Өлең, жыр, ақындар

Көктемдік жанаргүл

Көктемдік жанаргүлдің (горицвет весенний, адонис весенний, Adonis vernalis) шикізаты аптекаларда тұнба жасау үшін, ал заводтарда галенді препараттар мен гликозидтер алу үшін қолданылады. Бұл өсімдік сәуір айында орманды аймақтардың шетінде, далалы жерлерде өсіп, дөңгелектене біткен ашық сары гұлдерін шаша гүлдейді. Көктемдік жанаргүлдің алтындай сары гүлдері көктемгі қуаныш пен махаббаттың хабаршысындай, өсімдіктің алғашқы жапырақтарымен бірге пайда болады. Жанаргүл бұл кезде өте әдемі көрінеді. Ертедегі Финикия мен Сирияда «адония» деп аталған көктеммен алғаш кездесу мейрамы ұйымдастырылып отырған. Медициналық аты содан алынған.

Жанаргүл биіктігі жарты метрге дейін жететін, жуандау келген қоңырқай қара, тамыр сабағы бар, көп жылдық өсімдік. Жапырақтары жіңішке әрі қалың, төменгілері кезектесіп орналасқан. Сабақтарының бұтақтары көп, сырты тегіс, түп жағындағы жапырақтары қабыршық сықылды қоңыр болып келеді. Гүл жапырақтарының саны 14-20, гүл шеңбері ірі, 5 сантиметрге дейін жетеді. Гүл тостағаншасының жапырақшалары бесеу. Қазақстанда көктемдік жанаргүлдің басқа да 7 түрі кездеседі. Бірақ олардың көбінде жүрек глюкозидтері 2-3 есе аз болады. Тек түркістандық жанаргулдін, емдік қасиеті ғана көктемдік жанаргүлмен бірдей.

Көктемдік жанаргүлдің жердің үстіндеп жапырақты бөлігін апрель айында гүлдегеннен бастап, шілде айының басында тұқымы шашылғанға дейін жинайды. Өсімдікті пышақпен кесіп, орақпен орып алады. Тамырымен жұлуға болмайды. Өйткені одан өсімдіктің бір жола жойылып кетуі мүмкін. Орылып алынған шөпті жел қағатын жерде көлеңкеде дереу кептіріп алу керек. Дайындалған шикізат құрғақ бөлмеде қағазға оралып, ағаш жәшікте сақталады. Бұл өсімдіктің құрамында цимарин, адонитоксин деген жүрек глюкозидтері бар.

Көктемдік жанаргүлдің медицинада кеңінен қолданыла бастауынып өзіндік тарихы бар. Өткен ғасырда Н. А. Бубнов деген дәрігер жүрек бұлшық еттерінің жұмысы нашарлап, ішіне су жиналып, аяқтарын ісік шалған ауруларды тәуіптердің белгісіз бір шөптермен емдеп жазып жүргенін байқап қалады. Ұзақ зерттеудін нәтижесінде Н. А. Бубнов белгілі ғалым С. П. Боткиннің ауруханасында тәуіптердің қолданған көптеген шөптерінің ішінен осы көктемдік жанаргүлді бөліп алады да, оның емдік қасиетін толық анықтап шығады. Бұл шөп жүрек еттерінің куші азайып, ауру адам ентіккенде, денедегі қан айналысы нашарлағанда, соның әсерінен несеп жүрмей қалғанда қолданса, өте жақсы нәтиже береді. Жүрекке неғұрлым күшті әсер ететін наперстянка сияқты дәрілермен салыстырғанда бұл дәріні қолдану қауіпсіздеу, себебі ол жүрек еттерінде сақталып, үстемеленіп жиналмайды, белгілі уақыттан кейін организмнен шығып кетіп отырады.

Көктемдік жанаргүл жүрек неврозына қарсы және орталық нерв жүйесін тыныштандыратын, несеп жүргізетін дәрі орнына да қолданылады. Бұл бронх демікпесі деп аталатын ауруды емдейтін дәрінің құрамына кіреді. Өсімдіктің тұнбасы былай жасалады: 6-8 г шөпті 200 грамм қайнаған суға салып тұндырады. Тұнбаны күніне 1 ас қасықтан 3-5 рет тамақтан соң ішеді. Көктемдік жанаргүл улы өсімдік болғандықтан, дәрі ретінде тек дәрігердің ғана байқауымен пайдаланылады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Аруна

пайдалы

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер