Салауат ескерткішінің түбінде туған ойлар
Арқамызда — ұзын Орал таулары.
Алдымызда — Ақ Еділ.
Арасында — Уфа-Өфе шаһары.
Ақ Еділге құлама жартас басында — Салауат.
Салауатқа сәлемдесіп біз тұрмыз: қазақ ғалымы, профессор Тұрсынбек Кәкішев, башқұрт жазушысы Рәшит Низамов және мен.
Ақ Еділдің арғы жағы, бергі жағы сыңсыған орман. Арғы беттен, сол орман арасынан бүктетіліп Дем өзені келіп Ақ Еділге құйып жатыр. Ақ Еділ барып ұлы Еділге құяды. Ұлы Еділ Каспийге барып қосылады.
Дүние жалғасып жатыр.
Бір кезде Башқұртстан — Қазақстан жалғасып жатқан арасын Ақ Жайық қана бөлген, қанаттас ел едік. Ол шекара бұзылған. Арамызға сына қағылған. Орынбор, Челябі облыстары. «Бөліп таста да, билей бер».
Тарих деген жарықтық та қызық, 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін қарашада осы Орынбор екі бірдей елдің — Башқұртстан мен Қазақстанның астанасы болды. Оны біреу біліп, біреу білмейді. Орынборда Қазақстан үкіметімен қатар Башқұртстан Орталық Шорасы (Кенесі) құрылды. Оның түңғыш төрағалары Шәріп Манатов пен Зәки Валиди, хатшысы ақын Шайхзада Бабич болды.
Сәл кейінірек «Калининнің комиссиясы» деген шығып, Орынбор, Челябі облыстары құрылды да, «Кіші Башқұртстанның»астанасы Стерлитамаққа көшті. Қазақ пен башқұрттың арасына сына қағылған жер осы.
«Башқұрт» деген сөздің төркінін әркім әр түрлі түсіндіреді. Біздің «қазақты» сан-саққа жүгірткені сияқты. Соның ішінде көкейге қонымдысы — «бас бөрі». Көне түрік тілінде «құрт» қасқыр, бөрі дегенді білдіреді. Мысалы, Қобландының Құртқасы не? Бәріне түсінікті болу үшін орысшасын айтқанда — «волчица».
Бұған таңғалатын түгі де жоқ. Көк Түріктің киесі Көк Бөрі. «Бөрілі менің байрағым» деген содан қалған.
Түрік нәсілдестің бәрі Көк Түріктің ұрпағы.
Соның бір бұтағы, бәлкім, бас бұтағы — Башқұрт.
Алты Алаштың бірі де осы башқұрт.
Қазіргі Түркияда «бозқұрт» деген партия да бар. Яғни «Көк бөрі» партиясы.
Сонымен Бас Бөрі. Өзі де бөрі десе бөрі еді ғой. Соноу Қаһарлы Иван заманынан бері зор ақы, басқыншы империямен жүздеген жылдар бойы арпалысқан, сол арпалыста аққан қан Ақ Еділдің суынан кем болмаған.
Сол сойқан соғыстардың ең ірісінің заңғар қолбасшысы мына тұрған Салауат.
Рас-өтірігін білмеймін, бірақ естігенім: цирктегілер арыстанды бағындырады, айтқанын істетеді, жат десе жатады, түр десе тұрады. Жолбарыс та сондай. Аю сорлы ғой қорбаңдап көне береді. Ал мұндай мазаққа дүниеде көнбейтін қасқыр көрінеді.
Өйткені ол азатшыл. Азаттың жолы — азаптың жолы.
Азаттық үшін арпалысқан Салауат жолы — тұнып тұрған азап. Он тоғыз жасында қол бастап, жиырма екі жасында генерал болтан. Рас, патшаның жарлығымен емес, Пугачевтың жарлығымен.
Өзі де керіскедей келіскен көркем жігіт екен; әрі ақын, әрі әнші, әрі батыр, әрі ақылман. Башқұрттың сұлу қыздары бекерден-бекер ғашық болмаған шығар. Салауат жиырма жасында үш әйелді болған...
Бірақ ол үшін жарық дүниенің қызығы сонымен тәмәмдалған.
1775 жылы қатын патшаның темір құрсанған, зеңбірек зіркілдеткен қалың қолы садақпен қаруланған Салауатты сатқындардың айласымен қолға түсіріп, темір торға салып, қол-аяғын кісендеп, тілін кесіп, құлағын кесіп, мұрнының бір жақ шелпегін кесіп, Эстонияның ар жағына, Балтық теңізіндегі Рогервик (Палдиски) дейтін аралға апарып тастады. Әкесі Жолай (Юлай) да бірге болды. Екеуі өмірбақилыққа сотталып, шведтерден қорғаныс қамалын соғу үшін өле-өлгендерінше кісендерін сылдырлатып тас тасыды.
Міне саған азаттық!
Залымдар ақынның тілін кессе де, ақылын, сезімін кесе алмады. Сондағы Салауаттың жазғаны:
Қайтар едім, жолым жоқ,
Сулар буған менің жолымды.
Жұлдыздардан көпір салар едім,
Бұғаулады жазмыш қолымды.
Аралда алдымен әкесі Жолай қаза тапты. Соңынан Салауат дүниеден өтті. Айдауда бірге болған татар Қанзафар мұсылманша олардың жаназасын шығарып, дұға қылды.
Аралда Салауаттың қылышы сақталған екен. Эстондар кешегі Брежневтің тұсында сол қылышты кие тұтып, Уфаға алып барып, Мұражайға салтанатпен тапсырайын десе, сол шақтағы өкімет, «өлген бураның басынан тірі атандар үркеді» демекші, аса жылы шырай бере қоймапты.
Туысқаны қазақтар ғой. Қазақтар да (өкіметі) кезінде Орал Таңсықбаев сынды ұлы суретшіні, генерал Сабыр Рахимовты саяси сайқалдықпен мойындамай, езбек ағайынға «сыйлады» ғой. Кенесарыға не істемеді.
Салауаттың алдында Қарасақал өткен. Шын аты — Меңдіғұл. Одан кейін Батырша өткен. Шын аты — Абдулла. Бұлар да алпауыт патша империясына қарсы башқұрт халқын көтерген. Көтерілмей қайтеді, туған үйінді тартып алып, өзіңді күл қылса. Әрі десе башқұрттың жері қандай — жәннат қой. Бір замандарда Орал таудың арғы жағы мен бергі жағын жайлап, Еділ мен Тобылдың арасында еркін көшіп жүрген қалың башқұрт қиянаттан қырыла-қырыла өз жерінде азшылыққа айналған жоқ па. (О, тоба, тура қазақтар сияқты!)
Қазіргі Башқұртстанда башқұрттар сан жағынан орыстар мен татарлардан кейін үшінші орында. Орыстары белгілі. Ал татарлар ше? Бұл енді соноу Қаһарлы Иван заманының зардабы. Қазан құлағаннан кейін жаппай қырғынға ұшыраған, зорлап шоқындырыла бастаған татарлар бас сауғалап туысқан жеріне келіп тығылмай ма.
Тарихтың бетіне тура қараған жөн ғой. Башқұрттардың азаюына қазақтар да өз үлесін қосыпты. Патшаның Орынборда отырған жендеті, генерал-губернатор Неплюев қазақ даласына бас сауғалап қашқан мыңдаған башқұрттарға қазақтың сол тараптағы ханы Нұралыны, оның султандарын, белсенділерін паралап, айдап салып, қырғынға ұшыратқан. Башқұрттар да қазақтарды аз қырмаған. Ағайынды екі елді ұрыстырып қойып, Неплюевтер алақанын сол соғыстың отына жылытып отырған.
«Орыстанған өзге ұлттың өкілдері орыстардың залымынан да залым келеді», — деп Ленин бекер айтпаған. Мұны ол өзге ұлттың орыс болып кеткен өкілдері: Сталинге, Орджоникидзе-ге, Дзержинскийге қарата айтқан. Соның үлгісін алғаш көрсеткендердің бірі — Тевкелев. Шын аты-жөні — Құтлуахмет Мамешев. Православие дініне кіріп шоқынғаннан кейін Алексей Иванович Тевкелев атанған.
О, бұл кәпірдің қазаққа істемеген бәлесі жоқ. Әсіресе башқұртардың жер бетінен жойылып кете жаздауына патшаның осы қарғыбаулы тәбеті көп кінәлі. О дүние рас болса, өзі де тозақ отында шыжғырылып жатқан шығар. Башқұрттарда туып, татарларға да тарап кеткен халық әні «Тәфтиляу» («Тевкелев») содан қалған. Шамамен біздің «Елім-ай» сияқты. Мұндай әндер жүздеген жылдар бойы табанға тапталып, езгіден еңсесі көтерілмеген, қорлықтан, зорлықтан, қайғы-қасіреттен көз ашпаған халықтан ғана шығады. Ол әндерде сол халықтың Жаратқан Құдіретке, Жасаған Иеге айтқан арызы, мұң-зары, арман-шері жатады.
Өткен өтті. Енді алпауыт Империя қулаған соң, Азаттық таңы атқандай болған соң, езгі көрген халықтар күннің көзіне шығуы керек емес пе. Жоқ. Империяның улы тырнақ тарамыс қолы әлі алқымнан алып тұр. Тіпті Горбачевтың заманында Башқұртстанда мемлекеттік үш тіл: орыс, татар, башқұрт тілі болсын деген пәрмен шыққан. Бір қызығы, буған қарсы біздің Алматының бір топ ғалымдары кезінде жоғарыға хат жазыпты. Қол қойғандар: Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Лениндік сыйлықтың лауреаты Ш.Е. Есенов, осы Академияның корреспон-дене-мүшесі, профессор Е.М. Шайхутдинов, осы Академияның корреспондент-мүшесі, профессор А.Н. Машанов т.б. (Башқұрт жазушысы Газим Шафиковтың «Кручья под ребро» атты кітабынан — Ш.М.)
Олар Башқұрстан автономия емес, Одақтас республика болсын депті. Мұндай жанашырлық, туысқандық талап, әрине, үлкен имандылық.
Ал бірақ бұл мәселе — тіл мәселесі Қазақстанда түбегейлі шешіліп қалып па еді? Бітеу жара сияқты әлі сыздап тұр ғой.
Тіпті Конституция қабылданғаннан кейін, мемлекеттік тіл қазақ тілі делінгеннен кейін де, қазірдің өзінде Парламенттің кейбір мүшелері мемлекеттік тіл — қос тіл: қазақ және орыс тілі болсын деп жанталасып жатыр ғой. Олар тіпті Конституциядан: «Қазақстан бөлінбес біртүтас (унитарное) мемлекет» дегенді де алып тастау керек дейді. Қазақстан федеративті мемлекет болсын, оны мекендейтін ұлттарға мәдени автономия берілсін дейді. Ал, не айтасың?!
Мұндайды талмай талап етіп жүрген Головков, Михайлов сияқты депутаттарға: «Ау, ағайын, ақылға, адамгершілікке кел. Тіл деген — ұлт деген ұғым. Тіл құрыса — ұлт құриды. Орыс тілі пәрменді, ол әлсіремейді. Қазақ тілі — өлімсіреп қалған тіл. Сол тірілсін де. Осы отырған парламентте жұмыс дәл қазір қай тілде жүріп жатыр? Тек орыс тілінде ғана той. Соны да місе тұтпайсыңдар ма?» — десең, «ұлтшыл» болып шыға келесің.
«Ұлтшыл» деген сойқан сөз. Әлі де «халық жауы» деген мағынада қабылданады. Халқыңа жаның ашыса — «халық жауысың». Осы бір сұмдық сылтаумен отансүйер, ұлт сүйер қаншама есіл ерлердің басын жұтты.
Осындай халді тап бүгін Башқұртстан да бастан кешіріп жатыр. Кінәсі: өз елі, өз жерінде, өз үйінде зорлықтың, астамдықтың зардабынан башқұрттардың аз болып қалуы. Башқұрттар Башқұртстанда қазір 23-ақ пайыз.
Башқұрт елінде осыдан он жеті жыл бұрын болыппын. Қазақ әдебиетінің Башқұртстандағы күндері еді, ол бір ғажайып күндер болды. Ортамызда Сейтжан Омаров, Әнуар Әлімжанов, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкеев... бар еді. Опасыз жалған, олар бүгін жоқ. Ол жолы бір қауым ел едік. Башқұрт бауырлар аңқылдап ақ көңілмен қарсы алған. Естен кетпес жарқын шақты сағынышпен еске аласың.
Бұл жолы профессор Тұрсынбек Кәкішев екеуміз ғанамыз.
Башқұртстанның үлкен жазушысы Сәйфи Құдаштың жүз жылдық тойына шақырылған қонақпыз. Сәйфи Құдаш тоқсан топ.із жасап, дүниеден былтыр өткен.
Шетел тұрмақ, жақын жерге жету мұң болып қалған мына заманда ұзақ жолға шығатындай Сәйфи Құдаш бізге несімен қымбат?
Ол Қазақстанды, қазақтарды қасиеттеп өткен жан. Уфадағы медресе Ғалияда Мұстафа Шоқаймен, Мағжан Жұмабаевпен бірге оқыған. Қазақ елінде, Қостанайда мұғалім болған. Ал Мағжан Жұмабаевтың атын атауға тыйым салынған заманда: «Қазақтан шыққан Мағжан Жұмабаев ұлы ақын!» — деп, Мәскеуден жар салған адам. «Мағжанды ақтандар, пір тұтыңдар», — деп, алпысыншы жылдардың өзінде Қонаевқа сексен беттік хат жазған адам. Мағжан үшін Мәскеуден, тіпті Уфаның өзінен теперіш көрген. Оған Салауат атындағы мемлекеттік сыйлық кезінде сол үшін берілмей, өмірінің соңында ғана мойындалған азамат ақын.
Қазір ғой Мағжанға бәрі жақын, бәрі туысқан болып шыға келді. Тіпті Мағжанды онды-солды балағаттап баққан кейбір қазақ зиялыларының өзі енді Мағжанды мақтауға сөз таппай әлек. Ау, кезінде Мағжанды алыстағы ара ағайын, Сәйфи Құдаш шырылдап қорғап жатқанда сен қайда қалдың?! Қайта, керісінше Мағжанның рухани қайта тірілуіне қасарыса қарсы болған жоқсыңдар ма?
Бұл енді пендешілік. Заманнан қорыққан қоян жүрек қу тіршілік. Қорықсаң — үндеме. Жамандап, қаралап нең бар?! Кейінгілерге сабақ.
Сәйфи Құдаш, Мұстай Кәрім туған Шишмә ауданы. Кідәш, Ақманай ауылдары. Ақманайдағы Сәйфи аға қабірі. Өлгендердің қабірін, тірілердің қадірін ұмытпайық.
Уфадағы салтанат. Айта берсе, ұзақ әңгіме. Сол салтанаттағы башқұрт өнерпаздарының сиқырлы саздары мен билері — мына күйбің күйкі тіршілікте сирек кездесетін ләззатты шақ. Ұлттық рухтың шабыттанған шағы. Күнбе-күнгі қу тамақтың, күн-көрістің сарсаңы сапырылысқан заманда ұлттық өнер елегізіп қалмай, биікке канат қаққаны — ұлт рухының тірмізік беріктігі. Ашынған карын тойынады, ашылған етек жабылады. Ал рух ашығып, жалаңаш қалса — сол қайғы. Парасатты мемлекет рухтың сынуына, ашығуына ешқашан жол бермейді.
Сол салтанатта тек Сәйфи Құдаш өлеңдеріне жазылған әндер ғана орындалды. Отансүйер отты жырлар, махаббат пен сағыныш саздары...
Сәйфи Қудаш — қазақтардың шын досы. Сондықтан Алматы мен Қостанайда оған бір-бір көшені, бір мектептің атын беру әбден лазым. Жақсылыққа — жақсылық деген бар. Алматы, Қостанай әкімдері осыны ескерсе, ел мен елдің арасын жақындатқан игі іс болады.
Башқұрт жерінің топырағын басып тұрып, сол елдің аса ірі тұлғасы, Салауаттың жалғасы Зәки аға Валвди Тоған туралы бірер сөз айтпау күнә сияқты.
Кеңес өкіметі алғаш орнаған кездің өзінде-ақ Зәки Башқұрт автономиясын талап етті. Мұны Лениннің өзі де құптаған сияқты еді. Ленин: «Башқұрттар ұлы орыстарға сенбейді, өйткені улы орыстар башқұрттарға қарағанда мәдениеттілеу, ал сол мәдениеттілігін башқұрттарды тонауға арнады. Сондықтан башқұрттар үшін орыстар «қанаушы», «тонаушы». Бұл бағамен келіспеуге болмайды, бұл зорлықпен күресу керек», — деді де, 1919 жылы 20-наурызда Башқұртстанға автономиялы азаттық беру туралы келісімге Ленин, Сталин, Валиди қол қойды. Арада он төрт ай өткен соң 1920 жылы 19-мамыр күні Ленин мен Сталин әлгі келісімнің күшін жойып, башқұрттарды қайтадан «улы орыстардың» табанына салып берді.
Сол 1920 жылы Зәки Ленинге жазған хатында: «Владимир Ильич, Шығыс халықтарына Орталықтың көзқарасы — шовинистердің көзқарасы. Түркістаннан Рысқұловты, Башқұртстаннан Валидиді зорлап кетірдіңіз — Шығыста жоқ таптық күресті жасанды түрде қоздырдыңыз. Сөйтіп ұлтшыл Рысқұлов пен Валидиді көшіру арқылы орыс шовинистеріне адал құл болар кадрларды ұлттар арасынан жасанды түрде өсіріп, солардың қолымен ұлттарды қанайтын көсеу жасадыңыз. Бірақ біліп қойыңыз, Владимир Ильич, осы құйтырқының құрбаны өзіңіз болып жүрмегейсіз», — деп қату ескертті.
Зәки сөйтіп шетелге шығып кетті. Түркияда тұрып, бүкіл дүние жүзі (әлбетте КСРО-дан басқа) таныған аса ірі ғалым болды.
Осыдан он жеті жыл бұрын барғанымда, башқұрт жазушылары мен ғалымдарын Зәки туралы әңгімеге тартқанымда жарытып ештеңе айтпап еді. Енді Зәкидің өз туындылары, Зәки туралы деректі кітаптар, романдар шыға бастапты.
Ақ Еділдің биік жартас басында астына пайғамбардың пырағындай қазанат мінген Салауат оңтүстік-батысқа қарап, әлдекімдерге қамшысын үйіріп тұр. Бұл заты осетин Сосланбек Тавасиевтің теңдессіз туындысы. Мен бір нәрсе білсем, Санкт-Петербургтегі «Мыс салт аттыдан» да құдіретті. Осетин Сосланбек башқұрт батырының аруағын асқақтатты. Башқұрт-татар Сәйфи Құдаш қазақ ақынының намысын қызғыштай қорғады. Егер әр елдің қайраткерлері бірін-бірі осылай құрмет тұтса, «ұлт-аралық қатынас» деген қиын түйін өзінен-өзі шешілер еді.
Уфа-Алматы.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі