідей сенетіні болып табылады. Осы бір сенім болмаса, ол ақыл-ойдың пайдасыз ойыны, ешбір мән-мағынасы жоқ бала калейдоскопы болып шығар еді.
Қиялға дәл осылай сену кісіге қиялдағы нәрсені өмірден іздеуге зорлап ұмтылдыратын да, оны іске асыру жолында күреске шығаратын да, көрі идальго секілді, қиялдың шақыруына апаратын да, ақырында — қиялындағыны ақиқат болмыста жасаттыратын да — сол күш болып табылады.
Бірақ бәрінен бұрын және бәрінен де күштірек түрде, қиял көркем өнермен, әдебиетпен, поэзиямен байланысты.
Қиял кісі жадына негізделеді, ал адамның жады — ақиқат болмыстың құбылыстарын негізге алады. Кісі жадының қоры — ол бейберекет былығып жатқан бірдеңе сияқты емес. Дүниеде ассоциация заңы деген бір заң, яғни Ломоносов "ойлау заңы" деген бір заң бар, міне сол заң осынау былығып жатқан естеліктердің бәрін ұқсастығына не уақыт пен кеңістікте жақын-жуық жатқанына қарап бөледі — басқаша айтқанда, қорытындылайды және бір-бірімен буындасып жатқан, үзілмейтін тұтас шынжыр етіп, түзіп шығады. Бұл ассоциация шынжыры — қиялдың жол көрсетер жібі.
Ассоциясының байлығы — жазушының ішкі дүниесінің байлығы деген сөз. Осынау байлық болса, кез келген ой мен тақырып бірден тіршілік белгілерімен жанданып шыға келеді.
Минералдық қасиеттері күшті бұлақтар болады. Сондай бұлаққа бір бұтақты немесе шегені, көрінген нәрсені салсаңыз, біраз уақыттан кейін, оған ақ кристалдардың молынан жабысып қалатыны сондай, олар нағыз көркемөнер туындыларына айналады. Біздің жадымыздың бұлағына, ассоциацияның қасиетті ортасына түскен адамның ой-санасында да, мәселенки, тап осындай өзгерістер болады. Ой көркемөнер туындысына айналады.
Ассоциацияның кез келген мысалын алуға болады. Сонда бір еске сақтайтын нәрсе, біздің әрқайсысымыздағы ассоциацияларымыз оның ғұмырымен, өмірбаянымен, естеліктерімен байланысты болады. Сол себепті де бір адамның ассоциациясы басқа біреуге мүлде бөтен болып көрінуі мүмкін Бір ғана сөз әр түрлі адамдарда әр түрлі ассоциация туғызуы мүмкін. Жазушының ісі өз ассоциацияларын оқырманға беру не жұрттың айтатынындай етіп, оған жеткізіп, сол оқырман көңілінде тап осындай ассоциация туғызу болып табылады.
Ломоносов өзінің "Риториқасында" ассоциация ның ең бір қарапайым мысалын келтіреді. Ломоносовтың сөзіне қарағанда, ассоциациялар дегеніміз сізге "берілген бір затқа қоса берілетін жан-жүректің сыйы және сонымен байланысып жатқан заттар туралы ойлау, мысалы, ақылыңмен кемені көз алдыңа елестетіп, соған қоса ол жүзетін теңіз туралы ойлау, теңізбен бірге — дауылды, дауылмен бірге — толқынды, толқынмен бірге — жағадағы шуды, жағалаумен бірге тастарды және басқаларын ойлау".
Бұны "хрестоматиялық" ассоциация деп атауға болады. Көбінесе ассоциациялар бұдан әлдеқайда күрделі болып келеді.
Мәселен, солардың біреуі мынадай:
Мен қазір Рига шығанағы жағалауындағы құм төбелерден қоныс тепкен шағын үйде жазып отырмын. Көрші бөлмеде бір көңілді кісі — латыш ақыны өз өлеңдерін оқып жатыр. Ол үстіне қолдан тоқылған қызыл свитер киген. Дәп осындай свитерді мен баяғыда, соғыс кезінде, режиссер Эйзенштейннің үстінен көрген едім. Мен Эйнштейнді Алматының көшесінен көрдім. Ол жаңа ғана сатып алған бір бума кітапты әкеле жатыр екен. Оның кітаптарды таңдауы бір түрлі қызық екен: "Волейбол ойнауға жетекші", орта ғасырлар тарихы туралы хрестоматия, алгебра оқулығы және Новиков-Прибойдің "Цусимасы".
Режиссер бәрін де білуге тиіс. Және соның бәрін көрсету тесілін табу керек, — деді Эйзенштейн.
— Тіпті алгебра формулаларына да ма? — дедім мен.
— Даусыз! — деп жауап қатты Эйзенштейн.
Ақын Владимир Луговской со кездері үлкен бір поэманы жазып жүрген. Оның Эйзенштейн туралы "Алматы — түске енетін қала" атты тарауы болды. Поэмада Эйзенштейннің бөлмесінде ілулі тұрған Мексика маскасы сипатталған еді. Ол оны Орталық Америкаға барған сапарынан алып келген болатын.
Американы жаулап алудың бүкіл тарихы — адам жауыздығының тарихы. "Жауыздық" — тарихи романға қойылатын жақсы ат. Ол шарт еткен шапалақ үні тәрізді.
О, ат табудың әр дайымғы азабын айтпасаңыз да болады.
Туынды атын ойлап табу — айрықша талант. Бізде жақсы жазғанымен, өз дүниелеріне жақсы ат қоя алмайтын адамдар да бар. Бұған керісінше жайттар да болып жатады. Сол сияқты әңгімені келістіріп айтқанымен, оны жаман етіп жазатындары да болады. Олар жай мылжыңдап кетеді. Бір ғана оқиғаны талай рет айтқаннан кейін, оны ауызша әңгіменің бітім-болмысынан мүлде басқаша етіп, қайтадан жаңаша, құбылтып жазу үшін, Горькийдің таланты сияқты, қайратты талант керек! Ал Горький әңгімені тамылжытып айтар еді. Шынайы бір тарихтың ол со заматыңда егжей-тегжейіне дейін келістіріп айтатын. Белгілі бір жайтты қайталап, жаңартып айтқан сайын, оның егжей-тегжейі көбейіп-көркейіп, өзгеріп, бұрынғысынан қызығырақ болып кетер еді. Оның ауызша әңгімелері, шын мәнінде, нағыз туынды болатын. Сол себепті де ол өз әңгімелерінің растығына шүбәлана қарайтын, кейбір татымсыз да тәптіш адамдар арасына тап болса, ашықтан-ашық зерігіп сала беретін. Оның қабағы салынып, үндемей қалатын, және іштей: "Осынау жарық жалғанда сіздермен қатар өмір сүру кісіні жалықтырып жібереді екен, жолдастар!" — деп отырғандай көрінетін.
Анық фактілер негізінде, ауызша әңгімелерді келістіріп айту қабілеті көптеген жазушыларда болған. Мәселен, Марк Твен. Уақ-түйек шындық жолында күресетін бір сыншы Марк Твенді өтірік айтасың деп кінәлапты. Марк Твен оған қатты ызаланады.
— Егер өзіңіз тіпті шіп-шикі өтірікті де айта алмайтын болсаңыз, оның қалай айтылатынынан мүлде бейхабар болсаңыз, менің өтірік айтқанымды, не айтпағанымды сіз қайдан білесіз, — депті оған Марк Твен. — Дәп осылай батыл айту үшін, кісінің сол істен бай тәжірибесі болуға тиіс. Ал сізде ол мүлде жоқ қой және болуға да тиісті емес. Сіз бұл салада надансыз да қараңғысыз".
Ильфтің Марк Твеннің отанындағы бір кішкентай қаладан Том Сойер мен Гекльбери Финнге қойылған ескерткішті көргенін айтқаны бар. Сол ескерткіште Финн өлі мысықты құйрығынан ұстап тұрған көрінеді. Расында да әдеби кейіпкерлерге бізде де ескерткіштер қоюға болмай ма? Мысалы, Дон-Кихотқа не Гулливерге, Павел Корчагинге, Татьяна Ларинаға, Тарас Бульбаға, Пьер Безуховқа, Чеховтың үш апалы-сіңлілеріне, Лермонтовтың Максим Максимычіне, немесе Бэлаға.
Жоғарыда жазылғандардың бәрі — ассоциациялар тізбегі. Олардың тізімі шексіз де бола алады. Осынау ассоциацияның бірінші және соңғы буынын — қызыл свитер мен Бэлаға ескерткішті қатар қоятын болсақ, ассоциацияның бүкіл табиғи жүрісі сандырақ болып көрінер еді.
Ассоциациялар шығармашылықта ұдайы тікелей катысып отыратын болғандықтан да мен ол туралы көбірек айтып кетсем керек.
Қиял жөніндегі ұзақ әңгімеден анық көрінетін бір нәрсе — қиялсыз нағыз проза да және поэзия да болмайды.
Әсілінде, қиял туралы бәрінен де жақсы айтқан Бестужев- Марлинский:
"Берекесіздік — нағыз биік және поэтикалық туындының жаршысы. Мейлі, бұл түнекті тек данышпан ойының шұғыласы ғана жарып өтсін. Осы уақытқа дейін күштері тепе-тең болып, жауласып келген шаң-тозаңдар махаббат пен үйлесімнен жанданып, ең қуатты біреуіне ағындап барып қосылып, бір-бірімен сындарлы болып бой түзейді де, жалтылдаған кристалл ретінде тауларға айналады, теңіз болып шалқиды, содан кейін тірілген күш-жігер өзінін алып иероглифтерімен жаңа дүниенің маңдайын жазуға толтырады".
Түн келді де бірте-бірте жанымның күш-жігері ояна бастады — оның әлі аты да жоқ. Оны қалай атаймыз? Қиял дейміз бе, фантазия, адам санасының аса уақ тыныс саңылауларына сіңу дейміз бе, шабыт дейміз бе? Жанның шадыман шаттығы, әлде тыныштық дейміз бе? Қайғы не қуаныш дейміз бе? Оны кім біледі!
Мен шамды өшіремін, сосын түн жайымен бозара бастайды. Қараңғылық қар жарығын бойына сіңіруге кіріседі. Теңіз шығанағы мұз құрсауында. Ол орасан зор күңгірт айна сияқты, қараңғы түнге жарығын себездете төгеді де, оны алакөбең апақ-сапаққа айналдырады.
Балтық қарағайларының ұшарбастары қарауытып көрініп тұр. Гуілдеген үні бірқалыпты сарынмен күшейе түсіп, шалғайда электр пойыздары өтіп жатыр. Сосын тағы да тыныштық орнайды, оның тамылжып тұрғаны сондай, терезе сыртыңдағы қылқанның болмашы сыбдырлағаны және түсініксіз бірдеңенің бәсең пытырлағаны анық естіледі. Ол жұлдыздардың жылтылдауымен сәйкес келеді. Бәлкім, бұл солардан сусып түсіп, абайлап қана пытырлап, әуездетіп жатқан бозқырау шығар.
Үй қаңырап тұр. Мен жалғызбын. Қасымда — жүздеген шақырымға созылып жатқан теңіз. Құм төбелердің ар жағы жайылып жатқан кең саз табан мен аласа ормандар... Жанымда тірі жан жоқ. Бірақ шамды жағып, үстелге отырып, бірдемені жаза бастасам болғаны, жалғыздықты сезінуің жоғалып кетеді. Мен жалғыз емеспін. Осынау тар бөлмеден мен мыңдаған адамдармен, барша әлеммен сөйлесе аламын. Мен оларға талай-талай тарихты айтып, күлдіре де, қамықтыра да аламын, оларды ойландырып, ашу-ызасын, сүйіспеншілігі мен қайғыға ортақтасу сезімдерін тудырып, оларды жетек сияқты, қолдарынан ұстап, өмір-тіршілікке ертіп те кете аламын. Ол осы арада, осы торт қабырғаның ішінде жасалған, бірақ бүкіл әлемге жайылып кете береді.
Оларды таң шапағын қарсы алуға қолдарынан жетелеп жүре беремін. Ол келмей тұра алмайды. Ол, қазірдің өзінде, шығыста түннің қара шымылдығының етегін біраз түріп, аспанның алыс жиегін көрінер-көрінбестей етіп көгіс жарығымен сәулелендіре бастады.
Әзірше мен өзімнің не туралы жазарымды да білмеймін. Қайдағы бір ой-пікір менің ақыл-санамды, жүрегімді, бүкіл болмысымды толтырып тұрған нәрсені, тебіреніс-толқын ретінде, басқаларға беру тілегі ретінде, өн бойымды кернеп тұрғандай. Сол ой-пікір кеудемде өз тіршілігімен жүріп-тұрып жатыр, бірақ ол қайда барып құяды, өзін мына кең дүниеге білдіруі үшін, қандай жолдарды табады — ол әлі менің өзіме де беймәлім. Бірақ кім үшін жазатынымды білемін. Мен әлі бүкіл әлеммен сөйлесемін. Бүкіл әлем деген ұғымды көз алдыңа, көретіндей етіп, елестетудің өзі қиын, тіпті мүмкін емес деуге де болады.
Әманда көкейіңде жүретін бір адам туралы ойлайсың, мәселенки, сонау бір кездері мені қарсы алу үшін, көкорай шалғындарды басып өтіп, қатты жүгірістен екі иінінен демалған күйі, көзі жайнап, қасыма жетіп келіп, мені шынтағымнан ұстап алып, мына төмендегідей аяулы сөздерді айтуға асыққан кішкентай бір қыз туралы жазармын деп ойлайсың:
— Мен сізді осы арада баяғыдан бері күтіп жүрмін. Тіпті гүлдердің тұтас бір бауын да буып қойдым, бұған қоса "Евгений Онегиннің" екінші тарауын жатқа тоғыз рет оқыдым. Және үйдегілердің бәрі сізді сарғая күтіп отыр, өйткені жалғыз өзіміз әбден жалығып кеттік. Қазір сіз келісімен, біздің бәрімізге, код жағасында өзіңізге не болғанын, не қойғанын айтып бересіз, және бізге рақым етіп, қызық бірдеңені ойлап табыңыз. Әлде жоқ, ойдан шығармай-ақ қойыңыз, одан да не болғанын түгелдей айтыңыз, өйткені шалғын арасының әдемілігі сондай, итмұрын екінші рет гүлдеп, шешек атты! Жалпы алғанда, онда бәрі де тамаша!
Мүмкін, ғұмыры менің ғұмырыммен ұзақ жылдар бойы бірге көріскен ауыртпалықтар, қуаныш пен нәзік сезім арқылы тығыз байланысып кеткен әйел үшін жазармын, өйткені енді бізге ештеңе де қауіпті емес.
Бірақ қорыта келгенде айтарым, мен, өзімнің жазғандарымды оқығысы келетін ел-жұртқа бола жазып келемін ғой.
Мен әлі не туралы жазатынымды білмеймін. Мүмкін, бұл менің көп нәрсені айтқым келетінінен де шығар, әзірше мен көптеген ойлар ішінен, қалғандарын өзіне магнитше тартып алып, хикаятымның шет-шегіне жүйелі түрде жатқызатын бірегей ойды әлі таңдап ала алмай жүрмін.
Бұл жағдаят жазатын кісілердің бәріне де таныс.
"Ақындар, — деген еді Тургенев, — шабыт туралы бекер, босқа айтып жүрген жоқ. Әлбетте, муза Олимптен төмен түспейді және оларға даяр әнді әкеліп бермейді, бірақ оларда шабытқа ұқсайтын айрықша бір көңіл күйі болады. Феттің, жұрт жағалай күлген, өлеңінде ол нендей айтарын өзі де білмейтінін, бірақ соның "пісіп келе жатқанын" айтатыны, сол көңіл күйін кереметтей білдіреді ғой. Жазуды тілейтін минуттар келгенін сезесің, бірақ нені жазатыныңды дәлме-дәл білмейсің, сезесің де түйсінесің. Мұндай көңіл күйін ақындар "құдайдың жақын келуі" деп атайды. Сол минуттар суреткердің көретін бірден-бір рақат — қызығы. Егер олары болмаса, ешкім де жаза алмас еді. Кейінірек, басыңа ұйқы-тұйқы болып жүрген ойларыңның бәрін ретке келтіріп, соны қағаз бетіне баяндауға тура келген кезде, — тек сол арада ғана азаптануың басталады".
Түн ортасында кенеттен бір дыбыс пайда болады. Бұл алыстағы пароход гудогі. Ол мұнда, мұз арасына қайдан келген?
Кеше Рига газеті шығанаққа Ленинградтан мұзжарғыш шыққанын жазған. Тегі, бұл со мұзжарғыштың гудогі болар.
Күтпеген жерден музжарғыштардың біреуінің штурманы айтқан әңгіме есіме түсті, Финн шығанағын жарып өтіп бара жатқанда, ол мұз үстінде қатып қалған қарапайым дала гүлдерінің бір құшағын көреді. Оның үстіне кар ұлпасы себіліп қалыпты. Оны сол араға, мұз шөліне кім қалдырып кетті екен? Шамасы, оны алғашқы жұқа мұзды жарып келе жатқан қайдағы бір парходтан әлде кім түсіріп алған болуға тиіс.
Сонымен бір бейне пайда болды. Түсініксіз күшпен ол сені әлі көмескі бір ертекке қарай жетелей жөнеледі.
Со бір қатып қалған гүлдердің жұмбағын шешу керек. Оны шешуге бәрі де қатысады. Со гүлдерді көргендердің бәрінің ол жөнінде ой-пікірлері бар.
Со гүлдерді көрмесем де, ол туралы менің де бір ойым бар. Бұл — баяғы менің алдымнан қарсы алуға жүгіріп шыққан қыздың шалғыннан жинаған гүлі емес пе екен? Тегі, бұл со гүлдер болуы керек. Бірақ олар мұз үстіне қалай тап болған? Бұндай оқиға тек ешбір уақытта да, кеңістікте де, бөгет атаулыны білмейтін ертекте ғана болуға тиіс еді.
Осы арада менің басыма гүлдерге деген мүлде айрықша, таза әйелдік көзқарас туралы бір ой келе қалғаны. Ол біздің еркектік көзқарасымыздан өзгеше. Біз үшін гүлдер — тек әшекей ғана. Әйелдер үшін олар тірі жәндіктер, және біздер сияқты, ересек те іскер адамдар жанай өтіп бара жатып, байқап қалып, оларға жоғарыдан төмен менсінбей қарайтын, тұтас бір әлемнің қонақтары сияқты.
Таң шапағының соншалықты тез жарқырап кететіні қандай өкінішті. Күндізгі жарық осынау ойлдарды заматыңда қуалап тастап, байсалды кісілер алдында оны күлкілі бар жайтқа айналдырып жіберуі ғажап емес.
Көптеген ертектер, ұлу сияқты, күн жарығын жақтырмай бүрісіп, өз қабыршағына жасырынады.
Иә, бірақ — әлі де болса бұлдыр тұманда — ертек туады. Жалғанның жарығында пайда болғаннан кейін, ертекті, әңгімені, хикаятты тоқтату мүмкін емес деуге де болады. Бұл тірі жәндікті өлтіргенмен бірдей. Олар біздің ой-санамызда өз бетімен гүлдей бастайтын секілді.
Ақырында ертектің қағаз жүзіне жататын сәті келіп жетеді. Шөптің әлсіз иісін сөзбен жеткізу қалай қиын болса, көбіне-көп оны жазу тап солай қиын болады. Ертектің тысын жауып жататын қаймыжықтай тозаңды ұшырып жібермеуі үшін, оны деміңді ішіңе тарта отырып, жазуың керек. Және оны жеделдете жазасың, өйткені жарықтың, көлеңке мен кейбір жеке суреттердің жылт етіп көрініп өте шығуының өзі жедел де жеңіл болады. Кешігуге болмайды, қиял заулауынан қалып қоюға болмайды.
Ертек аяқталады. Енді сол ертек ұдайы мекендейтін баяғы бір жәудіреген жайнаң көзге тағы бір рет алғыс сезімімен қарағың келеді.
Аударған Әбілміжін Жұмабаев
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі