Жасыбай батыр жас кезінен батыл, ешнәрседен тайсалмайтын ержүрек болыпты. Он сегіз жасында батырлық атағы шығыпты.
Бір күні біреулер Ақбет тауының бір аңғарына жиналып, Жасыбайдың батырлығын сөз етіпті.
— Жасыбай тірі жаннан қорықпайды. Бұл өңірде онымен батырлық салыстыратын жан жоқ. Оның әруаққа батылы бара ма соны көрелік. Ол үшін жер қазып, бір адамды ішіне жатқызайық та, үстіне ағаш қойып, Жасыбайды соған жұмсайық, — дейді.
Кеш болады. Әлгілер бір жылқы сойып, етін тайқазанға салды да, Жасыбайды шақырады:
— Жасыбай қарағым, мына жылқының етін пісіруге отын керек. Баянауылдың жасыл шыршаларын кесуге қимай отырмыз. Анау қос қайыңның түбіндегі бай моласының қасында қу ағаш жататын еді. Сенен ыңғайлы ешкім жоқ. Соны алып кел, — депті үлкен кісілер.
Жасыбай отынға кетеді. Түн қараңғы екен. Жасыбай қабір басындағы қу ағашты бір-бірлеп ала бергенде, ішінен ақ кебінді біреу атып тұрады.
— О, Жасыбай, тірі жүргендермен күш сынасып болып, маған келдің бе? — дейді үрейлі дауыспен. А дегенде Жасыбай сескеніп қалса да, бойын тез жиып:
— О, жексұрын, тіріңде ештеңені адамға қимаған дүниеқоңыз едің, көрде жатсаң да, мына ағашты қимай жатырмысың? Енді сен әміріңді жүргізе алмайсың, тыныш жат! — деп ағашты алып жүре беріпті.
Сөйтіп, сыннан сүрінбей өткен Жасыбайдың батырлық даңқы арта түсіпті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі