Осы алшынның екі адамы сол арғын жаққа барып ауылға қайтып келе жатқанда, жолда қой бағып жүрген бір әйелге тап болып, жөн сұрайды. Сонда әйел «Сіздер Сырым дегенді білесіздер ме?» — деп сұрайды. Бұлар біліп шығады. Сондай әйел басындағы шаршы орамалының ұшынан, үстіндегі көйлегінің қолтығынан екі жапырақ шүберек жыртып беріп: «Осыны Сырымға тапсырыңдар», — деп өтінеді. Бұлар ауылға келгеннен кейін жаңағы әйелдің екі жапырақ шүберегін Сырымға әкеліп береді. Сырым оны өздігінен шеше алмай, баяғы есентемір Бөкен би мен тана Қоскен билерге әкеліп беріп, мән-жайды айтады. Сонда Бөкен би: «Мен жастаумын ғой мына Қосекеңе бер», — дейді. Сонда Қосеке:
— Басындағы орамалынан бергені — басым байлауда жүр, мені осы тұтқыннан құтқар дегені. Ал көйлегінің қолтығынан жыртып бергені — денеге көйлек жақын ғой, мен сенің жақыныңмын дегені — деп шешеді.
Бөкен мен Қоске:
— Шырағым, сен бала болғанмен бастай едің, дауға шебер едің, қасыңа жолдас ертіп сол әйелге барып алып қайт, «бермейміз» деп айтыса қалса, сол елдің Мөңке деген биі бар, соның алдына барарсың, — дейді.
Сырым жолдастарымен арғынның Мөңке биіне барып:
— Сіздің қарауыңызда менің жақын қарындасым қой бағып құлдықта жүрген көрінеді. Сол қарындасымды босатып ауылға алып қайту үшін келдім, — дейді. Сонда Мөңке Сырымға былай дейді:
— Өзіңмен қырық жігітті бір түстен киіндірем, біреуі сен боларсың. Ал ол жақтан қырық қызды бір түстен киіндіріп қарсы шығарам, біреуі сенің қарындасың болады. Қарсы келгенде, екеуің біріңді-бірің тани табанда көріссеңдер, қарындас сенікі, болмаса бере алмаймыз, — дейді.
Сол қалпымен қырық жігіт, қырық қыз қарсы келгенде, әлгі тұтқын әйел:
— Арыстаным, аман келдің бе? — деп, Сырымның қолын алады. Сонда Сырым:
— Асылым, аман жүрмісің? — деп, қолын береді.
Екеуі танысқаннан кейін қайтадан Мөңке биге келеді. Сонда Мөңке әйелге:
— Сіз, көп адамның ішінен Сырымды қайдан таныдыңыз? — дейді. Сонда әйел тұрып:
— Келе жатқан жігіттердің біреулері жан-жағына қарайды, ал біреулері күліп-ойнап келеді. Мына менің ағам Сырым бір қалыпта тұнжырап келеді екен. Жоқ жоғалтқандай, дұшпанда кеткен кегі кеткендей, түсі тұнжырап келе жатқан алшынның арыстаны осы болар деп көрістім, — дейді. Сырымға Сіз қайдан таныдыңыз! — дейді. Сонда Сырым:
— Қайғысыз адамның бетінде жарығы бар, қайғылы адам- ның бетінде салығы бар, мен содан таныдым, — депті.
Мөңке би әйелді Сырымға береді. Сырым ауылға алып кел- геннен кейін төркіндері:
— Сіз өзіңіз осы қызды жаттан алып келдіңіз, енді өзіңіз өкіл аға болып өз қолыңыздан ұзатыңыз, — дейді.
Сырым өз қолынан қызды ұзатып, өз теңіне әлім Дербісәлі дегеннің баласына қосады.
Оқуға кеңес береміз:
Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі