Өлең, жыр, ақындар

Сәкен Сейфуллин - ел деп еңіреген ер

Қазіргі кезең — тәуелсіздіктің көк байрағын көтеріп, егеменді дербес мемлекетіміздің керегесін үмітпен жайған нағыз сын кезең. Өйткені бұрынғы аяқта тұсау, мойында қамыт, білекте бұғау тұрған сәттегі көңілде қалған дақ пен кеудедегі қыжыл кей-кейде алды-артыңды пайымдауға үлгертпей, атүсті кетер асығыстыққа итермелеуі даусыз. Содан ба екен жоғалтқанымызды аласұра іздеп, өшкенімізді жанталаса жандырмақ болған бүгінгі құлшынысымызға өз басым көбінесе күдіктене қараймын. Әрине, қалғыған ой мен мүлгіген сана селт етіп оянса, намысты қайрап, жігерді жанитыны ежелден белгілі. Осылай десек те, талай сан соққызған ауыр өкініштердің орнын толтыру үшін біз кей кезде жұрт көзінен тасалау әлдебір қуысына қызыл бұрыш тығып алып, есегінен де озып кеткен Хожанәсірдің кебін қайталап та жүрген тәріздіміз.

Соның салқынын мен Сәкен Сейфулиннің мүшелді мерекесіне дайындық үстінде төменнен жоғарыға дейін талай кездестірдім.

"Сәкен — төңкерісшіл!"
"Сәкен — орысшыл!"
"Сәкен — большевикшіл!"
"Сәкен — Алашордаға қарсы!"

Осы төңіректен бықсыған күңкіл-күбір, қаңқу-сыбыр талай кеуденің сасық түтінін шұбалта бастағанын өздеріңіз де байқап қалған боларсыздар. Бірақ күншілдік пен міншілдікте қазақтың алдына жан салмасын білмесем, онда мен өз Сәкен Сейфуллинімді өзінің заңды биік тұғырынан түсіртпеуге тырыспас едім. Өз қасиеттісін елемеген ел қасірет құшады. Өз тектісін табалаған өзгелердің табанын жалайды. Бірақ қадірліңді қастерлеп, тектіні тани білу — қиынның қиыны болғанмен аса қастерлі де міндет.

Сай жырадан, көл тұмадан, ел ұланнан құралатыны ақиқат. Көлдің құдіреті — тереңдігінде. Елдің ұлылығы перзентінде. Пендесінен азаматы көп, өзінен ері артық елдің өнегесі мол, үлгісі озық, таланты зор, тарихы елеулі. Ол елдің кешегісі ұмытылмас, бүгіні ортаймас, ертеңі шошытпас болса керек. Сондай өскелең елдің жұртын ілгері жетелер тобы ең алдымен интеллигенцисы — зиялылары. Зиялылар қауымын ұлттың қаймағы деу өз алдына, меніңше, ол халқының қамал бұзар тараны, оқ қағар қалқаны, жауын жұлып түсер жебесі, қауымын сүйреп ілгері бастар көсемі, дауын түйреп тастар шешені.

Зиялылар қауымының өз ішінде серкесі боларын тағы ескеру ләзім. Ол серке топ — ақын, жазушылары. Өйткені жазушы — әрі өткен дәуірдің, әрі өз заманының шежірешісі, өз қоғамының сыншысы, өз уақытының айнасы. Хас қаламгер халқының қасіретін күні бұрын сезіп, ұлтының жан ыңқылын өзінің жан даусымен жаралы жүрегінде үнемі жаңғыртып отырады.

Менің Сәкен Сейфуллинім дәл осындай өнегелі ұлан. Дәл осындай асыл азамат, дәл осындай өнегелі зиялы. Дәл осындай құдіретті жазушы. Дәл осындай асқақ өнерпаз. Дәл осындай көрнекті мемлекет қайраткері.

Себебі ол елін сүйгендіктен ғана, ұлтын ардақтағандықтан ғана саясатшы болды. Сондықтан да ол өз жүрегінің әмірімен, өз ширыққан жан дүниесінің бұйрығымен әлеуметтік формацияның әр кезеңіндегі халқының һәм емшісі мен елшісі, һәм жаушысы мен даушысы да болды. Өйткені сезімтал ақын Сәкен қанында ұлтшылдық емес, ұлтжандылық қасиеті мол еді. Содан да дүние есігін шыр етіп ашып, дүние есігін тарс еткен мылтық үнімен жапқанға шейін өз ұлтының қамын жеу, қайғысына ортақтасу, қасіретін шегу — Сәкен аға Сейфуллин маңдайына тағдыр таңбалап берген баға жетпес сыбағасы еді. Сол себепті де: "Өз анасын сүймеген жан ана біткенді, әйел қауымын құрметтей білеріне сенбеймін. Өз ұлтын қадірлемеген адам, өзге ұлтты сыйлап жетістіре қоюы да қиын. Өз ұясын, өз кіндік жұртын аңсамаған ұланның басқа мекенді, басқа елді ардақтайтынына және күмәнім бар" — дейтін ойшыл Сәкеннің тұжырымына еріксіз бас изеймін.

Қазаққа тұлға, халыққа тұтқа, ұлтқа ұстаз, елге қазық болған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтүрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Садуақасовтар — әруағына сыйынып, рухына табынып, мәңгілік қадірлеп, қастерлеп өтер иісі қазақтың біртуарлары ғой. Ал осы ортақ асылдарымыздың өзін оңашалап иемденіп, "өзімдікі!" деп үздігіп, өзгеден қызғанып қыз-қыз айтысып, қызылкеңірдек боп жататынымызды байқағымыз келмейтін өр көкірек атты ауру әдетімізге қайта баса бастағанымызды несіне жасырамыз.

Дәлел ме? Дәлел жеткілікті-ақ. "Анау ананы кінәлаған!" "Анау мынадан кек қайтарған!" "Анау анандай жерде отырған!", "Мынау мынадай жәбір-жапа көрген!" деп жікшілдік желігіне жел беріп, ауызбірлікті ыдыратар ұсақтыққа құрық созып, танаулап кететініміз көбейді.

Кемшіліксіз жан тумайтынын, қателіксіз қайраткер өспейтінін еске тұтпай, есіріктене бергеннен жау да, дау да табарымызды білмейміз-ау. Әйтпесе, әлгіде атын атап кеткен ұлы азаматтарымыздың қай-қайсысының да қателескені де, қайшылыққа ұрынғаны да баршамызға белгілі. Олар — сол азаматтар өмір сүрген ортаның күрделігінен туындаған-ды. Солармен тұстас келген дауылды, сұрапылды заманның үскірігі мен ызғырығы әлгілерді бірде бүрсеңдетіп, бірде қалшылдатқанын да ұмытуымызға болмайды.

Сәкен де — өз кезеңінің, өз дәуірінің, өз қоғамының бел баласы. Уақыт — болмыстың құдіретін мойындар болсақ — сол құдірет — болмыстың сан алуан тауқыметімен ер-азаматты адастырар озбырлығын да сезінбей, сезінгіміз келмей тұра алмаймыз.

Менің Сәкенім — ең алдымен арлы азамат еді. Ендеше ол еркінен тыс әлемнің тұтқасы, болмыстың ұйтқысы болуға тиіс-тін. Ал сол "ел!" деп соққыш жүрекке ақындықтың сезімтал қылын, суреткерліктің сыршыл пернесін тағып берсе, онда өзін әлеммен ғана теңгерер, ал өзін әлемді зерттегендей үңіле зерттей алатын шабытты құдірет иесіне айналмай ма? Сонда ғана ол үнемі адам жанына үңіліп отыратын, үнемі адам құпиясын ашуға ұмтылып отыратын кемеңгерге айналмай ма? Әрине айналады! Сондықтан да шынайы қаламгер ретінде де, айтулы қоғам қайраткері болып та Сәкен ел шетінде, жау бетінде тұрған. Сондықтан да ол халқының тілегі болып көптен бұрын көзге түсіп, ұлтының ары мен намысы болып алға шыққан.

Мысал қажет пе? Тыңдаңыздар онда.

"Қайран ел! Тағы да бір науыт болар шаққа кез болдың-ау! Айбалта, құрықпен зеңбірекке қарсы не істерсің? Өлгенің өлген жерде, қалғаның қалған жерде тағыдай тағы жосығаның ба? Көкірегім қасіретке толды ғой. Қолдан келер қайыр жоқ. Патшаның меңіреу дүлей күшіне қарсы ұмтылып, өлімге бел байлаған жұртым, тұңғиық жалпақ теңіздей буырқана қозғалдың. Әттең сол тұңғиық қара теңізге қара дауыл құтырына соқтықты ғой.

Жүрегімнің нәзік тамырлары шертіп қалса, үзіліп кеткелі тұр. Жанымның құлын даусы шұрқырап, аңырағалы тұр."

Міне, ұлы ақынның 1916 жылғы ақ патшаның июнь жарлығы кезіндегі аласұрған жұртына аһ ұрған жаралы жүрегінің лүпілі!

Бұл әлі күрес жолына бел шешіп түсе қоймаған, бірақ бүкіл жанымен "Халқым! Елім!", деп елжірейтін ақынның ғұмырлық бағдарламасы!

Төңкеріске толы 1917 жыл туғанда ақын ауылда ұстаздық етіп жүрген. "Патша құлады! Азаттық жетті!" деген хабар тиісімен-ақ Сәкен Ақмолаға асықты. Өйткені ол ұл мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қойған еді. Ендігі жерде ел тілегі ер білегімен жетерін ұғынған жас қайраткер саясат айдынына солай сүңгіп кеткен болатын. Ендігі оның арман-мақсұты халқының бүгінін көркейту, өткенін ескеру, келешегін асыға көксеу еді. Осы жолда сәл ауытқыса да, адасқан жоқ. Сәл қисайса да, құлаған жоқ. "Кедейді жеткізем, кемшілікті түзетем!" деу — сол кездің ұраны болатын. Сол ұранға адал, сол уағызға берік болды ол. Кешегі отаршылдық империяның құлдығындағы елі автономиялық республика туын желбіреткенде алғашқы үкімет басшысының бірі болып халқын оқу мен білімге, ғылым мен өнерге қаулысымен де, қаламымен де, ісімен де, жігер күшімен де шақырған өзі болды. Сондағы ылғи ойлайтыны аз қазағы тез көтеріліп, өзге ұлттармен терезесін теңестірсе екен деген үлгілі арманы еді. Сондағысы: қазақ деген көшпелі халқы тарих көшінің бір жұртында жер томпайтып мәңгі құрып қалып қоймай, жер бетінде жігерленіп жүрсе деген ынтық тілегі еді.

Бірақ... дүрбелеңге толы заманы Сәкенді де аямады. Сәкенді аяқтан шалды. Күншілдік алдынан тосты. Қызғаншақтық бұғалық тастады. Жазғанын сынады. Өндіргенін өшіруге тырысты. Жан-жақтан шәуілдей ұмтылғандарға үндемей қалса, балтыр қанарын, балақ жыртыларын білмейтін ашықауызың емес еді ол. Өр рухтың тәкаппар кеудесі иілмеді. "Ә" дегенге "Мә!" дейтін кезең Сәкенді әрине біраз ауытқытты да. Уытты тіл талай тар жол, тайғақ кешуде бата тиіп, батырып кетіп отырды. Бірақ шыншыл ақын ақиқаттан аттамады. Қанша дауласып жүрсе де Сәкен Аханды, Байтұрсынов ағасын қатты ардақ тұтты. Мағжан досының ақындық құдіретіне азаматтығымен бас ие білді. Құрметтей қадірлей білді.

Қазақ даласына "Кіші Октябрь" дауылы мен қанды құйынын үйіріп Голощекин келді. Қазақ байларын тәркілеп, елді советтендіреміз, халықты отырықшыландырамыз деген Сталиннің саясатын еркін жүзеге асырған Голощекиннің геноциды қазақты баудай қырықты. Жиырмасыншы жылдардың басында-ақ:

Ыстық күні, оттай құмы,
Ми қайнатқан елсіз Бетпақ даласы.
Жолда жаяу, жүріс баяу,
Келе жатты қазақтың бір баласы.
Ол бір ерке, бағлан серке
Елде жүрген көк өрімдей жас еді.
Енді ғаріп, болған арып,
Бұл қаңғырған қалтылдайды аш еді.
"Итке, құсқа жем қылдың ба,
Тәңірім алла, қинадың ғой жанымды.
Жылаттың ғой жазасызды,
Масайратып өңшең жауыз залымды!
Жомарт едің, мейірімді едің,
Бауырларым, бабам қазақ, қайдасың?
Бар еді ғой сансыз малың,
Ол мал қайда?
Кім көрді оның пайдасын?"
Ыстық күні, оттай құмы
Күйдіреді! Елсіз Бетпақ даласы!
Қалды құлап. Жатыр сұлап.
Аштан өлді сорлы қазақ баласы! —

деп ашынған ақын енді Голощекинмен ашық айқасқа шығады. Өзінің қателескеніне көзі жетіп, енді Сәдуақасов Смағұл, Нығмет Нұрмақовтарды батыл қолдайды. Әсіресе Сәкен Сәдуақасовтың 1923 жылы айтқан: "Қазіргі кезеңде еліміз ешқандай дүрбелеңге зәру емес. Оған шабытты бейбіт еңбек қана қажет. Елді ауыздықтау емес, еңбек пен ғылым сақтап қалады. Ауылдағы әлеуметтік-экономикалық қатынасты өзгертудің еш қажеті жоқ. Өйткені қазақ байы — қарапайым еңбек адамы, қанаушы емес" дейтін тұжырымын кеш ұғынғанына қатты өкініп, өзінің бір сөзінде:

"Қайран Аха, Ахмет аға! Шіркін Смағұл! "Барымызды дұрыс базарлайық. Шикізат ғана өндіріп, тағы да жаңа империяның отары болып, тұттай тоналмайық!" дегендеріңді енді ғана түсіндім!" деп бармақ тістегені — асыл азаматтың шыншыл турашылдығының куәсі де ғой.

Әрине, бір басының қуанышы мен қайғысы мол, табуы мен жоғалтуы көп, ауытқуы мен қайта оралуы қабат жүрген ұлы Азамат ақын һәм үлкен трагедиялық тұлға Сәкен Сейфуллинді сол кездегі әрі жарылқағыш, әрі жабырқатқыш одақтық үкімет пен партия 1936 жылдың 12 шілдесінде Қазақстан көгіне шарықтатып көтеріп, қазақ әдебиетінің ұлан-асыр мерекесін бастап жібергенін де білеміз.

Сол тойда ағынан жарылған ұлы замандасы, ұлы ақын Ілияс Жансүгіров:

Шап жүйрігім, тұлпарым,
Шапсаң қуант халқыңды.
Шырқа, қызыл сұңқарым,
Салшы кекте саңқылды.
Жырламасқа теңіздей
Қуаныштың шегі жоқ.
Ардақталған өзіңдей
Қазақта ақын тегі жоқ, —

деп тебіренгенін де білеміз.

Ұлтының жан-жүрегімен табысып кеткен сұлулықтың үлгісі Сәкен ағаны, тәкаппар қарапайымдылықтың үлгісі Сәкен ағаны, елін емірене сүюдің өнегесі Сәкен ағаны шарықтаған биігінен құлдыратып тастап жіберген де сол әміршіл-әкімшіл жүйе еді.

Салалы саусақтарын бір-бірлеп буын-буынынан сындырған, аппақ маржан тістерін бір-бірлеп ұрып түсірген, сұлулық сиқырындай көрінген қою мұрттың әр қылын іскектеп, қысқашпен жұлып "жүндеген" жендеттер ақын Сәкенге, арда Сәкенге, азамат Сәкенге өздері ойлап тапқан "халық жауы" деген қарғыс таңбасына қолын қойғыза алмай, жер асты түрмесінде жан азабы мен тән жазасын соза берген ғой.

Әрине шындықтың анасы — уақыт. Уақыт аршымайтын, тазартпайтын көмбе жоқ. Бүгін өз елінің төріндегі, өз ұлтының жүрегіндегі өз орнын ойып алған ұлы Сәкенге көз аларта қарайтындарды сезгенде, еріксіз жаным түршігеді. Бізде әлі де әділетке жүгінгісі келетіндер аз да, заманның әуеніне, уақыттың ыңғайына бейімделгіш айғайшыл ұраншылдар көп. Солар бүгін ұлыларының тойын өткізгенсіп, шашбауын көтергенсіп, уағыздай сөйлеп қарық қылғандарымен, күні ертең-ақ (құдай оның бетін аулақ қылсын) басқа жақтан жел ессе, басқа тұстан бұйрық жетсе, құйрық қыса қойып, өзгеше әуенге баса жөнелері айдан анық. Олар әдебиетті де, ақиқатты да өз пайдасымен, өз дәрежесімен, өз лауазымымен түсінеді ғой.

Ал халық әрқашанда ақиқаттың — адалдықтың айнасы екенін біледі. Ал адалдық — азаматтықтың белгісі екені шүбәсіз. Олай болса адамзат кешегісін келешегімен қатар қоя алғанда ғана кемелдене түседі.

Ендеше кейбір шәуілдегіш тексіздерге Сәкеннің ең соңғы ақтық сәлемхатын тағы бір қайталап айтқым бар:

Сатқам жоқ мен елімді!
Сата алмаймын!
Атқам жоқ мен халқымды!
Ата алмаймын!
Сыртымнан мені біреу сатқын десе,
Көрімде тыныш ұйықтап жата алмаймын!
Тағы да ендеше мен:
Өміріме өзек болған, азық болған Өнерлім!
Дала — Сәкен, Сәкен — Дана! Асар екен сенен кім?
Сұлулықтың тәңіріндей тіке қарап тұрмасаң,
Жер айналмас қазығында, көк аспанда сөнер Күн.
Толғандырған тағдырымен, тәңіріммен кем де емес,
Ұлы далам ұландардан, ұлылардан кенде емес.
Жұмыр жерді жұдырықтай жүрегіне сиғызса,
Бірде бірі кеуде қағып, ешқашанда "Мен!" демес.
Талай саусақ шымшып ойнап жүрегімнің тиегін
Талай рет жаным шымшып, сырқырады сүйегім.
Хас шебердің маңдайынан сипамайды алақан,
Өзің сипап, өзің жебе Қасиеттім! Киелім!

1994 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз