Өлең, жыр, ақындар

Имандылық жыршысы Иманасов

Кешеге дейін бізде әдебиеттің иесі де, киесі де секілді ірі тұлғалар болып келіп еді. Қарабайырлар мен өлермендер олар барда аяқтарын байқап басып, ауыздарын абайлап ашып, біртүрлі сескеніп, қорқып жүретін. Сол әулие сынды әзіздер мәңгілікке кеткелі әдебиеттен де мән-маңыз қаша бастады ма, қалай? Әйтеуір, кім көрінген сыншы-сарапшы, бәрін жоққа шығарғыш мансұқшы, өлінің де, тірінің де басына әңгір таяқ ойнатушы әпербақан болып алды. Өлеңде де, өмірде де өтірік айту салтқа айналды. Абай заманында "жаны аяулы жақсыға қосамын деп әркім бір ит сақтап жүрсе", бұл заманда кейбір баспасөз құралдарының басшылары "жалдамалы киллер" — әдеби террорист ұстайтын үрдіс қалыптасып келеді. Сөйтіп, жала жабу арқылы, кекшілдікпен ғайбаттау арқылы ақиқаттың аузына құм құюды көздейді.

Кеңес тұсында да, имандылығы кері кеткен қазіргі кезеңде де ақиқаттан айнымай келе жатқан бір ақын бар — Сәкен Иманасов! Осы үшін де Құдайға мың да бір рахмет! Иманасов қатысқан ортада жалғандық пен жағымпаздыққа, арамдық пен пасықтыққа орын жоқ! Ақын Сәкен поэзиясында да осы қадір-қасиет басты қағида! Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған мына "Ар алдында" жинағы С.Иманасовтың имандылық жырлары талдау шағында да шау тартпай, шамырқана түскенін анық аңғартады. Неткен қуат! Неткен пафос десеңші?! Кемел ой, керемет сезім, Ебі желіндей ереулі рух-жігер, нағыз Ел перзентінің сөзі, адамзатқа аманаттай аруақты күй — бәрі осында!

Көрнекті ақын Иран-Ғайыптың: "Сыйлық маған керек емес, мен сыйлыққа керекпін!" деген өлең жолының астарында келелі шындық, кемеңгер пәлсапа-тұжырым жатқанын мен енді әбден түсіндім. Расында да, дарынсыздар алса — сыйлықтың беделін түсіреді де, Иманасов секілді сирек те ақиқи, арқалы таланттар ғана қандай да бір жоғары сыйлықтардың берекесін кіргізіп, беделін көтеретініне мен сенімдімін. Ал қазіргі қазақ әдебиетінің классигі — бүгінгі поэзиямыздың иесі де, киесі де іспетті Сәкен Иманасовтың "Ар алдында" жинағы жөнінде қара сөзбен емес, өлеңмен айтайын:

АҚЫНҒА
(Сәкен Иманасовтың авторлық кешінде оқылған өлең)

Ұмыта қойған жоқ шығар қазақ жұрты әлі:
Қаза тапқанда өлеңнің қызыл сұңқары,
Құдай жарылқап, өмірге келген Сәкенсің —
Қазіргі алаш жырының Асау Тұлпары!
Күйінде күллі Күн астын ырғап-жырғардай
Құлагер сынды құйылған саз бен нұр қандай!
Баяғыңнан да дәуірлейсің ғой шын қызсаң,
Өз аяғынан қызға да бармас Біржандай.
Тегеуріні Ебі желіндей текті өлең
(Мемлекеттердің шекараларымен шектемен!)
Барша адамзатқа Сәкен ақынның айтам-ау
Мәмілегерлік Мәлімдемесі деп те мен.
Қашық-ақ қонсын карда жорғалар қарға-бақ
Ақиықтардан ақиқатқа дос, арға жақ.
Жараса алмайды қай заманда да жалғанмен,
Аласармайды батыр Сәкені бар қазақ.
Кеңес кезеңде шайырлар Шыннан безінген
Келелі сөзден айныған, сірә, кезің кем.
Ақын жоқ сендей Ардың алдында тұрғанда,
Дардың алдында тұрғандай өзін сезінген!
Адалдықтан сол ат мінбесең де қатырып,
Жүресің ылғи Жүректен танды атырып —
Жамандықтарды алып шықпаңдар жолға деп,
Жақсылықтарды Алакөл жаққа шақырып.
Арынды Ақсу, Тентек өзендер сырласың,
Шындық дейтұғын шындардан алған жыр басын.
Асқақ болмасқа қақың жоқ екен,
Алдында
Дастан Ілияс, асқар Алатау тұрғасын!
Теңізің әлі тасып та тасып, тасып кеп,
Теңдік бермейтін таулардан әрі асып төк.
Құдіреті күшті жыр жазу қиын ақынға
Құдайдай өзін сезінбей Иманасов боп!

2 маусым 2006 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз