Жасыбай батыр (ХVІІІ ғасыр) — жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен қазақтың әйгілі батыры. Шыққан тегі — Орта жүздің Арғын тайпасының Бәсентиін руынан. Әкесі Өмір от ауызды, орақ тілді шешен адам болыпты. Анасы — қазақтың атақты батыры Олжабайдың апасы. Шежіре деректерінде батырды «Олжабайдың жиені» дейтіні де содан. Жасыбай екі ағайынды болған, інісі Байсары да жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен көзге түскен белгілі батырлардың бірі көрінеді.
Жасыбай жөнінде Н.Я. Коншиннің жазбаларында, халық шежірелерінде, аңыз-әңгімелерде, батырдың өзіне арналып шығарылған «Ер Жасыбай» жыр-дастанында біраз мағлұмат берілген. Соларға қарағанда, ол Олжабайдың жиені ғана емес, жауға бірге шапқан серігі, жақын досы болған. Жастайынан жауырыншылығымен, құралайды көзге атқан мергендігімен аты шыққан. Баянауыл өңірін қалмақтардан тазартуда үлкен ерлік көрсеткен. «Ол — жауға бірнеше дүркін соққы берген әйгілі батыр. Бірде қазақтардың қолбасшысы Олжабай батыр Жасыбай батырға жауынгерлерімен келе жатқан қалмақ қолының алдынан шығып, олардың жолын бөгеп, бері жібермеуді тапсырады. Мыңға толмайтын жасақты бастаған Жасыбай батыр жаумен асқан ерлікпен соғысады. Бірақ аңдаусызда сауытының желке тұсындағы ашық жерінен қалмақтың оғы тиіп, содан өледі. Қзақа қолы қалмақтарға төтеп бере алмай ығысы бастайды. Сол кезде қырғын болған таудың шатқалына Олжабай бастаған әскер кіреді. Жеңілген қалмақтардың ұлардай шулап, жалбарынған дауыстарынан тау іші күңіренеді. Сонда Олжабай батыр: «Сендердің бәріңді қосқанда, өлген Жасыбай батырдың шынтағына тұрмайсыңдар» деп, жауынгерлеріне «жауды аяған жаралы» екенін ескертеді. Қалмақтардың бұл жолы қырылғаны сонша, өліктері жолдың ұзына бойына шашылып қалады» (Н.Я.Коншин). Бұл деректердің дұрыстығына «Олжабай батыр» жырындағы:
«Келген жолмен шұбырап,
Есепсіз жолда қырылып,
Баян тауын жанапты.
Қайқайып садақ тартқанда,
Қалмақтың тиіп сұм оғы,
Жасыбай қалды жығылып»
деген жолдар да, соғыс болған жердің бұл күнде «Қалмақ қырылған» аталуы да дәлелдей түседі. Туған елін, өскен жерін ата жаудан азат ету жорығында сан ерлігімен көзге түсіп, осы игі мақсат жолында қаза тапқан ерінің есімін ардақтаған халқы кейін Баян тауының ол қорғаған асуына «Жасыбай асуы», көліне — «Жасыбай көлі» деген ат береді. Ол жерлер қазір де солай аталады.
Оқуға кеңес береміз:
Батырлар есімімен аталатын жер-су аттары
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі