Осы кыркүйектің 10-12-сі арасында Ташкент шаһарында Мұхтар Әуезов күндері өткізілді.
Ташкентте өткен жылдар Мұхтар өміріндегі ең бір қызықты да қымбат жылдар.
1922-23 жылдарда Ташкентке жалғыз Мұхтар Әуезов емес, Алашорда көсемдерінің көбі, қазақ зиялылары жиналды. Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұханбетов, Жаһаншах Досмұханбетов...
Өзінен-өзі сұрақ туады: неге Ташкентке жиналды? Осы жерде олар оқу оқып, кызмет істеп, шығармашылық шабыт тауып, құлашын жазып, еркін жүріп-тұрғаны қалай? Олар неге мұндай мүмкіндікті Қазақстаннан таппады?
Кеңес өкіметінің бірінші жылдарында Түркістан Республикасын шовинист большевиктер Тоболин, Успенский, Казаков сияқтылар басқарды. 1919 жылы Лениннің жолдамасымен Мәскеуден «Түріккомиссия» келді. Оның кұрамында Фрунзе, Құйбышев, Элиава, Голощекин, Бокий сияқтылар бар еді.
Өкімет билігі түркістандық байырғы түрік нәсілдестерге тие қоймады.
Бұл жөнінде Тұрар Рысқұлов Ленинге: бұрын Түркістанды ақ патша генерал-губернаторлары билесе, енді мына Кеңес өкіметі жариялаған Түркістанды қызыл генерал-губернаторлар басқарып отыр. Ешқандай айырмашылық жоқ деп жазды.
Сөйтіп бұл кезеңде Түркістандағы түрік халықтары әм тәжіктер сол баяғы отаршылдық, құлдық қалпында қала берді.
Тек 1920-жылдың басында Тұрар Рысқұлов Түркістан Атқару Комитетінің Торағасы (Президенті) болып, аса басым дауыспен сайланды.
1922-23 жылдары ол Түркістан Үкіметін басқарды. Бұл кезеңде Үкімет құрамында Санжар Аспандияров, Нәзір Төрекұлов, Сұлтанбек Хожанов, Сағдулла Тұрсынхожаев, Низамеддан Хожаев, Қайғысыз Атабаев сынды түркістандықтар болды.
Жиырмасыншы жылдың басында-ақ Тұрар Рысқұлов және оның жақтастары Түрік Республикасын жариялады. Түрік Республикасын Ресей Федерациясының құрамында бола тұрып, өзінің айрықша егеменділігін сақтасын; өз ақшасы болсын, өз әскері болсын; шетелдермен тікелей байланыс жасайтын мүмкіндігі болсын деді. Түркістандықтар үшін ортақ алфавит жасамақшы еді.
Бірақ оны Мәскеу құп көрмеді.
Бәрібір әрекет іске аспағанмен, идея қалды.
Осы идея жағында Ташкентке жиналған казак зиялылары да болды. Жас Мұхтар осы идеямен қаруланғандардың біреуі.
Тұрар мен Мұхтардың идеялас-туыс, жақындығы, достығы туралы мұхтартанушылар көп айта бермейді. Бекер-ақ. Осы туыстықтың арқасында дүниеге «Қараш-Қараш», «Қилы заман» сынды асыл шығармалар туғанын айтуға келгенде әдебиет тарихшылары күмілжіп қалады. Бәлкім, зерттелуі кем шығар. Оған арада өткен небір зұлмат жылдар да кінәлі болар. Бірақ түбінде ақиқаты ашылары хақ. Алтын кездік қап түбінде қашанғы жата берер дейсің.
Мына азаттық алған соңғы жылдарда Орталық Азиядағы үш мемлекет басшылары: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Президенттері қайта-қайта бас қосып, жеке-жеке тәуелсіз мемлекеттер бола тұра, туыстық бірлестіктің жолдарын іздестіріп жүргендері байқалады. Әрине, бұл бір мемлекет болайық деген ниет емес.
Бірақ саяси, экономикалық, мәдениет, руханият жағынан бірлестіктің пайдасы шаш-етектен екені даусыз шындық. Мысалы, осы үш мемлекеттің ортақ ақшасы болғаннан халықтар пайда көрмесе, зиян шекпейді. Қазір Өзбекстанға бара қалсақ, Қазақстанның теңгесі өтпейді. Доллар айырбастауға, казак теңгесін өзбек сомына айырбастауға тиым салынған. Содан барып, «қара базардың» айласы қарастырылады. Сөйтемін деп біздің бір жігітіміз Алай базарында колға да түсіп қалып, әрең құтылды.
Әскер бірлестігі қажет. Бірлескен қарулы күш әрдайым әлуетті. Осы күндері Қазақстанның оңтүстігінде, Өзбекстан шекарасында өтіп жатқан бірлескен әскери жаттығулар өз нәтижесін беріп те қалар.
Қанша айтқанмен, дүние кейпіне қарасаңыз, алапат болып жатқан жерлер аз емес. Алысқа бармай-ақ, іргеміздегі Ауғанстан, Тәжікстандағы жанжалдар да жеткілікті. Ой, ол бізден алыста ғой деп жайбарақат жантайып жатудың жөні жоқ. Үлкен өрттің шоғы алысқа шашырайды. Құдай сақтансаң сақтайды.
Ақ империя, қызыл империя түрік тілдес халықтардың жігін ажыратудың неше бір құйтырқы жолдарын ойлап тапқан.
Соның бірі алфавит. Өзбекпен жүзбе-жүз сөйлессе, бәрі түсінікті. Ал енді газетін алып қарасаң, ежіктеп оқып әрең түсінесің.
Қазір өзбектер бірте-бірте латын әрпіне көшіп жатыр. Бірінші сыныптан бастап мектептерде кириллицамен қатар латын алфавитіне машықтандырады. Көшелері тола өзбек тілінде латынша жазулар.
Ал енді осы бастан осы түрік тілдестер, олардың аса білімді ғылымдары бірлесіп латынның өзін ортақ жасамаса, тағы да шөре-шөре, бір-бірімізді оқи алмайтын, түсінбейтін халде қаламыз.
Төбелес неден шығады? Адамдар бір-бірін түсінбеуден шығады. Түрік тілдестер бірін-бірі қазір түсінбей, әлдеқалай төбелессе, біздің ұрпақтарымыз бірін-бірі өлтіруге дейін барады. Құдай оның бетін аулақ қылсын. Ендеше бірліктің қамы осы бастан қалануы қажет.
Қазіргі жағдайда туысқан үш мемлекет: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан шекараларындағы кедендер үш Президент келіскендегіден өзгешелеу. Майда шенеуніктер құлқын қамымен шекара кеден шешуін қиындатып, шиеленістіріп қойғандай. Шекарадағы ұсақ-түйек кикілжіңдер — осылардың әрекеті. Әрине, әр мемлекет өз мүддесін қорғайды. Әйткенмен, бұрынғылар айтқандай, шекараңды таспен қоршама, доспен қорша. Ал бізге дос деген ұғым аз, біз туыспыз ғой. Дос дегенің бүгін дос, ертең кім біледі...
Сондықтан туысқандық сезімді оята берген лазым. Бұл жолда мәдениет, әдебиет, өнер, ғылым байланыстары үлкен қызмет атқарар еді. Сондықтан да 1995 жылы президенттер Ислам Каримовтың, Нұрсұлтан Назарбаевтың, Асқар Ақаевтың қолдауымен, жазушы Шыңғыс Айтматовтың бастауымен «Түркістан — ортақ үйіміз» атты Ассамблеяны қаржыландыру жөніндегі өз міндеттемелерін созбаққа салмай орындаса, бұл ұйым түрік тілдестер мен Түркістан аймағын мекендейтін басқа ұлттар мен ұлыстардың аса иманды бесігіне айналмақ. Мақсаты зор, мүддесі биік.
Соңғы жылдары мәдени, әдеби байланыстарымыздың қожырап кеткені рас. Бұрын Мұхтар Әуезов, Айбек, Сәбит Мұқанов, Ғафур Ғұлам, Әбділда Тәжібаев, Мир темір, Сайд Ахмад, Асқар Сүлеймен сынды жазушылар бір-бірімен таныс жолдас қана емес, дос-бауыр болса, қазір мыналар бар деп атау қиын.
Тіпті бір-бірімізде не болып жатқанынан бейхабармыз. Мысалы, қырғыздың атақты жазушысы Түгелбай Сыдықбековтың, езбектің аяулы ақыны Зұлфияның дүниеден өтіп кеткенін де естімей, білмей қалыппыз.
Қуанышына ортақтаспаса, қайғысына күйінбесе, несі дос, несі туыс. Міне, бұл ретте аталған Ассамблея Түркістан тұтастығына алда талай қызмет атқарар деп әлі де үміттенеміз.
Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына жиналған алқалы жиындарда да осы мәселе көп айтылды. Онда, Өзбекстан Жазушылар одағының райысы, ақын Абдолла Арипов, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Өмірзақ Өзбеков, «Түркістан — ортақ үйіміз» Ассамблеясының вице-президенті Адыл Якуб, мұхтартанудағы аса ірі ғалым Мекемтас Мырзахметов, жазушы Пірімқұл Қадыров, ғалымдар Изат Сұлтанов, Ләзиз Каюмов, Қалдыбек Сейданов т.б. мазмұнды, маңызды сөздер айтты.
Мекемтастың баяндауы бойынша, Мұхтар Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағы дайындалған. Оның ішінде 15 томы бір Абайдың өзі туралы ғана. 6-7 томы — хаттар.
Хаттар демекші, Ташкент тұрғыны С. Қарабаев деген азамат өзінің қолында Мұхтар Әуезовтің 200-ден астам хаттары бар екенін мәлімдеді. Оның бәрі Ғайнижамал есімді әйелге арналғаны белгілі болды. Бұл хаттар жариялана қалса, халық сүйсініп оқитын талай-талай тарих беті ашылмақ.
«Өзбекстанда не жаңалық?» — дегенде, біздің алдымызда ғана Самарқанда «Шығыс әуендері» атты халықаралық музыка фестивалі болып өтіпті. Алматыда жылма-жыл өтетін «Азия дауысы» фестивалінен айырмашылығы — мұнда шынайы Шығыс әуезі салтанат кұрады екен. «Азия дауысы» шын мәнінде Азия дауысы емес, көбінесе ойдан-қырдан жиналған, Азияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, халықтық, ұлттық реңкі белгісіз әлденелер қаптап кетсе, Самарқан фестивалі халық құрметіне бөленген екен.
Бухара мен Хиуа шаһарларының 2500 жылдығын тойлауға түбегейлі дайындық қызу жүріп жатыр.
Республика бірінші кезекте өз өндірісін өркендетуге күш салған. Ұлттық байлықты қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қазан аузын қақпақсыз қалдырмай, тап-тұйнақтай бекем отыр.
Жемқорлық, парақорлық пен ұрлық-қарлыққа қарсы күрес ұтымды жүйесін тапқан. Бұл дерт әсіресе үкімет шенеуніктеріне жұқпалы ауру болып тараса — мемлекеттіктің, бостандықтың, тәуелсіздіктің өзіне қауіп төнері белгілі. Осыны өзбектер жете сезінген. Сондықтан да Заң қатаң бақыланған.
Ташкенттегі Мұхтар Әуезов күндері сәтті етті деуге болады. Өзбек халқы Мұхтарды өз ұлындай сүйіп, қастерлеп, қадірлейтініне көзіміз жетті.
Ташкент шаһары. 1998 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі