Адамзатты шексіз құдірет иесі Алла жаратты. Дарвиннің «адам маймылдан шыққан» деген теориясы қазір ұтымсыз болып тұр.
Алла адамдарды түр-түсі болмаса, кескін-келбетін, мүше-тұлғасын бірдей етіп сомдады. Бәрінде де бір бас, екі қол, екі аяқ, екі көз, екі құлақ...
Сонда Жаратушы құдірет күллі адамзатқа неге бір-ақ тіл бермеген? Адам біткен бәріне ортақ бір-ақ тілде сөйлесе болмас па еді?
Міне, осы жерде бір түйткіл бар. Бәрі бір тілде сөйлесе, дау да жоқтамай да жоқ. Рахат емес пе?
Алланың осы ұмытшақтығын социалистік жүйе, кеңес өкіметі, компартия түзетпек болды. «Кеңес халқы» деген бір-ақ халық жасап, бәрін бір-ақ тілде — орыс тілінде сөйлетпек болды. Сөйлетті де.
Сөйтсе, бұл Құдайдың құдіретіне қарсылық екен. Адамдар этносқа, ұлтқа бөлінеді екен. Ұлт ұғымының анықтамасын таба алмай, талай ойшылдар, философтар айтысып-тартысып, бас қатырыпты. Әлі де бұл сұрақтың түбіне жетіп болған жоқ.
Сонда бұл ұлт дегеніміз не өзі? Бір ата, бір анадан тараған ұрпақтар қауымы ма? Болмаса ойдан-қырдан қосылған құрама ма?
Осы қиын сұрақтарға хал-қадерінше жауап беретін тұңғыш қазақша кітап жарыққа шықты.
Амангелді Айталы. ҰЛТТАНУ. Алматы, «Арыс», 2000 жыл. А. Айталы — философия ғылымының докторы, профессор. Қазақстан Парламентінің депутаты. «Ұлттану» — ұлт теориясы туралы казак тілінде жазылған елеулі тұңғыш кітап.
Қазақта философ ғалымдар аз емес. Бірақ осы уақытқа дейін олардың қазақша еңбек жазғаны шамалы. Кейінгі жылдары Ғарифолла Есім ғана мемлекеттік тілде философия мен дін тақырыбына арнап татымды еңбектер жазып жүр. Ал академик философтар тек орыс тілінде ғана жазады. Философия сынды күрделі ғылымға қазақ тілінің қауқары жетпейді деп ойлайтын болуы керек. Бір кездегі кеңестік идеология көсемі марқұм Нұрымбек Жанділдиннен бастап, казіргі философтардың көбі қазақ тілінің аясы тар, күрделі ғылыми еңбектер жазуға жарамайды деген Масановтың ашқан «жаңалығын» қостап келеді.
Міне, осы тұрғыдан алғанда да, А.Айталы еңбегі біз үшін бағалы. Әйтпесе, Айталы орыс тілінде де өте сауатты жаза алатын автор.
Философтардың шаруасына араласа алатындай қауқар менде жоқ. Мен философ емеспін. Бірақ «ҰЛТТАНУ» кітабы қолыма түскеннен кейін, оны оқып шығып, ойландым. Бұл еңбек туралы біздің философтар не деді екен деп сұрау салдым. Республикалық баспасөзде бір ауыз сөз жоқ, ешкім ләм демепті. Сонда біздің мүйіздері қарағайдай-қарағайдай философ ғалымдар қазақша философиялық шығармалар .жазбайтыны былай тұрсын, бұл салада қазақша жазылған еңбекті оқымайтын да болғаны ғой деген ойға қалдым. Тым болмаса оқырман қауым хабардар болсын деп қолыма қалам алдым.
Біздің Конституциямыздың бісмілласы «Біз, Қазақстан халқы» деп басталады. Кезінде, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қабылданған Конституцияны талқылау кезінде депутаттар арасында осы екі сөзге бола қиян-кескі айтыс туғаны есімде.
Неге «Қазақстан халқы?» Қырғызстан халқы деген халық жоқ. Қырғыз халқы бар. Өзбекстан халқы деген халық жоқ. Өзбек халқы бар. Ал біз неге қазақ халқы емес, Қазақстан халқымыз?
Сөйтсек, Қазақстан көп ұлтты мемлекет екен. «Қазақ халқы және Қазақстанды мекендеген басқа халықтар өкілдері...» деген біздің ұсынысымызды депутаттардың көпшілігі қабылдамай тастады.
Жеңіліп қалғаныма мен өкіндім. Ренжідім. Сонда мені мұндай ренішке жетелеген не? Енді ойласам, ұлттық сана-сезім, жаратылыстан біткен түйсік екен.
Мені бұл тұжырымға тоқтатқан А.Айталының мына бір сөйлемі: «Адамдарды ұлтқа біріктіретін шешуші күш — ұлттық сана-сезім». Осы сана-сезім сөнген кезде ұлттық қасиет те қалмақ емес. Ол сенің болмысында, табиғатында, жан дүниеңде.
Ал бұл қасиет ананың сүтімен келмек. Қазіргі бесікте жатқан сәбиді анасы қалай, қай тілде, қандай дәстүрде, қандай әдет-ғұрыпта тәрбиелейді, сәбидің қандай адам болмағы осыған тікелей байланысты. Қазір баяғыдай бесік жыры жоқ. Қазіргі жас аналар бесік жырын өздері де естімей өскен. Олар бесік жырын қайдан білсін. Ұлттық сана-сезімнің жетімсіреген жері осы. Өзіміз байқай бермейтін, мән бере бермейтін, бойында, ойында жасырын жатқан ұлттық түйсік (подсознание) ұясы — бесік. Бесік сәбидің төсегі ғана емес, ұлттың ұясы.
«Социализмнің кеңестік түрі ұлт болмысын ұлтсыздыққа қарай бейімдеп, ақ сүт берген анасының омырауын кесетін ұлтсыздар ұрпағын өмірге әкелді», — дейді А.Айталы.
Дәл қазір біздің, тіл, дін деп зар қағып, тілді де, дінді де қалпына келтіре алмай, ұзақ сарсаңға түсуіміз — осы кеңестік дәуірдің ұлы жемісі.
«Ұлтсыздар ұрпағы». Бұл А. Айталы айтқан жаңа есім. Сол «ұлтсыздар ұрпағын» туғызған тек социалистік кеңестік дәуір ғана ма? Ұлан-байтақ кеңістікте жатқан (біртұтас) қазақ ұлтын ұлтсыздандыру сонау ақ патшалар заманынан басталған шығар.
Екінші Екатерина апаңыз Орынбор генерал-губернаторына жолдаған нұсқау-бұйрығында:
«1. Қырғыз-қазақ халқының бір ру басшыларын екінші ру басшыларымен араз етіп, бірімен бірін қас етіп, бірінің етін бірі жеуге себеп болыңыз.
2. Сұлтандарын бірімен бірін араз қылып, бірімен бірін иттей тартыстырып, бірінің етін бірі жеуге себеп болардай іс қылыңыз.
3. Қырғыз-қазақтың басшы адамдарын сұлтандармен араз қылып, сұлтандарын өз қол астындағы ақсақал адамдарымен араз қылыңыз. Арасына от түскен уақытта жанып кетердей көкір-сөкір даярлай беріңіз», — деп мықтап, мықтап тапсырады («Айқап», 1913 ж. №20).
Генерал-губернаторлар ақ патшаның осы бұйрығын айнытпай орындады. Содан бері қазақ ұлтының жұлынына құрт түсіп, жегідей жеді.
Сол құрт әлі өлген жоқ. Қайта дәл осы кезде, енді еркіндік алып, егемендік алып, енді біртұтас ауру қозып бара жатқан сияқты.
Лайымда мен қателескен болайын. Бірақ көретін көз, еститін құлақ бар. Қазір кей жерде әр тайпа, әр ру өз сьездерін шақырып, көсемдерін сайлап, уставтарын бекітетін көрінеді. Ол неге керек десе, өз адамдарын мәртебелі кызметке отырғызу. Ол үшін ру болып, жанталасып көмектесу. Ол үшін тіпті қор ашып, қаржы жинау т.б.
Мұндай қотыраш саясат әсіресе сайлау кездерінде белең, алатынына куә да болдық.
Осы таяуда ғана Сидней олимпиадасында бокстан чемпион болған Ермахан әлдеқалай Ақтөбе облысының атынан аттанған екен. Оған жамбылдықтар жат та кеп туласын. Олимпиадаға азаматын облыстар емес, республика, яғни Қазақстан аттандырмай ма? Жеңімпаз жалғыз облыстың емес, бүкіл қазақ ұлтының, бүкіл Қазақстанның мақтанышы емес пе?! Жеңіс тұғырына жеңімпаз шыққанда облыстың гимні ойналып, облыстың туы көтерілмейді ғой!"
Бүкіл қазаққа тән атақты адамдардың тойлары тек сол адамның туған жерінде ғана тойланатын әдет пайда болды. Бауыржан күллі қазақтың халық батыры. Ал оның тоқсан жылдығы неге тек Тараз қаласында ғана өтуі керек? Қазақ тарихының тұңғыш Геродоты — Мухаммед Хайдар Дулати тойы неге тек Тараз қаласында аталуы керек? Ол не сонда, жалғыз Тараз тарихын ғана жазып па? Құрманғазы тойы тіпті Қазақстаннан тысқары Астрахан облысында Алтынжар жерінде өткізілді. Сонда Құрманғазының дүние қанша жасаса сонша жасайтын туындылары Қазақстандағы қазақтарға қызмет етпеп пе?
Мұндай әлеуметтік, жалпы халықтық аса мәнді шаралардан әсіресе жас ордамыз — Астана шаһары тыс қалып келеді.
«Рушылдық етек алған жерде ұлттық қатынасқа орын жоқ», — дейді А.Айталы.
Бұл пікірге мен қос қолымды көтеріп қосыламын.
Осы жерде А. Айталы ұлы Абайдың мына шумағын келтіреді:
Алыс, жақын казактың бәрі қаңғып,
Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып
Мал мен бақтың кеселін ұя бұзар,
Пәруардигер жаратқан несін жан ғып!
Өзімшілдік, бәсекелестік ел сезімін, Отан сезімін ығыстырып, рулық, жүздік патриотизмге бой ұсындырады, — деп түйеді А. Айталы.
Философтың айтпағы: біртүтас ұлт боламын десең, ру-ру болып ыдырамай, тайпа-тайпа болып тарап кетпей, бір арман, бір мақсатты — казак болып берік қалыптасуды көзде. Бізде Отан біреу-ақ. Ендеше отансүйер патриоттық сезім де ортақ. «Самопал» деген тек арақ па деп жүрсем, мәдениетте де самопал болады екен. Мұны айтқан А. Айталы. Қазіргі біздің теледидардан көріп жүргеніміздің көбі самопал. Арақтың самопалы адамның ағзасын улайды. Адам содан мүгедек болады. Көбі өліп те жатыр. Ал мәдениеттің самопалы адамның санасын улайды. Ұлттық мінез, ұлттық сана, психология кеселге ұшырап, талай адамдар ұлттық қадір-қасиетінен айырылып қалды. Олар да мүгедек, шала-жансар; тамырына, өзегіне жегі күрт түскен міскіндер. Теледидар, газет-журнал, радио — аса құдіретті қару. Сол қару кімнің қолында? Имандының ба, имансыздың. ба? Имансыздың қолында болса, онда біз әзәзілдің жетегінде жүрміз. Түбі оңбаймыз.
А. Айталының кітабында культура деген ұғымның түп төркіні таратылады. Культура — латын тілінен аударғанда «жақсарту», «ізгілендіру», «сүйкімдендіру» деген мағынаны білдіреді екен.
Осы түсініктен келгенде казіргі біздің культурамыз, яғни мәдениетіміз, яғни соның бір саласы — теледидарымыз, кейбір газеттеріміз адам жанын ізгілендіріп жатыр ма, жоқ ірітіп-шірітіп жатыр ма?
Міне, бұл — мәселенің түп қазығы. Батыстың самопалын талғаусыз сіміріп жатқан халықтың жаны ізгіленді ме екен, әлде іріді ме екен? Мемлекет болып, Үкімет болып, Парламент болып, бүкіл халық болып ойланатын нәрсе.
А. Айталының кітабында электрондық ақпарат құралдары тілді қалай дамытып жатқаны туралы да деректер беріледі. Мысалы, бұл құрал қазақ тілінде 11 сағат, орыс тілінде 210 сағат хабар таратады екен. (Сірә, тәулігіне болар).
Ен, құдіретті қару деп атаған құралымыздың. өзі ұлт мәселесіне көзқарасы осындай болса, онда оңған екенбіз. Сөйте тұра, осы таяуда ғана Парламентте депутат Землянов: «Ойбай, орыстарды қудалап жатыр», — деп, жоқ жерден байбалам салды. Ол әділ болса қайта: «Ойбай, қазақ тілінің халі мүшкіл екен ғой, септесейік те», — деп айтуға тиіс қой. Айтпайды.
Ендеше, өз қотырыңды өзің қасы.
А. Айталының «Ұлттану» атты кітабын оқығанда осындай-осындай ойға шомасың. Күнбе-күнгі күйбің күнкөріспен жүріп, зер сала бермейтін көп жайларды Ұғасың. Осы мен кіммін, қай елде, қандай мемлекетте, қандай ұлт бейнесінде өмір сүріп жатырмын деген сұраққа жауап іздейсің. Сен де ойлан. Ізден.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі