Егіншілік — 1) ауыл шаруашылық дақылдарынан тұрақты, сапалы, мол өнім алу үшін жерді өңдеп баптау тәсілдерінің жүйесі. Ежелгі арийлердің (біздің заманымыздан бұрынғы 2-1 мыңжылдықтар), сақтардың (біздің заманымыздан бұрынғы 9-2 ғасырлар), үйсін, қаңлы мемлекеттері тұрғындарының, ғұндардың, түркілердің мал шаруашылығымен бірге өзен аңғарларында, тау бөктерлерінде суармалы егіншілік — диқаншылықпен де айналысқаны белгілі. 20 ғасырдың басында Қазақстандағы егіс көлемі күрт көбейіп, 4,1 миллион гектарға жетті. Егістіктің басым көпшілігі (96%) дәнді дақыл болатын. Оның жартысынан көбі Ақмола, Торғай аймақтарында, қалғаны Қостанай, Ақтөбе, Жайық, Павлодар, Семей өнірінде егілді. Сырдария өзенінің төменгі жағында күріш, Жетісуда мақта егілді. Қазақстанда егін шаруашылығын одан әрі дамыту жолында, әсіресе, соғыс жылдары, одан кейін де көптеген жұмыстар атқарылды. Машина-трактор стансалары құрылып, егістікті күтіп-баптау жұмыстарын барынша механикаландыруға мүмкіншілік туды. Егістіктің 96,5%-ы тұқым сепкішпен себіліп, 97%-ы комбайнмен жиналды. Үш дақыл бойынша Қазақстанда өнімділіктің дүниежүзілік рекорды тіркелді. Шығанақ Берсиев басқарған звено тарының әр гектарынан (тәжірибелік телімде) 125 ц өнім алды. Ыбырай Жақаевтың звеносында күріш өнімділігі бір гектарынан 174 ц-ге жетті. Ольга Гонаженко звеносы қызылшаның бір гектарынан 1515 ц-ден өнім алды. 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді жаппай игеру басталды. Алғашқы бес-алты жыл ішінде-ақ республика бойынша 25 млн. гектар тың жер игерілді. Оның 17 млн. гектары еліміздің солтүстігінде (Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар) орналасқан.
Егіншіліктің экстенсивті және интенсивті түрлері бар.
Экстенсивті түрінде егіншіліктен өнім алу үшін қосымша қаражат көп жұмсалмайды. Жалпы түсімнің артуы, көбінесе, топырақ құнарлылығына және егін егетін жер көлемінің жаңадан кеңейтілуіне байланысты. Өндірістік күштердің және ғылымның дамуына байланысты егіншілік экстенсивті түрден интенсивті түрге ауысты.
Егіншіліктің интенсивті түрінде пайдаланылып жүрген жерге қосымша еңбек, қаржы (механикаландыру, суландыру, тыңайту, агротехникалық шаралар жүйесін көтеру, т.б.) жұмсап, ауыл шаруашьшығы дақылдарынын өнімін арттырады.
Қазақстанда егіншіліктің құрғақ, суармалы, тәлімі және таудағы түрлері қалыптасқан. Құрғақ егіншілік жауыны аз, желді, құрғақ далалы аймақтарда орналасқан. Бұл жерлерде құрғақшылыққа төзімді дақылдар өсіріліп, топырақта ылғал сақтаудың агротехникалық шаралар жүйесі (кар тоқтату, топырақты аудармай жырту, егісті қысқа мерзімде себу, т.б.) қолданылады. Суармалы егіншілікте, көбінесе, мақта, қант қызылшасы, дәнді дақылдар, көп жылдық жемшөптер, күріш өсіріледі. Тәлімі егіншілікте астық, жемдік дақылдар өсіріліп, құрғақ егіншілікке тән агротехникалық шаралар қолданылады. Таудағы егіншілік тау баурайын, тау аралығындағы ойпаң жерлерді қамтиды. Мұндағы агротехникалық шаралар топырақты су эрозиясынан қорғау мақсатында жүргізіледі;
2) ауыл шаруашылық дақылдарын егін өсірудің және топырақ құнарлылығын жоғарылатудың жалпы тәсілдерін зерттейтін агрономия ғьшымының саласы. Егіншілік ғылым ретінде топырақ құнарлығын арттыру, оны эрозиядан қорғау, топырақ пен өсімдіктің өзара әсерін, топыраққа механикалық, биологиялық және химиялық әдістермен әсер ете отырып жоғары әрі тұрақты өнім алу, егістікті зиянкестер мен арамшөптерден, қолайсыз жағдайлардан (құрғақшылық, аңызақ, үсік) қорғау мәселелерін зерттейді. Егіншілік агрономияның басқа салаларымен (агрохимия, агрофизика, селекция, т.б.) тығыз байланысты.
Қажетті сілтемелер (қарап көріңіз):
Тыңайтқыштар және оларды егіншілікте пайдалану
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі