Тауық күлге аунағанды тәуір көреді. Ал қазір бұрынғыдай есіктің көзіне шығарып тастай салатын күл жоқ. Қазір жұрт баллонмен тасып газ жағады, үй жылытуға көмір түсіріп алады. Көмірдікі қайран баяғы тас мияның, яки қызыл жантақтың күлліндей болмайды екен.
Тауық енді топырағы бусап жатқан огородқа үйір.
Мейрамбүбі тауық ұстайды. Асырамас еді, күнде таңертең тракторшы баласы Жұмажанның сеткесіне пісіріп салып жіберетін үш-төрт жұмыртқасын олжа көреді. Әйтпесе «тауық асырағанды қой» деп көрші қайнысы Жаппас оу баста-ақ ескерткен. «Құс асырағыш екенсің, — тор шарбаққа қамап ұста» деген. Ал өзі тауық тұрмақ, қаз бен түйеқұсты да асырайды. Бірақ олар қысы-жазы ауладағы кір тор шарбақта қамаулы. Зоопарктегі сияқты.
Мейрамбүбі қайнысына:
— Көзің құрысын, — деді. — О заманда бұ заман тауықты қамап баққанды кім көрген, — дейді. — Сен бір күні тауықты аяғынан арқандап қой дерсің.
Жаппас Мейрамбүбімен салғыласып жатпайды. Огородына түскен құсты кесекпен қадап-қадап ұрып, шекарадан асыра қуып тастайды.
Мейрамбүбінің тауықтары қатты жәбірленіп, иесіне мұңын шаға байбалам сала қақылықтап қашып келе жатады. Әсіресе қызыл қораз өңеші жыртылғанша қақсайды.
— Қап, қараң қалғыр-ай! — деп үйден Мейрамбүбі шығады. Сонда барып жәбір көрген асыранды құстар зарлауын бәсеңдетіп, ішектерін тартып барып, жай бейбіт құрқылға көшеді.
Екі үйдің жерінің арасы бір құлақ суы бар арықпен бөлінген. Арықтың арғы беті, бергі беті қаз-қатар нау теректер. Балақ жағын атыз бөліп тұрса да, аспандап алған бас жағы бұтақтары айқасып, жапырақтары жамырасып, тұтасып кеткен. Сол дүлей нуда жаушымшық пен жабайы кептердің, тоқылдақ пен көк қарғаның сансыз ұясы бар.
Алты ай жазға көк терек пен қара ағаштың тәкаппар басы азан-қазан құс базары.
Арықты бойлай, ағаштардың етегін ала арасына бұзау кіріп кетсе көрінбес түйежапырақ пен шырмауық, шытыр, меңдуана өседі. Мейрамбүбінің тракторшы баласына жұмыртқа туып беретін тауықтар бастығы қызыл қораз болып, күн ысығанда, сол түйежапырақтың арасына кіріп, көздері ақшелденіп, рақат түс көріп ұйқыға кетеді.
Өздерінің бір тұтам өміріне шақталып берілген құс ұйқыдан кейін, тауықтар тағы да тамақ пен борпылдақ топырақ жорығына шығады. Неге екені белгісіз, арықтың арғы жағына өш. Мейрамбүбінің механизатор баласына колхоз кесіп берген жиырма бес сотық жер жетпегендей, Жаппас жағына жаудай тиеді.
Жаппастың жиырма бес сотық жерінде нелер жоқ! Мәуелеп тұрған алма мен алша, алмұрт пен өрік. Тіпті екі түп жаңғақ та әкеп отырғызып еді, түйе сияқты неме екен, әлі жеміс бере қойған жоқ. Ал шие мен құлпынай әлдеқашан пісіп, сабағынан үзіліп түсіп, тауық шоқығанға уылжып шіри бастаған.
Картоп күлгін гүл ашып, түбіндегі ақ сары бас құрт төңкеріле семірген кез болатын. Тауық шіркін осыған өлердей өш.
Қызыл қораз темірдей тұяқтарын картоптың түбіндегі топыраққа салып-салып жібергенде, жер соқа жыртқандай болады да, ар жағынан ерінген, манаураған ақ сары бас құрт асықпай аударылып түседі. Қызыл қораздың сондағы дүрдигенін көрсеңіз: бөтегесі Алатаудың бөктеріндей шеңберленіп, қыт-қыттап мекиендерін шақырып алады. Тойып болған соң ақ мекиендер топыраққа жата қалып шомылады-ай келіп.
Әне, бәле содан шығады.
Бір күні Жаппас арықтың өз жақ бетіндегі ағаштарды аралатып тікенекті сым темір жүргізіп тастады. Арасынан тауық тұрмақ торғай өте алмастай жиі тартты. Мұндай темірмен Жаппас өз жерінің бұрын көше жақ бетін, түстік бетін және сайға барып тірелетін батыс жағын тұтас қоршаған болатын. Рас, Мейрамбүбі жеңгесінің үйімен шектесетін терістік жағы ғана тікен сымсыз еді, енді о да тарс бекітілді. Тек екі үйдің арасын жалғастыратын жалғыз аяқ жолдың арықты кесіп өтетін жері ғана ашық қалдырылды. Жаппас жерінің төрт бұрышындағы жалғыз ашық жер осы ғана. Әйтпесе көше жақтағы биік дарбаза үнемі сырықпен тіреулі тұрады. Ертеңді-кеш өріске мал шығып, өрістен мал қайтқанда ғана сықырлап ашылады.
Жаппас көршінің үйіне қарай шығатын әлгі бір жалғыз аяқ жолды да бітеп тастамақшы еді, ойланып біраз тұрды да оған қолы батпады. Кішкентай үш баласы үйректің балапанындай тізіліп сол жолмен Мейрамбүбі апасының үйіне баратыны есіне түсті. Кемпір кішкентай балақайларды жаны қалмай жақсы көрер еді. Өзіне әлі немере біте қоймағаннан ба, әйтеуір, әлгі Жаппастың мұрынбоқ балаларының асты-үстіне түсіп бәйек болар еді, шығарға жаны басқа, әйтпесе өзі туғаннан кем көрмес.
Тракторшы баласы әлі үйленбей жүр. Жұмысқа ерте кетіп, кеш келеді, оған:
— Әй, айналайын, біреудің қызын тұлымшағынан сүйреп әкелер күнің бола ма, жоқ па? — деп қояды.
— Пәлі, апамды-ай, — деп күледі тракторшы баласы. — Қазіргінің қыздарында тұлымшақ жоқ та. Қазір — прическа.
— Е, пришешіңмен қатып қал, — дейді кемпір теріс айналып, Жаппастың балаларына қазанжаппа пісіріп беріп отырып. Бүкіл қырық үйлі көшеде қазанжаппаны жалғыз Мейрамбүбі ғана пісіреді. Мейрамбүбінің тауықтары Жаппастың огородындағы сары бас құрт пен шұбалшынға қандай өш болса, Жаппастың балалары Мейрамбүбінің қазанжаппасына сондай құмар.
Балалар қазанжаппаға тыңқия тойған кезде, Мейрамбүбі оларға арша күбіні күрпілдетіп пісіп-пісіп көже құйып береді. Арша күбі осы үйде Мейрамбүбі көрші қырғыз ауылынан осы қазақ ауылына келін боп түскенде бар еді. Ал Мейрамбүбінің енесі Ақтолқын жарықтық нұрың пейіште шалқығыр, айтар еді. Бұл арша күбі осы үйге мен келін боп түскенде бар еді деп. Бұл күбіден мына отырған балақайлардың бабалары ас ішкен, Мейрамбүбінің ертерек қайтқан шалы мен мына көрші Жаппастың әкесі бір туған. Бұларды кексе кісілер Таубас әулеті дейді. Бұдан жүз жыл бұрын өткен Таубастар, жаның жәннатта болғырлар, осы арша күбіден ашымал ішкен.
Сол бабаның асына, құданың құдіреті, осы заманның ұрпағы болса да, мына Жаппастың жамандары әбден құмар. Мейрамбүбі айтады:
— Менің жамбасым бір күні жерге тигенде мұны сендерге кім істеп береді, — деп қояды. Оны балалар уайымдамайды. Қазір қарны тойса болды.
Қарны тойса болды, үйректің балапанындай балпаң басып тізіліп, жалғыз аяқ жолмен қызыл шатырлы үлкен үйге қайтады. Енді осыдан кешке дейін, қызылшадан шешелері келгенше қарындары ашпайды. Ал Жаппастың бұларға қарауға мұршасы жоқ. Түнде қамбаға қарауыл, күндіз «Запорожецін» қоңызша тоңқаңдатып, алма, алқоры тиеп базарға жөнеледі. Одан кейде ерте, кейде кеш келеді. Малының өтуіне қарай.
Соны көріп Мейрамбүбі өзінің тракторшы баласына:
— Әй, айналайын, тым құрымаса ана Жаппас ағаңнан үйренсеңші. Астыңда тракторың бар, құдайға шүкір. Анау алма деген шіріп жатыр. Тіпті тауықтар да шоқығысы келмейді. Мұрнын шүйіріп, қасқа сиыр да жемейді. Не қыламын мен оны? Артып апарып, тым болмаса шай-қантқа айырбастап әкелсеңші, — дейді.
Оған баласы көнбейді.
— Шай-қантқа менің тапқан еңбекақым да жетеді, — дейді.
— Апыр-ай, кежегең кейін тартып тұратыны-ай, сенің. Мынау ағаңның әрекетін неге көрмейсің? Оның да жері сенің жеріңдей-ақ қой, ала-құласы жоқ. Жылда қып-қызыл ақша жинап алады. Ал біздікі ит-рәсуа боп далада қалады. Онан да осы мәуені сатып, Жаппас құсап бір легковой алсаң, сені мөңкіп-мөңкіп тастап кететін бе еді? Әй, түкке икемі жоқ, болбырым-ай.
— Легковой не керек, трактор тұрғанда, — деп баласы кемпірді өршелендіре түседі.
— Е, тракторың бар болсын, жүрісі жаман. Адамды селкілдеткенде ішек-қарның түсіп қала жаздайды. Майдай жұп-жұмсақ легковойға не жетсін!
Кемпір қайтсін, о да армандайды. Балам бір машина сатып алса дейді, келін түсірсе дейді. Содан жаңа құдаларды шақырмақшы. Сонда құдаларды әлдекім құсап салдыр-күлдір жүк машинаға мінгізіп әкелмей, Жұмажан легковойымен тасыса, қандай мәртебелі болар еді дейді.
Өстіп бір өзінше тәтті қиялдың құндағында арша күбіні ысқылап жуып отырғанда, бір жаман дауыс шар-шар ете қалды.
«Тауықтың балапанын қарақұс ілді ме», — деп далаға ытқып шыққан.
Сөйтсе, өзінің қызыл қоразы. Шарбақтың ар жағында Жаппас тұр. Ұрысын ұстап алып, екі борбайын екі жаққа дар еткізіп айырып-ақ жібергені. Өлген қоразды сөйтіп Мейрамбүбінің үйіне қарай лақтырды-ай кеп. Сонда ол қызыл қанаты жалпылдап, бейнебір аспаннан от түскендей алаулады. Әтештен айырылып жесір қалған ақ мекіштер ойбайды салып, жоқтау айтып жатыр.
— Ә, сорлы дүлей, жазаңды Жұмажан берсін, — деді Мейрамбүбі, жалғыз ұлын асқар тауға балап. — Кешке, тірі болса, келер. Торғай тоқ еткеннен күннің көзі байланғанша колхоздың тірлігін істеп, тырнағымен жер тырмалап жүрген жұмыскердің жалғыз шешесін көрінген саудагер жәбірлесін деген заң жоқ, қараң қалғыр. Тілсіз мақұлықтың шатын айырып. Шатың айырылып, тапқаның талапай болғыр.
Жаппас ләм деп жақ ашқан жоқ. Үйінен өткір балта алып шыққанына, жалғыз аяқ жолды жуан-жуан тақтаймен биіктетіп, тарс бекітіп тастады. Енді тышқан жорғалап өтетін жер қалмады.
— «Менен кінә жоқ», — деді Жаппас. Сөйтіп қайтадан «Запорожецті» айнадай ғып сүрткілей бастады. Көкшіл сырын жалтырата бензинмен ысқылады. Станцияға түсте келетін жолаушы пойызына алма, жұмыртқа алып шықпақшы боп, жолға дайындалған.
— Бірақ әлігібір жағдай жайбарақат көңілін лайлап, ойын бөле бнрді. Өзінен-өзі дегбірі кетіп, әлденесін ұмытқан адамша үйге бір кіріп, бір шықты. Ойсыз, мағынасыз жан қалтасын сипалай берді. Шалбарының артқы қалтасына салып қойған сигаретке қолы тигенде барып, темекі тартқысы келетінін ұқты.
Фильтрсіз, мыжылған арзан сигареттің біреуін алып тұтатқанда, тұңғыш рет қолы қалтырады. Соған ыза болғаны, қою түтінді ішіне аямай қарпи тартып, жанып тұрған шырпыны сұқ саусағымен бет алды шертіп жіберді.
«Шығасыға иесі басшы» деген... Шылым тұтатып болған соң, отын үрлеп өшіріп, өлі шырпымен тісін шұқып қойып, көк түтіннің иісіне, дәміне елтіп отырар еді. Бұл жолы шертіп жіберем деп, шерменде болды. Әлгі шырпы шертпектен шыр етіп барып, Жаппастың оң қол жағында тұрған машинаның үстіне түсті. Бәрі қас қағым сәт, «Запорожец» лап етіп, сиқыр ойнағандай, лезде отқа оранды. Машинаның жанында тұрған қара шелектегі бензинге бір жапырақ от жаны бар мақұлық құсап өзі қарғып түсті. Бұрқ еткен жалын ұмар-жұмар дөңгеленіп аспаннан бір-ақ шыққан.
Жаппас бір сұмдықтың болғанын іші сезді, бірақ не екенін ұға алмайды. Әуелі жалпылдап қанатын қаққан қызыл қораз сияқты да көрінді. Әлдебір сары ала топырақты үйірген құйын сияқты да көрінді. Мұндайда діндар болса:
«Бісмілдә, бісмілдә», — дер еді, бірақ ол аузына түспеді. Ұйықтап жатып бастырылыққандай демі бітіп, көзі шатынап біраз тұрды да:
— Ойбай! — деп келте қайырды. Үні шықпай қалды. Оны өзі де сезді. Содан соң барып:
— Ойбай! — деп бар даусымен барқырап қоя берді.
Осындай жаман дауыстан жаны шошынғыш қазақ үйде бар тірі жаны далаға толайым топырлап шыққан.
— Өрт! Өрт! — десті.
— Жаппастың үйі өртеніп жатыр.
Күрегін, кетпенін, сырығын ала, тұра-тұра жүгіріскен. Кәне, ішке кіре алсашы. Биік қызыл қақпа ішкі жағынан сырықпен тіреулі, ағаш-ағаштың арасы тікенек сым темір, шеңгелмен бекітулі.
— Әй, сорлы, аш дарбазаңды!
— Қақпаны аш!
Жаппастан жауап жоқ. Арсылдап, шынжырын салдыратқан ит үреді. Бұ кезде от маяға шапшыған. Top шарбақтың ішіндегі тауықтар шарылдап, үйрек-қаз үрейлене қаңқылдады. Алауына адам жолап болмас орасан оттың түтіні биік тал-дарақтың басын орады. Ондағы сыңсыған ұя, сансыз шымшық қызылшақа балапаны қақалып, құс дүниесі күйзелді.
Жұрт қақпаны аша алмай, не тікен шарбақтан аса алмай «ал-ал» деп жүргенде, Мейрамбүбінің есіне ең алдымен қазанжаппа жегіш балалар түсті. Жаны қысылғанда атам заманда ұмытып кеткен қырғызшасы аузына түсіп:
— О, қоқи, қантем!? — деді.
Тікенек темірлі арықтың бойын жағалай жүгіріп жүргенде, тәңірі жарылқап, таңертең өзі жоңышқаның үстіне жайып тастаған қызыл ала текеметке аяғы шалынып сүрініп қалды.
Ала салып текеметті тікен шарбақтың үстіне лақтырып, кемпір басымен әлгі биікке жас балаша қарғып шықты.
Ашыған бидай көже ішкіш батырларың қашып шығарға тесік таппай, олар да шарбақтың ішінен айнала шырылдап жүр екен. Есі кеткенде үшеуі үш жаққа қашып, Мейрамбүбі оларды әрең ұстап алып, қолына іліккенін шарбақтан асыра лақтыра берді.
Мейрамбүбінің текемет көпірін көрген адамдар бұ кезде ішке қарғып-қарғып түсіп, жандалбаса әрекетпен әуре. Балағы күйіп, сирағы сидиған Жаппастың бет-аузы үйтілген. Көзі алақ-жұлақ, айдалаға қарайды. Енді бір кез оттан опырылып түсіп, гүрс құлаған қызыл қақпаға қолын шошайтып, ыржың-ыржың етіп күлді.
Көз алдында қызыл қораз қанатын жалпылдатып тұрғандай, көзге көрінбес әлденені қолымен жасқай берді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі