Нұралы атасы Әбілқайыр хан дүниеден қайтқан соң, оның орнына Жайықтың шығыс бетіндегі Кіші жүз нәсілдері — әлімұлы, байұлы, жетіруға хан болып тұрады. Нұралы Россия патшасына қадірлі хан болып, сырт билікті Россия патшасына беріп, елді шеңберінен қысып, мықтап ұстайды. Өзі даңқты, әрі білімді бай һәм саясатқа жетік болады. Көп әйел алып отыз ұлды, қырық қызды Нұралы хан атанады. Әр қатынның баласы басқа-басқа тәрбиеде өседі. Балалары ержетіп өз тізгінін өздері ұстаған соң, олардың жақсылары да, жамандары да байқала бастайды. Мысалы, бір қатынның баласы Бөкей кіші жүздің бір тармағын билеген. Енді бір қатынның баласы Қаратай, Есім, Орман — «бес бөрі» атанған сотқар болған. Енді бір қатынның баласы Сығалы, Қисық дегендер өте тентек, ел бүлдіргіш болған, тағы сол сияқтылар. Сығалы, Қисық «хан баласымын» деп елге азар береді, еріксіз мал сойғызып, қыз-келіншегі бар үйге ықтиярсыз қонады. Біреудің тәуір малы болса, берсе қолынан, бермесе жолынан қолдап алады, ондай малдарын халық ханға айтуға қорқып, Кіші жүз Байұлы байбақты руынан шыққан Дат баласы Сырымға айтады. Сырым мен хан құда екен. Сырым Есімхан деген Нұралының баласына қыз берулі. Сырым Нұралыға балаларының елге берген жәбірін айтып, тыйым салуын талап етсе, Нұралы «балалардың ойын-күлкісін айтып не керек» деп Сырымның сөзін аяқсыз қалдырады. Екінші, ханның өзі де елдің жарамды атын қоймайды һәм үй басына алым-салық салады. Үшіншіден, Нұралының бел баласы Сырымның күйеу баласы Есімхан Сырымның аулына келіп қонақ болып жатып, түнде Сырымның қызының бір тұлымын кесіп әкетеді. «Есімханды ұстап берсін» деп Сырым Нұралыға кісі жібереді. Бірақ оны Нұралы хан тыңдамайды. Сөйтіп, батыр мен хан араз болып ел арасында жік шығады, ел қозғала бастайды. Ақырында Сырым Хиуаның ханына барып, ханның қазысынан:
— Әділ болуға шартпен тұрған ханды өлтірсе, құны не болады? — деп сұрайды. Сонда ханның қазысы айтады:
— Әділ болуға шартпен тұрған ханды өлтірсе, оның құнын төлеуге дүние жетпейді, — дейді. Сонда Сырым айтады:
— Егерде сол шартпен тұрған хан шартынан айнып екі заңға бірдей қарсылық етсе, оның құны не болады? — дейді. Сонда қазы айтыпты:
— Екі заңға бірдей қарсы болып, шартын бұзған ханды өлтірсе, оның құны жоқ, — депті.
Сонан кейін Сырым елге келіп жігіттерге жел беріп, көп халықты ұйымдастырып, артына ертіп, Нұралыны шаппақ болып аттанады. Бұл хабарды есітіп, Сырыммен қарсыласуға төтеп бере алмай һәм үкіметтен жәрдем ала алмай Нұралы хан қашады. Сол қашудан қайта орнын көре алмай Уфа шәһәріне барып, башқұрттармен бірге болып, ақырында сол башқұрттардың арасында дүниеден қайтады. Сырым Нұралының ауылын шауып, Есімхан деген баласын өлтіріп, Нұралының орнына 1785 жылдан кейін хан болады. Сырым қазақ халқына жағымды жақсы хан бола тұрса да, Россия патшасына бағынбай, үкіметпен қарсы болып, ақырында жауласып, өкіметтен жеңіліп, Хиуаға ығысып кетеді. Хиуаның ханымен дұрыс тұра алмай, әртүрлі амал- қулықтарына қарсы болып, амал көрсеткен себепті ақырында зынданға, яғни түрмеге алынып, сол түрменің ішінде өз қолымен у ішіп дүниеден қайтқан екен, қабыры сол Хиуа шәһәрінде.
Оқуға кеңес береміз:
Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі