Камалға хат
Қадірлі Камал! Менің бірінші хатыма жауабыңды («Егемен Қазақстан», 31-шілде, 1996 ж.) ауруханада жатып оқыдым.
Оптимистігіңе тағы да таңғаламын. «Қазақстан жеріне осы заманда ешкім көз аларта алмас. Ресейдің, Қытайдың, АКШ-тың бізге қамқор-қорған боламыз деп ресми берген (біз 104 ракетаны жойғаннан кейін) уәделері бар ғой. Оларға сенбесек, кімге сенеміз?» — дейсің.
Рас, бұл заманда: «Кіші ұлтқа үлкен қанжар керек» деген Шәміл өсиетінің мәні өзгерген шығар. «Үлкен қанжарларды» біз қолдан бердік... Бірақ сол Ресей, Қытай, АҚШ неге өздері «үлкен қанжарларын» тот бастырмай қайрап, сақтап отыр? Кім үшін? Не үшін? Әділ ойын емес сияқты. Ракеталарды жойсақ — бәріміз бірдей жояйық. Әйтпесе, жас баланың ойыншығын алдап тартып алған үлкен ағайлардың озбырлығы сияқты.
Қазақстанның жеріне «көз алартқандар» сонау I Петр дәуірінен басталған, әлі жалғасып келе жатыр. Казактарды отаршылдар ноқталап мінгеніне жүздеген жылдар өтіп, енді тәуелсіздікке қолымыз жетті дегенде де, өзің куәсің, кешегі таратылған парламентте Головков, Михайлов т. б. депутаттар Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты орыстікі деп дау шығарған жоқ па? Солженицын, Горбачев, Жириновскийлердің Қазақстанға қадалған сұқ көздерін кейбіреулер байқағысы келмейді. Далбаса, сандырақ деп ойлайды. О басында Гитлердің әрекетерін де жұрт сандырақ деп ойлаған...
Құдай «сақтансаң — сақтаймын» деген. Әрине, бетін аулақ қылсын, әсіре империялар шабуылына Қазақстан төтеп бере алмас. Бірақ тұяқ серіппей қалу да абырой емес. Сондықтан Қазақстан Қарулы күштері, Қазақстан әскері дегенге женіл-желпі қараудың қате екенін әрбір азамат сезінгені керек-ақ. «Әскерден қашыпты» дегенді естіп қаламыз, газеттен оқимыз. Бұған әскердегі тәртіпсіздік кінәлі деген пікір қалыптасты. Тәртіпсіз әскер — әскер емес. Ол бесенеден белгілі. Қазіргі әскер басылардың алдымен тындыратын шаруасы осы тәртіп болса керек.
Ал енді өзінің туған Отанын, өзінің Қазақстаның қорғау міндетінен бас тартқан дені сау адам кімге опа береді? Ондайларға завды қатайтқан жөн. Әскерге шақырылған жастар жасық, қауқарсыз, күш-қуаты жоқ деп газеттер де жазып жатады. Мұның себебі неде? Тек тамақтың құнарсыздығында ғана ма? Түбіріне үңіліп жатқан кім бар? Ал түбіріне үңілсеңіз, «Баланы — жастан» деген. Әсіресе ауылдық мектептерде дене шынықтыру сабағы атымен жоқ. Жоғары сыныптағыларға әскер сабағы да жүрмейді. Неге?
Неге десеңіз, бүкіл Қазақстанда әскери ғылыммен айналысатын екі-ақ адам бар. Бірі — бұрынғы Қазақ КСР-інін республикалық әскери комиссариатының бастығы Л. Бақаев, бірі — полковник К. Серікбаев.
Әскери сабақтан қарапайым оқулық жоқ. Бірақ неге жоқ? Баяғы Білге қаған, Күлтегін, Тоны көк, Шыңғыс хан, Бату хан, Салқам Жәңгір, Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек, Қойгелді, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай... Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова... Көзі тірі Қасым Қайсенов — осылардың бәрінін ерлік өмірлері тұнып тұрған оқулық.
Бауыржан Момышұлының «Артымызда — Москва», «Офицер күнделігі», «Соғыс психологиясы» атты кітаптары дайын тұрған оқулық. Александр Бектің «Арпалысы» дайын тұрған оқу құралы.
Не керек? Ынта керек. Отансүйер маздаған жүрек керек. Жүрегімізде Отансүйер маздаған от жоқ. Бықсыған түтін ғана бар.
Күні кеше Қазақстанда отыз алты миллион қой барда сол қойды бағып-кағатын қанша адам болғанын білесің бе, Камал? Сен есепке жүйріксің той. Мен нақты санын білмеймін. Бірақ тұтас бір мемлекет көз алдыма келеді. Қазір сол отыз алты миллионның тамтығы қалды. Нақты санын ешкім де білмейді. Статистиканың есебіне сену қиын. Статистика нақты санды айтпайды, әкім не айтса, соны жазады.
Сонда әлгі отыз алты миллион қойды бақса тұтас армия таяғын ұстап қайда кетті? Күнкөріс іздеп қаңғырып кетті. Және олар кімдер? Қойды кім бағушы еді, Камал?
Үкімет қой шаруашылығын мұндай халге әдейі ұшыратты. Неге десең, өзің айтқандай, қой шаруашылығы, жалпы мал шаруашылығы тиімсіз, пайдасынан шығыны көп көрінеді. Қойды өзімізде баққаннан гөрі, оның өнімдерін, жалпы ауыл шаруашылық өнімдерін шетелдерден сатып алған арзанға түседі-міс. Үкіметіміз солай ойлайды. Сондықтан да, Камал мырза, сені мен біз бұл күнде Қытайдың сырасын, Израильдің арағын сіміріп, Германияның сүтін ішіп, Голландияның майын жеп, тағы біреудің ақ жолақ сосискасын жеп, оның ар жағында қандай ет жеп жүргенімізді түк ойланбай, жайбарақат жүріп жатырмыз.
Кімдікі болушы еді?! Қойдан босап, жұмыссыз қалған қазақтың, арқа етін арша, борбай етін борша қылып жеп жатырмыз.
Күнкөрісі құрыған, жұмыссыз қалған шалғайдағы қазақ қазір қалаға қарай шұбырды. Люмпен-пролетариат дегенді бұрын кітаптан оқысақ, енді топ-тобымен көз алдында жүр.
Оларға ақыл айтуға ұстамыз: жекеше мал бақ дейміз. Камал, кел екеуміз сонау Бетпақтың бер жағына барып жекеше мал бағып көрейікші. Біріншіден, қора-қопсың жоқ, екіншіден, шоп шауып, жинап алатын мәшинең жоқ, үшіншіден сол малдың өнімін өткізетін рынок жоқ, төртіншіден, мылтығың жоқ...
«Мылтығы несі?» дерсің. Қазір дала қасқырларына адам-қасқырлар қосылған. Аса қауіпті. Ал шопан болсаң да мылтық ұстауға рұқсат етілмейді. Үкімет солай шешкен.
Сонымен, Камал мырза, біздің даладағы ағайын қалаға қарай ағылды. Мұны біреулер прогреске балайды. Халық шынығады, капитализмге бейімделеді дейді. Бұл енді «азаматтық қоғамды» аңсаушылардың долбары. Сірә, Америка Құрама Штаттары тектес қоғам болса керек.
АҚШ «азаматтық коғамы» дегеннің ойдан-қырдан жиналғандардың, миллиондаған үндістерді қынадай қырғандардың, сол қырылған миллиондардың құраған сүйегінің үстіне құрылған қоғамы екенін әлем біледі.
Оның ар жағында, жаппай қалаға көшудің ар жағында не жатқанын аңғару қиын емес. Қазақ деген халықтың түп қазығы суырылады. Түп қазық кеткен соң, кіндік үзілген соң, ұлттық тұқым (генофонд) кетеді. Қазіргі қазақтың демографиялық өсімі осы ауылдың аркасы болатын. Қаладағылардың көбі бір-екі баламен қақайып қалған.
1932-33 жылдардағы көшкінде Шәуілдірден шыққан Ергөбек ақын:
Алдымда — Ташкент шаһары, Артымда — аштық қаһары,—
деген екен. «Ташкент — ток қала» («Ташкент — город хлебный») деп бекер айтылмайды. Сол геноцид жылдары қазақтың қырылғаны қырылып, тірілері қалаларды жағалап, көбісі Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей өтіп кетіп, көпшілігі сол жақта түпкілікті қалып қойды. Демографиялық апат деген сол. «Азаматтық қоғамның» ұраншылары осы халге мән бере ме, бермей ме — білмеймін. Біліп істесе — екі есе күнә.
«Қала! Қала!» — деп қақсағанда қала қазаққа төрін беріп жатқан жоқ. Төрі тұрмақ, босағасынан да орын таба алмай жүргендер қаншама. Міне, сондай қатыгездікке ұшыраған қазақтың мінезі, психологиясы аласапыран алпарысқа түсіп, небір арман, үміттерді үсік шалып, жадыра-жайсаң көңілге қырау тұрады. Ал ондай адам жаңа туған жас нәрестені қоқысқа лақтырып тастауға бейім. Ондай адам үшін адам өмірі шыбынды ұрып өлтірумен бірдей.
Міне, Камал мырза, ауылдың қалаға ағылуының ар жағында қандай халдер жатыр. Ал ауылдың бас қамқоршысы деген Кәріпжанов мырза болса, теледидардан көрсең, шаруасы оңтайлы адамдай жағасы — жайлау, жайбарақат, бәрі «окэй» деп отырады.
Мен сенен өткен жолы Малахов туралы тектен-текке, ермек үшін сұраған жоқпын. Бұл сұрақтың аржағында сұрапыл сұмдықтар жатыр.
Қазір дүние жүзі таныған, «демократияға бет бұрды» деген Қазақстан атты беделді мемлекеттің Жоғарғы сотының торағасы жемқор, парақор атанып, ақырын ғана орнынан алынады да, жым-жылас жоғалып кетеді. Оның алдында республиканың тәртіп тұтқасын ұстап тұрған министрліктің басшысы, яғни Ішкі істер министрі Шумов, о да дүниеқоңыздық пен құлқынның құлы болып, қолы-басын былғап алып, қашып кетеді.
Ләм-мим деген ешкім жоқ. Бұл нақты екі-ақ мысал. Бұлар едәуір. Ал бірақ «неге, қалай?» деген Үкімет те жоқ, Заң да жоқ.
Демократия дейміз, ұялмаймыз. Ал шын демократияға бет алған Оңтүстік Корея өзінің бұрынғы екі бірдей ел басшысын ақша жеп қойдың деп сотқа тартты. Міне, демократия!
Ал біз неге ыздиып отырмыз? Қызық ә? Шумов қайда? Малахов қайда? — деп дүние жүзіне жар салуға, ИНТЕРПОЛҒА тапсыруға ыңғайсызданамыз, біртүрлі ұят сияқты. Неге?
Осыдан кейін менің біздің заң қорғау орындарына деген сенімім жоғалғандай, оларға деген құрметім де құрып бара жатқандай. Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік тергеу комитеті, Жоғарғы сот, Әділет министрлігі... аттарын атауға қорқасың.
Қазақстан заңының реформаторы, Робеспьері, жаны, қолы таза, жаңашыл демократ деген Нағашыбай Шайкенов шаршаған ба? Кезінде күрескер, шыншыл, әділ заңгер танылған Жармахан Тұяқбаев та үндемейді.
«Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деген. Жаңағыдай есіл ерлер үнсіз қалғанда, біз пендеге не шара! Алматының айналасын небір зәулім коттедждер, вилла, әсем сарайлар қаптап кетті. «Қандай қаржыға салынған, тексеріңдер!» — деді Президент. Заңға бұдан артық не керек?
— Салтанатты сарайыңыздың құны қанша? Қаржыны қайдан алдыңыз? — Екі-ақ сұрақ. Осы сұраққа жауап жоқ. Сұрақ қойғандардың тамағына тас тығылып қалғандай.
Осыдан барып қоғамда жағымсыз мораль қалыптаспақ: «Адал жүрсең — аштан өлесің», «Ақылды болсаң — неге кедейсің?», «Адал болу — тиімсіз».
Мұндай имансыз моральді қалыптастыра бастаған үкіметтің өзі болса, басқа қай Құдайға барып арыз айтарсың?!
Камал! Алтын бар жерде — әзәзіл бар. Біздің Қазақстан — XX ғасырдың соңындағы Клондайк. Кезінде Аляскадағы алтын алқабына жер-жерден адамдар, дүниеқор пенделер қандай ағылса, қазір де олар Қазақстанға солай ағылып жатыр. Олардың арасында ниеті түзуі де бар, бұзығы да бар. Бірақ есінде болсын, «Алтын көрсе, періште жолдан шығады» деген философияны тапқан қазақ — данышпан.
Періштеге Қарағанда Шумов, Малахов дегендер кәдімгі пенделер ғой. Егер Оңтүстік Кореядағыдай Шумов, Малахов тұтқындалып, тергеуге алынса...
Ал жалпы бір тазармай — жарымаймыз. Тым болмаса Гейдар Алиевтің тазартуындай...
Қазақстан — бәріміздің ортақ үйіміз.
Кім үйін лас ұстағысы келеді дейсің.
Ортақ үйдегі әр азамат таңертең ұйқыдан тұрғанда: «Үйімнің таза болуы үшін мен бүгін не істеуім керек?» — деп түрегелсе, ұйқыға жатарда: «Үйімнің таза болуы үшін мен бүгін не істедім?» — деп жатса...
«Түзелер еді бұл заман, пейілі жаман пендені кетсе астына жер тартып». Бұл — ежелден келе жатқан арман.
Аңыздың, мифтің айтуынша, Әзәзіл Адам-Ата мен Хауа-Анадан бұрын жаратылған. Сол үлкендігін салмақтап, Құдайдың құдіретіне қарсы шыққан. Адам-Ата мен Хауа -Ананы азғырып, тура жолдан тайдырып, жұмақтан қуғызған.
Әзәзілмен күрес оңай емес. Оңай емес деп тым-тырыс жатып алған да жарамас. Күреспесек — құрыдық. Қазақстан өлген өгіздің терісіндей болады. Әркім таспа тіліп әкете береді. Бұл хатты осымен доғарайын. Мүмкін, Үкіметтің тұтқасын ұстап отырған азаматтар екеуара әңгімеге үн қосар...
Шерхан МҰРТАЗА
9-тамыз, 1996 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі