Өлең, жыр, ақындар

Өгейшөп

Өгейшөп (мать-и-мачеха обыкновенная, Tussilago farfara L.) — биіктігі 15 сантиметрдей, көп жылдық, шөп тектес өсімдік. Жер астындағы тамыр сабағы етті, бұтақты, көптеген қосымша майда тамырлары бар. Көктемге қарай тамыр сабағынан бір жылдық сабақтары өсіп шығады. Мамыр айының соңына таман бұл сабақтар гүлдейді де, солып қалады. Міне, осы кезде сағақтары ұзын, ұлкен, үш бұрышты дөңгелектеу келген жасыл жапырақтары тамыр сабақтан тікелей өсіп шығады. Жапырақтары үстіңгі жағынан қарағанда қою жасыл түсті болып келеді, төменгі жақтары ақ түсті, ұйысқан қысқа әрі қалың түктері бар. Қол тигізіп көрсеңіз жоғарғы жағы суық, төменгі жағы жылы тәрізді болып сезіледі. Гүлдері сары. Гүл шоғының диаметрі 2,5 сантиметрге жуық. Ерте көктемде гүлдеп, мамыр-маусым айларында жеміс береді. Тұқымдарының жоғарғы жағы айдарлы, түкті болады. Сайларда, өзен жағаларында, аласа төбелердің етегінде өседі. Дәрілік мақсатқа өсімдіктің тамыр жапырағын пайдаланады. Құрамында туссилягин, шырышты заттар, органикалық қышқылдар, илік заттар, сапониндер, эфир майлары, аскорбин қышқылы бар.

Өгейшөптің жапырақтары тер шығарады, қабынуға қарсы әсер етеді, қақырық түсіреді. Осыған байланысты онымен асқазанның, ішектің, бүйректің, қуықтың қабынуын емдейді. Сонымен бірге өгейшөптің жапырақтары жоғарғы тыныс жолдары мен өкпе қабынуына, бронх демікпесіне, тамақ бездерінің ауруына шипа. Халық медицинасында өгейшөпті шеменді, туберкулезді, безгекті емдеуге, өт айдауға, тер шығаруға пайдаланады. Өсімдіктің жас жапырағымен дене сыртындағы іріңді жараларды, ісіктерді емдейді. Шашты қайызғақ басып, бас қышитын болса және шаш түсе бастаса екі үйлі қалақайдың және өгейшөптің жапырақтарынан бір-бір ас қасықтан алып, қайнап тұрған 1 стакан суға 20 минут тұндырады да, салқындатып алып шашты жуады. Кейбір ғалымдар өгейшөптің жапырағын гипертония, атеросклероз ауруларын емдеуге қолданып келеді.

Қолдану тәсілі

Өсімдіктің 15 грамм жапырағын 200 мл қайнап тұрған суға салып 20 минут тұндырады да, 2-3 ас қасықтан күніне 3-4 рет ішеді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз