Бұл заң жобасын әзірлеу 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін төте қолға алынды. Өйткені президент 2022 жылғы наурыздағы жолдауында «Мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму процесін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деген еді. Бұл жерден заң жобасы түбінде билік мүддесі бар екенін аңғару қиын емес.
Заң жобасын толық оқып шықтым. Бір ауыз сөзбен мұны абсурд деп айтқым келеді. Иә, қолданыстағы БАҚ туралы заң ескірді. Дегенмен, онда журналистерге қазір ұсынылып отырған ала-шұбар заң жобасынан әлдеқайда кеңішілік берілген. Заң жобасын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірледі. Оның алдын ала мәтіні Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына шықты. Осы әзірлеген министрлікке әділет министрлігі және заң жобасына қатысы бар мекемелер мен органдар порталда кері байланыс жасауы керек. Мәтін соңындағы пікірлерде әділет министрлігінің ұсынысы бар, келіспейтін тұсын ашық жазған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті де пікір білдіруі керек. Өйткені осы комитет, ішкі істер министрлігі, тағы да күштік құрылымдар демонстрация, төтенше жағдайлар сияқты кісі топтасатын ортадан ақпарат тарататын журналиске білігін арттыру курсын өткізеді. Демек, заң жобасына мүдделі. Комитет пікірін жүктемеген, бір сөзінде ғана заңға алып-қосары жоқ екенін жазған. Айтайын дегенім, осы заңға қатысы бар министрліктер, органдар лайық әрі ашық кері байланысын беруге тиіс еді. Құқықтан міндеті көп заң жобасын жарамсыз деп тануға үкімет органдары жігерсіз.
Мерзімді басылымдарды субсидиялау, мемлекеттік ақпарат тапсырысын қаржыландыру және 158-бапты қылмыссыздандыру, жарнаманы реттеу туралы қозғалған консультативті құжатта да министрліктің мәселе сипаттамасы, оған ұсынған шешу жолы, қазіргі жағдайды, халықаралық тәжірибені және реттеудің ұсынылатын тетіктерін талдауы да сын көтермейді.
Заңның мәтіні көлемді, реттеу аясы да кеңейген. Бұрынғы 23 шілде 1999 жылы қабылданған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң – 26 баптан тұрған болса, бұл заң жобасы 3 есе көп. Әлі де талқылау барысында көлемі ұлғаймаса, азая қоймайтыны анық. Өйткені кейбір сұрақтардың басы ашылмаған. Заң жобасында бірнеше талқылануы керек мәселе бар. Солардың бірі – журналистердің қауіпсіздігі. Журналистің заңды жұмысын атқаруға ешкім кедергі келтіруге, соның ішінде күш қолдануға құқығы жоқ. Қылмыстық кодекстің 158-бабының 1-бөлігін алып тастамау керек. Қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 158-бабының 1-бөлігінде журналистердің қызметіне кедергі жасау қылмыстық жауапкершілік болып саналады. Бұл норманы жоюға министрлік бар ынта-жігерімен құлшынып отыр. Министрліктің уәжі – кейінгі 5 жылда бұл айыппен сотқа бір де бір іс жетпепті. Мәселе істі сотқа жеткізбей отырған прокуратура мен тергеу органдарында екені анық. Қылмыссыздандыру жүзеге асатын болса, азамат ретінде, журналист ретінде заң шығарушы және атқарушы билікке сенім білдірмеу орынды деп есептеймін...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі