Ертеде Абылай хан заманында бір байдың Алакөз деген ұлы болыпты. Алакөз он үш жасар батыр екен. Бір күні Абылай хан жауға аттануға көп қол жиыпты. Батырдың әкесінен: «Алакөзді маған бер, жорыққа ту ұстап барсын», – дейді. Алакөздің әкесі:
— Жоқ, ханеке, балам жас, баламды биылша тастап кет, алпыс ала ат берейін, – депті. Абылай хан: «Жарайды, олай болса», – деп, көп нөкерімен жорыққа шығыпты. Үш күн өткен соң, Алакөз үйінде отырып ойлайды. «Мен бұл әскерден қалғаным не қылғаным?», – деп, батырлығына шыдай алмай, өзінің бір қанатты Қарагер дейтін атына мініп алып, үш күн озып кеткен әскерлерді бір сағатта қуып жетіпті. Сонан соң Алакөз бұлармен бірігіп кетеді. Төрт күннен соң артынан әкесі қуып келеді. Баласы қашып ұстатпайды. Әкесі айтады:
— Әй, балам, кел енді, бата берейін! – дейді. Алакөз жақындап келіп тұрды. Әкесі қолының сыртын жайып айтты: «Осы барғаныңнан қырғыз барып жеті жыл жатып, сегізінші жыл қолыма кел» – дейді. Алакөз мұның батасын тындамай жүре береді. Әкесі қайтып кетеді.
Бұлар жорықта жүріп, қырғыз батырларымен кездесіп қалады. Қырғыздың Алатауының бер жағында Алакөз, батырлар жағынан қырғыздың батыры шықты. Алакөз келіп, қырғыздың батырын найзаменен шанышқан екен, найзасы өтпей, еш қару қыла алмайды. Әкесінің қарғысы күшін алған екен. Қырғыздың батыры Алакөзді найзаменен шаншып алып, артына бөктеріп, еліне жүре береді. Абылай хан соғыспай, еліне қайтып кетті. Сонан соң қырғыздың батыры әкесіне келіп айтады: «Мынау әкелген олжам», – дейді. Әкесі айтады:
— Өлтіре көр, көзі қалай жаман еді! – дейді.
Шешесі айтады:
— Өлтірме, құл болып жүрсін, – дейді. Алакөзге үш күндей ас бермейді, төртінші күні аз ғана ас берді. Сөйтіп, жеті жыл қырғызда байлаулы жатты. Сегізінші жыл болғанда, қырғыздың бір бегі өлген екен, жұрт соған ас беруге қыздан рұқсат сұрайды. Алакөзді түсіріп алып келген қырғыздың батыр қызы, аты Ботакөз екен. Ботакөз жұртының бәрін билеп тұрады екен. Рұқсат береді. Ботакөз өзі бүгін басым ауырды деп, асқа бармай қалады. Қыздың әкесі, екі ағасы – бәрі асқа кетеді. Ботакөз үйде қалады. Бір уақытта Ботакөз байлаулы жатқан Алакөзге айтады: «Алакөз, тұршы, күресейік», – дейді. Алакөз қорқып: «күреспеймін», – дейді. Сөйтсе де қыз болмай күреседі. Ботакөз Алакөзді көтеріп жығайын деген екен, жыға алмады, сонан соң Алакөзге айтты: «Сен, қара құл», – деп намысына тиеді. Сонда Алакөз қызды көтеріп алып, жеpгe бір қойды. Қыз айтты: «Сен менен күшті екенсің, мен сенімен қашам», – дейді. Алакөз: «Жарайды», – дейді. Қыз Алакөзді қымызға тойғызады, бір уақытта Ботакөздің әкелері, ағалары келеді. Ботакөздің сыбағасы деп бір тай үйітіп, көп қойлар үйітіп әкелген екен. Ботакөз жартысын байлаулы жатқан Алакөзге берді, ағалары мұны көріп, қарындасын жек көреді, күн кеш болады, қыздың екі ағасының екі жүйрік арғымағы бар екен. Соны суытып қойған екен. Түнде Алакөз ұйықтап оянса, байлаулы жатқан аяқ-қолы бос жатыр екен. Бір уақытта Ботакөз Алакөзге келіп: «Жүр, қашайық!» – дейді. Алакөз тұрып өзінің бұрынғы киімін киіп алады. Екеуі ақылдасты: «неге мініп қашамыз», – деп. Алакөздің үйінен келген жүйрік аты Алакөз жамандық ойлағанда ұстатпайтын еді. Екі ағасының суытып қойған екі арғымағына екеуі мініп алып, Ботакөз әкесінің мың кісі сыятұғын шатырын алып, қашып кетті. Ботакөз Алакөзге айтады: «Әкем бізді үш күн қуады, біз мынау ағашқа жасырынайық», – дейді. Ауылдың жанында жиырма шақырым жерде бір қалың ағашқа екеуі жасырынады. Бір уақытта әкесі құс болып ұшып, ағаштың төбесінен өтіпті. Күн ұзаққа іздеп таба алмай, кешке таман үйіне қайтып кетеді. Тағы да күні-түні қарап таба алмайды. Ботакөз Алакөзбен екеуі қашып кетеді. Жолда келе жатып, көп күн жүріп, еліне жетуге бір күн қалды дегенде, бір дарияға екеуі келіп шатырды тігіп, Алакөз шатырда отырып қалады. Ботакөз суға барып шомылып жатса, бір-екі шошқа келіп, біреуі Ботакөздің басын үзіп алып кетеді. Бір уақытта Алакөз тысқа шықса, Ботакөз өліп қалыпты. Мұны көріп садағын алып жүгіріп келіп, әлгі шошқаның біреуін атқан екен жоқ, екіншісін атып, ішін қараса, сонда екен. Алакөз басты әкеліп, жылап еліне келеді. Жұртыменен амандасып, мұңын айтады: «Менің тілегімді берсеңіз», – депті. Жұрты тілегін береді. Алакөз дарияға келіп, Ботакөзге там тұрғызыпты.
Сөйтіп, «құданың құдіретімен», әкесінің «дұғасымен» қыз екеуі бір-бірімен қосыла алмай, өліп кеткен екен дейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Нұлан
Супер