Қалың оқырман жақсы жазушының бөрі астанада, Алматыда тұрады деп ойлайды. Онысы рас. Астана — рухани орталық. Ал енді шындыққа келсек, көрнекті жазушылардың көбі елден, алыстағы ауылдардан шыққан. Өнер көзі — халықта деп бекер айтпайды.
Ал қазір облыстарда, елде тұратын қаламгерлер аз емес. Мысалы, Жамбыл облысында жазушылардың әлеуетті тобы бар. Әрине, қалам шеберлері әуелі жаратылыстың, аса биік құдіреттің жаратқан жемісі. Талантты Құдай береді. Ешбір университет, о баста жаратылыс берген дарын болмаса, жазушы тәрбиелеп шығара алмайды. Университет сол талантты жетілдіріп, шындауы мүмкін, ал Құдай бермеген өнерді ешбір мектеп бере алмайды.
Оның үстіне талантқа өкімет тарапынан қамқорлық болмаса, Құдай о баста берген бір түйір шоқ тұтанбай қалуы да мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда Жамбыл облысының әкімі Өмірбек Байгелдиевтің өнер, әдебиет адамына, жалпы мәдениет саласына оң көзбен қарауы да әулие аталық жазушылар тобының мына қиын-қыстау заманда қожырап кетпей, жемісті еңбек етуіне едәуір себеп.
Жамбыл облыстық қазақ театрының репертуарына көз салсаңыз, ондағы спектакльдердің дені жергілікті авторлардың пьесалары. Кәрім Баялиев, Әлдихан Қалдыбаев, Бахтияр Әбділдаев, Арғынбай Бекбосынов...
Солардың қатарында Елен Әлімжановтың «Бір қазаққа — бір қатын», «Тақталас», «Жанталас» пьесалары бойынша қойылған спектакльдердің көрермен көңілінен шыққаны ақиқат. Бұл пьесалар республикамыздың басқа облыстарындағы театрларда да табысты жүріп жатыр.
Елен драматургиясы осы заманның ең зәру, ең өзекті мәселелеріне бағышталған. Қазақстан, қазақ елі ежелден бері аңсаған арманына жеткен сияқты. Еліміз еркіндік алды, тәуелсіз мемлекет болды. Сол тәуелсіздік, егемендік баянды болу үшін әлі алдымызда талай-талай бел-белес асқақ керек.
Сондай белестің бірі — қазақ деген ұлттың бірлігі. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін»,-деді ұлы бабамыз Төле би. «Біріңді, казак, бірің дос көрмесең істің бәрі бос», — деді ұлы Абай.
Осы ұлы өсиетті ұғындық па? Санамызға сыналап жазып, бойымызға сіңірдік пе? Жүзшілдік, рушылдық дерттен арылдық па? Арылмасақ, алдағы болашағымыз не болады?
«Тақталас» драмасында, міне, осындай жалпы халықтық орасан сұрақ тұр. Драма кейіпкерлері: Қауғабай, Дауғабай, Жауғабай. Аттары-ақ айтып тұр.
Мәселе жазушының шығарманы том-том етіп, көпіртіп жазуында емес. Міне, «Тақталастай» өмірлік өзекті дүниенің жүгін көтеріп тұрған бір-ақ дүниемен де әдебиет әлемінен орын алуға болады.
Ал Елен Әлімжанов болса, қысқа әңгімелердің, повестердің шебері. Таяуда ғана облыстық газетте жарияланған «Коммунизм маршы» атты әңгімесінің ел аузынан түспей жүргені соның айғағы.
О басында ол журналист еді. Әлі де солай. Облыстық радио және теледидар компаниясын басқарады. Мұның қаншама қиын-қиямет жұмыс екенін өз басынан өткермеген жан біле де бермейді.
Елен Әлімжанов көп жыл бойына республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Әулие-ата уәлаяты бойынша меншікті тілшісі болды. Ел сусаған талай-талай зәру мәселелерді көтерді. Облыстың солтүстік: Сарысу, Талас, Мойынкұм аудандары су тапшылығынан азып-тозып кете жаздаған жылдары Елен осы проблеманы газет бетінде талмай көтерді. Нәтижесінде қазір, құдайға шүкір, Шу, Талас, Аса өзендерінің сулары бұрынғыдай бұғалықтала бермей, шөл-шөлейтті, малды аймақтарға да жетіп жатыр.
Жазушы, драматург, журналист Елен Әлімжанов елудің қырқасына шықты. Елу — ер-азаматтың жасы. Шығармашылық шабыттың лаулай түсетін шағы. Құдірет берген талантты талмауратпай, еріншек болмай, бойкүйездікке алдырмай, еңбек етсе — Еленнің берері әлі алда.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі