Өлең, жыр, ақындар

Абай болсақ, опық жемейміз

Сөйтіп, бізді талай тосын оқиғаларға куә қып, Қой жылы да өтті. Заты түгілі атының өзі тіксінтпесе сүйсінтпейтін, міне, енді Мешін жылы да жетті.

Алты жыл қоғам жаңарып, әділет, молшылық, бостандық пен демократия орнайды деп сеніп келдік.

Ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Айта қаларлықтай өзгерістер болды. Әйтпесе, бұрын Жаңа жыл толғауын тап осылай бастай алар ма едік... Бірақ... Көңілдегі түйткіл әлі де баршылық. Тіпті көптен бері тап бұлай дағдарып, тап бұлай күйзелмеген сияқтымыз. Бәлкім, пенде шіркін әлімсақтың алғашқы күндерінде ғана төңірегіне тап қазіргідей елегізе қарап, елеңдей көз салған шығар. Алдында не тұрғанын білмей аңтарылған шығар.

Басқасын былай қойғанда, көптен сағына күткен тәуелсіздіктің өзі көңілдегі көп уайымды біржолата сейілте алмай тұр.

Мәселен, күні бүгінге дейін империялық кіріптарлықтың тот басқан бұғауымен қол-аяғынан бірдей байланып келген халықтардың аяқ астында азаттық алған бостан жігері мен бостан серпінінің бір-бірімізге жылдап қордаланып қалған өкпе-бопса мен ашу-ызаның есесін қайтаруға ма, жоқ, жалпымыз мен жалқымыздың көсегесін бірдей көгертер ортақ істерді өрге бастыруға ма — қайда жұмсалатынына қайтіп толғанбассың?

Меніңше, ол тәуелсіз мемлекетіміздің өзінің ойдағыдай дамуына қаншалықты қолайлы, басқаларды ештеңе деп тіксінтпейтіндей сенімді жолды қаншалықты дұрыс, қаншалықты сәтті таңдап ала білуіне тікелей байланысты.

Қажет десеңіз, азаттық дегеннің өзі де сол үшін керек. Кіммен қандай байланыста болатыныңды, бөгде біреудің мүддесіне нұқсан келтірмейтіндей қып, өзің шеше алуың үшін керек. Ал егер тәуелсіздікті өз үйінде өзі не істегісі келсе, соны істеуге еріктілік деп ұқсақ, онда күрделі мәселені күлкіге айналдыратынымызды былай қойғанда, мынау бір-бірімен мүдделестік тұрғыда әбден ілікшатыс болып алған кірпияз дүниедегі өз жағдайымызды өзіміз қиындатып алған болар ек.

Қазір жұрттың алдағы заман жөнінде жаппай бал ашып, жаппай тон пішіп жатуы да тегіннен-тегін емес. Оларға айтқызсаңыз: көптеген жас тәуелсіз мемлекеттерден қайтадан ұлтшыл-коммунистік басыбайлылық, феодалдық-байшылдық, діни озбырлық үрдіс орнатудан басқа ештеңе дәметуге болмайды. Отандық саяси астрология, әсіресе, «бұрынғы Совет Түркістанының» болашағын тым қараңғы қапасқа айналдырып жіберді. Ол екі ғасырдың тоғысында «жалынының жасыл реңі басым әлемдік өрттің ортасында» қалады-мыс.

Бұндай керіпкелділіктің ар жағында шынында да көктегі жұлдыздардың айтқан тұспалы жатыр ма, жоқ дүниені тағы да қайта беріп, қайта жүйелеуді көздейтін жұмырбасты күштердің есебі жатыр ма — ол арасын тарих пен тағдыр айқындай жатар.

Бүгін таңда бізге түсініктісі: бізде не болып жатқанына басқа дүние қалай болса, солай қарай алмайтындығы сияқты, басқа дүниенің біз жөнінде не ойлап жатқанына біз де қалай болса, солай қарай алмайды екенбіз. Өйткені, бізге тәуелсіздік өзімізбен шектес саяси-экономикалық кеңістікпен де, күллі дүниежүзілік саяси-экономикалық кеңістікпен де ешкімнің араласуынсыз өз бетімізбен тікелей қарым-қатынас орнатуымыз үшін қажет.

Бұл арада әу бастан өз жөнімізді өзіміз табатын дербес көзқарасқа ие бола алмасақ, баяғыдан бергі кісіге кіріптарлық тұсында қалыптасып қалған бөтеннің аузына қарап жалтақтаушылықтан шамалыда арыла алмаймыз. Ал көлденең пиғылдар ақыл айтқансып, кеңес бергенсіп, не болашағың жайында бал ашқансып, не сәл қылығыңа шамданып, екпе-бопса шақырғансып, өз бұйдаңа өзің ие болуға кедергі келтіріп-ақ бағары сөзсіз. Олардың пайымдауынша: ұзақ уақыт бойына өз тізгініне өзі ие болмағандықтан өрбитін саяси шалағайлық пен экономикалық дәрменсіздік тәуелсіз мемлекеттерді не күштілерге бұрынғыдан да көбірек шыбындайтын саяси жалпақшешейлікке, не «жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпастың» кебін кигізетін саяси шәлкестікке ұрындырады. Ал бұл екі мінездің екеуі де сырттан қысымды күшейте түспесе, әлсіретпейтіні белгілі.

Сол сияқты, «біздің республикаларымыз бен халықтарымыз егемендік пен тәуелсіздікті күресіп жеңіп алып отырған жоқ, тұтымы әлсіз, әлжуаз билеушілердің аңдаусызда қолдарынан түсіп кеткен жерінен, жолдан тауып алды»,— деп түсіндіруге күш салып жүргендердің қисындарына айрықша мән бермей болмайды.

Сол арқылы олар басқаларды тәуелсіз мемлекеттер қолдарына оңай тиген тәуелсіздіктен не қорыққандықтан, не саяси аңғарттықтан оңай айырылып қалулары да ықтимал деп үміттендіргісі келеді. Кейде олардың мұндай қисындары бір аяда тірлік етіп отырған көп ұлт, көп кәсіп өкілдерін бір-біріне қандай өкпе артып, қалай тиісуді үйрететін, сол арқылы енді-енді қаз тұра бастаған тәуелсіз мемлекеттерді әп дегеннен аймақаралық, ұлтаралық, дінаралық, қауымаралық, тіпті пенде аралық дүрдараздық өртіне душар етуді көздейтін әлеуметтік әбжілдік сияқты боп көрінеді.

Кейінгі кезде ислам факторы, феодалдық-коммунистік озбырлық, ұлтаралық, руаралық дау-дамайлары күшейіп барады деген байбалам да өз-өзінен туындап жүрген жоқ. Әрине, әлгі індеттер жас мемлекетіміздің қалыптасуына өшқандай кесір тигізбейді деуден аулақпыз. Алайда, мұндайда түймедейді түйедей ғып көрсетуге тырысуда да көп мән бар. Сол арқылы кейбір ойланбай болмайтын толғақты мәселелер не қасақана тұрпайыландырылып, күн тәртібінен түсіріліп тасталады, не олардың төңірегінде кеңес өрбітудің орнына, егес өршітіліп, алауыздық туғызылады. Саяси әбжілдік пен саяси кісәпірліктің мұндай тәсілдерінің арқасында адамдар мен халықтардың талай-талай көкейкесті мүдделерінің бостан-босқа тәрік болып жататынын көрмей, білмей келдік пе?

Айталық, әр нәрсенің бәрінде де әділет орнатылып жатқан тұста, тарихы қалыптасқан одақтастықтың құқты мүшелерінің қарым-қатынасын түбірімен қайта қарау керек деген талаптың күстаналайтындай несі бар еді?! Алайда, тыңғылықты талдау, парасатты байыптама орнына байбалам мен даудамай бел алды. Әркім әр жақтан өз жобасын ұсынды. Олар жан-жақтан не жамырай қосталды, не жамырай мансұқталды. Барлық қыр-сырлары ашылатын байсалды талқыға түспеді. Күллі қоғам өзінде бар интеллектуалдық мүмкіндіктерді өз тағдырының түбегейлі мәселесін түптей ойлап, түпкілікті шешудің орнына қайдағы бір «егемендік шеруі» дегеннің төңірегінде даңғаза дауды көбейтіп, елде егес пен дүрдараздық өртіне май құйылды. Мұндай қолдан ушықтырудың нені көздегенін «тамыз дүрбелеңдері» әбден айқындап берді. Сөйтсек, империялық озбырлықтың тажал араны әлі бітеле қоймапты. Ол біреудің үйіне «есіктен кіріп төр менікі» деп билеп-төстей жөнелетін әулекілігінен де, бірді-бірдіге айдап салып, ұлтаралық араздық отын, жылына қырық рет өкімет өзгертіп, қырық рет билік үлестіріп, ұлт ішілік араздық өртін тұтандыра қоятын аярлығынан да бас тартпапты.

Енді міне, сол сырттан тұрып, бірді бірге соғыстырар «мыстан таяғынан» пәрмен кеткенде, егемендік пен тәуелсіздікке деген жек көрінішін жасыра алмай, оларды түкке тұрмайтын құнсыз бірдеңе қып көрсетіп, азат халықтардың жігерін құм қылуға, оларды қалған дүниемен араластырмай тұра тұру үшін құбыжық қып қорқытуға тырысып бағуда.

Империяшыл идеологияның көздеген мақсаты белгілі: жас мемлекеттердің әлемдік саяси-экономикалық кеңістікпен тез тіл табысып кетуіне кедергі келтіріп, олардың басындағы қиындықтар мен дағдарыстарды одан сайын өршіте түсу.

Ол үшін неге иек артқысы келіп отырғандығы тағы да айқын: өзгенің бостандығы түгілі өз бостандығыңа өзіңнің үйренісіп кете қоюың оңай емес.

Бұл арада жеке тәуелсіз мемлекеттердің саяси тәжірибесінің балаңдығын өткенде талай есесі кетіп, дербестік жолына енді түскен халықтарда демократиялық ұстамдылық жағы жетісе бермейтіндігін өз пайдасына жарата қойғысы келетіндер аз болмайды. Әрбір өтпелі кезеңдерге тән әркім де ала бөтен өрекпіп жүретін әлеуметтік шамырығулар тұсында ұлттық сана үшін айрықша қасиетті болып табылатын кейбір ұғымдарды қасақана келеке ету, кейбір халықтарды феодалдық-діншілдік кертартпалыққа мейлінше бейім тұратын, мешеу жұрт қылып көрсетуге тырысу, әдейі шаптан түртіп, шамға тиюді көздейтін қаскөйлік болып табылады. Бүйтіп, әсіресе, көп ұлтты мемлекеттерде жұртты бір-біріне атыстырып-шабыстырып қою қиын емес. Ол үшін елді түпкіліктілер мен түпкілікті еместерге бөліп, түпкілікті еместерді сәл нәрсеге бола ренжітіп қоя алсаң жеткілікті. Не көп, ренжитін нәрсе көп. Оның үстіне, әуелде де өз еріктерімен бастары қосылмаған көп ұлтты қауымның қай-қайсысының да шешілмей жатқан мәселелері шаш етектен. Әлгіндей «интернационалдандыру» деп аталатын аударма-төңкерменің салдарынан түпкіліктілердің де шеккен зардабы өзгелерден аз емес. Енді одан кеп, бір кезде өзі ешкімнен талап ете алмаған нәрселерді қалай талап етерсің? Бұны былай қойғанда, кешегі біреулердің кінәлары үшін бүгін кеп оның жауап беретіндей қандай жөні бар? Мемлекеттігінен басқа біреулер айырған жұрттарды ол қалай мемлекетке ие қып, жерлерінен басқа біреулер айырған қауымдарға ол қалай жер бөліп бере алмақшы? Мұндай өкпе-бопсаны қалайша әділ талап дей алмақшымыз? Соның бәрін ескермей, түпкілікті халықтардың әйтеуір шамына тиюге, сол арқылы оларды онсыз да нөзік татулық арқауына ақау түсіретіндей әрекеттерге айдап салуға, кейін оны адам бостандығы мен құқыларын бұзушылық деп әдейілеп шиге шаншып, балаң тәуелсіз мемлекеттердің беттеріне шіркеу түсіруге тырысу — әр аймақта әр қилы күштердің қолымен жүзеге асырылғанымен, арғы түбің не екенін аңғаратындай уақыт болды. Таулы Карабахтағы, Ферғанадағы, тағы басқа жерлердегі қанды оқиғалардың бәрі де — сондай мақсатты көздегендердің көсеуі түртіп тұтатқан өрттер.

Әрине, адам бостандығы мен құқыларын көздің қарашығындай сақтау керек екендігін ешкім де жоққа шығармайды. Алайда, оны біздің қоғамдық пікірде бұған дейін айтылып келгендей бір жақты түсінуге болмайды. Ол жерінен-суынан айырылып, бөтен елде күн кешіп жатқандарға қандай қастерлі болса, өз жер, өз суында отырғандарға да сондай қастерлі. Қажет десеңіз, тұтас бір халықтарды өз елі, өз жерінде шерменде қылып қоюдан асқан адам бостандығы мен құқысын аяққа басушылық болуы мүмкін емес. Бірақ, солай екен деп, кім көрінгеннің жағасынан ала кетуге болмайды. Бостандықты олай оспадар түсіну енді тәуелсіз болып жатқан мемлекеттерге онсыз да қалай ұрынардың ретін таба алмай отырған іріткі күштер үшін нағыз іздегенге сұраған болып шығар еді.

Жоқ, бостандық құр бекерге кеуде соғудан күшеймейді. Жоқ, әлемдік қауымдастыққа өйтіп есік төбелеп ене алмайсың. Өз-өзінен қарық қылып тастайтын одақтастық жоғына көзіміз қандай жетсе, өз-өзінен бар мұратыңа бір күнде жеткізетін тәуелсіздік жоғына да солай сене берген жөн. Тәуелсіз мемлекет тек басқалармен жұғымды, сыйымды қарым-қатынас орнату арқылы ғана өз дегеніне жете алады. Ендеше, өзінің саяси имиджін — жұрт алдындағы жұғымын ойламау, оған жете мән бермеу — жас егемендік үшін өліммен бара-бар.

Қазақстан жағдайында орнықтылық пен тәуелсіздік тек тарихи қалыптасқан егемендікті, территориялық тұтастықты, адамдардың бас бостандығы мен құқыларын бірдей сақтап, бірдей құрметтей алған күнде ғана өзара үйлесім тауып, өрге баса алады. Әйтпесе, кез келген өзімен өзі болушылыққа тырысушылық ниет, өзгенің жеріне не өзгенің бас бостандығына көз алартатын мінез жүз отыз нәсілдің өкілдері болып табылатын он жеті миллион әйел мен еркек үшін қазіргідей аума-төкпе заманда Нұх пайғамбардың кемесіндей жансауға мекенге айналған республикамызды қайдағы жоққа ұрындырып, қара суға алдыруы ықтимал. Оны бір сәт те естен шығаруға болмайды.

1991 жылдың «ыстық» тамызының бізге үйреткен бір тағылымы: мемлекеттер үшін де, халықтар үшін де, адамдар үшін де демократия мен имандылық мұраттарына адалдықтан асқан сенім кепілі жоқ екен. Осыны ұққандар ұтты да, ұқпағандар ұтылды.

Бірақ, бұл арада да асыра сілтеуден аман қала алмадық. Шынжыр табандардың сықыры басылмай жатып, кейбіреулер жұртты демократияның достары мен жауларына бөле бастады. Адамдарды танктермен басы байлылық қотанына қайтадан қуып тығуға тырысушылық қандай әбестік болса, жұрт алдында біреуге біреу тіл тигізіп, істің мән-жәйіне түгел түсініп болмаған тобырдың қиқуымен демократия орната қоюға тырысушылық та сондай әбестік еді. Әсіресе, аталмыш оқиға тұсында кім бұрын, кім кеш лебіз білдіріп үлгіргеніне байланысты қай Президенттің, қай республиканың демократияға қаншалықты бейім екенін анықтауға тырысу ешқандай саяси көрегендікке де, моральдық ізгілікке де жатпайтын өрескелдік еді. Біз ешкімді, тіпті Президенттерді де, кез келген уақытта кез келген амбразураны кеудеңмен жаба кететін «саяси матросовшылдыққа» ұрынбадың деп жазғыра алмаймыз. Мұндай жолмен демократияның орнына атымен кереғар үрдіс орнатып алушылық тарихта бұрын-соңды кездеспей жүрген жоқ.

Тамыз дүрбелеңі демократияны көп айтқанымызбен, көп біліп жарымайтындығымызды байқатты. Олай болса, ол күндері жұрттың демократиядан көріп отырған нәтижелері емес, әлі түгел орнығып болмаған демократияға артып отырған сенімі жеңіп шықты. Қоғамда етек жия бастаған екі пиғыл, екі көзқарас тайталасында қайтадан «тегеурінді қолға билік беруді» жақтайтындардан гөрі демократияны одан әрі нығайта түсуді жақтайтындар басым түсті.

Ендеше, бұл жайды тәуелсіздігімізді бекемдей түсудің бір кепілі ретінде мықтап ескергеніміз лөзім. Әйтпесе, кез келген жаңа ұранға алдымен лебіз білдіріп, алдымен елп ете қалушылық бұрын да қиын шаруа болмаған, қазір де қиын шаруа емес. Ондай жолмен ұпай жиып, ұтыс тауып жүргендердің демократияға да, халыққа да, қоғамға да жоқшы бола алмайтынын уақыт көрсетпей жатқан жоқ.

Кез келген саясатшының демократия жолында қаншалықты табанды күрескер екендігін тек билік мәселесінде мемлекет ықпалын қаншалықты азайтып, азаматтық қоғам ықпалын қаншалықты күшейтіп, адамдарды қаншалықты өз тағдырына өзі ие ете алғандығымен ғана өлшей аламыз.

Ондай саясатшының бүгін таңда бұлтармай мойындайтын бір ақиқаты: бір кезде көп дау туғызған егемендік шеруі жеме-жемге келгенде демократияның бірден-бір құтқарушысына айналғандығы. Егер республикалар тұсында егемендікке ие болмаған болса, 1191 жылдың тамызында аяқ астында жарияланған төтенше жағдайды өз территориясына енгізбеуге ешқандай құқылық негіз таба алмаған болар еді де, бірден жер-жерге төтенше жағдай орнап, жоғарыға бас шұлғыған үрдістен тез арада құтыла алмай қалар едік.

Ал былайғы мәселелерде сол бір дүрбелең күндері біздің балаң демократиямыз талай сыр білдіріп үлгерді. Ең алдымен байқалған нәрсе, большевиктерді қанша мансұқтағанымызбен, соларға тән саяси науқаншылдықтан әлі арылып болмағандығымыз. Соның салдарынан да, демократия теориясының білгірлерінің бірі К. Поппер айтқандай, әлеуметтік дүниені түгелімен қайтадан жаңартуға тырысушылық бірден «жұмыс жасап кетер жүйелікке» жеткізе қоймады. Әйтпесе, артта қалған алты жыл әуелде нені көздейтінімізді анық біліп іске кіріссек, жол-жөнекей кеткен қателіктерді түзетіп алып, ендігі сындарлы жолға түсіп алуға әбден жететін еді. Өйтпей, қоғамды біртіндеп өзгертудің орнына барлық қайшылықты бір кезде бірдей жоюды көздейтін жан-жақты шұғыл өзгеріске бірден кірісу атымен басқа нәтижеге әкеп тіреді. Демократияның негізгі берік бекінісі болып есептеліп келген Мәскеу тұрғындарының бар болғаны бір-ақ проценттейінің ғана Ақ үйді қорғауға бел буғаны — ойлантарлық жайт. Сонда қалған тоқсан тоғыз проценттейді қайда жатқызамыз? Егер олар «тегеурінді қолдағы билікті» жақтаса, танк мінгендердің жағына шығар еді ғой. Өйтпеді. Оларды шетінен қорқақ немесе түйсіксіз надан санаудың да жөні жоқ сияқты. Демек, жұрт, негізінен оқыс аңдады. Жан сауғалағаннан емес, жаңсақ ұрандардың шылауына еріп, опық жеп қалмау үшін солай етті. Жан-жақтан жаппай айтылып жатқан саяси уағыздың қай-қайсысына да сенім азайғаннан солай етті. Жұрттың бәрі жаппай саясатшы болып алып, қайсысының шын демократ, қайсысының жалған демократ екенін айырудың өзі қиындап кеткеннен солай етті. Оның үстіне біздің қоғам айтылып жатқан қисынға емес, сол қисынды кімнің айтып тұрғанына көбірек мән береді. Ендеше, әлгі тоқсан тоғыз қазіргідей көсем көп көздің өзінде кімнің соңынан жүрген жөн болатындығын білмегендіктен де, аңыс аңдай тұруға мәжбүр болды. Демек, гәп аңтарылған көпте емес, оларды осындай тығырыққа әкеп тіреген саяси күштерде, солардың көсемдерінде болып шықты. Бұл — әлі оянбағандардың дағдарысы емес, әбден торыққандардың дағдарысы. Іштей наразылық кезеңі баяғы тоқырау заманының соңғы тұсына тап келді. Жаңартудың алғашқы тұсы қоғам көңіл-күйінің жаппай жігерлену кезеңіне айналды. Бірақ, ол бірте-бірте көздеген жерден шықпай, көптің көңілінде күдік оятты. Жұрттың бірқатары қайтадан аңыс аңдап, бірқатары қайтадан ашу-ызаға міне бастады. Абырой болғанда, қоғам аңыс аңдаған көптің тегіс ашу-ызаға мінетін тұсына әлі жетпеген екен. «Қалтырауық контрреволюцияның» жүйкесі шыдамай, мерзімінен бұрын қимылдап, өз мақсатын өзі тәрк етті. Оның үстіне, жұртты соңына ертіп келе алатындай көңілге қонымды саяси бағдарлама таба алмады. Алты жылға созылған айтыс-тартыстан соң қайтадан «қатаң тәртіптің» уысына түсуден кім-кім де жасқанатын еді. Сөйтіп, жұрт көңілінде қайтадан демократияға деген сенім көбейді. Әлеуметтік инженерияның айтуынша, мұндайда кеткен қатені тездетіп мойындап, тездетіп жөндеудің маңызы ерекше.

Бізді әуелден де осы саяси максимализм мен көсемдерге деген шексіз махаббат аяқтан шалдырып келеді. Барлай қарағанда, ол екеуінің арасында ешқандай байланыс жоқ сияқты. Шынына келсек олар бірінен-бірі туындап жатыр. Расында да, көпке көсем болам деген кісі өзі туралы жаман ойлай ала ма?! Ендеше, ондай адамның асып-тасуы мен албырттығына, асығыстығына қоғамның өзі басу болып отыруы керек еді ғой. Ал бізде көпшілік аузынан жақсы сөз шыққан басшысының алдында құрдай жорғалай жөнеледі. Көсемді Конституцияға бағындырудың орнына, Конституцияны көсемге лайықтап, кесіп-піше бастаймыз. Конституция жасарда қалыптасып отырған тарихи ахуалдан гөрі, басқарып отырған басшының жағдайын көбірек ойлаймыз. Ал, бостандандырылған демократиялық мемлекет құрылымының күллі европалық моделін ойластырған Гобс, Локк Монтескье сияқты теоретиктер, оны жүзеге асырудың Линкольн, Джефферсон, Мэдисон сынды нақты тәжірибе иелеріне айтқызсаңыз, мұндай істе алға қояр жалғыз мақсат — қандай да болмасын жаман билеушінің өкіметке ие болып, өзгелерге қысым жасауына жол бермеу. Демек, жаман билеуші мен озбырлыққа жол бермеу. Заңды сол екеуінің жолын бөгейтін сенімді кедергіге айналдыру. Ал біз заң шығарғанда көбіне көп жақсы билеушінің ойдағыдай ел басқаруына жағдай жасауға аса мән береміз. Сөйтеміз де, мемлекеттік биліктің қолындағы ықпалды бірте-бірте шектеудің орнына бірте-бірте ұлғайта түсеміз.

Ол үшін маңдайымызға тап келген шынында да ақылды, шынында да жұртшылық сеніміне ие басшының көңілінен шығуға көп ыждаһат жасаймыз. Ал, бірақ өмірбақи маңдайымызға сондай басшының бұйыра беретініне кепіл қайсы? Тіпті ақылды басшының өзі де ара-тұра қателесіп кетпейтініне кепіл қайсы? Оның өзі ойдағыдай адам болғанмен, ол басқарып отырған әлі ойдағыдай қоғам емес қой? Онда кесірлі құбылыстар мен саяси күштер де бар ғой? Міне, біз осыны жете ескермейміз. Ертегіде ғана емес, өмірде де көзсіз ерлерге сенетіндіктен, ал олардың да керек кезде қасымызда болмай шығуы мүмкін екенін ескермеуден талай аузымыз күйген. Әлі де күйіп келеді. Соған қарамастан, Конституцияға жаңа өзгеріс кіргізген сайын жаманның қолына билік тимеуін қамдастырудың орнына, жақсының қолындағы билікті қомақтандыра түсуге күш саламыз. Президент күші демократияның күшті кепілі деп санағанымыз дұрыс. Алайда, демократияға да, Президентке де қорған бола алатындай күшті Конституция бар жерде ғана солай бола алатындығына тиісті мән бере бермейміз. Сондықтан да өкіметтің қай саласындағы билікті де одан әрі бөліп, одан әрі ыдырата түсу жолымен шектеудің орнына оны біресе атқарушы өкіметке, біресе заң шығарушы өкіметке шоғырландыруға тырысамыз. Бір кезде билікті конституциялық институттардан жасырын тартып алып, партиялық құрылымдардың қолына шоғырландырсақ, енді сол партиялық құрылымдардан тартып алған билікті атқарушы өкімет, заң шығарушы өкімет, соттық өкімет арасында әділетті жолмен бөлісудің орнына қайтадан бір институт пен бір аппараттың қолына шоғырландыруға оңтай тұрамыз. Өкіметтің бір түрінің бұлай айрықша шарықтауы отандық парламентаризм дәстүрінің әлсіздігі жағдайында қайтадан билік монополизмін туғызады. Ондай монополист билеушінің жеке басының жақсы қасиеттеріне сеніп, оның ықпалы бей демократиялық сипат алып кетпейтіндей қып, конституциялық жолмен шектеудің орнына, ыңғайға жығыла беруден біз де, өкімет те, қоғам да, Конституция да ойсыратарлық дағдарысқа ұшырауымен келеді. Президент Горбачев трагедиясы да осыдан өрбіген. Оның президенттігі биліктің жетпеуінен емес, биліктің шексіз көптігінен өз түбіне өзі жетіп тынды. Конституциялық шектеушілік жоқтықтан, біресе олай, біресе бұлай бұлтармалап жүріп, билік жүйесін әбден шатастырып, ақыр аяғында саяси бейберекеттікке әкеліп ұрындырды. Лорд Эктон: «Кез келген билік есіртпей тұрмайды, Шексіз билік шексіз есіртеді», — деп бекер айтпапты. Коммунистердің шонжар тобы қолдағы шексіз билікке сеніп, саяси күрес дағдысын әбден ұмытып кеткендіктен тарихи сын сағатта талап деңгейінен шыға алмады. Сөйтіп биліктен кетті. Ол үшін енді өкінудің реті жоқ. Бірақ, ренжитіндей бір нәрсе: осындай саяси дағдарыстан туындайтын ең басты қорытындыға әлі де ойдағыдай назар аударылмай келеді. Кешегі кеңестік кеңістікте Конституциялық құрылысты нығайтудың орнына, оны әлсірететін қисындарға көбірек бой ұру бар. Кейбіреулер қазіргідей алмағайып кезеңде «үкімет дағдарысын», тіпті «парламент дағдарысын» жасауға шақырудан да тайынбайды. Ол деген сөз — қоғамымызды онсыз да титықтатып болған билік жолындағы таласты одан сайын өршіту. Сөйтіп, бір жағынан экономикалық дағдарыс, бір жағынан саяси дағдарыс қысқан қоғамда бейберекет жағдайды күшейткен үстіне күшейтіп, билік аңсаған қолдарға билік тиюін тездету. Ал ондай ашқарақ қолдар қолына билік тисе, тек бір мемлекет ауқымындағы билікке көңілі көнши ме? Бұрынғы одақтастық кеңістіктегі шексіз билікті қайтадан қалпына келтіруге тырысса ше? Ондай заман туса, жаңа егемендігіміз бен жас тәуелсіздігіміздің күні не болмақ? Ондай өткенді көксейтін сыртқы ықпалға көрші кеңістіктегі билік иесін не өз жағына қаратып алу, не өз сойылын соғатын тұлғамен алмастыра салу қазіргі саяси ал химия жағдайында көп күшке түспейді. Ал мықты Конституциялық құрылысты мызғыта қою тап әлгіндей оңай шаруа емес. Ендеше, мықты Конституциялық құрылыс орнатуға баса көңіл бөлген жөн. Ол үшін қолда бар тарихи мүмкіндіктен айырылмай, оны конституциялық жолмен шыңдай, жетілдіре түсуге күш салған дұрыс. Әсіресе, атқарушы өкімет пен заң шығарушы өкімет арақатынасын айқын сараламай болмайды. Ол қатынас әр билік орнының міндеті мен құқын айқын белгілеп, бір-бірінің заң ауқымынан аспауын қадағалай алатындай құқылық тежегіштер жүйесін жасақтауға негізделуі керек. Ондай сара ара қатынастың жоқтығы әлі бір арнаға түсіп болмаған қоғам жағдайында орнықтылық ахуалды емес, алмағайып ахуалдың сойылын соғады. Билікті жүйелеуде конституциялық әдіске сүйенбей, саяси айла-шарғыларға бой алдырған Коммунистік партия өз түбіне өзі жетіп тынды. Содан дұрыс қорытынды шығармай, ондай пиғылға енді жаңа конституциялық билік институттары бой алдыра бастаса, әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты күйзеліске ұшырап, онсыз да ашынып отырған қоғамның жел жағынан шығып қалулары да ғажап емес. Жұртқа күн көрістің өзі уайым болып отырғанда билік жолындағы даудамай кім-кімнің де жүйкесіне тиері түсінікті. Конституциялық құрылымдағы билікке талас мұндай жағдайда конституциялық құрылыстың өзінің түбіне жетіп тынуы ықтимал.

Сондықтан билік орындары біріне-бірі қол сұқпай, әркім Конституция айқындап берген аяда, Конституция белгілеп берген мөлшерде әрекет еткен жағдайда ғана конституциялық жүйе нық сақталынып, демократия орныға түседі. Егер конституциялық институттар арақатынасында дағдарыстар туа қалса, ол заң арқылы реттелуге тиісті.

«Тамыз дүрбелеңі» осындай конституциялық саралықты қолдан көмескілендіруден туындады. Жасыратын несі бар, бұрынғы Кеңес қоғамында тіпті демократиялану кезеңінің өзінде мемлекеттік билік пен азаматтық қоғам арасындағы айқын дербестік айқын ықпалдастық орнына бір-біріне күш көрсету белең алды. Мемлекеттік басқару жүйесінде де билік бөлісудің орнына төменгі жақта билік шоғырландыру кеңінен етек жайды. Бір-біріне бас-көз болуға, бір-бірін қатеден сақтандырып отыруға тиісті екі билік институтын біріктіріп, бір қолға беру істің де, демократияның да пайдасына шықпады. Ол мемлекеттік істер жөніндегі жауапкершіліктің шегі мен дәрежесін шатастырып алуға, билік иесі көп болғанымен, жауапкершілік иесі жоқ болуына әкеліп ұрындырады. Тамыздағы талқылаулар тұсында Одақтық Президент гәптің бәрін одақтық үкіметтің қызметіндегі жүйесіздікке сайды, ал одақтық үкімет өзінің құқтық статусының айқын еместігіне сайды. Асқынып бара жатқан дағдарыстың, сол үшін ақыры бір жауап беруге тура келетіндігінің үрейі билік институттарын бір-біріне қырбайлыққа, бірін-бірі аяқтан шалуға ұрындырды. Тамыз дүрбелеңін де сондай қорқыныш туғызды. Оны бастағандардың іс-қимылындағы жүйесіздік тек күні өткен өктемшілдіктің дәрменсіздігін ғана емес, енді орнай бастаған демократияның да әлжуаздығын әбден байқатты. Горбачев аппаратының екі ұдай статусы онымен біте қайнасып кеткен үкіметтің шешімсіздігін өрбітті. Билік бөлісудегі бұлыңғырлық билікті қадағалауды да көмескілендірді. Сөйтіп, қай мәселенің де су аяғы құрдымға ұрынуына жағдай жасалды. Тамыз дүребелеңдерінің көсемдері де осы екі ұдайылықты пайдаланып, дегенімізге жетеміз деп ойлады. Ақыр аяғында, түптеп келгенде, демократияның негізгі қайнар көзі болып табылатын конституциялық құрылыс та, бұдан бір жыл ғана бұрын күшті демократиялық құрылыс та, бұдан бір жыл ғана бұрын күшті демократияның күшті кепілі болыпты деп сайланған Президент Горбачевтің өзі де әлгіндей саяси көз жұмбайлықтың қолындағы қуыршаққа айналып кетті.

Тек осының өзі-ақ бізге шынайы демократия мен шынайы конституциялық құрылыс үшін бел шешіп күресу керектігін аңғарта алғандай.

Ақыры, индустриялық қоғам орната алмай кеткен КСРО жағдайында шын мәніндегі өкіметте демократия үрдесі қалыптаса алмады. Соның салдарынан мемлекеттік басқару институттарының арасында Конституциялық билік бөлісудің орнына төрешілдік билеп-төстеушілік, коллективті басқару орнына аппараттық ойындар, саяси творчество орнына саяси айлашарғы басым түсті. Саяси-экономикалық мүдде жағынан тек мемлекетке тәуелділік қоғамда мүдде алуандығын әлсіретті. Сондықтан да мүдделестік тұрғыда қалыптасқан саяси жіктелуге жол бермеді. Ондай объективті жіктелудің орнына билікке таласқан мансапқорлық бақталастық өршіді. Ондай күрес бар уақытта демократияның сойылын соқпайды, тоқтық мүдделердің, асып кетсе, ұлттық мүдделердің ғана сойылын соғады. Бұның бәрі шын мәніндегі демократиялық оппозициялар туғызбай, демократияның тонын жамылып, билік алып қалуға тырысатын жікшіл күштерге жел береді. Олар әрдайым өз басындағы сырқауды басқаларға жабуға, сөйтіп әділет аңсап отырған бұқараны адастырып, алжастырып кетуге шебер. Сондықтан да, бұрынғы одақтық парламент бірте-бірте бұрынғы қарқынынан айырылып, астыртын өштескен күштердің бір-бірімен есеп айырып, өш қайтаратын орнына айнала бастады. Бұл ретте ондай-ондай астыртын ағымдардың түп мақсатына шұқшиып жатпай, көңіл әуеніне қарай қол көтере салатын енжар көпшіліктің үстемдігі біздің балауса парламентаризміміздің басындағы сорға айналып отыр. Соның салдарынан да Одақтық Президент пен Одақтық парламент тарих алдындағы қызметін толығымен орындай алмай, саясат сахнасынан мерзімінен бұрын кетуге мәжбүр болды.

Бұл баршамыз үшін де қатаң тағылым.

Бұрынғы одақтық мемлекетіміздегі конституциялық дағдарысқа тек парламентаризмнің ғана емес, азаматтың қоғам үрдістерінің балаңдығы да айта қаларлықтай әсер етті. Әлеуметтік белсенділік көбіне көп конституциялық — саяси күрес емес, азаматтық мойынұсынбаушылық, үзілді-кесілді шарттар қою, күш көрсету түрлеріне жүгінді. Мұндай текетіресті тоғышар күштер мен мансапқор күштер өз пайдасына жаратуға тырысты. Сол арқылы ұлтаралық шиеленіс туғызды. Конституциялық билік орындарына мойын ұсынбаушылықты өршітті. Әлеуметтік орнықсыздық «күшті билік» аңсайтындарды көбейтті. Тіпті билік басындағылардың өзін ара-тұра осындай ниетке іш бұруға мәжбүр етті.

Кешегі жалпы кеңестік демократияның әлгіндей күйзелісті халі енді тәуелсіз мемлекеттерімізді мықтап ойландыруға тиісті. Демократиялық дәстүрлердің әлсіздігі өз дәстүрімізге қайта ораламыз дегенді сылтауратып, имандану мен бостандану жолындағы жақсы ұмтылысымыздан шегінуге ұрындырмағаны жөн. Ондай жағдайда өз қиыншылықтарымызбен өзіміз боп қаламыз да, шамалы уақытта қанатымызды кеңге жая алмаймыз. Әрине, мұндай өтпелі кезеңде атқарушы өкіметтің жеткілікті мөлшерде ықпалы мен жауапкершілігін арттырған жөн. Біздің көпұлттылық жағдайымызда билік бөлісуге де, өзін-өзі басқаруға да конституциялық тұрғыда қонымды шекара қоя алмасақ, бірін-бірі қателіктен сақтандырар демократиялық тетіктерді жүйелі түрде іске қоса алмасақ, тәуелсіздігіміздің ықпалы азайып, бет-бетіне шашыраушылық, әркім өз мұңын өзі мұңдап, енді-енді дербестікке ие болып жатқан мемлекетіміздің мүддесін ұмытып кетушілік етек алуы ғажап емес. Сондықтан, жоғары деңгейде Президенттік билікті қалай жүйелі нығайтсақ, жергілікті деңгейдегі тағайындалып қойылатын әкімшілік билікті де солай нығайтқан дұрыс. Алайда, Президенттік билікті қажетсіз қателіктен сақтандырып отыратын парламентаризм үрдісін шыңдасақ, жергілікті жердегі муниципальдық өкілетті демократия үрдісін де дәл солай шыңдағанымыз дұрыс.

Бүкіл халық боп сайланған Президентіміз бен оның аппараты мемлекеттік дамуымыздың стратегиясы мен тактикасын белгілеп отырса, парламент оны заңдық жүйеге, үкімет нақты әрекет аясына айналдыра білуге, соттық өкімет дұрыс заңның бұрыс әрекетке айналып кетпеуіне бас-көз болуға тиісті. Жоғарғы қабаттағы мұндай билік бөлісу мемлекеттік құрылымның ең төменгі қабаттарына дейін мұқият сақталынуға тиісті. Демократия сонда орнайды.

Ол үшін өз мүддемізді өзгелер мүддесімен үйлестіре білуге үйренгеніміз дұрыс. Өз тәуелсіздігімізге қандай қуансақ, басқалардың да бас бостандығын сондай құрметтей білуге жетілмей болмайды. Тек сонда ғана әуелі өз үйімізде адамгершілік пен ізгілік аясын орната аламыз. Сол арқылы өзгелерден өзімізге адамгершілікті, ізгілікті қарым-қатынас дәмете аламыз. Әйтпесе, егес пен дүрдараздық жағдайында ештеңе де өрге баспайды, ешкім де дегеніне жетпейді.

Соңғы алты жылдың ең басты тағылымы осы. Мүдделер қақтығысы, көзқарастар шайқасы, есе қайыру құштарлықтары арқылы ешқандай қоғам өзін-өзі шыңдап көрген емес. Баршаның басын қосатын мұраттар тауып, оның жолында кескілескен күрес ашпай, жүйелі байыптама жасап, соны жүзеге асырудың соңына ыждағаттап түсе білген жағдайда ғана көсегеміз көгереді.

Бұны ұмытпасақ кешегі әлемдік державаны күйретуге пайдаға асқан тәжірибенің бәрі-бәрі енді тәуелсіз мемлекетті ойдағыдай қалыптастыруға онша керек, онша тиімді бола бермейтінін де мықтап ескергеніміз жөн.

Өз тағдырымызға өзіміз жауапкер, өз тізгінімізге өзіміз ие кезеңде кешегі көп қылық, көп құлықтан уақытылы бөзіне білмесек, уақытылы есейіп алмасақ, тарих бір қайтарып әперген есемізден қайта айырылып қалсақ, оның өкінішінен өмірбақи арыла алмақшы емеспіз.

Ләйім, оның бетін аулақ қылғай.

«Халық кеңесі», 8 ақпан, 1992 жыл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз