Сырым батырдың келе жатқанын естіген хан алдынан үй тіккізіп, құрмет көрсетіп, алдап қолға түсіруді ойлайды. Ең болмаса елге күлкі ғып, абыройын түсіріп жібергісі келеді.
Сырым хан ордасының табалдырығын аттай бергенде, хан:
— Батыр, аяғыңызда нәжіс бар ғой! — дейді.
— Тақсыр, ордаңыз дін ашылған жер екен десем, боқ басылған жер ме еді, — деп аяғын кілемнің шетіне сүртіп өрлеп келіп отырады.
Хан амандасқаннан кейін:
— Батыр, әртүрлі қызық тамашамыз бар. Сізді соның ішінде болсын деп шақыртып едім. Балуанға түсетін жігітіңіз, бәйгеге шабатын жүйрігіңіз, айтысатын шешеніңіз бар ма? — дейді.
— Хан, хабарсызбыз, қамданып келгеніміз жоқ. Сөйтсе де ат астымызда, жігіт қасымызда, сөз аузымызда, ақылдасып көрерміз, — дейді Сырым.
Хан ертеңіне жүйрік аттарын, палуан жігіттерін, шешен билерін жинай бастайды.
Сырым жолдасына ақылдасқанда, Таумұрат былай дейді:
— Кісі белін ұстап көрген пенде емеспін, бірақ шөлдегенде жыңғылдың бұтағын бұрап, суын сығып сусыңдай беретін едім. Атым да бұрын, бәйгеге қосылған емес, бірақ күніне қырық киік соққанда да шабысынан танып көрген емес. Күрес десең, күресем, шап десең, шабамын. Жалғыз-ақ күресетін кісінің белбеуі мықты болсын, ат айдайтын жер алыс болсын.
Тақырбас деген палуанмен күресіп, қабырғасын сындырады. Таумұраттың Жирені үш күншілік жерден күн жарым бұрын келеді. Ат бәйгесі мен палуан күресінен жеңілген хан ең болмаса сөзден сүріндірейін деп Сырымға үш сұрау береді:
— Жігіт-мігіт деген не сөз? Ат-мат деген не сөз?
Ас-мас деген не сөз?
— Жыққан — жігіт, жығылған — мігіт,
Озған — ат, қалған — мат.
Жал-жая — ас, шөп-шөлең — мас, — дейді Сырым.
Сырым палуан күрестен де, ат жарыстан да, ақыры айтыстан да жеңіп, бас бәйге алып еліне аброймен қайтады. Жат жерде жалғыз жүрмей, алдымен иесі ауыз тимеген асты ішпей аман-есен келе жатқанда, ханның жансызы бір мыстан кемпір: «Қош, балам!» — деп, қу шыбықтың үшімен батырдың үзеңгісін түртеді. Ауылдан шыға бере батыр атқа отыра алмай: «Уландым, Таумұрат, елге хабарла!» — дейді.
Бөкен би: «Аяғынан уланған екен, маңдайынан жақ!» — деп, шапқыншыға нар күміс деген дәрі береді. Бірақ дәрі алып Таумұрат жеткенше, Сырым батыр қайтыс болады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі