Өлең, жыр, ақындар

Айтоқты

Біз жазық алқапқа шықтық. Алдымызда мұнартып, жоталар жатыр. Былай қарасаң қол созым жер сияқты. Бірақ жеткізер емес. Қарқынды, суыт басталған жүрісіміз біртіндеп шабанданып, баяулай бастады. Айнала жым-жырт. Аспанды торлаған қоңырқай түсті сарғыш бұлт күн сәулесін жібермейді екен. Мен әлдебір табиғи апатқа ұшырап, қасіреттің түпсіз қойнауына сіңіп жоғалып бара жатқан сарғыш әлемге көңілсіз көз тастап келемін. Бұнда келгенде барлығымыз өзгереміз ғой. Бірақ әсіресе Мәдидің жүзі тіпті қорқынышты болып кеткен тәрізді. Сол жақ бетін құлақ түбінен бастап кесіп өтетін жуан тілік иегіне жетіп, әрі қарай мойнының астына, тамақ түбіне сіңіп ғайып болған. Өңі адам төзгісіз жыртқыш келбет алған. Әшейінде түбінде ойнақы мұң шөгіп жататын қара көздері қабағының астына сіңіп, дүниеге суық бір ызғар шаша қарайды. Беліне байлаған Зұлпықар қылышы оның екінші болмысы секілді. Дәл сондай сұсты.

— Мәди, — дедім мен ақырын ғана, — Айтоқтыны өлтіресің бе?

Ол беліндегі қылышты қолымен демеп келе жатқан.

—  Ауыр ма?, — деді Сари әңгімені басқа жаққа аударғысы келген ниетпен.

Екі сауал ауада қалықтап жауапсыз қалды.

— Демаламыз ба?, — деді Жасұлан. Еркебай тоқтай қалды:

— Демалып алғанымыз дұрыс сияқты.

— Уақыт жоқ, — деді Мәди.

— Ең болмаса тамақтанып алайық, — деді Сари.

— Демалатын уақытты мен өзім айтамын.

Мәдидің дауысы үзілді — кесілді шықты.

— Ханшайым Айтоқтыны іздеп әуре болмаңдар, ол сендерді өзі іздеп табады деді ғой.

Еркебайдың үні құмығып шықты. Әдетте арық, тарамыс ол бұл жақта аса семіз, формасыз кейіпке енетіндіктен, жылдам жүріске шыдай алмай ентігіп келеді. Мәди бұл жолы да үндемеген соң, қайтадан жолға түстік. Шексіз жазық далада жүріс өнбейді.Қанша жүргеніңді межелейтін мүмкіндік жоқ. Сапарымыз қазір ғана басталды ма, әлде бірнеше сағат өтті ме, белгісіз. Бірақ аса шаршай қоймаған тәріздімін. Сари екеуміздің аяқ киіміміз аса ыңғайлы, бренд фирманың спортпен айналысуға арналған елтірі жеңіл кроссовкиі. Ал ұлдардың аяғына қарауға жан шыдамайды, Жасұлан аяғына қытайдың сүйретпесін киген, Мәдидің аяғында кроссовки болғанмен, өте ескі, шұрық тесік, ал Еркебай болса тіпті кебіс киіп алған. Жергілікті аяқ киім болса керек. Қаншалықты ыңғайлы екенін кім білсін. Ол бізге қарағанда бұл жаққа жақындау болып тұр ғой. Мәди шамамен екі сағаттан кейін ғана түстеніп алайық деп рұқсат берді. Біз тездетіп, жерге дастархан жайып, жолқабымыздан азығымызды шығарып, реттеп, тамақтана бастадық. Мәди қылышын белінен ағытып жанына қойып қойды.

— Неге Зұлпықар?, — деп сұрады Жасұлан

— Зұлпықар — арабша Зулфикар «жасын» деген сөз. Ол Мұхаммед пайғамбар мен Әзірет Әлiнiң аты аңызға айналған қасиеттi қылышы, — деді Сари.

— Ал Мұхаммед пайғамбар оны қайдан алған?, — деді Жасұлан.

— Ол Жебірейіл деген періште арқылы көктен түскен. Әзірет Әліге Дүлдүл деген сәйгүлікті Зұлпыхар деген алмас қылышты Алла тағала өзі сыйға тартқан деген сөз бар.

— Шынымды айтсам, мен қазір барлығына сенемін, — дедім мен майлы шелпекті екі бүктеп жатып.

— Бірақ бұл тап сол қылыш емес шығар, жалпы қылыштың атауы ғой, наркескен, алдаспан, семсер деген сияқты.

— Бірақ аса сұсты.

— Тезірек тамақтанып, жолға шығайық, — деді Мәди аспанға қобалжи қарап.

— Ауылда аспан осындай болып тұрып алса, мен жынданып кетер едім, — деді Жасұлан. Еркебай мырс ете қалып:

— Сен аспан әдеттегі қалпында тұрса да, жындануға бейім жүресің ғой, — деді.

— Қоймайды екенсің.

— Жарайды, қалжың ғой.

Еркебайдың үні көңілсіз шықты.

— Мен Айтоқты туралы әкемнен естігенмін, — деді ол содан кейін, — өте мықты сиқыршы. Әртүрлі кейіпке ене алады. Ол біздің келетінімізді әлдеқашан біліп отыр. Біз оны іздеп таба алмаймыз, керек деп тапса, бізге өзі көрінеді. Ханшайым өзі ала алмайтынын біліп бізді жіберіп отыр ғой.

— Ал әкең неге бізге көмек бермейді?

— Білмеймін. Тек аса абай болу керек деді.

— Біз абай болғанда не істей аламыз, — деді Сари мұңайып.

— Ол бізді өлтіре алмайды, сол анық, себебі біздің бұл әлемде тағдырымыз, демек ажалымыз да жоқ.

— Осы әңгімені мың айттық, одан өзгеретін еш нәрсе жоқ, — деді Жасұлан, — Мәди, не қыламыз, тұрып жиналайық па әлде осы жерде қонып қаламыз ба? Мен шынымды айтсам шаршадым.

— Қыз бала құсап болдырасың да жүресің. Саған қарап мен де шаршадым, — деді Еркебай.

— Еркебай, мен саған ескертемін, әкеңнің Қарамолда болып шыққанына қарамастан, тұрған жеріңде быт-шытыңды шығарамын.

Бұрын Жасұланның бұншама шектен шыққанын көрмеппін. Мен ғана емес, Мәди де, Сари да аңтарылып, қарап қалыпты. Тек Еркебай ғана басын төмен салып, үнсіз отырып қалды. Еркебайға көзім үйренер емес, ол адамнан гөрі, формасы жоқ, үнемі қозғалыста тұратын әлдебір тіршілік иесін еске түсіреді. Жоқ, әрине, денесі, басы, құлағы орнында. Дегенмен Еркебайды сипаттап айтып беру мүмкін емес. Үнемі білінер білінбес деңгейде болса да өзгеріп отырады. Барлық пошымы қазір қою түтінге айналып, ұша жөнелетіндей әсер береді. Оның бір мәрте осы жолмен көкке сіңгенін көргеннен кейін, мен одан қашықтау жүруге тырысамын. Ал Жасұланның бұл көзсіз ерлігі маған түк ұнап тұрған жоқ. Ол әдетте қатты үрейленген кезде, ашынып осылай есіріп кететін. Бір жағынан мен оны түсінемін. Айдала, сары жолақ, қоңырқай аспан, содан кейін сиқыршы Айтоқтымен жекпе-жек — барлығы кез келген жүйкені жұқартар.

— Бізге қонатын жер іздеу керек, — деді Еркебай, — білуімше, қазір түн ортасы болып қалды. Жүре бергеннен еш нәрсе шешілмейді.

— Қандай қонатын жер? Мына сайын даланың қай жеріне қонсаң да, бәрібір емес пе.

Жасұланның үні қасарысқан кішкентай баланікі тәрізді ерегіске толы. Жеңілгенін біліп тұрса да, мойындамауға бел шешкен дауыс.

— Кішкене ық болатын тас табу керек, содан кейін от жағатын шығармыз, — деген Еркебай Мәдиге қарады.

— Уақыт өтіп барады, — деді ол басын шайқап.

— Мәди, мен білсем, біз тауға жеткенмен іс бітпейді. Айтоқты егер көрінгісі келсе, бізге осында да келеді. Ал бой тасалайтын болса, біз оны қарсы алдымызда тұрса да көре алмаймыз. Ол өте әккі сиқыршы, оның жасының қаншада екенін менің әкем де білмейді. Ал бізді ол дәл осы отырған жерімізде бір — ақ сәтте баудай түсіре алады.

— Не айтып тұрсың?, — деді Мәди алдында жатқан қылышын қармап, — бұндай көңіл-күймен біз алысқа ұзамаймыз. Ол кім болса да, не болса да, мына Зұлпықардан асып өте алмайды.

— Астамшылық жасама, — деп күбірледі Еркебай.

— Сондағы сенің ұсынысың?

— Осы жерге қонайық, әл жинайық, ертең қайта жолға шығамыз.

— Түнде біз ұйықтап жатқанда, Қарамолдаға қол-аяғымызды байлап, топ еткізіп ұстап бергелі отырған жоқсың ба, әйтеуір?

— Жасұлан, жөнсіз сөйлеме. Не айтып тұрсың?

Ашуға булығып, көкпеңбек болып кеткен Еркебай орнынан саңырауқұлақ секілді тізесі мен белін жазбастан, көтеріліп, бойын тіктеді. Жасұлан да орнынан тұрды. Ол аққұба жүзін жартылай жапқан қарғаның қанатындай қап-қара шашын сілкіп, нәзік ұзын саусақтарын жұдырық етіп түйіп, аса күлкілі кейіпте төбелеске дайын тұра қалды. Ауада бу секілді көлкілдеген, тіпті өте семіз деуге келетін Еркебай мен талдырмаш, аса ебедейсіз ұзынсора Жасұлан бір-біріне шексіз жек көрінішпен қарайды. Сол кезде барып жағдайдың күлкілі емес, қауіпті бағыт алып бара жатқанын ұқтым.

— Балалар, қойыңдаршы.

Саридың дауысы менің жанымның шырылы секілді. Бірақ ол мына алапат өртке тамған бір тамшы жас қана еді. Олар кенет ұстасты, сол-ақ екен Еркебай Жасұланды көкпар тартқандай ары-бері сүйрей бастады, қалықтап, жерге кебісі тиер-тимес болып ұшып жүр. Ал Жасұлан жансыз, сұлық күйде көлбеңдеп еш қарсылықсыз ырқына көніп бара жатыр. Әлде талып қалды ма? Өлді деуге қимаймын. Жанұшыра Мәдиге бұрылдым.

— Мәди?!!

Ол әлдебір таңғажайып қойылым көргендей, мына жантүршігерлік көрініске қарап қалыпты. Тоқтатар түрі байқалмайды. Сари жүгіріп келіп мені қолымнан ұстап, сілкілеп қоя берді.

— Домбыра тарт!

Мен қарманып, жаңа тамақтанған кезде арқамнан шешкен домбыраны іздедім. Өн бойымды әлдебір бойкүйездік басты. Еш нәрсеге құлқым жоқ. Кенет әлдекімнің:

— Жә!, — деген үні саңқ ете қалды. Сол мезетте жерде жатқан домбыраны іліп алдым. Мәди де ауыр ұйқыдан оянғандай дүр сілкінді, әуедегі екеуге жетіп барып, Еркебайды шапанының етегінен тартып, жерге дік еткізіп түсірді. Жасұлан көзін ашып, жүрелеп отырды. Кенет мен барлығымыздың әлдебір сиқырдың ықпалына түсіп, бір сәтке өз-өзімізді жоғалтып алғанымызды түсіндім. Содан кейін шетсіз шексіз сайын дала, сап-сары аспан асты сыңғырлаған күлкіге толды.

— Ханшайым ақылынан алжаса бастапты-ау, менімен майдандасуға ауыздарынан ана сүті кеппеген өңшең өрім жастарды жіберсе. Әлде сендер қайта өңдеуге көнбедіңдер ме?

Ол тағы күлді. Біз бір-бірімізге қарауға бетіміз шыдамай, көзімізді ала қашамыз. Қарсы алдымызда басына аппақ сәукеле киген қараторы әйел пайда болыпты, үстіндегісі — ұзын етек сусылдаған жібек бүрмелі көйлек. Менің аузым ашылып қалды. Оның бүкіл болмысынан керемет сапаның, аса қымбат, бағалы заттардың жұпары аңқып тұрған еді. Құлағындағы сырғасы сөз жоқ, гауһар.

— О, Зере, осы жерде менің бағамды сен ғана анық біліп тұрсың!

Мен қысылып төмен қарадым.

— О, Мәди, Зұлпықар қылышты алып келіпсің ғой. Қане, бері бере ғой. Мәди барлығымызды аң-таң қалдырып, қылышын қынабынан суырып, аппақ киім киген бейтаныс келіншекке созды. Енді байқадым, жеңінің ұзындығы соншама, етегіне жетіп жатыр екен. Сәні солай ма екен деп ойладым, бірақ көйлектің сынын аздап бұзып тұрған сынды. Айтоқты қылышты жеңін түрместен, қолын шығармай ұстады да бетіне тақады.

— О, Зұлпықар, біз тағы кездестік!

Маған Айтоқтының қолындағы қылыш жарқ етіп, жауап қатқандай көрінді. Ол оны көз ілеспес жылдамдықпен Мәдиге қайтарып берді. Мәди өзіне қайтып оралған қаруды қынабына салған жоқ.

— Айтоқты, біз сені іздеп келдік.

— Иә, түсіндім.

— Рұқсатсыз алған бұйымды иесіне қайыр.

— Мәди, сен мені білмейсің, ал мен сені жақсы білемін. Сенің бұл жерде неге жүргеніңді де, және әлі неге жүретініңді де. Білезік — менікі.

— Мына әлем күйреп бара жатыр.

— Мына әлем күйреп бара жатыр, онымен бірге менің анам да ажал құшпақ дейсің ғой.

— Жоқ, мына әлем күйреп бара жатыр.

— Бұл әлем — менің әлемім. Оның күйреп бара жатқаны менің жаныма батпайды деймісің? Оны құтқарғым келмейді деймісің? Жаңа сендерді бір-біріңді қырып жатқанда тоқтатпасам болар еді. Бірақ тоқтаттым. Оған жалғыз ғана себеп — мына әлемнің күйреп бара жатқаны. Оны тек сен құтқара аласың.

Кенет ол мен бұзғалы отырған Сертті меңзеп тұрғандай көрінді.

— Зере, Сертке байланысты ел арасындағы алып-қашпа әңгімеге иланып, өз-өзіңді жегідей жегенді қойшы. Басыңдағы ойлардан өзің тұрмақ, жаңа келген мен шаршадым.

Еш нәрсе дей алмай қалдым.

— Сонда ақырзаманның шын себебі не?

— Мәди, оның себебін саған міндетті түрде айтамын. Бірақ біз басында адал жекпе-жекке шығуымыз керек. Шартым осы.

— Мен — дайынмын.

— Келістік. Бірақ жекпе-жектің уақытын өзім белгілеймін. Қарт досым Зұлпықарды тағы да сынап көрейін. Қайтер екен...

— Бізге бәрібір кесіріңді тигізе алмайсың.

Жасұлан қайта ашына бастаған тәрізді.

— Оны сендерге аса мәртебелі Ханшайым айтты ма? Иә, мен сендерге зияндық жасай алмаймын, бірақ сендер, өздерің бір-біріңді өте әдемі жолмен орып түсіре аласыңдар. Байқаған боларсыңдар, айдап салу, бордай тоздыру — қолымнан келеді. Ол соншама абзал басымен осыны білмей қалыпты ма? Жоқ, біліп отыр. Ол соны біліп, сендерді маған әдейі жұмсап отыр.

Кенет ол ашулана бастады.

— Сенгенің андағы Зұлпықар ғой. Жақсы, шап. Шап мені!!!

Айтоқтының дауысы күн болып күркіреп, кең далаға жаңғырық болып тарады. Кенет оның үстіндегі аппақ көйлегі қап-қара болып шыға келді. Басындағы сәукеленің орнына қорқынышты, шошайған жалғыз мазар секілді әлдебір пошымсыз қалпақ пайда болды. Жаңа ғана екі өрім болып арқасында әдемі жатқан шашы ұйысқан киіз тәрізді шатасып, қиқы-жиқы әлденеге айналды. Бірақ ең қорқыныштысы бұл емес еді. Ол көз алдымызда зорайып бара жатқан.

— Шап, шап мені!!!!

Мәди Зұлпықарды екі қолымен басынан асыра көтерді де, Айтоқтыға сілтеді. Біз үрейленіп кейін шегіндік. Бірақ, бір таң қаларлығы, қылыш Мәдидің қолынан сусып шығып әуеде қалықтап тұрып қалды. Айтоқты қайта кішірейіп, өзінің қалыпты кейпіне келді. Үстіндегі көйлегі де, сәукелесі де орнында. Ол сыңғырлай күлді.

— Басқа қылыш шапса шабар, Зұлпықар мені шаппайды. Себебі, кінәсызбын. Зұлпықар қожайынына қастық ойлағанды ғана шабады. Ал менің ниетім таза. Білезік — менікі.

— Қалайша сенікі болады? Осы уақытқа дейін Ханшайымның иелігінде болған бұйым емес пе?

— Ол білезік Ханшайымның қолында бір мезет те болған емес, Білезік туралы естісе естіген шығар, бірақ ұстап көрген емес. Әу баста ол білезікті Хан ием маған сыйлаған. Әу баста оның таңдағаны Ол емес, Мен едім. Бірақ Ханшайым барлығын өзгертті, өзінің тағдырын, менің тағдырымды — барлығын. Қазір мен ен даланы кезген дуанамын, жалғыз жарым жүргіншінің үрейін тудыратын Жезтырнақпын.

Ол екі білегін түріп, көкке қолын созып, саусақтарынан екі есе ұзын темір тырнақтарын жалаңаштап, бетімізді орып өтердей болып, ары-бері сермеді. Темір тырнақтар ауада зуылдап, әлдебір үрейлі әуез ойнағандай сусыл қағады. Біз тіксініп кейін шегіндік. Айтоқты ашуланғанда үстіндегі аппақ жібек көйлегі қара қошқыл тартып, түсін өзгерте бастайды екен. Қазір де алтын жіппен зерленіп, кестелене тігілген көйлегі кірлегендей, сұрғылт тартып бара жатты.

— Барлығына Қара молда кінәлі!

— Қара молда?

Еркебай мен Жасұланның дауысы қатар шықты.

— Қарамолда. Кезінде Хан Ием екеуі жандары бөлек демесең, араларынан қыл өтпейтін дос болған.

— Қалайша?

— Балалар, мен сендерге қаласаңдар, барлық мән-жайды жата-жастана асықпай баяндап берейін. Ерінбейін — жалықпайын.

Оның көңілі қайта көтерілген сыңайлы, себебі көйлегі қайта ағарып, жалтылдай бастады. «Не деген қызық әйел» деп ойладым мен. Жан — дүниесіндегі барлық өзгеріс көйлегі арқылы сыртқа шығады екен. Бұл — қарғыс болар, бәлкім. Әйтпесе кім ықтиярымен осылайша сыртқы ортаның алдында құпиясыз, қорғансыз қалуға келіседі? Әр сиқыршының бір әлсіз жері болады. Айтоқтынікі көйлек екен.

— Иә, адамдар сақтанып үлгерсін деген ескерту ғой, — деп Айтоқты менің ойыма жауап берді. Қысылып төмен қарадым.

— Иә, Сари, сақтанғанмен, қаһарымнан құтылған пері де, адам да әлі кездескен жоқ.

— Иә, сенің әкеңнен басқа.

Ол енді Еркебайға бұрылды. Оның семіз, көлкілдеген денесі желге ырғалғандай қозғалақтап қалды.

— Сонымен, осылай тұра береміз бе әлде менің лашығыма барып, қонақ болып қайтасыңдар ма, қалай? Мен сендерді кез келген мезетте өлтіре аламын, Мәди. Әлі аман-есен тұрсыңдар, демек, өлтіргім келмейді. Солай емес пе?

— Солай шығар, — деді Мәди. Содан кейін біздің мүмкіндігімізді бағалағандай жанарымен тез шолып өтті. Сұрымыз сенім ұялата қоймады ғой деймін, көңілсіз кейіпте:

— Жақсы, бастаңыз, — деді содан соң.

Айтоқтытының артынан ердік. Бір-біріне жабысып, үн-түнсіз қалған Еркебай мен Жасұлан құлықсыз қозғалды. Аппақ бес-алты киіз үйден тұратын шағын ауылға лезде жеттік. Төрт жағымызда адыраспан мен қызғалдақтан өзге түк жоқ меңірейген сайын дала еді. Үш-төрт қадам аттай салысымен көк майса шөп, баппен былқылдап ағып жатқан бұлақ, еңселі киіз үйлер пайда болды. «Тағы да сиқыр» деп ойладым. Бұл дүниеде сиқыр барынан бейхабар аңғал да өзімшіл Алматының күйбең тірлік жетегіндегі көшелерін аңсадым.

Үйлердің қақ ортасындағы он екі қанат киіз үй деген осы болар, бәлкім, аса салтанатты тіпті сыртқы киізінің өзі өрнектеліп басылған біреуіне кірдік. Іші сыртына сай екен. Екі үлкен кресло, диван, ортада жалтыраған әйнек үстел, аса әдемі әрі ықшам орындықтар. Тіпті бір шетіндегі каминде көңілді ойнақшып от жанып тұр. Біз жан-жағымызға ауызымызды ашып қарап қалдық. Ал, Айтоқтының үстел басында жатқан ноутбукты немқұрайлы ашып, ұзын, темір тырнақтарын епті қозғап, әлденені тез теріп жатқанын көргенде, аңтарылып, сенер — сенбесімді білмедім.

Кенет есік ашылып, ұзын бойлы сымбатты бойжеткен босағада иіліп тұра қалды.

— Жаным, бізге тамақ, шәй жасап жібер, — деді Айтоқты алдындағы ноутбуктан көзін алмаған күйі. Біреудің хатына жауап жазып жатқан сыңайлы. Қыз иілген қалпы шығып кетті.

— Балалар, жайғаса беріңдер, қысылмаңдар.

Біз ебедейсіз қозғалып, төрге оздық. Каминнің алдында екі ағаш сәкі тұрған, соған үймелеп отыра бастадық. Барлығымыз тіл — ауыздан айырылып, меңірейіп қалған екенбіз, алдымен ес жиған Еркебай болды:

— Айтоқты, егер құпия болмаса, сіз кімсіз?

Айтоқты сықылықтап күліп жіберді. Ақ көйлегі көз қарықтырар, шуақ шашқан қызғылт түске малынды.

— Мен — мыстанмын.

— Жаңа Жезтырнақпын дедіңіз ғой.

— Жезтырнақ, Мыстан..., — деді ол жеңілтек үнмен, — айырмашылық көріп тұрған жоқпын.

Ол жеңінің ішіне қолдарын жасырды. Енді қызғылт көйлек сап-сары түске боялды. Мен оның әр секунд сайын түсін өзгеретін көйлегенің сырын ұғып үлгерер емеспін, оны жақсы білмейтін адам үшін көйлегінің ақ пен қарадан басқа реңкі бәрібір жұмбақ күйде қалатын секілді.

— Жақсы, иә, Жезтырнақпын. Сендерге қазір бәрібір емес пе?

Үйге қолдарында тамақ толған табақтары бар төрт қыз кіріп, аулақтау жерде тұрған дастарханды жайды. Дастархан ет, нан, түрлі жеміс-жидек секілді керемет дәмге лезде толды.

Айтоқты ишара жасады ма, сәл ғана тосылған қыздар ауаға сіңгендей лезде көзден ғайып болды.

— Келіңдер, дәм ауыз тиіңдер.

Біз үйіріліп, дастархан басына отырдық. Әлі өз-өзіме келе алар емеспін. Айтоқты әдеттен тыс ешнәрсе болмағандай томаға — тұйық, салмақты қалыппен бізден төмен отырып, кеселерді шайға толтырып, бір-бірлеп ұсына бастады. Өз ойымен өзі болып кеткен тәрізді. Үнсіздікті Еркебай бұзды:

— Жаңа сіз Қарамолда мен Хан туралы айтамын деп едіңіз...

— Иә, Қара молда мен Хан — кішкентайынан бірге өскен жақын достар болатын. Ол кезде оның әкесі тірі, Хан ием ол кезде Хан ием емес еді. Қарапайым бала, бозбала болды.

— Ал Қара молда ол кезде Қара молда емес — тұғын дейсіз ғой, — деді кенет Мәди.

Ұзақ үнсіздіктен кейін дауысы қарлығып шықты.

— Иә, — деді Айтоқты оның кекесінін байқамағандай, — Қара молда ол кезде Қара молда емес — тұғын. Мен де елде тұратынмын. Ол кезде Жезтырнақ емес едім. Қарапайым, көптің бірі бойжеткен қыз болдым. Ханзада маған ғашық болды. Бірақ кімнің кімге ғашық болғаны қазір өзіме де жұмбақ. Әлде мен оған ғашық болдым ба? Қаншама уақыт өтті. Есімде қалмапты...Ол бір тамаша кез еді. Мен әке-шешемнің қолындағы, оң жақта отырған қыз болатынмын...

Айтоқтының үстіндегі аппақ қардай көйлегі нұрланып, алтын сәуле шаша бастады. Біз арбалғандай сілтідей тынып қарап қалдық. Маған, әрине, басы жалтырап, домаланған, қазіргі күні бүкіл бір әлемнің ерік-жігерін шектеп отырған кісінің мына әзірейіл Айтоқтыға ғашық болғанын елестету қиын еді. Бірақ өзінің естеліктер әлемін кезіп кеткен Жезтырнақтың қою, әуезді дауысына гипноздалып, өткен күндер елесі кинолента секілді көз алдымыздан тізбектеліп өте бастады.

— Ол жаңағы Ханшайым сұратып отырған Білезікті сыйлап әке-шешеме құда түсті. Бізден бақытты жан жоқ еді сол уақта. Бірақ Хан иемнің қасында Қара молда деген бәле бар — тұғын. Ол Хан иемнің ең жақын адамы болғанмен, жүрегінің түбінде зіл қара тас, қызғаныш жататын. Мен оны сездім. Біртіндеп Хан иемнің ниеті маған ауып, ол тасада қалды. Ол осыны кешпеді. Қара молда ол кезде Қара молда емес — тұғын. Бірақ анадан осылай сиқырмен туды. Әрине, қазіргідей күшіне енбеген уақыты. Дегенмен, біраз нәрсеге қабілетті болды... Екеумізді айырып тынды. Хан иемнің жадын өшірді, алдап-сулап Қайта өңдеуден өткізді. Мен ғашықтық дертіне уланып, қала бердім. Жапан даланы кезіп, түз тағысына айналдым. Ал Хан ием... Хан ием көп ұзамай өзінің Ханшайымын тапты. Сонымен отау құрды. Ал Білезік... Білезіктің Ханшайымға не үшін керек екенін білемін. Ол білезікті Хан ием көрсе, бір ғана мәрте көзінің қиығымен шалса, жады қайта оралар еді. Сөйтіп, ол барлығын есіне түсірер еді. Мені де, сол бір кезді де. Өзін, әсіресе өзін... Содан кейін... Содан кейін кім біледі не боларын...

— Енді неге көрсетпейсіз?

Саридың сұрағы бір жағынан балаң екінші жағынан ақылға сыйымды көрінді. Иә, шынымен де.

— Жоқ, көрсетпеймін. Оған ғасырлар бойы жалған, бөтен біреудің ғұмырын кешкенін қалай білдірмекпін. Ондай өкінішке, ондай улы дертке қалай қимақпын оны? Жоқ, болмайды. Ханшайым бекер мазасызданады. Мен бұған ешқашан жол бермеймін.

— Сіздіңше, Оның осы жалған ғұмырды бастан аяқ сүріп шыққаны артық па сонда? Осы алданған қалпы өлгені дұрыс болады ма?

Мәдидің үні қатал шықты. Айтоқтының көйлегі де, өзі де сұп-сұр болып кетті. Ол дастархан үстін қарманып, ұзын қап-қара темекісін тауып, тұтатты.

— Білмеймін...

Оның қорғансыз шыққан жауабы барлығымызды тығырыққа тіреді.

— Ал Қара молда ше?

Еркебай өзінің әкесі туралы әңгімені естігісі келіп өліп барады.

— Содан кейін көп уақыт өтпей Қара молда екеуміз қайта жолықтық. Оны бірден таныдым. Ал ол мені ұмытып үлгерген еді. Қақпаныма түспеді. Сытылып кетті. Түн ішінде от жағып, айдалада жылан ба, кесіртке ме бір нәрсені жеп отыр екен. Қайыршы кейпіне еніп, тамақ сұрадым. Қатқан нан да бермеді. Кетіп қалғансып, бір айналдым да, арт жағынан барып жанын суырып алайын десем, оты жанып тұр, кесірткесі жерде жатыр, өзі ізін суытыпты. Өкініштен санымды ұрып қала бердім.

— Ол Ханшайым мен Ханзаданы арғы әлемге қамап, тұтқында ұстады ғой...

— Оған мен бе, Ханшайым ба әлде Ханның ұлы ма бәрібір. Тек Хан ием бақытты болмауға тиіс. Хан иемнің бақыты ол үшін жан төзгісіз азап. Қызғаныш деген құрт бар ғой... Кейін әлде Ханшайым ақылды болып шықты ма, әйтеуір Ханның жанынан кетті ғой. Ақысын сөйтіп, Ханның ұлы мен жарын тұтқындап алған шығар. Әрі қарай не болғаны маған түк қызық емес.

Ол самайын қысып отырып қалды. Үстіндегі көйлегі қара қошқылданып бара жатқан еді. Зәрем ұшты. Бірақ Еркебай еш нәрсені байқар емес.

— Сонда әлгі түні сіз Қара молданы өлтірмек болдыңыз ба?, — дейді қазбалап.

— Жоқ, мен пенде баласын өлтірмеймін. О, балалар, мен кәрімін, мен өте кәрімін. Мен мына әлеммен бірге жаратылғандаймын. Мен мына сендер секілді тамақ ішпеймін, сендер сияқты ұйықтамаймын, дем алмаймын. Шаршадым. Ал сендер сондай жассыңдар, сендердің жалындарың мені 20 жасқа жасартар еді. Балалар. Сендер әлі бұл дүниенің қаншалықты тәтті екенін білмейсіңдер, балалар. Сендер әлі бұл дүниеге келесіңдер, балалар. Ал мен күнәһармын. Мені Аллам енді мұнда жібермейді, балалар. Сендер әлі дәл мендей бұл жалғанды сүймейсіңдер, балалар. Балалар.

Кенет өзімнің маужырап ұйықтап бара жатқанымды сездім. Жан-жағымды қарманып, жолдастарыма қарап едім, барлығы ұйықтап кетіпті, таң қалып үлгергенім Зұлпықар қылыш әуеде қалықтап, Мәдидің алдында сабы салбырап тұр екен. Ол әлденені күткендей, дегіберсізденіп бара жатқандай көрінді. Сари басын үстелге қойып қалың ұйқыда жатыр. Айтоқтының дауысы бала әлдилегендей әуезденіп, аса бір сүйіспеншілікпен шығады.Қатты шаршаппын деймін, міне көптен аңсаған демалыс, көптен аңсаған ұйқы өзінің зіл батпан ауыр салмағын басып, қараңғылық әлеміне алып бара жатыр. Ал мына дауыс сен қауіпсіз жердесің, ананың құрсағында жатқандай балбырап ұйықтай қал деп, еш амалыңды қалдырмай қап-қара тұңғиығына тартып бара жатыр. Мен қарманып домбырамды ұстадым. Удай ащы леп өн бойыма тарап, сілкінтіп оятты. Енді сездім қол-аяғым қалшылдап, жаным шығып бара жатыр екен. Домбырамды ала салып, ессіз күймен қағып-қағып жібердім. Маған бейтаныс бір күй төгіле жөнелді. Білмеймін, бірақ бір жерден естіген сияқтымын. Иә, атам тартатын. Атам дәл осылай тартатын. Не деген зарлы еді. Сонымен бірге күш берердей қайратты, сонымен бірге ет жақынымдай таныс. Есіме анам түсті. Көзімнен жас парлады. Кенет Айтоқтының үні кілт үзілді. Енді тек домбыраның қайраты, домбыраның қағысы ғана қалды кең дүниеде. Айтоқтының көйлегі алдымен қап-қара болып, әлдеқайдан жел тұрып, бүкіл дүниені ащы түтін қапқандай болды, содан кейін күйге елтігендей бір сәтте сарғыш түске боялып шыға келді. Сары уайым, сары жапырақ. Домбыра «Дәуренің өтті, Айтоқтым» деп сөйлегендей болды, мен өз құлағыма өзім сенбей көзімді ашып едім, дүние кенет жарқ етіп, қайта сөнгендей, нұрға шағылысқан Зұлпықар қылышты көрдім, әуеде қалықтап тұрған ол көз ілеспес шапшаңдықпен қимылдады. Жерге әлдене топ етіп түскендей болды. Мен ұйықтап кеттім. Оянғанымда ашық аспан астында жатыр екенбіз. Барлығымыз бір сәтте басымызды көтеріп, бір-бірімізге қарадық. Айдала. Тек аулақтау жерден түтін шығады. Сөніп бара жатқан, ошақ орнындай жердегі шоқ екен. Есіме Айтоқты, киіз үйлер түсті. Ноутбук. Не болды сонымен?

— Біз масқара бола жаздадық, — деді Еркебай.

— Айттым ғой, — деді Жасұлан, — неге оған сендік, қайдан ердік?

— Бізде басқа амал болған жоқ қой, — деді Сари, — біз Айтоқтыны іздеп шықтық қой.

— Білезік қайсы? Біз тапсырманы орындай алмадық, — дедім мен жанұшыра, — Енді не істейміз?

— Айтоқты апат себебі — Білезік емес деді ғой.

Мәдидің үні құмығып шықты.

— Мен білемін себебін?

— Қайдан білесің?

— Түсіндім, білмеймін, түсімде Айтоқты айтты.

— Біз тағы Айтоқтыға сенеміз бе енді?, — деді Жасұлан.

— Жоқ, бұл Айтоқтының табиғаты. Ол бәрібір бізді өлтіруге талаптанып көруге тиіс болатын. Ол Жезтырнақ қой. Бірақ ол бізді алдамайды. Мәди, түсіңде не деп айтты?

Сари әлі өзіне-өзі келе алмай отырса да, айтқан сөзінің жөні бар секілді. Бірақ Мәди күмілжіп төмен қарады.

— Анаңды алып кет. Барлық бәле — Гүлнәрдан деді.

Біз аңтарылып қалдық.

— Тұрыңдар, кері қайтайық.

Мәди қылышын қынабына салып, үстін қақты.

— Мәди, сен оған сенесің бе?

Мен сүрініп қабынып Мәдидің қасына барып, көзіне қарадым. Ол да маған тік, біртүрлі жайбарақат қарады. Содан соң:

— Сенемін, — деді қысқа ғана. Кенет Жасұлан:

— Біреуі былай, екіншісі олай дейді. Кім кінәлі? Кім жақсы, кім жаман?, — деді қолын сермеп. Ашынған адамның кейпі. Күлкім келді.

— Бізге оны білудің қандай қажеті бар, — деді кенет Сари, — бізге бастысы елге жету керек.

Кенет түндегі Зұлпықардың жарқылы есіме түсіп, бойым тоңазып сала берді. Ал ішіне доп салынғандай домаланған шағын дорбаны Мәдидің арқасына іліп алғанын көргенде, жүрегім айныды. Көзім қарауытты.

— Тезірек кетейікші, — деп күбірледім мен. Кездескелі алғаш рет Мәдиден қорқатынымды, тіпті жиіркенетінімді түйсіндім. Бұл сезім маған өте ұнамайды. Бірақ өз-өзімді қалайша үгіттеймін, қазір еш нәрсеге шамам жоқ.

— Қалай қарай жүруіміз керек?, — деді Жасұлан тағы бір мәселенің ұшын шығарып.

Шынымен де біз айдалада тұрмыз. Жан-жағымыз — дала. Төбемізде ақыр заманның демін шашып сап-сары аспан тұр. Және неге екені Айтоқтыны еске түсіреді. Денем түршікті.

— Біз бері қарай үнемі күнбатысқа жүрдік. Демек кері қайту үшін күншығысқа жүреміз, — деді Сари. Оған сенбеске, ермеске шара жоқ.

— Күншығыс қайда?

Менің ақылды сіңілім қолын солға қарай сілтеді. Біз бірден жолға түстік. Ешкімнің бір сәтке болса да аялдауға құлқы жоқ еді.

Жаутаңдап Мәдидің жүзіне қараумен келемін. Ол сыр берер емес. Қанын ішіне тартып сұрланып алған, үнсіз адымдап келеді. Аз жүрдік пе, көп жүрдік пе, елдің шеті де көрінді-ау. Межелі жерге жеткенде бізді Зақан күймемен қарсы алды. Ол амандық-саулық сұрамады. Бәлкім, жүзімізден бар сырымызды ұққан болар. Біз үн-түнсіз отырдық. Сарайға жеткенде Мәди Ханға жалғыз кірді. Біз Зақанмен сыртта тұрдық. Содан кейін ол қайтып келгеннен соң тік қараудан қашқақтап, менімен Ханзаданың жеке сөйлескісі келетінін жеткізді. Мен дереу шашымды, содан соң бетімді сипадым. Және өзімнің бұл жеңілтектігімнің әбестігін кеш ұғып, екі бетім ду етіп қызарып ала жөнелді. Бірақ Сари еш нәрсені аңғармаған кейіппен, менің үсті-басымды қағып, шашымды саусағымен салалап тарап, ретке келтіре бастады. Жігіттер екеуміздің бұл әбігер қимылымыздан қысылғандай теріс айналып, аулақтау барып тұрды. Біршамадан кейін мен өзімнің сыртқы кейпімнен қысыла басып, сарайға кірдім. Есіктің алдындағы ару қыз мені ишара қимылмен бастап Ханзада күтіп отырған бөлмеге енгізіп, өзі иіле басып шығып кетті. Ханзада мені көре салып орнынан тұрды. Сол сәтте өзімнің екі күн ауыстырмаған көйлегім туралы, далада жүргенде шаң қапқан бетім жайында, тырнақтарымның көптен күтім көрмегені турасында ұмыттым. Ол көзіне күлкі үйіріліп, қолтығымнан демеп, үлкен салтанатты бөлменің ортасындағы орындыққа отырғызды. Өзіне орындық әкеліп жаныма жайғасты.

Үнсіздік. Үнсіздік мен үшін ешқашан мұншама ауыр болып көрмеген шығар. Оның жанарымен кездесуден тайсақтап, көзімді төмен салдым. Ол әлдебір сиқырдан енді оянғандай:

— Кешір, кешір, — деді, — Сендердің бастарыңды ауыр сынаққа тіктік. Бірақ анамның жалғыз талабы осы болды. Мен қатты қобалжыдым. Сендерді аман келсе деп тіледім. Айтоқты аса әккі сиқыршы еді. Оған ешкімнің әлі келмейтін. Сендерге рахмет.

— Ал маған анаңның жеке ішкі есебі бардай көрінді.

— Иә, ол да бар...

Ханзада күмілжіді.

— Бірақ, Айтоқты өлімге өзі барған сияқты, — дедім мен жанұшыра. Әңгімені басқа жаққа аударғым келген сиқым.

— Иә, — деді ол, — мына әлемдегі өзгеріске көп жанның қарсы тұрар қауқары қалмады.

— Иә...

Айтоқты шындығында махаббат атты қуатты дертке қарсы тұра алмады. Құтыла алмады одан. Содан соң Зұлпықарды өзін өлтіруге мәжбүр етті. Бірақ оның барлығын қалай айтамын саған?

— Менің берген антым әлі күшінде ме?

— Жоқ. Жоқ, анам сені берген сертіңнен босатты. Енді қолың ауырмайды.

Мен Ханзадаға күйеуге шығатыным үшін емес, бұған бізді әлдебір анттың мәжбүрлейтініне наразы болған секілдімін. Себебі, Ханзада... Жүрегім оның жанары шашқан ұшқындардың біріне жаралы тәрізді, ол туралы ойласам, езіліп кете жаздайды.

Ол орнынан тұрып, жақтауы алтынмен қапталған терезенің алдына барып, төгілген аппақ жібек перделерді уысына толтырып қысты.

— Бізде барлығы басқаша болады. Білесің бе неге екенін?

— Жоқ.

— Себебі біз жаспыз ғой. Біз бабалар жолын сол қалпында жалғастыруға міндетті емеспіз. Біз екеуміз қосылуға міндетті емеспіз.

Мен қозғалақтап қалдым. Бір жағынан иығымнан зіл батпан салмақ түскендей жеңілдеп сала берсем де, екінші жағынан терезенің алдына барып, теріс қарап жібек пердені умаждаған Ханзаданы қимайтынымды және білемін. Оның жанындағы аласапыран дауылды өн бойыммен сезінген едім. Тамағым құрғап кеткен соң жұтындым. «Қылқ» еткен дыбыс мына салтанатты әрі аса ауыр жағдайда, тым қатты, орынсыз, оғаш шыққан секілді. Ханзада күрт серпілді.

— Зере, мен сөзімде тұрамын. Сендердің біздің әлемді құтқарған еңбектерің өлшеусіз. Әсіресе... Мәдидің алдында... біз қарыздармыз. Оған анасын алып кету оңай емес... Түсінемін ғой.

Ол тағы теріс айналды.

— Аман-есен оралыңдар. Алла жазса, әлі кездесеміз. Бұдан былай біз сендерді бұлай мазаламаймыз. Жақсы.

Ол қайтып бұрылған жоқ. Басын күрт изеді де, терезені көмкеріп тұрған ақ шымылдық, қабат-қабат перденің арасына кіріп, жоқ болды. Ешнәрсеге таңданбасқа дағдыланған қалпыммен мен бөлмеден шығып, есіктің алдында тұрған Зақанның күймесіне міндім. Барлығы мені күтіп отыр екен. Сандыққа асықтық. Мәдидің мамасының бұрынғы тәкаппарлығы қалмапты. Бірақ қорғанысты бізден емес, Зақаннан сұрайтын секілді, жанары жасаурап қарай береді. Көзін ала қашқан Зақан сыр бермеді. Сонымен біз бір-бірлеп сандыққа еніп, тұңғиыққа сіңіп жоқ бола бастадық. Барлығымыздың жүрегімізде бармақтай-бармақтай қорғасын қалды. Барлығымыз бүкіл ерік-жігерімізден айырылғандай дел — салмыз. Келгеннен кейін үш күннен соң Гүлнәр дүние салды. Ал, біз Сари екеуміз Алматыға қайтып кеттік. Мәдидің түтігіп, қап-қара болған жүзіне қарауға дәтім шыдамады, тілдесіп қоштасуға ол да ниет таныта қоймады. Өз-өзіне аздап келгеннен соң кездесерміз деп шештім мен. Сари да мені қостады.

Соңы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз