Өлең, жыр, ақындар

Құдайдан мұнай озған күн

"Айтпаса — сөздің атасы өледі" деген бар, сондықтан да шығар,бәлки, әйтеуір осы жолғы екі дәулескер ақынның өнерін "бағалаған" халықтың оңбай қателескенін көре тұрып, тағы да үндемей қала алмадық. Республика деңгейінде ширек ғасырға жуық Жүрсін жүргізіп келе жатқан айтыстардың біразына араласып, жанкүйерінен жанашырына айналған тұста, дәл осынау Айбек пен Мэлс айтысындай сайыс, әй, білмеймін, көптен бері бола қоймаған шығар-ау. Мен де, менімен қатар отырып сол күнгі (9 мамыр) сайысты тамашалаған ер-азаматтардың бәрі де, әсіресе, бұл жолғы Айбектің алғашқы сәттен-ақ аяқты кеңге сала суырыла алға шығуына, сөз көркемдігіне қылау түсірмей отырып, қиыннан қиыстырар қас шеберлігіне, ойының ұшқыр, сөзінің ұтқырлығына біржола тәнті бола сүйсініп, қол соғып отырған едік. Біз ғана емес, зал толы жұрттың бәрі де, әсіресе, Айбектің ірі әлеуметтік мәселеге тайсалмай барып, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап отырып көсіле сілтеген тапқырлығына, сөз саптау мәдениетіне, ойды орнымен жұмсаудағы ұстамдылығына айызы қана разы болып, әлсін-әлсін к,ол соғып, қошемет білдіріп отырды.

Өткен ғасырлардағы Майкөт, Жанақ, Түбек, Шөже, Құлапаян Құлмамбет, Жамбылдар да ел мұңы, замана тынысын осылай егіле, төгіле жырлаған болса керек. Оның Президент атына айтқан даты да барынша сыпайы, барынша жарасымды болып шықты.

Мэлс Қосымбаев та айтыс өнеріне әбден машықтанған, талай рет топ жарып, қас бәйгеден қасқайып келген тарлан. Бірақ әділін айтуымыз керек, бұл жолы ол залдағы жұрттың көңілінен шыға алмады. Айбекке ілесе отырып өнер жарыстырудың, сөзбен сілкілесудің орнына кей тұста, тіпті әрненің басын бір шалып, басы қатты асаудай айдалаға лағып кетіп те отырды. Тіпті, кейде ол қарсыластың сөзін тыңдамай, Әйтеуір айтысқа берілген уақыт үдесінен шығып, оқта-текте айқайлап қоюды ғана мұрат санаған сыңайы байқалды. Қарсыласының ұтымды ойын жерге түсірмей қағып алып әрі қарай іліп әкетудің орнына өзі де, өзгелер де шиырлаған сүрлеумен текіректеді де отырды. Бұл Мэлс сияқты жүйрікке жараспайтын-ақ қылық еді. Оны Айбек те сезіп, бірер рет: "Мэлс-ау, тым құрыса анда-санда "Айбек" деп айқайлап қойшы" деп те наз айтқан, бірақ оған бола айыл жия қояр Мэлс болмады, бір алған бағытынан бұрылмай төпелеп тарта берді.

Қуырдақтың көкесі айтыс аяқталып, жеңімпазды айқындау кезінде болды. Екі жарым сағат бойына Қазақстандағы өнер сүйер қауымды аузына қаратқан, ақпа-төк алғыр ақын, айтқыш ақын екенін танытып отырған Айбегіміз "тырапай асып, жеңілді" де қалды. Ол айтыс үстіндегі бір сөзінде Мэлске: "Сен мұнайыңа сенерсің, мен көктегі жалғыз құдайыма сенемін" деп еді, қайтесің, бұл жолы мұнай Құдайдың да аузын аңқитып кете берді.

Әрине, көпке топырақ шаша алмайсың, бірақ бұл жолы "халық айтса қалт айтпайды" дейтін қағидаңыз айдалада қалып, сол бәріміз сенген халық дауыс беруге келгенде Құлагерге балта сілтеген Батыраш болды да шықты.

Әрине, бір рет ұтылдым деп Айбек сынды айтулы жүйрік желкесін қасыса қасыр, бірақ жаси қоймас. Болашағының бәрі алда ғой. Рас, кейде бақ шабады, кейде бап шабады. Бірақ шынайы өнерді бағалауда әділ болғанға не жетсін!

Осы айтысты бізбен бірге отырып тамашалаған Республика сарайының директоры Хасен мырза: "Айбек дәл осы айтыста маған баяғы патша алдына қасқайып барып, шімірікпестен ұлтының мүшкіл халін мәлім еткен Шоқан сияқты болып елестеді, мұншалық алмас қылыштай жарқылдап, бас айналар шырқау биікке бірден көтерілген ақын бізде көп бола қоймас!" — деген еді.

Алып-қосары жоқ әділ баға!

Ел жақсыларының әр түрлі тобынан әдейі іріктеліп алынатын әділқазылар алқасына да сенімсіздік білдіріп, дау айтып, дамай тудыратындар аз болмайтын. Бұл жолы айтысты ұйымдастырушылар сол қазылар жүгін халықтың өзіне артып, осы бір әдісті де қолданып көрсек деген болуы керек. Бірақ жақсы ниет әділ нәтиже бермеді. Сол баяғы "ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын" деген жалған намыс әділеттің де аузын аңқайтып кете берді. Суырылып шығар жеке тұлғалары болмаса, "халық дегенің жәй ғана тобыр ғой" деуші еді бұрынғы-соңғы ғұламалардың бәрі. Айтыс өнеріне көп жылдан бері араласып келе жатқан менің мол тәжірибем де еріксіз соны құптатып отыр. Айтыс — айтқыштар сайысы, таланттар тартысы, ендеше оның төрелігін дарынды адамдарға ғана сеніп тапсырмай болмайтыны белгілі болып қалды.

Абайдың інісі Оспан болыстыққа таласып, қаймана қазақ қарсыласынан жеңіліп қалғанда ояздың әйелі соншалық таңырқап: "Как так!" — деп қалып, оны естіп тұрған қалың ел: "Ояздың қатынына шейін "көтек!" деді-ау!" десіп, бұрмалап ала жөнелді деп жазып еді Мұхтар Әуезов.

Біз де сол "Как так — көтекпен" әңгімемізді аяқтай тұрайық.

"Қазақ әдебиеті", 28 мамыр 2004 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз