Өлең, жыр, ақындар

Аскөк

Аскөк (укроп огородный, Anethum graveolens) — биіктігі 1,5 метрге жететін, бір жылдық, шөп тектес өсімдік. Сабағы түзу, жұмыр. Жапырақтары жіп сияқты көптеген жіңішке белімдерге бөлініп тілімделген. Гүлдері майда, сары, өсімдіктің жоғарғы жағында қолшатыр тәрізденіп шоғырланып тұрады. Шілде-тамыз айларында гүлдейді, жемісі тамыз-қыркүйек айларында піседі.

Аскөк тұрғын үйлердің маңайында, бақшаларда, жолдардың жиегінде өсе береді. Көбінесе мәдени өсімдік ретінде қолдан егіп өсіреді. Дәрі үшін өсімдіктің жемісі мен жерге түскен бөлігін жинап алады. Құрамында эфир майлары, фенхон, анетол, флавоноидтар, майлар, аскорбин қышқылы, каротин, кверцетин, изоралентин, кемпферол бар. Бұл өсімдіктен жасалған дәрілердің қан қысымын төмендететін, қан тамырларын кеңейтетін, ішектің жұмысын реттейтін, несеп айдайтын, қақырық түсіретін, өт айдайтын, жел шығаратын, іш жүргізетін қасиеттері бар. Аскөкті гипертоиияны, жүректің қыспа ауруын (стенокордия), тыныс жолдарының қабынуын емдеу үшін пайдаланады. Сонымен қатар бүйрекке, қуыққа тас байланғанда және бауыр ауруларын, атеросклерозды, шемен ауруын емдеу үшін қолданады. Аскөктен жасалған дәрілер бала емізетін әйелдердің сүтін көбейтеді.

Дәріні дайындау және қолдану тәсілі

Аскөктің майдаланған жемістерінің 1 шай қасығын қайнап тұрғаң 1 стакан суға салып жарты сағат тұндырады да, 2 ас қасықтан күніне 3-4 рет ішеді. Іш жүрмей қалғанда мынадай қоспалар жасап пайдаланса, дәрінің тиімділігі арта түседі. Аскөктің және арпа дәндерінің арқайсысынан 2 бөліктен алып майдалайды да, кептірілген алоэ жапырағының бір бөлігін қосып араластырады. Осы қоспаның 1 шай қасығын 1 стакан қайнап тұрған суға салып жарты сағат тұндырады да, 1 ас қасықтан күніне 3 рет ішеді.

Несеп жүрмей қалса мынадай қоспа жасайды: майдаланған аскөктің дәндерінің 2 ас қасығын, ырғайдың ұнтақталған тамырының 3 ас қасығын, жантықтың ұнтақталған шөбінің 1 қасығын, алоэның құрғатылып ұнтақталған жапырақтарының 1 қасығын алып араластырады. Осы қоспаның 1 қасығын қайнап турған суға салып жарты сағат тұндырады да, бір ас қасықтан күніне 3 рет ішеді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз