Адамның айтқаны болмайды...
Алдында Арабстанға бармақшы едім. Бір жақсы інім қажылыққа барғандар туралы очерк жазып кайтыңыз деп кеңес берген.
Дін Мұсылман әлемін біле түскен өзіме пайдалы, көргенімді-білгенімді жақсылап жазып, газетке бастырсам, көпке пайдалы деп шамалағанмын.
Мүмкін керегі болып қалар, денсаулығым туралы бір жапырақ қағаз ала салайын деп дәрігерім Ғалия Сәлімгерей қызына бармаймын ба...
Барып, осылай да осылай, құдай ондап, Мекке-Мәдинеге жолым түсіп түр, барыс-келіс, ішім-жем, жатын орын бәрі тегін деп мақтаныңқырап сөйлесем керек. «Е, жақсы бопты, барып қайтыңыз» деген сөзден дәмелімін. Бірақ дәрігерім оны айтуға асықпады.
Меккеге бара салу — Алматы түбіндегі Талғарға бара салғандай оңайлады. Баяғыда Құдайға, мұсылмандыққа шын берілгендер қасиетті мекенге айлап-жылдап, азап аралдарынан өтіп жетеді екен. Енді айналасы төрт-бес сағатта, бір ет пісірім шамасында аспандатып, әуелетіп қона кетесіз. Рахат.
Мен осылай ойлап жатқанда, кардиограмма деген аппарат менің жүрегіммен тілдесіп, тамыр-тамырын тексеріп үлгеріпті.
Дәрігерім: «Ешқайда бармайсыз, қазір емханаға жатасыз», — деді.
Адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады.
Әуежайдағы жабайы үйректер
Арабстанға баруға жарамайды деген жүрек Америкаға баруға қалай шыдамақ?
Бірақ Жазушылар одағындағы жігіттер бұл жолы өте пысық шығып, әбжілдік танытты. Визаны да тез алды, шыптаны да тез тапты.
Не керек, әйтті-бүйтті, бір топ ақын-жазушыларды шон ұшаққа салды да жіберді.
Топтың ақсақалы — Әбдіжәміл Нұрпейісов. Інілері — Әкім Тарази, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғали, Ұлықбек Есдәулет, Мереке Құлқең және мен.
Бастығымыз Нұрлан Оразалин және ақын Бақытжан Қанапиянов екеуі Мұхтар Әуезов тойын тойлап Мәскеуде жүр. Олар бізге Вашингтонда бір-ақ қосылмақ.
Қайда, не шаруаға бара жатырсыңдар ұбап-шұбап деген сұрақ сұранып тұр ғой.
АҚШ-қа бара жатырмыз. Мұхиттың ар жағы, Жердің арғы беті. Шақыртушы — «Вашингтон пост» қоры.
Мақсат — Азия жазушыларының конференциясы. Осы арасы түсініксіздеу. Азияда жер жетпегендей Азия жазушылары конференцияны неге Жердің арғы бетіне барып өткізуі керек?
Мейлі. Бара көрерміз.
Ұшақ ішіндегі телеэкраннан «Боинг» ұшып өткен жол қызыл сызық болып қалып бара жатыр. Әне, Балқаштың батыс пұшпағын басып ұштық. Жезқазған тұсынан өтіп бара жатырмыз...
Жүрегімді сипалап қоямын. Әзірге тыныш. Жолға шыққанда жолдастарың болғаны жақсы. Медет.
Әзіл-қалжың, әңгімемен уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей қаласын.
Бір кезде радио: «Алдымызда — Амстердам, Голландияның астанасы. Орындарыңызға отырып, белдіктеріңізді таңып алыңыздар»,-деді.
Дөңгелек терезеден төмен қараймыз. Ұшақ ылдилап келе жатыр. Жерге жақындаған сайын жер бедері анықталып, жап-жасыл әлем жарқырай берді.
Ұшақ жерге қонарда ирандықтар болса, бәрі қосылып:
«Алла! Алла!» — деп айқайлар еді.
Біз болсақ, Аллаға ішімізден сыйынамыз.
Амстердам аэропорты жұп-жұмсақ екен, шоң ұшақ жеп-жеңіл қонды.
Бірінші көзім шалғаны — әуежайды көмкерген жасыл орман, одан бері көгілдір көлшік. Көлде жүзіп жүрген көкала үйректер. Сұрастырсам: жабайы үйректер екен.
Сонда осы көктемде Билі көлде болғаным есіме түсті. Балық аулай барғанбыз. Көлдің жағасындағы қамыстың арасынан тарс-тұрс атылған мылтық даусы құлақ тұндырған.
Алыстан, бәлкім, Африкадан арып-ашып қанаттарын талдырып, аңсап жеткен Билі көліне енді келіп қонғанда, сол жануарды жан ашып қарсы алған түріміз әлгіндей.
Ал мына Голландияңызда жабайы үйректің өзі асыранды сияқты, ешкімнен үрікпейді, қорықпайды.
Аң-құс та аялағанды сүйеді. Біздің қатыгездігімізден безіп, жүгірген аң, ұшқан құс аялы алақандар ауылына ауып кетпесе неғылсын...
Алматыда өмір сүріп жатсақта, біз қазір сол Алматыда Голландияның сүтін ішіп, майын, сыр-ірімшігін жеп жүрміз. Голдандияның жыл он екі ай гүлдейтін қызғалдағы дүниенің түкпір-түкпірінде сатылады.
Қазақстанның сиырлары суалған ба, қысыр ма— таң қаламын.
Алматы мен Амстердам арасы жеті сағаттық жол.
Елдестірмек елшіден
Амстердам әуежайынан көтеріле бере-ақ Атлант мұхитының құзырына құлшылық етесің. Адам баласына тек құдайға ғана құлшылық ету жарасады. Құранда да, хадистерде де солай жазылған.
Бірақ небары пенде болған соң ұмытып кете бересің, өзіңнен күштіге, өзіңнен зорға, бай -патшаларға қол қусырып, қошемет қыласың. Баяғы Көк Бөрінің ұрпағы екеніміз есімізде жоқ. Жалтақтаймыз, жалпаңдаймыз.
Көк Бөрі болса тек Құдайға ғана бағынған, соған ғана арыз-мұңын шаққан. Басқа ешкімге бас иген емес. Адамдар бөріні ит сияқты колға үйретпек болды, арыстан, жолбарыс, аю сияқты циркте көрерменге күлкі етіп қоймақшы болды.
Көк Бөрі көнбеді.
Ал біз көнімпазбыз...
Атлант мұхитының үстінде жаныңды көк шүберекке түйіп бір Құдайдың қолына тапсырып, сегіз сағат шамасы ұшасың. Осыдан табаным қара жерге бір тисе Жеті нан құдайы деп Жасағанға жалбарынасың.
Ал қара жерге табаны тигені сол-ақ екен, адамдар аласұрып алға қарай тұра-тұра жүгіреді. Кеденнің кезегіне тұру керек, шекарашылардың тексеруінен өту керек, тағысын тағылар.
Біз де жан-жағымызға алақ-жұлақ қарап келе жатқанымызда алдымыздан шыққан қараторы сырбаз жігіт көзімізге Айдай болып көрінді. Қуанып кеттік.
Бұл — Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі Болат Нұрғалиев бауырымыз еді. Бәрімізді ешқандай кеденсіз, кедергісіз өзі бастап, жүгімізге дейін өзі және көмекші жігіттері көтерісіп, әуежайдан аман-есен алып шықты.
Бізбен бірге келе жатқан ақ қалпақты үш қырғыз бар еді, бізге қосылып өтіп кетпекші еді, күні бұрын дайындаған тізімде аттары жоқ болғандықтан, амал нешік, жалпы тобырмен бірге қалып қойды.
Мейманханаға жайғастырып болғаннан кейін, елші бізді елшілікке шайға шақырды.
Вашингтон жалпы курорт қала сияқты. Ал Қазақстан мемлекетінің елшілігі тыныш қана бір жұмақ бағы сияқты жерге орналасқан екен.
Қақ маңдайда көк Туымыз желбіреп тұр.
Кеңес Одағының кезінде АҚШ-та бір рет болғаным бар. Бірақ онда Қазақстанның елшілігі де, көк Байрағы да жоқ еді.
Мемлекеттік Тудың қасиетін елде жүргенде аса біле бермейсің. Ал шетелде көрсең, Көк Туымыз айбынды болып, асқақтап көрінеді. Тәубе, тәубе дейсің. Көк Байрағым, жайнай бер, желбірей бер деп тілейсің.
Міне, бұл Америкадағы Қазақстанның бір пұшпағы. Бұл өз үйіміз.
Елші Болат Нұрғалиев — маман дипломат. Бұрын Қазақстанның Үндістандағы, Пәкістандағы елшіліктерінде жауапты қызметте болған. Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.
Енді міне, АҚШ сияқты аса ірі алпауыт елдегі елшіміз. Бұл биік мәртебе.
Сол биік дәрежесімен-ақ ол бізге жүгіріп жүріп кызмет қылды.
Ұлық болсаң — кішік бол!
Шетелде сен кімсің?
Қазақстаннан аттанып, шетелге шығатын біздің елдің әрбір .азаматы өзіне-өзі осындай сұрақ қойғаны абзал.
Шетелде мен кіммін?
Шетелге барып: «Мен — Шерхан Мұртазамын», — деп айқайлайсам, мынау жынды екен дейді. Шетелде сені әуелі ешкім де білмейді. Шетел үшін сен ең алдымен Қазақстансың! Қолындағы көк төлқұжат сені ең алдымен ҚАЗАҚСТАН деп таныстырады. Содан кейін барып Сексенбай, Тоқсанбайсың. Алдымен еліңнің намысын қорға.
Құдай сыйлағанда, кейбір азаматтарымыз осыны ойлап жатпайды. Оларда мемлекеттік, ұлттық намыс деген оянбаған. «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-қа оқуға келген кейбір жастарымыз казак, Қазақстан деген есімдерді ұятқа қалдырды.
Бірақ бәрі емес!
Біз барған шәкірттердің ұстазы профессор Дэвидсон солай дейді.
АҚШ-та оқып жүрген Қазақстан жастарының ішінде талантты студенттер көп дейді. Олар оқу бітіргенде мұндағы ұстаздары олармен жылап қоштасады дейді. Міне, бұлар ҚАЗАҚСТАН деген атқа лайық.
— Мен министр Жұрыновты білуші едім, — дейді профессор Дэвидсон. — Жақсы кісі...
Жақсы кісі болса, әлгі ел намысын, ұлт намысын ойламағандар оның обалына қалды.
Америкадағы кездесулер
Кеңес Одағы ыдырағалы бері бұрын Мәскеуде, Киевте, Қазанда, Уфада, Ташкентте, Бакуде түрлі жиындарда кездесе беретін қаламдас достарды бұл күнде көруден қалдық қой. Олармен көрісіп, дидарласу үшін Америкаға бару керек пе...
Қазаннан Рафаэль Мұстафин, Уфадан Рауль Бикбай, Таулы Алтайдан Борантай келіпті. Моңғолиядан — Құлан қыз келіпті. Борантай айтты: «Қосағаштан Қазақстанға көшкен қазақтар кайтып келіп жатыр»,— деді. Ақын Құлан қыз: «Бізден көшкен қазақтар қайтып жатыр. Сонда Қазақстанда жағдай өте нашар ма?» — деп сұрады.
Қылышқа балаған қызыл тіл осындайда амалсыз байланады...
Біздің тәуелсіз теледидарлар толайым көрсетіп жатқан неше түрлі американдық сұмдықтар өз отанында қандай екен деп, телесандықтың каналдарын қатарынан қайта-қайта тізіп шығамын. Біздегідей көргенсіз көріністер мұнда жоқ. Америка ондайды көре-көре жеріген. Енді телесаудагерлер неше алуан имансыздықты бізге аунатып салған.
Адам санасын улайтын ұсқынсыз сұмдықтар мен сиықсыз секс көрсеткенді демократия деп танитын бұзықтар қит етсе: «Сөз бостандығы! Демократия!» — деп өңештері үзілгенше бай-баламдайды. Бостандық, Азаттық— имансыздықты уағыздау емес қой.
Шығыс пен Батыс біріге ме?
Жердің арғы бетінен біз арнайы келген конференция да ашылды. Төрде — жеті-сегіз кісі.
Азияның әр түкпірінен үш жүзден аса жазушы.
Жанында — әйелі мен баласы, Доктор Рубенштейн.
Жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты — Дерик Уолкотт.
Тағы басқалар.
Доктор Рубенштейн дүниежүзілік бірлестік керек деді. Шығыс пен Батыс — біртүтас деді.
Алдағы заманда Азия мәдениеті алға шығады. Оған себепкер дінбасы Мун болады деді.
Сонда Мун кім болды?
Ұлты — корей. Өмірдің талай талқысынан өткен, Ким Ир Сенмен кездескен. Түрмеде де отырған. Горбачевпен жолыққан...
Қырық жасында үйленген. Он үш баласы, он тоғыз немересі бар. Америкаға келіп байыған. Көптеген газеттердің қожасы, ішіндегі ең ірісі — «Вашингтон пост».
Мун — жаңа діннің көсемі. Ол дін құдайдың жалғыздығын мойындайды. Адам-ата мен Хауа-ананы қатты айыптайды. Иисус Христосты (Иса) да қаламайды. Оны үйленбеген, отбасы болмаған, баласы жоқ кубас санайды. Өзін Иисусқа қарсы қояды.
Мен бір ерекше адаммын, — дейді Мун. — Дүние-әлемнің тірегі — отбасы дейді. Дүниеге нағыз ерлер мен нағыз әйелдер керек. Дүние солар арқылы, отбасы арқылы тазарады.
Ал жазушылар болса, сол отбасының құдіреттілігін уағыздай алатын адамдар. Әдебиет адамдары тіпті мемлекет белгілеп қойған шектен аттап өте алады. Бүкіл әлем әдебиет қайраткерлері біріксе — әлем апаттан аман қалады.
Ендігі дүние шыншыл болуы үшін таза Махаббат, Адамзатқа тазару қажет.
Не керек, сөйтіп дүниені жаңа дін түземек, жаңа дін әзәзілмен арпалыспақ. Өйтпесе қазір дүниені Әзәзіл билеп тұр.
Дінбасы Мун айтқан ұзақ уағыздың негізгі сөлі осындай. Оның діні дүние жүзіне тарап жатқан көрінеді. Соның ішінде Қазақстан да бар-ау, сірә.
Конференцияда казактардан Әбдіжәміл Нұрпейісов сөйледі. оның әсерлі сөзі Қазақстан баспасөзінде тұтас жарияланатын болар. Сондықтан үзіп-жұлқып бүлдіргім келмеді.
Тізе берсе, әңгіме көп. Реті келгенде кейін тағы жаза жатармыз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі