немесе Асқар Ақаев пен оның елі туралы тойдан кейінгі толғаныс
Батыр Манас туралы дастанның мың жылдық тойына күннің Шығысы мен Батысынан мыңдаған адам қатысты. Тәңіртаудың бауырына халық сыймай кетті. Баяғы Көкетайдың асынан да асып түсті.
Мұны өз көзіміз көрді. Басқа айтса, сенбес едік.
Түркияның президенті Сүлеймен Демирелден бастап, Мұзды мұхиттың жағасында жатқан Саха-Якут бауырларымыздың өкілдеріне дейін келді. Саян тауының бауырында жатқан ұран-қай бауырлар. Мың-үйсін, Енесей бойында жатқан хақас-қырғыздар. Алтайдың аржағында жатқан монғолдар, оны айтасыз, Тынық мұхиттың аралында жатқан жапондарға дейін жиналды. Ресей Президентінің уәзірі катысты. Парижден ЮНЕСКО торағасы Федерико Майор. Қайсыбірін айтайық, мұхиттың ар-жағынан келгендер де көп.
Бішкек шаһардың ар жағында, Ала-Аршаның бер жағында «Манас ауылы» деген қала орнап, Манас ордасының төрінде Қазақстан Президент! Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан I Президенті Ислам Каримов, Түрікменстан Президенті Сапармұрат Ниязов, Әзірбайжан Президенті Гейдар Алиев, Түркия
Президент! Сүлеймен Демирел және Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев қол ұстасып қаз-қатар тұрған сәтінде Түрік әулетінің түгелденген кезі көз алдымызға келді. Бұлар біртүтас тұрғанда Еренқабырғалы Аспантау асқақтап кеткендей болды.
Бұл — Манас дәуірінен бері келе жатқан асыл арман. Аз ғана қырғыздарға қара қытай бір жағынан, қалмақтар бір жағынан, мәнжулер үшінші жағынан жармасып, жауласып жатқанда, Манас:
— Түрік туған, қайдасың? — деп жар салып, түрік баласының біріккенін армандамаушы ма еді?
Міне, сол сәт!
Манасқа жетер ер қайда? Таласқа жетер жер қайда? Манас пен Талас егіз ұғым. Келесі күнгі той Таласта ұласты. Қырғыздың Таласы. Казактың Таласы ылдида.
Қасиетті Талас Манастың мекені, күмбезіне дейін осында, шыңына дейін осында. Сол Манас шынының бауырында туған Шыңғыстың (Айтматов) ауылы да осында...
Бұл ел Қазақстанның Жамбыл облысымен шектеседі. Әулие-аталықтар бұл тойға жүз жетпіс үй әкеліп тікті. Мейман болып келген жоқ, ұлы тойдың қызметшісі, қонақ күтушісі болып келді. Аяқтарынан тік тұрып қызмет қылды.
Баяғы Көкетайдың асында да дәл осылай болған. Қазақ-қырғыз бір туған деп, бірінің қызметін бірі атқарып, бірінің жырын бірі жырлаған.
Бұл қазақ пен қырғыздардың бір туғандығы туралы осы тойда Президент Асқар Ақаев тебіреніп, толғанып талай рет айтты.
Қырғыздың Президентін бұрын теледидардан көріп, естіп жүрсем, енді бетпе-бет кездесіп, сөзін таяудан естідім. Көріп-білдім де: «Бұл адам иман ұялаған, аруақ қонған, текті кісі екен» деп түйдім. Жүріс-тұрысынан ерекше екпін, қол алысып, амандасуынан буырқанған күш және риясыз ақ көңіл, адал әрі әділет иесінің мінезін танығандайсың. Дидарынан даналық лебін сезгендейсің.
Білімі зор ғалым, ақылы мол парасатты жан. Мұндай адамдар мансап қорлар емес. Өйткені өзіне-өзі сенімді келеді. Таққа таласпаса да дәрежесінен таймайтынын, тектіліктен танбайтынын біледі. Кейбіреу болады: лауазымнан айырылған күні лай -батпаққа отырып қалады. Неге? Негізі таяз, құны аз.
Ал, халыққа осылардың қайсысы пайдалы? Әрине, алғашқысы. Өйткені ол мансап үшін емес, халыққа жақсылық жасау үшін әрекет қылады. Оныкі —шын ықылас, шын пейіл. Ақылына — адамгершілігін, білімін, тектілігін жалғайды. Жамандыққа, жалғандыққа, жалмауыз қаталдыққа бармайды.
Қазіргідей қилы-қилы кезеңде мемлекет басқармақ оңай ма? Ай, қиынның қиыны шығар. Сонда да билікке таласып, халыққа қап-қап уәде бергіштер табылады. «Ханның өтірік айтқаны — өлгені» деген бар. Оны ойлап жатпайды. Хан болдың екен, ер Манасша азған елді асыра, тозған елді тойындыр.
Манас Манас болғанға дейін халқының басы бірікпепті. Іштерінен іріпті. Ынтымағы бұзылыпты. Бак қашып, пейіл тозыпты. Ақылманның. сөзін ардактамай, бұзықтардың азғырғанына еріпті. Үлкенді кіші сыйламай, бала әкесін ұқпай, қатын ерін қастерлемеді. Тәңіріні танымай кетіпті. Ондай жұрттан қайрат, иман, қасиет, күш кетеді. Ақылды басшысын ардақтамай, дұшпанды қолтыққа кіргізіп алыпты.
Манас дастанының айтуынша, осындай да жағдай болыпты. Қарақытай жаулап алып, беті шырайлы қыз-келіншектерін күң етіп, өз тілінде сөйлеген қырғыздың тілін кесіп, құл етіп, қолына шеге қағыпты. Осындай да жағдай болыпты. Сөйткен елдің жауын жайратып, тоз-тоз болып биік-биік таулардың қуысында, бір Тәңірдің уысында шашырап жүрген қырғыздардың басын қосып, ел қылған Манас. Исі түркі баласын бауырластырып, білекке білек, тілекке тілек қосып, дұшпандарын жер қылған Манас.
Ал енді сол заман мен бұл заманның ұқсастығы бар ма? Өз бетімен кетсін, қарақытай, жоңғар жаулап жатқан жоқ. Қырғыз деген — іргелі ел, дербес мемлекет. Әлем жұртшылығы алдында беделсіз де емес. Әлем рухани қазынасына «Манас» сынды теңдессіз жауһарият қосқан ел елеусіз болар ма еді?!
Бірақ дегенмен, дегенмен... Ақ түйенің қарны жарылып жатқан жоқ. Кешегі социализмнен шегіншектеп, нарық дей ме, базар дей ме, турасын айтқанда, капитализмге өту дәуірінде қай елге болса да оңай соғып, жеңіл тиіп жатқан жоқ.
«Өз күніңді өзің көр» деген уран шығып тұрғанда, мінез-құлық, психология күрт өзгереді екен. Қырғызда ондай өзгеріс жоқ па? Бар шығар-ау, имансыздар, ұры-қарылар, алдап-арбаушылар, халықтың дәулетіне суық қол салушылар бұл елде де бар шығар-ау.
Оны қалай бұғалықтау керек?
Асқар Ақаевтың бір даналығы — Ақсақалдар сотын құруы. Ауылдан шыққан, ақымақ елден шыққан есерсоқ болса, оны өкіметтің сотымен соттамай-ақ, Ақсақалдар талқысына сал. Қисық ағашты қалай түзетер екен?
Қазіргі коғамда күштілер мен әлсіздердің ара жігі айқындала түсті. Күштілер әлсіздерді қорламауы керек. Қоғамның денсаулығы бәрінен де қымбат.
Асқар Ақаев заңды жетілдіріп, сот реформасын оңдауға көп күш салды. Адамды адам қорлап, зорлау бар жерде — демократия дегеніңіз бос сөз.
Асқар Ақаевтың тағы бір даналығы — өлген бұзаудың тұлыбына қарап мөңіреп отырып алмай, ұлттық ақшаны айналымға ерте бастан ендіріп жіберді. Нәтижесі он болды. Қырғыздың сомы салмақты. О басында АҚШ-тың 1 доллары 4 сом болса, қазір 1 доллар — 10,60 сом. Бұл дегеніңіз кісі қызығарлық тұрақтылық. Бүкіл ТМД елдерінде сом өте сыйлы.
Ал Қырғыз елі кен байлығы жағынан, жер байлығы жағынан шекесі шылқылдаған алпауыт емес. Жері де шағын, кені де шағын. Сонда сом неге күшті болды?
Сірә, қазанының қақпағы мұқият жабулы шығар. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді. Қазына тоналады. Халықтың аузындағы ырыс-құтын жырып алады.
Мұндай ұры-қары, коррупция Қырғызстанда мүлде жоқ, адамдары шетінен періште деп айта алмаймыз. Байқап тұрсақ, коррупция, қазына тонау, парақорлық, салықтан қашу, алдау-арбау, т.б. пәле-пәтір мұнда да бар екен. Тіпті шетелдерден келген қайырымдылық көмек заттарын да тонап, талап қойған имансыздар мұнда да кездеседі екен.
Сондықтан да Президент Асқар Ақаев осы жылғы жазда болған бүкіл республикалық үлкен жиналыста:
—Тоқтат! Қолыңды тарт, найсаптар! Тым болмаса құдайдан қорықсаңдаршы! Манастың аруағы атады сендерді, — деп үкімет ішіндегі жегіштерге, қорқауларды қорғаштайтын заң басшыларына қаһарлана қатты ескертті. Халыққа, республикаға жаны ашып, қаны қарайған адамның сөзі. Әйтпесе, қыз мінезді кісі сияқты еді.
Міне, осындай қатал да әділ талаптың аркасында қазына қазанының қақпағы бекулі болар.
Ал ендігі берекенің бір парасы — шетелдерден алған несиені қожыратпай, пышыратпай, ұрлатпай ұқыпты пайдалану. Тиынына дейін тіркеп, сол тиын қайда кетті, кімге берілді, не мақсатқа жұмсалды — бәрін бақылап отырғанға не жетсін! Мысалы, Бішкекте салынып жатқан «Ақ кеме» мейманханасының құрылысына АҚШ-тан алған 8,7 млн. доллар жұмсалады. Тоқмақта салынатын былғары зауытқа АҚШ-тың 32 млн. доллар несиесі жаратылмақ.
Міне, осылай кете береді. Және мұның бәрі жариялы. Өйткені, кімнен қанша несие алынды, ол қандай мақсатқа жұмсалды — мұның бәрін халық біліп отыруға тиіс. Әйтпесе, несие деген мойынға түскен қыл арқан. Бүгін төлеп құтылмасаң, ертең балаңның мойнына ілінеді. Болашағын қарызға батырып кеткен коғам арсыз қоғам.
Президент Асқар Ақаев мұны жақсы түсінеді, жадынан бір сәт шығармайды. Бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың қарғысына қалғысы келмейді.
Қырғыз ағайын мінез-құлқы, салт-санасы, әдет-ғұрпы жағынан бізге өте-мөте жақын ғой. Жақсы жағынан да, жаман жағынан да. Жаман жағы деп жершілдікті, рушылдықты, тырайып қалғыр трайбализмді айтады. Біздегісі белгілі, ал қырғыздарда ше?
Бұларда рушылдықтан гөрі жершілдіктің «жеңіл тұмауы» бар-ау деймін. «Оңтүстік», «солтүстік» болып бөлінетін сыңайлы. Осындай «тұмаудың» салдарынан республика жарты жылдай парламентсіз қалды.
Сондықтан да Асқар Ақаев Манас идеясын жандандырып, оны ұлттық идеяға айналдыруды ойлады. «Манас» дастанының мың жылдығы баяғыда-ақ тойлануы тиіс еді. Әр түрлі себептермен созылып келді. Кейбіреулер Манастан жау іздемекші де болды. Әйтеуір, сәті түспей келді. Манас тойын өткізу үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманды қашанғы күтіп отырарсың. Нартәуекелге бел буған Асқар Ақаев және оның сенімді серіктері болды. «Уайым түбі тұңғиық — батасың да кетесің. Тәуекел түбі желқайық — өтесің де кетесің».
Өтті де кетті! Және қалай өтті!
Ал Манас идеясы қалды!
Ұлттық идея қалыптасты.
Ол деген — бірлік, туыстық, татулық.
Ұлттық мемлекет іргесі, тұғыртасы бекіді.
Манас жаман дегендердің талайының аузы қисайып кеткен кезінде. Манасты пір тұтпайтын қырғыз жоқ. Пір тұтады екен, ендеше Манас идеясын әрбір қырғыз құрандай көреді, имандай сенеді. Ендеше әрбір қырғыз «Қырғыз Республикасы» деген жас мемлекеттің саулығын сақтап, тұтастығын тілеп, алау туын биік ұстайды. Оңтүстігі болсын, солтүстігі болсын, Манас байрағының түбінен табылады.
Манас идеясы — ұлттық идея, ұлттық-мемлекеттік идеология осылай қалыптасып, қырғыз Рухын Алатаудай асқақтатып жіберді. Мұндай рухқа ие болған халық өзара ырың-жырың алты бақан алауыздыққа бармайды. Рухы биіктің — мақсаты да биік.
Мына қиын-қыстау заманда «Манас» дастанының мың жылдық ұлан-асыр тойын өткізіп, Манас идеясын, Манас рухын — ұлттық рухқа дейін көтеріп, түйінді істің тетігін тапқан Президент Асқар Ақаев және оның ниеттес, тілектес достары.
Ал енді сондай Президенттің қастары бар ма?
«Қара қылды қақ жарып отырсаң да кетеді, біреу мақтап, біреу даттап» деген көне сөз бар. Жұрттың бәріне жүз пайыз ұнау мүмкін емес. Асқар Ақаевтың қастары, яғни дұшпандары болмас, бірақ қарсыластары бар.
Ондайларға Асқар Ақаев:
— Азат болғың келсе, Азамат бол! — дейді. Яғни, азамат болмай, жік-жікке бөлініп, билікке таласып жүргенінде азаттықтан айырылып қалу оп-оңай.
— Мәңгілік ештеңе жоқ. Аспан астындағының бәрі өзгереді. Бетеге кетіп бел қалады, бектер кетіп ел қалады. Ендеше билікке таласу бекершілік, — дейді Президент Асқар Ақаев.
Бұл қағиданы осыдан мың жыл бұрын Манас айтып кеткен.
1995 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі