Су таситын сары машинаның әлі қарасы көрінбей, тек даусы естілуі мұң екен, қой біткен қосаяқтап, ұлардай шулап, әлгі көліктің алдынан жамырай шықты. Дөңгелектің астына түсіп кете жаздап, кес-кестеп машинаға жол берер емес.
Осындай сұмдықты Бұзаубақ сонау бір «ақмылтықтың» қысында көрген. Ақ тажалдың ортасында азықсыз қалған малға самолетпен шөп тасып, аспаннан дестелерді құмалақтатып тастаған кез болған. Сонда қой баласы самолеттің даусын адамнан бұрын естіп, аспаннан түсетін азыққа ауыздарын тосып, аңырап тұратын.
Қазір қыс емес, көктемнің соңы, жаздың басы. Соның өзі «ақмылтықтан» кем соғып тұрған жоқ...
Су таситын машинадан зоотехник Жалау қамалаған қойдың үстінен секіріп әрең түсті. Бұзаубақ бұрын ұдайы алдынан шығып, жарқылдап амандасып, зоотехник жігіттің келгеніне қуанып қалушы еді. Бұл жолы бұлттай аунақшып бөтен мінез танытты. Киіз үйдің ту сыртына шығып алып кетпеннің сабына сүйеніп, түстікке қарап қатыпты да қалыпты.
Әдеттегі ізетті жоқтағандай зоотехник аңырып біраз тұрды да, ақыры Бұзекеңе қарай беттеген. Таяққа сүйенгеннен секем алып: «үй-іші аман ба екен» деп те шошыды.
— Бұзеке, тыныштық па?
— Қайдағы тыныштық? — деп Бұзаубак Жалаудың бетін қайтарып тастады.
Қозы қарны шығып, жасына жетпей әукесі салбырай бастаған Жалау не дерін білмей тұғжыңдап қалды.
Шалдың көзі құтырына қызарып, қайыстай беті түтігіп, кезерген ерні қақ-қақ айырылып, қаны шығып тұр.
Айтса айтқандай, іші қабысып солықтаған қаракөл қой машинаны айнала қоршап алып, ып-ыссы темірдің өзін жалап, тілі қарылып жатыр екен.
Шопыр бала цистернадағы жылып кеткен суды шлангімен науаға құйған кезде, ындыны кепкен мал бірін-бірі таптап, ылғалға лап қойды.
Ит-құстың ашқарақтығы мына қойдың қомағайлығының ширегінен де келмейді екен. Бірінің қанын бірі ішетін түрі бар.
Киіз үйдің іргесіндегі бидонды қаңғырлата сүйретіп Биғайша келеді.
— Әй-оу, шырағым, таусылып қалмай тұрып мынаған да құй. Әдірәм қалғыр, мал-мал деп өзіміз өлеміз бе.
Шофер бала шлангіні бидонға бұра бергені сол еді, астауға басы жетпей жатқан шетқақпа қой атаулы енді бұған тап берді. Бидонды құлатып, аяқбасты етіп, Биғайшаны таптап кете жаздады.
— Құдай сыйлады ғой, мына топалаң келгірді! — деп шопанның әйелі қоршаудан әрең шықты.
— Ана құдық қурап қалды, — деді Бұзаубақ зоотехникке көк цемент құбырдың үстінде үнсіз қалған моторды нұсқап. — Бұл жерден қоныс аудармасақ болмас.
— Басқа жер мәз боп тұрған жоқ, — деді Жалау жүдеу жауап қайырып. Өзге отарларға да су тасып жеткізе алмай машақат болдық қой.
— Апыр-ау, Асау тартылғалы бері жердің пейілі де тарылды. Бір тамбай қойған құдайдың күні мынау. Бұлты түскір төніп-төніп келеді де, жаумай безеріп тұрып алады. Піскен сыздауық сияқты пәлені жуалдыз сұғып, жарып жібергің келеді.
— Тіліңді тигізбе-ей, байғұс, құдайдың құдіретінде нең бар, — деді Биғайша бидонды сүйреп келе жатып.
— Шілде түспей жатып шөлге тап болдық. Алты ай жаз осылай арысақ, қыстың қаһарына қайтып шыдаймыз? Мұны ойладыңдар ма? — деп, Бұзаубақ зоотехникке ажырая қарады. — Су құрдым болды. Асау қайда бұл? Қай жалмауыз жұтып қойды? Адам-ата, Хауа-ана жаралғалы бері ағып жатқан өзен өртеніп кетті ме, не зауал келді? Айтсаңшы, оқыған күшіксің ғой.
— Ой, Бұзеке-ай! Соноу Сарқыраудың тұсынан тоған салып буып тастаған жоқ па? Соны да білмейсіз бе?
— Е, буып тастағаны несі? Құдая құдауанда құдіретіңе құлдық! Жотаның елі ол тоғанға қой тоғыта ма сонда?
— Жоқ, қызылша суарады, ойбай, темекі! — деді Жалау да күйініп.
— Қызылша бұрын да өскен. Асаудың суы жотаға да, ылдиға да жеткен. Ендігінің қызылшасы обыр боп кетпесе, осыдан он — жиырма жыл бұрын жотаның елі қызылшадан алдына жан салмаған. Бірақ ылдиды судан жұтатпаған.
— Қайдам, — деп күңк етті зоотехник көзі кіртиіп.
— Сонда қойдан қызылша қымбат болғаны ма? — деп Бұзаубақ тыйылмады, — Айтшы, сен оқыған күшіксің ғой? Ана директордан сұрайын десем, көре алмай жүрмін. Біздің жаққа ат ізін салғанды қойды. Мүмкін, сол білер!.. Айта бар оған: не тауға, не құмға көшпесек, мұнда отырып көңіміз қурап қалар. Адамың да, малың да тулақ болар.
Бұрынғыдай желтоқсанда туған қозыны сойғызып, көлеңкеде шәниіп жатар жағдай жоқ. «Отыр, қазан көтерейік» деп үй иесі ниет білдірмеді.
— Мекебайдың отарына да су жеткізбесек, олар да қаңсып отыр, біз қайтайық, — деді Жалау.
— Мына бала бізге кешке дейін тағы бір қатынамаса, әлгі әкелгендерің ана жұт келгірлердің жұмырына жұқта болған жоқ, — деп қалды Биғайша.
Машина бұралаңдап, өлген арыстанның терісіндей сардаланың жолына түсті. Киіз үйдің іргесінде тілі салақтап, бүйірі солқылдап жатқан Сырттан бұрынғыдай арсылдап, машинаны әудем жерге шығарып салуға жараған жоқ.
Киіз үйдің туырлығынан қаңсық иісі шығады. Бұзаубақ іргеде отырып, бидоннан құйып алған бір шәугім суды шүмегінен ұзақ сіміреді. Көзінің алдынан өзен тасып келе жатқандай көңілі алаң.
* * *
Бұзаубақтың түсіне түнімен су кіріп шықты.
Бірде телегей-теңізге батып бара жатады. Батып бара жатса да қорықпай әлгі судан іше береді. Не су таусылмайды, не мұның шөлі қанбайды.
Бірде айдын көлдің жағасына жығылып, суға мойнын қанша созса да, жете алмай ындыны құрыды.
Бірде топырақ тоғанның бір шеті жырылып кетіп, содан қашқан суды бекіте алмай қара сорпа болады.
Ол, шынында да, бастығырылып барып, алқынып оянды. Жүрегі дүрс-дүрс етіп, тулап тұр екен. Тілі таңдайына жабысып қалған, әрең қимылдайды. Іргедегі флягті басына төңкере, түбіндегі бір қасық сумен таңдайын жібітті.
Маусымның қысқа таңы сібірлеп атып келе жатқан. Мең-зең меңіреу күйде едәуір отырып қалған. Кенет ұйқыдағы миға бір ұйтқыған ой түртпек салып, сілкініп түрегелді. Іргеде ішін тартып тұрған атын ерттеді. Әлдеқалай керек болар деп тақымына кетпен қыса салды.
Мұның қыбыр-қыбыр тіршілігіне оянып кеткен Биғайша ат үстіндегі күйеуін көріп:
— Байғұс-ау, қайда? — деп шошып қалды.
— Малға әзір бол, мен көп ұзамаспын, судың хабарын білем де қайтам, — деп Бұзаубақ шабдар атын тебініп қалды. Биғайша: «е, бастықтарға барып, машинамен таситын суды көбейт демекші екен ғой» деді де қойды.
* * *
Бұзаубақ тартылып қалған өзеннің табанына түсіп, сапарға шықты. Өзен емес, өзінің қаны тартылып қалғандай, соның емін іздеп, тәуіптің ауылына бара жатқан сияқты.
Бұрын түйе бойламайтын биік кемерге лықси соғып, маңғаздана ағатын қара көк дарияның аңғарымен келе жатқанына сенбегендей жан-жағына қарай береді.
Сондай бір жайсаң судың болғаны түсте емес, өңде еді. Бұзаубақ есіне алды. Ол әлі қырықтағы қылшылдаған шақ еді. Бұл — ферма бастығы, Ермолай — зоотехник, арадан қыл өтпес дос болатын. Екеуі де аңшылыққа құмар, екеуі де сері мінез, даланың ақбөкеніндей, аңғал да адал, мәрт жандар еді.
Асаудың осы бір өңірлері нар қамыс, ну жыңғыл, қорыс тоғай болатын. Қырғауыл шіркін парылдап ұшқанда, қамыстан өрт лаулағандай жыртылып-айрылушы еді-ау. Қасқалдақпен шүрегейден судың айдындары қалың сиыр табыны жусап кеткен тепсеңнің тезегіндей, пырдай боп жатар еді. Кейбір жылдары оңтүстіктен оралған аққулар солтүстікке бет алып, сонау Қорғалжын көлдеріне бара жатқан сапарда осы Асаудың иірімдеріне бір дамылдап өтетін.
Бұзаубақ пен Ермолай аңға шыққанда, бір жолы қорыстың арасынан есектей қабан кездесіп, бұларға тұра ұмтылғанда, Бұзаубақ әдейі қаша жөнеліп, Ермолай аттың үстінен қабанға қарғып мініп, құлағынан тұқырта басып тұрып:
— Бұзаубақ, сал пышақты қолтықтың астынан! — дегені бар.
Бұзаубақ қабанға қанжар салуға сескенсе де, досының халін ойлап, қос өкпеден көк болатты салғаны рас.
Шым-шым, шымырлап аққан ағыл-тегіл судан су перісі шыға келетіндей, балықтар шоршып ойнап, ана жерден, мына жерден шеңбірек атқылап жатар еді-ау. Қайда сол қайран балық? Су кеткен соң қызғыш та кетеді, қызғышпен бірге қыдыр да кеткен сияқты.
Енді қазір қабан тұрмақ даланың ең сұмырайы соқыр тышқан да көзге түспейді. Өрт жалап өткендей, нар қамыс та жоқ, жыңғыл, шеңгел де жоқ, ну тоғай қорыс та жоқ. Өмірі су көрмегендей өзеннің табаны тақырайып, тас маңдай боп жатыр.
Ермолай досы да кәрі бураның басындай қауқайып, қартайды. Өзен суалған соң, бұрынғы кең бидайық Шабындықта қотыр қойдың жабағы жүніндей жүдеп тозды. Шабындықты шайтан алды екен деп, совхоз қой баққанын қойған жоқ. Енді сол қыруар малға алыстағы таулы өлкеден барып азық дайындайды.
* * *
Асаудың арнасын қуалап отырып, шаңқай түстің әлетінде Мақпал дейтін ауылдың қарасын көрген. Шеткі бір үйге жақындап:
— Кім бар-оу? — деп еді.
Бірақ өз даусын өзі естімеді. Үні шықпай қалған екен. Аттың дүбірін естіп, үйден бір кекселеу әйел шығып, шошыңқырап қалды. Шабдар аттың үстінде түсі өрт шалған ағаштың қабығындай түтігіп, ернінен ақсор шығып кезерген қартаң кісі отыр екен.
— Бір жұтым су, бәйбіше, — деп сыбырлады Бұзаубақ.
Әйел үйге жүгіріп кіріп, бір кесе ағарған алып шықты.
— Су, — деді Бұзаубақ қырылдап.
— Су дейсіз бе? О құрғыр жылып кеткен. Мақпалкөл тартылғалы бері, ауыз суға ұяттымыз, отағасы.
Бұзаубақ кеседен талмап бірер жұтты, содан соң ыдысты басына бір-ақ көтерді.
— Уһ! — деп демін алды. Үні шығайын деді.
— Аттан түсіңіз, қария.
— Жоқ, жарқыным, мен жүрейін. Meн бір жоқ іздеп жүрген жолаушы едім. Әлгі Асауды матап тастаған тоған алыс па?
— Сарқыраудың аузында ғой. Әлі көп жер, — деді бәйбіше. Аттының тақымына қыстырған кетпенге көзі түсіп: «мұрап болар» деп қойды.
«Е, Мақпалкөл де таусылған екен ғой» деді былай шыға бере Бұзаубақ. Алдынан шалқып жатқан айдын дария елес берді. Бұзаубақтың жүрегі тарсылдап, болдырған шабдарды тебіне түсті. Егер су болса, шабдар жануар ентелей түсер еді, құлықсыз. Адамнан ат сергек болғаны ғой, әлгі құрғыр сағым боп шықты. Сортаң тартқан, бетіне тұз болып зәрі шыққан Мақпалкөлдің табаны екен.
Бұзаубақ сортаңды кесіп өтті.
Кеуіп қалған ұйық табанның бетіне біреу құмшекер сеуіп тастағандай, тұяқ асты қышырлайды.
* * *
Ақшам туып, ымырт үйірілгенде, Бұзаубақ алқа-салқа тас ауыз аңғарға келіп кірді. Күндізгі дозақтан кейін, жаннаты жайлауға, пейіштің төріне шыққандай тымырық тынысы ашылды. Мөлдіреп аққан бір құлақ су да көрінді. Балқыған күмістей сылдырап аққан асылды көргенде, шабдар әуелі осқырынып, онан соң кісінеп-кісінеп жіберді. Ауыздығы алынбай, алдыңғы аяқтары цирктің су тәңірісіне тәжім еткендей дір-дір етіп бүгіліп барып, салқын суға көріктей желпілдеген тұмсықты тығып жіберді.
Бұзаубақ жылқы айуанның ауыздығын алмақшы еді, шабдардың басы қатып қалған екен, илікпеді. Өзі шабдарды ұялтқысы келгендей әдеп сақтап әуелі қолын жуды, аузын шайды. Содан кейін барып суды алақанымен сүзіп алып жұта бастады. Оған мейірі қанбаған соң, екі қолымен мақпал мүк басқан жерді тіреп, етпеттеп жата қалып, зәмзәмді сіміре берді, сіміре берді.
Әлден уақыттан соң шабдар басын сілке көтеріп алып ауыздығын шылдырлатты, езуінен сарылдап су ақты. Жағадағы сәмбі талға, қоңыр бас қара қоғаға бір ауық қарап тұрды да, бәрін талақ еткендей суға қайтадан төнді.
Бұзаубақ жалбыздың иісін енді сезді, кеңсірігі ашылайын деген екен, көзінен бырт-бырт жас шығып кеткенін байқады. Жерде жатқан кетпенді көтеріп алды. «Енді сенің кезегін келді» дегендей әлгінің жүзін бармағымен байқап көрді.
* * *
Тоған дегені оның ұғымындағы тоған болмай шықты. Үстінен екі-үш машина қатарынан өте беретін, етегі анау-мынау қырқаның бөксесіне бергісіз, кішігірім тау сияқты сұп-сұр бетон. Әлдеқашан батып кеткен күннің әлі де байымаған сәулесі салтанаттырған айдын теңіз жарқ етіп қарсы алдынан шыға келді. Көз жеткісіз, ұшан — ұлы мұхиттай.
«Бәсе, — деді Бұзаубақ плотинаның үстінде тұрып. — Асау сорлы топырақ тоғанға қалай бұғалықталады деп ем-ау».
Тақымындағы кетпеннің сабын сипады. Мына тас қамалдың алдында дәрменсіз екеніне көзі жетіп, ұзақ күнге көрген жол азабы есіне түсіп, бір түрлі күйреп қалды. Діттеп келген шаруасы шарасыз болып шықты. «Кетпенмен жырып әкете беретін әуіттің суы ғұрлы көргенім қалай бұл мұхитты», — деп өзіне-өзі налыс айтып, қатты қапаланды.
Плотинаның дәл ортасындағы мұнара үйдің ішінде қарауыл бар еді. Мына іңір қараңғысында тас тоған шетінде ербиіп тұрған салт аттыны көріп, мылтығын асынып тысқа шықты. Керзі етігінің тақалы өкшесі тас жолға сақ-сақ тиіп, бір-бір басып, аяңдап Бұзаубақтың жанына жеткен. Телегейден көз алмай жанары жасаурап тұрған қарт кісіге сәлем берді.
— Ассалаума-әлейкум, ақсақал!
— Әлейкум ассалам, шырағым! Қай баласың?
— Біз осы судың қарауылы боламыз. Өзіңізге жол болсын?
— Мен бір жоқ қарап жүрген жолаушы. «Жоқ қарап жүрсе, тақымындағы кетпені несі?» — деп қойды жар қабақ, қошқар тұмсық кексе жігіт.
— Қайдам, бөгде мал көзіме түскен жоқ, — деді қарауыл. — Сарқыраудың елінен бұрынғы заманда ылдидан жылқы айдап қашатын бірлі-жарым жырынды шыққаны рас. Бұл күнде қалды ғой бәрі. Ел тойынды, неғылсын бөтен малды.
Қарауылдың аты — Әліпбек екен, жаман жігіт көрінбейді. Бұзаубақты аттан түсіріп, үйшігіне алып келіп, шай берді.
Шай ішіп, жан кірген соң, шекесінің қырыс-тырысы жазылып, Бұзаубақ та шешілейін деді. Әліпбек әңгімешіл екен, одан-бұдан жөн сұрап, өзі де өткен-кеткен жайлардан астын-үстін айтып отырды да бір уақытта:
— Ақсақал, мынамен қалайсыз? — деп төсегінің астынан бір шөлмектің мойнын қылтитты.
— Ой-бой! Ондайдан біз қалғалы қашан! Заманында кәрлен кесемен ішіп едік бұл итіңді. Ермолай дейтін орысым болды. Екеуміз бір отырғанда бір шырт-пыртын сіміріп алып, түк көрмегендей тұрып кете беруші едік. Шырт-пырттың не екенін білесің бе? Осының үш литрлігін «шырт-пырт» дейді. Енді қалды бұл көк соққан, — деп Бұзаубақ мырс етіп күліп қойды.
Әліпбек шыныдағыны екі стаканға бөліп құйып:
— Ішпесеңіз де алдыңызда тұрсын, — деп біреуін Бұзаубақтың алдына сырғытты.
— Жолыңыз болып, жоғыңыз табылып, алдыңызға жылқыңызды салып, ауылға әндетіп қайтуыңыз үшін, — деді Әліпбек стаканды көтеріп, екпіндете түсіп.
— Қайдам, қарағым, әйтеуір, айтқанын келсін, — деді Бұзаубақ тебіреніп кеткендей елжіреп.
— Е, мен бір ақыл айтайын, — деді Әліпбек айғыр стаканды төңкеріп салған соң. — Бүгін осында түнеңіз, ақыры қайда барасыз мына түнде. Таң ата атқа қоныңыз да, Борандының базарына тартыңыз. Осыдан екі-үш сағаттық жер. Ертең — күн жексенбі. Құда қаласа, жылқыңыз мал базардан табылады. Осы айтқаным келсін десеңіз, мынаны алып тастаңыз.
Әліпбек стаканды Бұзаубақтың аузына тосып тұрып алды.
Судың күйігі бар, жолдың азабы бар, әлдекім тақыр жерге отырғызып алдап кеткендей өкініш бар — бәрі қосылып Бұзаубақты қамалағандай болды да: «Құдай өзі кешірсін, ақ сапар үстіндегі адам едім, діңкелегенім басылар», — деп Бұзаубақ ыдысты қолына алды...
Пешіне көсіп-көсіп көмір тастаған ескі паровоздай, Бұзаубақ екпін ала бастады. Мына бір мың болғыр меймандос жігіттің ықыласына ықылас білдіргісі келіп, қойнынан жыртық әмиянын шығарып, бір қызыл қағаз суырып Әліпбекке ұсынды:
— Жақын жерде магазин бар шығар, мына сұмның бір-екеуін әкел. Ақыр ауыз былғаған соң баяғыдай шырт-пырт болмаса да, біраз ермек қылайық.
— Е, разъездің буфеті түні бойы істей береді бізде, — деп Әліпбек те орнынан ылдым-жылдым қозғалды. — Бұған енді балықтың сорпасы керек. Бізде не көп, балық көп. Әй, бір балдай қылып пісірмесем... Атыңызды отқа тұсай келейін.
Әліпбек көп кешіккен жоқ. Темір пешке оттық салып, қазан асты. Төменге түсіп, бұрыннан құрулы тұрған ауды сүзіп, бір шелек ірімшіктей алтын сазан алып келіп, тазалап қазанға салды. Бірер түйір картоп қосты, пияз бен қара бұрышты да ұмытқан жоқ. Кеуіп қалған лавр жапырағы бар екен, қазанға оны да тоғытты. Қара май сіңген шпалдың жаңқасы шатырлап, маздап жанып жатты.
— Ал, ақсақал, енді бұл сорпадан ішкен де арманда, ішпеген де арманда. Әбден былбырап піссін. Маңызы шықсын. Мен барып суды ағытып келейін, деді Әліпбек қолын орамалға сүртіп тұрып.
— Суды ағытқаны қалай? Ағытқанда ол қайда барады?
— Қайда барушы еді? Темекіге барады. Айтпақшы, сіздің жақта темекі өспейді ғой.
— Е, шырағым, біздің жақта ештеңе өспей тұр ғой, — деп Бұзаубақ Әліпбекпен ілесе шықты. Әліпбек сала құлаш кілтпенен жардай темір қақпаны бұрап көтергенін көрді. Жардай қақпа бірер қарыстай ғана көтерілгенде, қарауыл кілтті суырып алып: — Бір ауданның қызылшасына бүгін түн осы суда жетеді, — деді.
Плотинаның екінші жағынан ақ көбік шашып, бұғалықтан босанған су буырқанып, бұрқ-сарқ қайнап жатыр екен. Күркіреген үні адамның даусын басып кетті.
Енді үйшікке кіріп, балықтың сорпасын сораптай соғып, екі шөлмек арақты да тауысып қойды.
Әжік-күжік әңгімемен отырғанда, Әліпбек тілі күрмеліңкіреп, көзі қылиланып барып, төсегіне құлап, зіл ұйқыға батты да кетті.
Бұзаубақ та мас болды. Қисайып ұйықтағысы келді. Бірақ көкейінен тікен кетпей, миына қадалып тұрғандай түрткілеп маза бермейді. Көрінген машинаның алдынан шапқылап шығатын сусамыр қойлары көз алдына келді. Арам өлген малдың қатқан терісіндей қаудырап жатқан Асаудың арнасын көрді.
— Неге, не үшін қызылша қымбат, мал арзан? Тәттіге бола, ылдидағы ұшан-теңіз дала неге қу тақырға айналмақ? Дала тақырланса, ар жақта бұғып жатқан дуайпат құмның араны ашылып, сусыз жерді жаулап алмай ма? Су сақтап тұрған даланы құм көшіп, жаулап алса, оны қайтып мың жылда да аршып ала алмайсың. Соны неге ойламайды бұл ел? Құдайдың суы тартылып қалса бір сәрі, қолдан суалдырыппыз ғой. Мына теңіз бәріне де жетпей ме? Ойға да, қырға да, қойға да, қызылшаға да?
Қорылдап ұйықтап жатқан Әліпбекке қарады. Тас бұзылып, тау құласа да оянар емес. Жастығының астынан шеті шығып жатқан кілтті көрді. Қол созып еді, орнынан қозғала алмады. Буын жоқ, бүкіл дене дел-сал, тек қана миында бір тікен тұр. Сол ұйықтатпай отыр. Кілтке тағы да ұмтылды. Қозғала алмады. Бастығырылғанда осындай хал болар. Тұншыққан, ышқынған сияқты. Бұзаубақ үш ұмтылып орнынан әрең тұрды.
Жиылмай қалған аяқ-табақ, стакан-шөлмек қаңғыр-күңгір, салдыр-гүлдір сапырылысып жатты. Аяғын қанша абайлап басайын десе, сонша шалынып, әр нәрсені құлатып, өзі де құлап қала жаздап, Бұзаубақ Әліпбектің жастығының астындағы кілтке әрең жетті. Сауысқанның құйрығынан қауырсын суырғандай-ақ, білдірмей алмақшы еді, онысы болмай, кілтке қолы тие шалқалап барып құйрығымен шоңқиып отыра кетті. Бір қараса тоқпақтай кілт қолында тұр. Әліпбек оянбақ тұрмақ, кірпігінде қимылдатқан жоқ.
Бұзаубақтың миындағы тікен бұрынғыдан бетер тереңірек қадала түскендей, шыдай алмай, қолымен жер тіреп жатып орнынан тұрды.
Ол қолымен қабырғаны сипалап, тәлтіректей басып, темір қақпаның қасына келді. Аспанның қайда екенін білмей адасты. Аққұла асқабақтай ай менен шүпірлеген сары балапан сияқты жұлдыздар самсап аяғының астында жатыр. Жоғары қарап еді: онда да сондай сурет елестеп кетті.
Бір уақыттан соң барып, Бұзаубақ өзінің шалқар дариядан бір сынық сүйем ғана жерде тұрғанын пайымдады. Сескеніп, сәл шегінді.
Алагеуім ай сәулесімен құлпырып ойнаған мың-миллион майда толқын Бузаубаққа жер әлемді қаптап келе жатқан қаракөл қой құсап көрінді. Маңыраған қой даусынан аспан асты, жердің үсті күңіреніп, ахиреті ақыр заман табалдырығында тұрғандай. Бұзаубақтың аза бойы қаза болып, бурыл шашы тікірейіп бара жатты.
— О, сусамырмен ауырған дуайпаттар! — деп Бұзаубақ қақпаның бұрандалы құлпына зілдей кілтті қалай салғанын да байқамай қалды. Миына қадалған тікенді суырып алатын қысқыштай көрінді. Темір кілтті құлаштай айналдырып бұрған сайын, әлгі тікен миынан суырылып шығып бара жатқандай жаны жай таба бастады.
Енді бір есін жиып қарағанда, бүкіл теңіз төңкеріліп келіп, жердің астындағы түпсіз оппаға өкіре құлап бара жатқанын аңғарды.
«Мұным қалай болды?» — деп қорқып қалғанда, қолындағы ауыр кілті, әлгі оппаға күмп беріп құлады да кетті. Суға түсірмей қағып алайын деген ниетпен оқыс еңкейе бергенде, белдеу темірден қолы шығып кетіп, алқам-салқам бойын билей алмай, кесілген теректей теңселе баяу аударылып, құлап бара жатты...
Бір сәт санасы сәулеленген қас қағым ішінде ол Асау бойындағы жайқалған нуды, Қорғалжынға барар жолда қонып өтетін аққуды, су перінің қыздарындай шоршып ойнайтын алтын сауыр ақ сазандарды, жағада жусап жатқан үйір-үйір жылқыны, қора-қора қойды, қоңыр бас раң аралас кең бидайықты, жабайы қабанға қарғып мініп бара жатқан Ермолайды көргендей сезінді.
Тікені суырылған миы сұққылап ауырғанын қойыпты. Таудай толқындарды жұтып жатқан түпсіз оппаның ортасында тіс шұқитын аршаның жаңқасы ғұрлы салмағы жоқ Бұзаубақ, санасы тағы бір жарқ еткен сәтте, жағадан шабдар аттың кісінегенін естігендей болды да, қол қармар, тұяқ ілінер бір қарайған іздемек еді, долы күш ырық бермеді.
Шабдар аттың орнына оны ақжал аждаһа толқындар қақпақылдап, тереңіне бір батырып, бір шығарып, ылдидағы қойлы ауылға Асаудың кеуіп қалған арнасымен арқырап алып ұшып бара жатты.
Үкілі қамыс, балауса құрақ, бұйра жыңғыл. Арасында парылдап ұшқан қырғауыл. Шымырлап, толықсып аққан қара көк өзен. Шоршып ойнаған сары сазан. Жағалай қонған қойлы ауыл. Соңғы рет Бұзаубақтың көз алдында осы бір сұлу сурет тұрып қалды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі