Қабанбай туралы Шыңжаңда тараған аңыз-әңгімелердің бірқыдыруына Жәнібек батыр араласып келеді. Бір күні Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек үшеуі жорыққа аттанады. Бұлардың кім екенін білмей артынан бір жалғыз атты адам салпақтап ереді де отырады. Әлгі үш батыр бір жерге келіп дамылдап ботқа жасап ішеді де, еріп келе жатқан жалғыз атты адамға жарты шара ботқа алып қойып, өздері ұйықтап қалады. Арттарынан ерген әлгі адам олар ұйықтап жатқанда келіп, ботқаның жарымын да тауыса алмай жатып қалады.
Ұйықтап тұрған батырлар жалғыз аттының тамақ ішкеніне қарап ынжық екенін аңғарады. Үш батыр ертеңінде тағы жүріп, бір шатқалдың басына барып тынығып жатқанда, жалғыз атты адам да келіп жетеді. Сәлден соң үш батыр аттарын әлгі адамға тапсырады да, өздері жаяу терең шатқа түседі. Түсерінде: «Шатқалдан «Жәнібек, Жәнібек» деген дауыс шықса, аттарды әкел, болмаса осы орыннан қозғалма!» — дейді.
Әсілінде, бұл шатқал бас-аяғы тұйық, моңғол батырының ұрлаған жылқыны бекітетін жері екен. Ол дәйім қазақтардың жылқысын шауып әкеліп, осы араға бекітіп, ешқандай жанға күш бермей жатады екен. Талай рет, талай адам келіп, бұл шатқалға түскен жылқыны ала алмай қайтады. Қазақтардың жылқысы үшін бұл жер — бейне түбі жоқ оппа сияқтанады. Соның үшін бұл жолы үш батыр бас қосып, әдейі келеді. Келісімен бұлар моңғол батырымен жекпе-жекке шығады. Сайысқа ең алдымен жас батыр Жәнібек түседі. Екі батыр бірін-бірі ала алмай көп тіреседі. Ақыры, моңғол батыры Жәнібекті алуға айналады. Осы кезде Қабекең: «Жәнібек, Жәнібек!» деп айғай салады. Жәнібектің көк бөрісі бар адам екен, «Жәнібектеген» айқай шығысымен-ақ оның тұла бойына сұрапыл күш бітіп, қайраты тасып кетеді. Қапысын тауып жау батырын алып ұрып, қызыл қанға бояйды. Осы кезде әлгі жалғыз атты адам үш батырдың атын алып шатқалға түседі.
Батырлар бұл араға бекітілген қалың жылқыны айдап еліне қайтады, жалғыз аттыға да бір үйір жылқы береді. Бошалаң жігіт өзіне жылқы айдатқан адамның кім екенін де сұрамапты. Бірақ сонан былай шыға өзі де күмәнданып: «Әкеу, біреулер бұл жылқыны қайдан алдың десе не деймін. Ел ұрлап әкелді деп қалмай ма? — деп ойлап, артына қайта бұрылса, алдынан шауып Жәнібек шығады. Жігіт қайтып келе жатқан жөнін айтады.
Сонда Жәнібек:
— Жарайды, жылқыны кім бергенін білуге келе жатқаның абзал болыпты. Болмаса, «осыны сұрай алмаған жаманды өлтіріп тастайын» деп келе жатыр едім. Еліңе бұл жылқыны Қабанбай берді де, — деп келген бетімен қайта жөнеле беріпті.
* * *
Жәнібектің әйелі Қабанбайдың әйелінен бал ашып, құмалақ салуды үйреніп жүрген кезі екен. Бір күні Жәнібек жорыққа аттанбақ болады. Әйелі оның жолын болжау үшін бал ашып көрсе, бір қырсық торуылдап тұрып алады. Неше қайталай салса да: «түзге шықса, Жәнібек өледі, үйде болса, әйелінің өзі өледі» болып түсе беріпті. Мұның байыбына бара алмаған ол Қабанбайдың әйеліне барыпты. Ол кісі бал ашып көріпті де:
— Сен дереу үйіңе бар да, Жәнібек бөктерінетін тері тұлыптың түбін жар, құмалақты сонан кейін салып көр! — депті. Жәнібектің әйелі үйіне қайтып келіп тері тұлыпты жарса, түбінен үлкен қарасұр жылан шығады. Десе дегендей, қырсық осында тұр екен. Жәнібек оны бөктерініп түзге шықса, батырдың өзін шағып өлтірмек, ал үйде болса, әйеліне қас қылмақ екен. Жыланды өлтіргеннен кейін құмалақ салса, Жәнібектің жолы оңғарылып, үлкен олжамен қайтатындығы аян болыпты.
* * *
Көне көз қариялардын айтуына қарағанда, Қабанбай Жәнібектің талабымен қалың қол бастап, Алтай бетіне келген кезде Ертістің суы тасып, өткел бермейтін дәрежеде арнаға сыймай жатса керек. Сонымен, ел өтетін жерді біле алмай, қатты дағдарыпты. Мұндай қиын жағдайды ұққан соң, Қабекең өзінің кәдімгі төрт алмажайы — киелі түлкілеріне ақыл салыпты. Бұл киелі қызыл түлкілер батырға айсыз қараңғы түнде, жолсыз далада және осындай тасқын суға кезіккенде көмек көрсетіп, бағыт-бағдарын түзеп отырады екен. Бұл жолы да Қабанбай өзінің сол алмажайларының көмегімен Ертістің «Ақ ит» деген жеріне келіп, сол жерден есен-сау өтіп шығады, сонан тартып сол жердің аты
«Қабанбай өткелі» аталыпты. Тағы сол көне көздердің айтуына қарағанда, сол жолғы сұрапыл соғыстың кешінде Қабекең тамақтанып отырып жанындағыларға:
— Менің басыма тікен кіріп кеткен бе, бір нәрсе батады ғой, — депті. Сөйтсе, батырдың басына жаудың айбалтасынын жүзінің сынығы тұрып қалған, батыр оны ет қызуда елемеген тәрізді, тынығып отырғаннан кейін барып өзіне білініпті. Кейінгі ұрпақ Қабанбайдың сол бір төзімді ерлігін, яғни айбалтаның сынығын тікен құрлы көрмеген қажыр-қайратын ауыздан-ауызға таратып, аңызға айналдырып жіберген екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі