Кіші жүздің елі он екі атадан тұрады. Оны он екі ата Байұлы деп атайды. Он екі ата рулы елдің бірі Есентемір руынан құралған ел. Есентемір руының ішінде атақты Бөкен би болыпты. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, Бөкен би XVIII ғасырда қазіргі Гурьев облысының жерінде өмір сүрген адам. Оның шаруасы шағын адам болу керек. Шаруасының шағындығынан ба, әлде көңілінің жаратқаны ма, өмір бойы астына мінгені
өгіз болыпты. Астыңызға ат неге мінбейсіз дегендерге, атқа мінсем, көңілім өсіп такаппар болып кетемін деп сылтау айтатын секілді. Көк өгізді мініп бүкіл байұлын аралайды, билік айтады. Кіші жүздің елінде оның алдына шыққан, сөзіне шек келтірген ешкім болмайды.
Бөкен би жаз айының ішінде өгіз мініп, ел аралап жүргенде, бір ауылдың шетінде ойнап жүрген бір топ балаға кездеседі. Ол Даттың ауылы болады. Балалар жолаушы Бөкен биге сәлем бермейді. Сонда Бөкен би тұрып, балаларға сын тағып былай дейді:
— Балалар, аман ба? Неге сәлем бермейсіңдер, үлкен кісіге сәлем беру жол емес пе? — десе, топ баланың ішінен бір бала тұрып:
— Ата, біздердің бәріміздің жасымызды қосса, біз сізден үлкенбіз, сіз неге сәлем бермедіңіз? — депті. Ол бала Сырым екен. Бөкен би сөзден қалады. Өзін жеңілдім деп есептейді. Үндемей, жайымен өгізінен түсіп, дәрет етеді. Бөкен би дәрет етіп отырғанда, өгізі шыбындап, мүйізін шайқап жүріп кетіпті. Сол кезде Бөкен би отырып: «Балалар, ана өгіз шыбындап жүріп кетті ғой, ұстаңдаршы?!» — деп сұрайды. Бір бала өгізді ұстайын деп ұмтылса, бала Сырым оны кідіртіп жібермейді, өгіз шыбындап ұзап кетеді.
Бөкен би тұрып келіп, тағы да сын тағып:
— Балалар! Ана өгізді неге ұстамадыңдар, ұзап кетті ғой, — десе, Сырым тұрып:
— Ата! Бүкіл он екі ата Байұлына тіліңізді алдырғанда, астыңыздағы мініп жүрген жалғыз өгізіңізге тіл алдыра алмағаныңызға арланып ұстамадық, — депті. Бөкен би сөзден жеңілгенін сезіп үндемепті. Сырым бала күнінен сөзге шебер, ұтып сөйлейді екен деседі. Ол ауыл Даттың ауылы екен.
Оқуға кеңес береміз:
Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі