Өлең, жыр, ақындар

Ләйла

Үш көріністі драма

Қатысушылар:

Ләйла – 55-60 жастардағы әйел
Сәруар – 25-30 арасындағы бойжеткен
Джонотан – 50-60 жастағы еркек, еуропалық
Әли – 45-50 арасындағы еркек, кафенің қожайыны әрі даяшы, мұсылман, кейпі кавказдық тәрізді
Майкл – Ләйланың ұлы, 27-30 шамасында
Джон – Ләйланың күйеуі, 60-70 шамасында.

Бірінші көрініс

Шығыс үлгісіндегі кафенің іші. Екі кісілік үстелдер қойылған, сахнаның арт жағында бар, онда даяшы тұр. Барда үлкен телефон аппараты көрінеді, ескіше, дискімен. Үлкен, сарғыш, борокко стилінде. Бір үстелдің басында Джонатан отыр. Алдында кофе, газет қарайды.

Джонотан /өзімен-өзі/. Бельгияда жарылыс болыпты. Тағы лаңкестік.

Даяшы. Қане?

Газетті алып әрі-бері аударып төңкереді.

Джонотан. Дүние алқызыл отқа оранып, күйіп барады, еш жерде тыныштық жоқ.

Даяшы. Қойшы. Неге өтірік айтасың?

Джонотан. Өтірік емес.

Даяшы. Өтірік.

Джонотан. Өтірік емес.

Даяшы. Үйіңе барып, демалсаңшы.

Джонотан. Жалғыз не істеймін. Ішім пысады.

Даяшы. Онсыз да жұқа жүйкеңді қажай бермесеңші. Дәрігер не деп еді саған, ауыр әсерлерден, ауыр ойлардан қашық жүр деген жоқ па.

Джонотан. Менің жоспарым бар. Білгенде, құлайсың.

Даяшы. Не жоспар?

Джонотан. Әзір құпия.

Даяшы. Лаңкестік шығар баяғы.

Джонотан. Лаңкестікке қарсы шара.

Даяшы. Түсінікті.

Джонотан. Лаңкестікке тосқауыл қоямын. Мына - мен. Сенесің бе осыған.

Даяшы. Білмеймін...

Джонотан. Сол кезде құлайсың.

Даяшы. Мүмкін.

Джонотан. Екі аяғың көктен келеді.

Даяшы. Жақсы, бопты, тамақ ішесің бе? Таң атқалы нәр сызбаған шығарсың.

Джонотан. Жоқ, тәбетім жоқ.

Даяшы. Лаңкестік деген - ажал. Құртымтай Лаурамды алды да кетті.

Джонотан. Оның орнына мен өлуім керек еді.

Даяшы. Тағдыр ғой. Алла сегіз жыл ғана ғұмыр беріпті.

Джонотан. Тағдыр-мағдыр. Лаңкестіктен өлу деген тағдыр жоқ.

Даяшы. Бұл жайлы айтпайықшы.

Джонотан. Қаласаң, мен сені жарып өлтірейін. Лаура сияқты бір мезетте жоқ боласың.

Даяшы. Болды дедім ғой. Дәріңді іштің бе?

Джонотан. Ананы қара. Азиатка.

Бұрышта отырған бойжеткенді нұсқайды.

Даяшы. Ол қазір ғана ұшақтан түсіпті. Осында біреумен кездесемін дейді.

Джонотан. Еркекпен бе?

Даяшы. Оның кімді күтіп отырғанын мен білетін сияқтымын.

Джонотан. Кімді?

Даяшы. Қазір көресің.

Джонотан. Мұсылман ба?

Даяшы. Кім?

Джонотан. Кім болса да! Неге өтірік ақымақ боласың! Мына қызды айтамын!

Даяшы. Дәріңді іштің бе деймін?

Джонатон /дереу жуасып/. Жоқ әлі.

Даяшы стаканға су құйып, оның алдына қояды.

Даяшы. Кәне, Джонатон мырза, дәріңіз қайда, беріңіз маған.

Джонатон көнбіс кейіппен дәрісін даяшыға береді, ол біреуін шығарып, Джонатанның ауызына тығып, судан жұтқызады.

Джонатон. Мен барып сөйлессем бе екен?

Даяшы. Жоқ, болмайды. Мазасын алма, ол клиент қой.

Джонотан. Сенің клиенттерің бар болсын. Кілең мұсылман.

Даяшы /күліп/. Мен өзім де мұсылманмын.

Джонотан. Жоқ.

Даяшы. Сен де мешіттен шықпайсың.

Джонотан. Мен мыналардың құдайларымен кездесемін. Көзіне тік қарап, неге үмбеттерің біздің қалаларымызды өртейді, метро, әуежай, ұшақ сияқты халықтың қаперсіз жүретін жерлеріне бомба қояды? Оларға ондай бұйрықты неге бересің деп сұраймын. Ол жауап бермейді. Себебі онда жауап жоқ...

Даяшы. Алла ешкімге ешқандай бұйрық бермейді, Джонатан, кофеңді іш.

Кафеге Ләйла келіп кіреді. Толықша келген орта жастағы әйел, мойнында шарф, аса талғаммен киінген. Өте тартымды әйел.

Ләйла. /Әлиге/. Сәлеметсіздер ме.

Әли басын иіп сәлемін алады. Джонотан атып тұрады.

Әли. Ләйла ханым, жоғары шығыңыз.

Джонотан. Ләйла. Өте қуаныштымын, өте қуаныштымын /жылдамдатып/. Мен сізді сүйемін, сіз бұны білесіз.

Ләйла /оған еш мән бермей/. Осында кездесуім бар еді. /Сәруарға/. Шамасы сіз боларсыз. Сәруарсыз ба?

Сәруар. Иә, мен... Бірақ...

Ләйла. Иә, білемін, Майкл келу керек еді. Мен оның анасымын. Ұлымның рұқсатымен, Интернет арқылы танысқан қазақ қызын алдымен өзім көргім келді. Есіміңіз Сәруар ғой?

Сәруар ыңғайсызданып, басын болар болмас изейді.

Ләйла. Ал мен Ләйләмін. Ләйлә деген есімді естуіңіз бар ма?

Сәруар басын шайқайды.

Ләйла. «Сені, Ләйла, қара көзді киелім, Қайыспастан қара жерше сүйемін»...

Есіңе түсті ме?

Сәруар. /таң қалып/. Жоқ.

Ләйла. Майкл жазбады ма дегенім ғой.

Сәруар. Майкл «анам қазақ қызы, Қазақстаннан» деп жазған. Бірақ есіміңізді қазір естіп тұрмын.

Ләйла Сәруардың қасына орындыққа отырады. Әли қойын кітапшамен келіп, тапсырыс ала бастайды. Джонатон мазасыз бір күйге еніп, күйгелектеніп отыр.

Ләйла. Маған су берсеңіз жеткілікті. /Сәруарға/ Жолдан шаршап жеттің ғой, ал сен тамақтанып ал.

Сәруар. Аш емеспін. Шай ішсем болар еді.

Ләйла. Олай болса, маған су, мына бойжеткенге шай жеткізіңіз.

Әли басын иіп кетіп қалады. Джонатон бұларға енді одырайып қарайды.

Джонатон. Мұсылмандар құжынап жиналып жатыр. Әли, Әли, сен мына дәмхананы мұсылмандардың ордасына айналдырдың, Құдайдан қорықсаң етті.

Әли. Мұсылмандар өте момын халық. Олар сенің ғимаратыңды, әуежайыңды жармайды. Жаратындар – мұсылман емес. Түсінесің бе?

Джонатон. Әли, Әли, өтірік айтуға болмайды. Мен бәрін білемін. Сен мұсылман емессің.

Әли екі қолын көкке жайып:

Әли. О, Аллаһ, жар бола гөр мына пендеңе. Бұған сөз өтпейді. Сөз тыңдамайды бұл.

Джонатон. Ал Ләйла - мұсылман. Жүрегім сезеді. Құдай мені неге мұнша мазақ етті, Әли, айтшы. Мұсылманға ғашықпын. Бір жағынан ғашықпын, бір жағынан жек көремін. Өлтіргім келеді.

Әли. Клиенттердің мазасын алма, бүгін мені әбден шаршаттың. Дәрің қайда? Бері берші.

Тағы да манағыдай бір стакан су әкеліп, Джонатанның қалтасынан дәрісін алып, біреуін ауызына салады да, судан жұтқызады. Джонатон барлығын әлдебір көнбістікпен орындайды.

Ләйла. Майклдан сен туралы әңгімеге қанықпын. Сыртыңнан білемін. Демек Қазақстаннан келдің ғой.

Сәруар. Ыңғайсыз болды ғой. Сонда сізді Майкл жіберді ме?

Ләйла. Иә, Майкл жіберді. Несі бар. Мен оның анасымын. Білуім – міндет.

Сәруар. Қызық. Майкл өзі кәмелетке толған жігіт пе?

Ләйла. Әрине, әрине. Толған, жетілген. Барлығы жақсы. Сіз маған ренжімеңіз.

Сәруар. /ыңғайсызданып/. Сіз де кешіріңіз. Күтпеген жағдай болды...

Ләйла. Кәне, орныңнан тұршы. Бойың қанша сантиметр?

Сәруар. 170.

Ләйла. Кеудең, мықының тоқ екен.

Сәруар. Рахмет...

Ләйла. Жақсы, жақсы, отыра ғой. Алматыданмын деңіз... Алматы – ару қала. Қазір Целиноград астана болды.

Сәруар. Иә, қазіргі Елорда, Астана – сонда.

Ләйла. Мен де Алматыданмын.

Сәруар. О, Алматыдан. Қалай қызық.

Ләйла. Иә, қызық. Қазір Алматы қалай?

Сәруар. Алматы – жақсы, көктем, жап-жасыл.

Ләйла. Таулар ше? Таулар тұр ма?

Сәруар /күліп/. Таулар да, шыршалар да, аспан да – барлығы орнында. Өзіңіз соңғы рет елде қашан болып едіңіз?

Ләйла орнынан тұрып, теріс қарап тұрады. Дауысы өзгеріп шығады.

Ләйла. Мен елде соңғы рет отыз жыл бұрын болдым.

Сәруар. Отыз жыл? Неге?

Ләйла. Әңгімесі көп. Және ұзақ. Одан да сен сөйлеші. Сен елден келдің ғой. Барлық қызық сенде ғой. Айтшы.

Сәруар. Не айтамын?

Ләйла. /есі ауысқан адамша, әлдебір жанталасқан кейіппен/. Барлығын, барлығын айт.

Сәруар. Сізге не болды?

Ләйла бойын жинап, басын ұстап, бетін басады.

Ләйла. Білмеймін, білмеймін, кешір.

Әли оған да бір стакан су алып келеді. Сәруардың алдына шай қояды.

Ләйла. Не болды дейсің бе? Елді сағындым. Айтшы, мұнда неменеге келдің? Айтшы?

Сәруар. Неменеге келгені қалай? Майкл шақырды.

Ләйла. Майкл, Майкл... Иә. Сен оны ұнаттың ба? Сен оны ұнатып қалдың ба?

Сәруар. Иә, ұнатып қалдым.

Ләйла. Сен оны қалай ұнаттың? Оның хаттары жас қыздың жүрегін от орайтындай жалынды емес еді ғой. Өзі қандай қырт, мылжың, кірпияз, салғырт болса, өзі қандай мәдениетті, өркениетті болса, хаттары да сондай көңілсіз еді ғой. Сен оны сүйіп қалдың ба? Шыныңды айтшы?

Сәруар. Сіз қызық сөйлейді екенсіз? Туған ұлыңыз туралы бұндай нәрселерді қалай айтасыз.

Ләйла. Қатігезсің дегенің бе? Ал сен ше? Сен қандайсың?

Сәруар. Мен сізге ұнамадым білем. Бекер болды.

Ләйла. Солай ма?

Орнынан қайта тұрып кетеді. Әли тағы бір стакан су алып келеді.

Әли. Кешіріңіз, мэм, ал сіздің, сіздің дәріңіз қайда? Ішіп алыңызшы.

Ләйла оған түсінбей қарайды да жауап бермей орнына қайта отырады. Суды сыздықтап ұрттай бастайды.

Ләйла. «Айтамын жанның басқа әнін,

Дедім де,-үміт жоқ енді»,-

Ыза боп отқа тастадым.

Өзіңе жазған өлеңді...».

Содан соң не болғанын білесің бе? Әрі қарай...

Сәруар басын шайқайды.

Ләйла. Сарғыштау дақ бар бетінде,

Сол үшін өртпен дүрдараз,

Ошақтың қалды шетінде,

«Ләйлә» деп құйттай бір қағаз...

Көрдің бе, «Ләйла деп құйттай бір қағаз...».

Сәруар. Бұл өлеңнің барлығын өзіңіз шығардыңыз ба?

Ләйла. Жоқ, әрине, ақынның өлеңдері ғой. Жұматай Жақыпбаев деген ақын болған кезінде. Ләйла деген ғашығына арнап бір кітап өлең жазған. Менің де атым Ләйла болған соң жаттап алдым.

Сәруар. Майклдың орнына неге сіз келдіңіз?

Ләйла. Сені көргім келді.

Сәруар. Ал Майкл ше? Оның мені көргісі келмей ме?

Ләйла. Майкл... Сәруар... Түк үйлеспейді. Ал менің күйеуімнің, Майклдың әкесінің аты кім екенін білесің бе? Джон. /күледі./ Джон және Ләйла. Джон мен Ләйла. Осылай үйлесімділіктен жұрдай өмір өтіп жатыр... Жүр, далаға шығып, серуендеп қайтайықшы. Мен саған қаланы көрсетейін.

Екеуі жинала бастайды. Олардың кетіп бара жатқандарын көріп, Джонотан есіктің алдына барып жолдарын кес-кестеп тұра қалады.

Джонотан. Ханымдар! Қайда жол тарттыңыздар?

Әли. Джонотан! /Ләйла мен Сәруарға/. Кешіріңіздер, қазір.

Джонотан. Мен бұл дәмханада лаңкестік жасаймын! Ешкім шықпайды!

Ләйла. Жарқыным, бізді өткізіп жібер. Содан кейін не істесең де өзің біл.

Джонотан. Жоқ! Міне!

Ол кенет плащын ашады,, қойны толы жарылғыш зат. Сәруар шыңғырып жібереді. Әли кейін шегіншектейді. Жанталасып телефон нөмірін термек болады. Джонотан Ләйләны білегінен ұстап алады.

Джонотан. Ешкім ешқайда шықпайды. Түсіндіңіз бе?

Ләйла. Иә, түсіндім.

Джонотан. Кетпейсіз.

Ләйла. Кетпеймін.

Джонотан. Онда орныңызға барыңыз. /Сәруарға/ Сіз де орныңызға барыңыз. Әли, телефонды қой. Қазір кафеңнің күл-талқанын шығарамын!

Әли телефон тұтқасын орнына қояды.

Джонотан. Отырыңыздар. Тынышталыңыздар.

Барлығы үрпиіп орын-орындарына отырады.

Сәруар. Мені босатыңызшы. Мен бұл елге бүгін ғана келдім. Ешнәрсе білмеймін.

Джонотан. Ешкім ешқайда шықпайды.

Сәруар. Жасым бар болғаны жиырма жетіде.

Джонотан. Ал Лаура бар болғаны сегізде болатын.

Сәруар. Мен оны танымаймын, менің оған еш қатысым жоқ.

Даяшы. Джонотан, Лаураны араластырма, қызымды тілге тиек етпей сөйле! Бойжеткеннің есін шығардың, ұялмайсың ба, малғұн.

Джонотан. Лаураның өліміне мен кінәлімін!

Ләйла. Онда өзіңізді өзіңіз өлтірмейсіз бе. Біздің кінәміз не?

Әли. Сіз не айтып тұрсыз? Науқас адамның санасына қандай ой ұялатып тұрғаныңызды білесіз бе? Дап-дардай адам /бастан аяқ қолымен шолып/, өзі тағы киініп алған, боянған. Айтып тұрғаны мынау.

Ләйла. Онда өлтірсін бізді. Науқас деп аяп бәріміз осында қырылып қалайық. Мақұл.

Жұлынып барып отырады.

Джонотан. /жылайды/. Сол күні экскурсияға барамыз деген менің идеям болатын.

Сәруар. Қайдағы идея? Не айтып тұрсыз? Ағатай, шығып кетейінші.

Даяшы. Оқушыларын қала сыртына экскурсияға апарған ғой, сонда жарылыс болып, сәбилердің тең жарымы қаза тапты. Арасында менің қызым да кетті.

Әли басын ұстап бұрышқа барып отырады.

Ләйла. Бұл кафеге бекер келдік.

Сәруар. Менің өмір сүргім келеді!

Ләйла. Жаным, сен қандай жап-жассың. Қандай әдемісің. Саған бұның барлығы неге керек? Бұл кафеге неменеге келдің? Неге Алматыны тастадың, неге бездің туған жеріңнен?

Сәруар. Майкл хат жазды, шақырды...

Ләйла. Майкл деген кім? Ол өмірде бар адам ба, жоқ адам ба? Сен түкті де білмейсің ғой. Неменеге келдің?

Сәруар. Ол жолымды төледі.

Ләйла. О дүниеге жолың төленсе, ол жаққа да кете бересің бе? Адамда түйсік, өзін-өзі сақтау инстинкті болу керек қой.

Сәруар / Джонотанға/. Ағатай, мені шығарып жіберіңізші /жылайды/.

Ләйла. Алматыға қайтамын деп уәде берші. Осыдан жаным қалса, мұнда қалмаймын деп ант етші.

Барлығы үнсіз Сәруарға қарайды.

Ләйла. Ант ет.

Сәруар. Жоқ, ондай уәде бере алмаймын. Майклды көрмей, кездеспей ешқайда кетпеймін.

Ләйла. Не деген өлермендік.

Даяшы. Джонатанның адам баласына зияндығы жоқ. Қазір бәрі дұрыс болады.

Сәруар. Мені шығарып жіберсінші, мен ешнәрсе білмеймін. Ұшақтан қазір ғана түстім. Мені жіберсінші. Айтыңызшы.

Джонотан. Ешкім ешқайда шықпайды. Сіз мұсылмансыз ба?

Сәруар. Жоқ, мұсылман емеспін.

Джонотан. Енді?

Сәруар. Ешкім емеспін. Жасым бар болғаны жиырма бесте. Менің өмір сүргім келеді. Жіберіңізші мені.

Джонотан /басын шайқайды/. Жоқ. Ешкім ешқайда шықпайды. Лаңкес – шешімін өзгертпейді. Лаңкес айтқанынан қайтпайды.

Даяшы. Джонотан, орныңа отыршы, мен саған қазір кофе әзірлеймін.

Джонотан. Виски құйшы.

Даяшы. Саған ішімдікті дәрімен араластыруға болмайды.

Джонотан. Виски құй деймін саған!

Ләйла /даяшыға /. Құя салсаңызшы.

Даяшы. Жоқ, болмайды. Бұдан да жаман болып кетуі мүмкін.

Ләйла. Енді не істейміз?

Даяшы. Отыра тұрайық. Қазір сөйлесемін. Саспаңыз. Джонотан екеуіміз бір көшенің бойында өстік. Дос болдық. Адам досын сатпайды.

Сәруар. Жарып жібермей ме?

Даяшы. Қайдан білемін! Джонотан, тұра тұр. Мен қазір кофе әкелемін.

Ләйла. Жарайды, қорықпа. Джонотандікі жай, қоқан-лоққы. Мен түсіндім.

Сәруар. Қойны-қонышы толған бомба ғой.

Ләйла. Оған бомбаны кім берсін. Жай, ойыншық шығар.

Сәруар. Ойыншық болмаса ше?

Ләйла. Қазір Әли өзі шешеді. Олар қырық жыл бірге, бала кездерінен дос. Түк те болмайды. Отыр десе, отыра тұрайық. Әли, бізге виски берші.

Джонотан. Маған да!

Ләйла мен Сәруар барып орындарына отырады. Әли олардың алдына виски әкеліп қояды.

Сәруар. Бұндай жағдай мұнда жиі бола ма?

Ләйла. Бірінші рет көріп тұрмын.

Сәруар. Байлар да жылайды деген осы екен.

Ләйла. Еуропаға байлық қуып келдім де.

Сәруар. Білмеймін... Кішкентайымнан Еуропада тұруды, еуропалық болуды армандайтынмын. Алматы... Алматы жақсы ғой. Бірақ онда... Бірақ онда өркениет жоқ, онда мынандай тазалық жоқ.

Ләйла. Қайдағы тазалық?

Сәруар. Көшелер таза емес.

Ләйла. Ааа.

Сәруар. Содан соң Майклмен хат алыстым. Ол өзінің елі туралы, шағын кафелер, алаңсыз, бала сияқты аңғал адамдар туралы әңгімеледі. Ешкімнің ешкімде жұмысы жоқ. Әркім дербес, әркім еркін. Алматыда... Алматыда барлығы басқаша ғой...

Ләйла. Қалай?

Сәруар. Онда адамдар... тіпті бейтаныс адамдар бір-бірімен сөйлесе береді.

Ләйла. О!

Сәруар. Кезекке тұра қалсаң, сондағы елдің бәрінің бүкіл өмір тарихын біліп шығасың. Білмеймін, айтып жеткізе алмаймын. Шаршатады. Ал мұнда барлығы шадыман, биік, еңселі. Ешкімнің ешкімде жұмысы жоқ. Таза.

Ләйла. Солай де... Домбыра тарта аласың ба?

Сәруар. Жоқ, мен сауда-саттық саласынанмын ғой.

Ләйла. Осында, мына қалаға Қазақстаннан ұлт аспаптар оркестрі келген. Сонда музыканттардан бір домбыра, содан соң бір қылқобыз сатып алдым. Олар ақшаны көргенде қолындағы аспабын ойланбай ұстатады екен. Ал мен өзімді сол сәтте мыстан кемпір сезіндім. Алдап арбап тұрған.

Сәруар. Қойыңызшы.

Ләйла. Рас. Сөйтіп бір домбыра мен бір қылқобызды қағып алдым.

Сәруар. Дұрыс қой.

Ләйла. Жоқ, дұрыс емес. Көрсеқызарлық. Тіпті қобыз тарта да алмаймын ғой. Рас, аздап домбыра шертемін. Дегенмен қорқынышты...

Сәруар /айналасына үрейленіп қарап/. Немене қорқынышты?

Ләйла. Ол аспаптардың үйде тұрғаны. Енді, міне, сен келдің. Сені де үйге апарып қоямын.

Сәруар. /сыбырлап/. Үрейлендірмеңізші.

Ләйла. Бірақ сен мен ойлағандай болмай шықтың.

Сәруар. Барым осы.

Ләйла. Иә, дұрыс шығар. Менен жаман емес шығарсың.

Сәруар /күмілжіп/. Майкл жазған еді, сізді әкесінің өліміне өзін кінәлайды деп...

Ләйла. Мен өзімді кінәламаймын. Мен білемін. Өлтірдім. Ал сен, сен осында тұру үшін, осында қалып, еуропалыққа айналу үшін әкеңді өлтірер ме едің? Туған әкеңді, өмір бойы «Ләйла» деп төбесіне көтерген, тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай аялаған әкеңді өлтірер ме едің?

Сәруар. Жоқ, әрине, не айтып тұрсыз?

Ләйла. Ал мен өлтірдім. Мен өлтіріп тастадым.

Сәруар. Қойыңызшы... Сенбеймін.

Ләйла. Мен де сендей болғанмын. Туған жерімнен, өз топырағымнан жеріп, бөтен елді аңсадым.

Сәруар. Сонда қалай кәдімгідей атып өлтірдіңіз бе?

Ләйла /күліп/. Неге атып? Адамды өлтірудің формалары көп қой.

Сәруар. Әңгімеңіз жантүршіктіреді екен.

Ләйла. Қайсысы?

Сәруар. Әке өлтіру.

Ләйла. Иә, солай болды. Ал сен ше? Сен осында қалу үшін не істей аласың?

Сәруар. Білмеймін, бәрін шығар.

Ләйла. Солай ма?

Сәруар. Майклмен қашан кездесемін?

Ләйла. Менімен жүр. Сіңілім деп таныстырамын. Содан соң талайыңа қарай көресің ғой.

Сәруар. Ол менің келгенімді біле ме?

Ләйла. Жоқ.

Сәруар. Ол жалпы мен туралы біле ме?

Ләйла. Білмейді.

Сәруар. Маған хат жазған сіз бе сонда?

Ләйла. Иә, мен.

Сәруар. Масқара...

Ләйла. Бірақ қалғаны - рас. Майкл – менің ұлым, жасы отыз үште. Таныс, көріс, біліс. Саған мүмкіндік бергім келіп тұр.

Сәруар. Неге?

Ләйла. Себебі, сен - мен сияқтысың.

Сәруар. Сол үшін ғана ма?

Ләйла. Мына қиял-ғажайып түстен арылғым келеді.

Сәруар. Ал мен қиял-ғажайыпты аңсаймын.

Джонотан /бұларға жақындап/. Ләйла, мен сені сүйемін.

Ләйла. Жаз өтті бастан, қыс қалды дедім, Жерідің менен мүлде сен. Ғұмырым бірден қысқарды менің, Не үшін, не деп күн кешем?

Көкірегіме шер толып, Тектім, Айта алмай аузым мұңды әнді, Өкініштен мен өртеніп кеттім, Ішімде сұп-сұр күл қалды...

Джонотан. Бірақ сенің есің мүлде дұрыс емес. Жарайды, Әли, кешір. /қойнын ашып/ Бұл жай, ойыншық.

Әли. Бұныңды білгенде, жаңа кіргізбей қояр едім. Дәріңді іш деп өбек қағып жүрсем. Жексұрын.

Джонотан. Болды, ауыр сөз айтпашы.

Әли. Сені де дос дейді ғой. Дәл менің кафемді келіп жармасаң нетті. Не көп кафе көп қой төңіректе. Мал!

Джонотан. Сөзің сүйегімнен өтіп бара жатыр, болды қойшы.

Ләйла. Маған да жерлесім келіп отыр. Сонау Қазақстаннан қонақ. Дәл соның көзінше абыройдан айырмасаңыз болатын еді ғой.

Джонотан. Жарайды, бопты. Келесі жолы дұрыстап ұйымдастырамын. Бүгін болмай-ақ қойсын. /Әлиге/ Кофе берші.

Ләйлә. Ағатай! Кофе ішпей-ақ баршы.

Сәруар. Зәремізді ұшырдыңыз ғой.

Джонотан. Кешіріңіздер...

Әли. Жарайды, болды.

Джонотан. Ертеңге дейін.

Әли. Сау бол.

Джонотан міңгірлеп шығып кетеді.

Екінші көрініс

Ләйланың үйі. Сәруар шаң сүртіп жүр. Диванда газет оқып Джон отыр. Ара-тұра Сәруарға көзінің астымен сүзіліп қарап қояды.

Джон. Сәруар, бері келші.

Сәруар. Иә?

Джон. Қазақстанда қыздардың бәрі Ләйла екеуің сияқты сұлу ма?

Сәруар /күліп/. Иә десем патриот болар ем. Бірақ дәл біздердей сұлу сирек. Жоқ десе де болады.

Джон. Кел, алдыма отыршы.

Сәруар отырады. Екеуі құшақтасып күліп бір нәрселерді айта бастайды. Ләйла келіп кіреді. Сәруар орнынан атып тұрады. Ләйла аңтарылып қалады. Джон түк болмағандай газетін ашып әрі қарай оқи береді.

Ләйла. Бұл не қылған басынғандық? Джон!

Джон. Не?

Ләйла. Сәруар!

Сәруар бейкүнә кейіпте.

Ләйла. Есің дұрыс па?

Сәруар. Ағаның өзі алдыма отыршы деген соң... ойымда еш нәрсе болған жоқ.

Ләйла. Бұнда неғып жүргеніңді ұмыттың ба?

Сәруар. Жоқ, білмеймін, отыр десе, отыра салыппын.

Ләйла. Көзіңді құрт, жинал да кет!

Джон. Ләйла, образға тым қатты кіріп кеттің. Есіңді жи.

Ләйла. Асыңды іштім, табағыңа түкірдім де.

Сәруар. Мен өзімді кінәлімін деп есептемеймін.

Ләйла. Жоғалт көзіңді!

Джон. Ей, олай қатты кетпесеңші.

Ләйла. Иә, дұрыс. Бұл жерден мен кетуім керек. Дұрыс, дұрыс.

Сәруар. Соншама не болды сізге? Не бүлінді?

Ләйла /Сәруарға тесіліп қарап/. Мен күткеннен де асып түстің.

Сәруар. Түсінсем бұйырмасын.

Ләйла. Жақсы, қала ғой, жарқыным. Өзіңе керегі де осы еді. Шал ма, жас па айырмашылық жоқ. Дұрыс.

Сәруар. Майклға ешнәрсе айтпаңызшы.

Джон. Майкл естісе өті жарылып кетеді деймісің.

Сәруар. Кешіріңіздер...

Сәруар шығып кетеді.

Джон. Есің дұрыс па?

Ләйла. Жарайды, бопты.

Джон. Білмеймін. Ол сондай жас. Қалай болар екен.

Ләйла. Мен өз міндетімді орындадым. Азиатка дедің, азиатка. Енді мен азатпын ғой?

Джон. Иә... Майкл білмейді. Білмей-ақ қойсын.

Ләйла. Неге адамдық қасиеттен жұрдайсың.

Джон. Кәсібім міндеттейді.

Ләйла. Кәсіпке жаппа. Барың осы ғой.

Джон. Сен маған өзің ердің.

Ләйла. Иә, бірақ, болды, елге қайтамын.

Джон. Құжаттарың дайын. Енді саған ешкім бір сөз айтпайды.

Ләйла. Рахмет. Ана қызды ренжітпе.

Джон. Әйел баласын ренжіткен кезім болмапты.

Үшінші көрініс.

Тағы бірінші көріністегі кафенің іші. Барлығы сол қалпы. Үстел басында Сәруар мен Майкл отыр.

Сәруар. Ләйла маған жаралы аққу тәрізді. Оның қалайша бойын түзеп, жер басып жүргеніне таң қаламын.

Майкл. Шешем мен ес білгелі осындай. Тынымсыз, дегіберсіз. Үнемі елегізіп әлдене күтіп жүреді.

Сәруар /күліп/. Алқызыл желкенді кеме күте ме? Себебі ол жалғыз.

Майкл. Мен ше?

Сәруар. Сен қазақ емессің ғой. Ол қазақтарға оралғысы келеді.

Майкл. Қалай қазақ емеспін. Қанымның тең жарымы қазақ.

Сәруар. Бәрібір рухың бөлек, дінің бөлек.

Майкл. Мешітке барғым келеді. Білмеймін, кейде азан үнін естимін. Мешіт мені шақырып тұрғандай болады.

Сәруар. Онда бару керек шығар.

Майкл. Кішкентай кезімде бірнеше рет апарған. Түсінде әкесін көріп, құран оқытты. Бірде таңертең бүгін шешем өлді деп жылап оянды. Әкем содан соң өз адамдарын салып, шынымен солай болғанын білдік. Сол түні дүниеден қайтыпты.

Сәруар. Аруағы хабар берген ғой.

Майкл. Аруақ деген не? Елес пе?

Сәруар. Аруақ деген аруақ. Шынымен мешітке барсаңшы. Қаласаң, бірге барайық.

Майкл. Иә, мына кафенің қасында мешіт бар.

Сәруар. Иә...

Майкл. Қазір барайық.

Сәруар. Иә, бар, бара ғой.

Майкл. Менімен жүрші.

Сәруар. Мен бара алмаймын.

Майкл. Неге?

Сәруар. Қазір бара алмаймын.

Майкл басын изеп шығып кетеді. Артынша Ләйла кіреді.

Ләйла. Майкл мында неғып жүр?

Сәруар. Біз үйленгелі жатырмыз.

Ләйла. Міне, жаңалық! Джон ше?

Сәруар. Джон – жоқ. Сізге өз үйіңізден өзіңіз безбеңіз деуге келдім. Мен кеттім. Сіз оралыңыз.

Ләйла. Бәрін тындырып тастап, Майклға қайта кірістім де? Қосылғыштар өзгергенмен, қосынды өзгермейді.

Сәруар. Сіздің бір мініңіз – дереу жаман ойлайсыз.

Ләйла. Сен маған ұнамайсың. Сен маған бір көргеннен ұнамағансың.

Сәруар. Ұнамасам, үйіңізге неге апардыңыз?

Ләйла. Сен – баяғыдағы, өте баяғыдағы мен сияқтысың. Мен ол кезде басқа едім. Еш нәрсенің парқын білмейтін едім. Туған жердің киесі ұрды мені. Сенде бір өлермендік бар. Жақсы, қаларсың осында. Тиерсің Майклға. Мен қарсы болмаймын. Қолымның ұшын да қимылдатпаймын сендерге қарсы. Бірақ құдай өмір берсе, сенің өкінішіңді көргім келеді. Сенің дәл мен сияқты қан жұтып, қасірет шеккеніңді көргім келеді.

Сәруар. Не айтып тұрсыз? Менде неңіз бар? Күйеуіңіздің алдына отырып қойыппын. Онда тұрған не бар? Әу бастан ойы бұзық адам мен болмасам, басқа біреудің білегін сипар еді.

Ләйла /күліп/. Жоқ, мен оны айтып тұрған жоқпын. Мен отанымды саттым, сен мені саттың. Сұр жыланша бұлғақтап төріме шығып, қаперсіз жатқан мені шақтың. Бірақ осы менің аңғалдығым мен ақтығымды білдіре ме? Сенің сатқындығың менің күнәмді жуа ала ма? Ең болмаса таразы басын теңелте ме? Жоқ. Жоқ. Тірідей терімді сыпырсаң да, теңелте алмайсың ол таразыны.

Сәруар. Неге?

Ләйла. Себебі, мен тағы опасыздық жасадым.

Сәруар. Қайта бастадыңыз ба?

Ләйла. Бәлкім, алғашқы, жастықпен болған нәрсе отыз жылдық өкінішпен кетер ме еді. Бірақ мен тағы бастым әдетіме. Дұрыс айтасың. Адам өзгермейді екен.

Сәруар. Тағы не бүлдірдіңіз?

Ләйла. Сені саттым.

Сәруар. Кімге, қалай деп сұрамаймын, сіз де айтпаңызшы. Құдай үшін. Білгім келмейді.

Ләйла /күліп/. Жарайды.

Сәруар. Майкл екеуіміз Қазақстанға ораламыз. Ұнамады маған бұл жер.

Ләйла. Мүмкін емес!

Сәруар. Рас... Не ойласаңыз да өзіңіз біліңіз. Бірақ біздің шешім осы.

Ләйла ары-бері басын шайқап жүре бастайды.

Ләйла. Мектепті бітіргеннен кейін Мәскеуде оқыдым. Сол жерде жүріп, Джонмен таныстым. Ол да тап Майкл тәрізді өз елі туралы айтатын. Үнемі өз елі туралы айтатын. Ал менің әкем зауытта істеді. Әскери қару-жарақ жасайтын зауыт. Оқуды бітіріп, үйге қайтқаннан кейін... үйге қайтқаннан кейін Джон айтқан құжаттарды алып, қаштым. Елден қаштым. Үйден қаштым. Алматыдан қаштым.

Сәруар. Сіз... сіз сонда...

Ләйла. Иә. Сонда не ойладың, есің дұрыс па дейсің бе? Жақсы өмір сүргім келді. Джонмен болғым келді. Бұл аз ба?

Сәруар. Аз сияқты, білмеймін...

Ләйла. Әкем содан соң қамауға алынды, сотталды, айдауда жүріп өлді. Жалғыз бауырым бар еді. Білмеймін кейінгі тағдыры не болғанын. Ішіп жүр деп естідім. Шешем... байқұс шешемді білмеймін не күйде болғанын. Иманды болғыр, ол да жоқ жер бетінде. Елге бара алмаймын, елге баруға бет жоқ. Жасырынып барармын дегенмін, бірақ оған да бет жоқ екен. Сүйегім осында қурайтын болды.

Сәруар. Сізді Джонатан сүйемін деп жүр еді ғой.

Ләйла. Иә... Бірақ соңғы кезде көрінбей кетті өзі. Азапты өмір бітпейді екен. Таусылмай қояды екен. Тезірек, тезірек десең, айызы қанып созыла түседі екен...

Кенет алапат жарылыс дүбірі естіледі. Жанұшырған дауыстар. Кафе қожайыны жүгіріп далаға шығып кетеді де қайта кіреді.

Қожайын. Джонатан мешітті жарып жіберді!

Ләйла. Не дейді? Қай Джонатан?

Қожайын. Жаңа мешітті жарамын, лаңкестіктің ордасын жарамын деп жүрген... Сенбеп едім...

Сәруар. Мана Майкл мешітке кетіп еді, аман ба екен?

Қожайын. Қайдам... күл-талқаны шықты.

Ләйла. Майкл? Мешітке?

Екеуі бір-біріне аңтарылып қарайды.

Сәруар /бетін басып/. Білмеймін. Мен ешнәрсе білмеймін.

Шам сөнеді. Шымылдық. Соңы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз