Төбеттерде бажа көп деуші еді. Алапар басқалармен бажа болғысы келмеді. Оның ерлігі де, қорлығы да содан басталды.
* * *
Бір-ақ айлық күшік басымен арыстанның өлекшініне ұқсас, аяқтары балғадай, тырнақтары орақтай, қодас сынды жүндес, желкесінде жалы бар ерекше тұқым екен.
Оны соноу Бурылтаудан алып келген Мұсатай мақтауын жеткізіп-ақ жатыр:
— Бұл австралиялық жабайы иттердің тұқымы. «Дикая собака Динго» дегенді естігендерің бар ма? Соның зәузаты.
Отағасы Қаһарман «Дикая собака Динго» тұрмақ, Австралия әлемінің қай тұсында екенін де ұмытыңқырап қалған. Қайдан білсін.
— Кім біледі, — дей салды. Мұсатай інісіне: — Бір тәуір иттің күшігі болса, қарастыра жүрші, — деп о басында тілек айтқан өзі еді. Енді шүбәлі.
Өзгеше пошымдағы күшікті көріп, немерелері Жако мен Илико қуанып, алыстан келген «қонақтың» ар жағынан бір, бер жағынан бір шығып, шыр айналса да, Отағасы бұл сыйлықты құлықсыз қабылдады.
Жако мен Илико жас күшікке сүт беріп, түннен қалған еттің сорпа-суын, сүйек-саяғын беріп, шешелері ұл тапқандай қуанып жүр.
— Төбет пе, қаншық па? — деді Отағасы.
— Төбет өзіңізде де бар ғой, бұл қаншық, — деді Мұсатай маңдай шашы селдірей бастаған басын сипап қойып. Отағасының бұл базарлыққа аса қуана қоймағанына іштей ренжіп қалған тәрізді.
— Қақа, ит — жеті қазынаның бірі деген емес пе. Бұдан әлі пайда көресіз.
— Қандай пайда? — деді Отағасы кекесіндеу жымиып.
— О, мұның пайдасы көп. Кейін күшіктегенде көресіз. Әр күшігі бір құнан қойдың бағасынан артық болмаса, кем болмайды.
— Е-е, — деді Отағасы, — енді мына Пайғамбар жасына келгенде базарға барып, сарттарға ұқсап, күшік сатып отырғаным қалып еді.
— Несі бар, нарық заманы, Қақа. Абай айтқан: «Есек көтін жусаң да мал тауып кел» деп. Атын не қоясыз?
— Майлыаяқ па, Малсақ па — бірдеңе болар...
— Жоқ, Қақа, бұл — асыл тұқым. Аты затына сай ерекше болу керек. Майлыаяқ, Малсақ, Бөрібасарлар толып жатыр. Мұның атын Динго қояйық.
— О не дегені?
— Ол, қалай десе болады, жабайыдан жаратылған дегені ғой.
— Қасқыр десеші. Бір мәстек қасқыр өзімізде де бар. Байлап, әрең ұстап отырмыз. Көршілердің тауығын қырып салады. Мына көрші Қылжақбастың қозысына ауыз салып, шатақ бола жаздаған жоқ па! «Итіңді тый, әйтпесе өлтіреміз» деген ағайындармен араздасып болдық. Алапар десе Алапар, атаңа нәлет.
Мал қораның түбінде жатқан Алапар өз атын естіп, шынжырын салдырлата түрегеліп, шұнақ құлағын тікшитті. Бөтен күшікті айналып-толғанып жатқан балаларды, Отағасын, оның қасындағы Мұсатайды көріп, шолақ құйрығын шошаңдатты.
Өзіне ешкім назар салмай, бәрінің ықыласы дүрдиген дудар күшікке ауғанын қызғанғандай, қыңсылап-қыңсылап жіберді.
— Жүр, Алапарға таныстырайық, — деді Илико.
— Талап тастамай ма, — деп күдіктенді Жако.
Алапар талаған жоқ. Дудар күшікті басынан құйрығына дейін иіскелеп еді, Динго әуелі қорқыңқыраса да, Алапардың жаулық мінез танытпағанын байқап, қылық шығарып, оған еркелей бастады.
Алапар — иттердің ергежейлісі еді.
Оның үстіне құйрығы шолақ тұтамға толмайды. Құлағы шұнақ. Сөйте тұра ызақор, намысшыл. Тапал денесі тығыншықтай, тып-тығыз. Құдай бой берсе, көк бөрінің дәл өзі болар еді.
Сірә шешесі мәстек, әкесі есектей төбет болса керек.
Тышқан бір мая шөпті көтере алады деуші еді. Иттің ұрғашысы мәстек жаратылса да, есектей төбеттің өзімен көңілдес бола беретін көрінеді.
Ал, иттің еркегі мәстек болып, ұрғашысы есектей болғаны ебедейсіз. Бұл — сор.
Адамдар болса амалын табар еді... Мұндайда итті құдай икемсіз жаратқан.
Көз алдында Динго сұлу өсіп келеді. Бір-ақ айлық болса да қазірдің өзінде Алапардан еңселі. Ал, енді кемеліне келіп, бойжеткенде не болмақ...
Қаншықтардан жолы болмаған Алапар Динго сұлуды асты-үстіне түсіп, аймалап-ақ бақты. Үстіне шыбын қондырмай қориды. Тіпті Жако мен Иликодан да қызғанатынды шығарды. Қалыңдығы екеніне күмәнсіз.
Бірақ ит те болса озбырлығы жоқ. Қалыңдығының балиғатқа толмағанын біледі. Әзірше ол баласындай бағып-ақ жатыр. Тіпті сүйек-саяқ, сорпа-суға да таласпай, алдымен Дингоның тойғанын тосады.
* * *
Енді келе-келе Алапардың өзі Дингоның баласындай болып қалды. Алыстағы Австралиядан тараған тұқымдардың не кереметі бар екенін кім білсін, Динго ертектегі дәулердей күн санап өсе берді. Шоқтық жалы күдірейіп, екі саны жүндес қодастай желкілдеп, түгі қалыңдап кетті.
— Мына бәле қырғыздардың қодас сиырындай болатын болды ғой, — деп Отағасы таңдай қағып, басын шайқап-шайқап қоятын болды.
— Е, бұйырса сүтті болады, — деп иықтайды көрші құрдасы Қылжақбас Керімсейіт, — Жүнін де қырқып аласың. Ақыры аяғым ауырып, тізем сырқырайды деуші едің. Мұның жүнінен тоқыған шұлық таптырмайтын ем дейді ғой.
— Сөзің құрысын, — деп жақтырмайды Отағасы.
— Базарға апарып сатса, күшіктері де қымбат көрінеді, — деп шымшылай түсті титтейінен бірге өскен құрдасы. — Осы бастан айтып қояйын: бұл қаншығың әне-міне дегенше бойжеткелі тұр. Құда түсіп, сырға таққаным болсын, менің төбетіме ұзатасың.
— Құрып кет, төбет өзімізде де бар, — деп қойды Отағасы қабағы ашылмай.
Құрдасы Қылжақпас Керімсейіт санын шабаттап, шалқалай күліп, гүлқайыр көмкерген сәкіден құлап қала жаздады.
— Ей, Сайқымазақ, немене сонша қатының ұл тапқандай... — деп түйіліп қалды Отағасы.
— Жоға, мына керім қаншық сенің ергежейлі төбетіңді менсінбейді ғой. Бұған менің Таймас арланым лайық.
— Алапар да ақысын жібермейді. Қаһарланып қадалса Таймасыңның талқанын шығарады. — Отағасы намысын жібермеді. Біреу: «мысығың жаман» десе де қаны басына шапшитын қазақпыз ғой.
Қараптан-қарап отырып, айдың-күннің аманында көрші құрдастар кіржіңдесті де қалды.
— Осыдан көр де тұр, — деп шаптан түрткіледі Қылжақбас Керімсейіт көрші, — бұл қаншығың Таймастың қатыны болады. Ал, Алапарың Таймастың қанжардай азуында кетеді.
Осыны айтып, шілденің күнінде де бұтына мақталы шалбар, басына тозған құлақшын киіп жүретін Қылжақбас Керімсейіт көлеңкелі сәкіден түсіп, үйіне қарай талтаң-талтаң басып, ыржия күліп кете барды.
— Сөзің құрысын, — деп Отағасы қабағын түйіп, көршісі өз қақпасына кіріп кеткенше соңынан қарап тұрды.
«Шынында да осы дуайпаттың айтқаны келіп жүрмесін» деп кәдімгідей ойланып қалды.
* * *
Сөйтіп ұрғашыға зар болған, өзінен әлділерден қағажу көрген, ұрғашыға бола бір көзінен айырылып қор болған Алапарға бұл жалғаншы дүние бір қалыңдықты күшігінен дайындаған сияқты еді.
Динго кішкентайынан сол Алапардың бауырында өсті. Әрине, Алапарды байым болады деп сезген жоқ. Алапар оны қатыным болады деп білген жоқ. Динго әлі нәресте еді. Ит затында да иман бар шығар, Алапар оны ұяласындай сезінді.
Бірақ ит ғұмыры қысқа. Сондықтан болар, тез жетіледі, тез піседі. Келте ғұмыр, иттерге: «Оралыңның барында ойна да күл» деп сыбырлайтын шығар. Содан да болар, жаңа малқораның бұғатындағы мұз сүңгіден тұмсығына бір тамшы тырс ете қалғанда, Динго өзінің бүлдіршін дәуірге еніп, бой жетейін деп қалғанын түйсінді.
Бүлдіршін көзін сүзбесе, буыршын жібін үзбейді. Динго өзін аяғымен түртіп, тұмсығымен сүйкенгенде, жалғыз көзді Алапар неге екенін өзі де түсіне алмай, тұла бойы бұланайлап, ерекше бір қуаттан ширыға түрегелді. Біліп істесе де, білмей істесе де, бірден Дингоның туа сала шорт кесіп тастаған шолақ құйрығын ары-бері иіскелеп, жаланып қоя берді.
Келтек құйрығы тыным таппай шыжбыңдап, Дингоны шыр айналып, асты-үстіне түсіп, мәжнүн болды да қалды.
Динго қылымсып, онымен қақтығысып, қақпақтай омырауымен оны қағып кетіп, ойқастап ойнағысы келді. Сөйте-сөйте, бірін-бірі қақпайлап, огородты аяқ жағындағы сәмбі талдың жықпылына кіріп кетті.
Тығыншықтай доп-домалақ Алапар рәзіңке допша домалайды. Аяқтары арбиған ақалтекедей Динго арсалаңдап, Алапарды керіскедей кеудесімен қағып кеткенде, байғұс мәстек құлап қалып, құлдыраңдап қайта тұрады.
Алапар Дингоның үстіне қарғымаққа әлденеше рет талпынып көрді. Жалғыз көзі оттай жанып, езуінен сілекейі шұбатылып асылады, сырғанап кете береді, кете береді... Енді жеттім дегенде тағы сырғанап түседі. Динго болса, оның бұл өнімсіз әуресіне күлгендей болып, азу тістері көрініп, итше ыржияды. Кекеткені екені, яки өкінгені екені белгісіз. Менен кінә жоқ дегендей көздері кілмиеді.
Тең теңімен, тезек қабымен деуші еді. Бақа мен бақа пар, құмырсқа мен құмырсқа. Бұлдырық пен бұлдырық пар.
Адамдар әп-әдемі, тап-таза дүниені былғағаны үшін Алла-тағала оны топан суымен тазалап тастамақ болып; адамзат, жан-жануар, өсімдік зат, мақұлықат тұқымы үзіліп кетпесін деп, ең тазасын, адалын таңдап-таңдап, кемеге мінгізіп, аман алып қалуды Нұх пайғамбарға табыстаған ғой.
Нұх пайғамбар Алланың бұл жарлығын абыроймен ақтап шығып, топан су қайтқанда Нұхтың кемесі Қазығұрт тауының басына қайырлады.
Әуелде әп-әдемі болып тазарған дүние бара-бара қайтадан кірлене бастады. Зіл сияқты алыптар мүлде жойылып, Піл сияқты ірілер азайды. Адамдар, аңдар ұсақталды. Соның бір көрінісі — Алапар.
Алапардан ес кетті. Аңсар азабына түскені сонша, Жако мен Иликоның итаяққа құйып кеткен сүйек-саяқ, жуындысына да қарамай, есі-дерті Динго болып, соның жолында құрбандыққа шалынып кетердей, шыр көбелек айналды.
Итаяқтағы жуындыны Динго жалғыз өзі шалпылдатып іше бастағанда да, Алапар оның мазасын алды. Дингоға тағы бір асылуға ұмтылып, әрекет жасамақшы болғанда, итаяқ төңкеріліп кетіп, жуынды төгіліп қалды.
Енді Динго кербезденіп, сылаңдап көше жаққа шыққан. Артынан тымпыңдап, тілі салақтап, Алапар қалмаған.
Көршінің көк қақпасының алдында дөңдей болып дүрдиіп, Таймас шоқиып отыр екен. Қағынғыр, иісшіл залым екен. Бірдеңені сезе қойды. Көшенің арғы бетінен Солдатбайдың дүбәра тазысы да созалаңдай тұрып, тұмсығын көтеріп, жел жақты құмыға, құмарлана иіскеп-иіскеп, дүр сілкінді.
Сол-сол екен, орыстар айтатын «собачья свадьба» басталды да кетті. Таймас пен Желаяққа тағы екі-үш төбет қосылды.
Әйда! Көшенің қақ ортасында иттер тойы қызсын да кетсін.
Алдыда — Динго, сонан соң Таймас, желаяқ, қалғандары соңында. Бәрі үміткер.
Алапар тыпыр-тыпыр, барын салып Таймаспен қапталдаса береді. Бойынан тілі ұзын, салақтап кетіпті. Таймас оған: «Саған не жоқ?» дегендей екі-үш рет зілдене қарап, сес көрсетіп еді, одан Алапар ықпады.
Қалыңдық біреу, күйеу көп. Көшені шиырлай, шиырлай, иттер тойы кешке жақын балалар доп ойнайтын таз-тақыр алаңқайға барып дамылдады.
Бәрі де жау жайратқандай, сұлай түсіп, бүйірлері солықтап қалған. Жайшылықта ошақ басын аңдитын төбеттер өз итаяқтарын да ұмытқан.
Алапар мына бақталастардың жайрап жатқанын, әрі Дингоның жер бауырлап аласарғанын пайдаланып қалғысы келді ме, байғұс қаншыққа тұра ұмтылып, бөксесіне артыла кетті.
Бұл сәт оның арманы еді. Динго жақтырмай, «бұл қайсысы?» дегендей мойнын бұрып, Алапар екенін көріп, оны аяп кеткендей елжірей қарап, долданбай-ақ, туламай-ақ, бәлденбей-ақ, көзін жұмып жата берді.
Сол-ақ екен, әлдебір қыбыр-жыбырды сезген Таймас екі көзі қанталап, орнынан атып тұрып, Алапарды көк желкеден жұлқып-жұлқып, тулақ құрлы көрмей, лақтырып жіберді. Соншалықты дүлей күштен, қанжардай өткір тістен тайсалған, жүрегі шайлыққан Алапар ма?! Ай, сабазым-ай, лақтырған тарғыл тастай зымырап, Таймастың алқымынан ала түскенде, тайыншадай арланның өзі омақаса құлап, жер қауып қалды. Бұл Таймас Алапардың ата жауындай ғой. Сол сәтте оның есіне өзінің оң көзін ағызып жібергені түсті ме екен... Дингоға өлердей құмартып, «өзімдікі» деп иемденіп жүргенде, Таймастың көлденеңнен қосылған зорлығы өтіп кетті ме екен, әйтеуір Алапар бұл соғысқа соңғы әл-дәрменін сарқа салды.
Кім біледі, Алапардың жағы қарысқан қалпы, азу тістері Таймастың алқымынан ажырамаған қалпы қала бергенде, Алапар Таймастан өлердей өшін алар да ма еді... Таймас қырылдай бастаған.
Бірақ иттің аты — ит. Әділет пен әділетсіздікті ажырата бермейді. Алапарға әуелі дүбәра тазы Желаяқ жармасты. Тауықтың жұмыртқасын ұрлап жегіш сүмелек Ақтөс жармасты. Әрідегі ұры қақпадан шыққан сабалақ жүндес Бәрібасар тиісті бір жақтан.
Біреуі бір аяғына, біреуі екінші аяғына, үшіншісі желкесіне жабысып, ырылдасып, қырылдасып, Алапарды көкпарша тартқылағанда, жердің шаңы көкке көтерілді.
Ақыры Таймас та Алапардың азуынан алқымын ажыратып алды. Ол енді сол Алапардың әлгі әдісін өзіне қолданып, астаудай аузын аласа иттің тамағына аямай салды.
Төртеуі жабылып, төрт жаққа тартқылағанда, Алапарда амал бітіп, соқыр көзінен сорасы ағып, тынысы тарылып, екі езуінен бұрқырап қанды көбік атқылай бастады.
«Итжанды» деген рас шығар, Алапар әлі де тыпырлап, әлі де бұлқынып, әлі де өлгісі келмей, жанталасты.
Бір сәтке, сол сұрапыл сойқан соғыста, бір сәтке оқшау тұрған Дингоға жалғыз көзі түсіп кетіп, қырылдай қыңсылап-қыңсылап жіберді. Көз қарасында, қырылдаған қыңсылында: «Осының бәрі сен үшін ғой» деген нала бар еді.
Сонда барып Динго есіне әлдене түскендей дір ете қалды да, қодас жүндері дүрліге тікшиіп, азуларын ақситып, ақыра атырылып, әуелі Таймасты, содан кейін Желаяқты, содан соң Бөрібасар мен Ақтөсті жан-жаққа лақтырып-лақтырып жібергенде, мықтымсыған күйеулер әр жерде шашылып, шаңға бір-бір аунап түрегеліп, аң-таң болып, аңтарылды да қалды.
Динго керіліп жатқан Алапардың аузындағы қызғылтым көбікті, соқыр көзден аққан қанды жасты жалап, «тұр-тұр» дегендей тұмсығымен түрткіледі.
Алапар жалғыз көзін әрең ашып, Дингоны көрді. Биіктен-биіктен көгілдір аспанды көрді. Жалғыз көзі Дингоға әлде өкініш, әлде риза пейілмен жәудірей қарады да, қайтадан жұмылып кетті.
Тұрқы тұтамдай ғана денесі кенет ұзарып кеткендей керіліп барып, дір-дір етті де, тым-тырыс тына қалды.
* * *
— Әй, құрдас, қашанғы теріс қарай бересің. Кешір енді, мен әшейін қалжыңдап едім ғой. Қу тілім болмаса, зілім жоқ қой, өзің білесің, — деді Керімсейіт кінәлі кейіппен. Отағасының арқасынан сипалап, жүзін төмен салды.
Жаздың шіліңгір шілдесінде Динго бес күшік туды. Отағасы бастары қауқиған төртеуін сұраған жанға беріп жіберді де ішіндегі ең шынжау, шүйкедей ғана кішкентайын өзі алып қалып, атын Алапар қойды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі