Хорезм хандары Сырымды өлтіру үшін жолына ағаш үй тіктіріп қояды, Сырым келсе, қонақ етіп, асқа у салып беруді жансыздарына қатаң тапсырады. Үйде он шақты қыз-келіншек ойын ойнап жата береді.
Бір күні Сырым қасындағы жолдастарымен манағы тігілулі тұрған жол бойындағы ағаш үйге келеді. Келген бойда қыз-келіншектер: «Ағалар, түсіңіздер, қонақ болыңыздар», — деп қарсы алады, асты-үстіне түсіп алдайды. Нан пісіріп алдарына қояды. «Бұл жерде бұрын ел жоқ еді. Елсіз жерге үй тігіп, қыз- келіншектер келіп сонша құрметтеуі қалай?!» — деп Сырым ішінен сезіктенеді. Сырымның қасына еріп жүрген бір жақсы иті болады. Алдына келген итіне: «Сенде азық жоқ, менде жазық жоқ», — деп, нанның бір бөлегін Сырым тастай береді. Ит жеп, табанда өліп қалады. Нанның ішінде у бар екенін анықтап, Сырым жендеттердің бір қатарын өлтіріп, қалғандарын «Бұл уды сендерге кім салып бер деді?» — деп қыстайды. «Шыныңды айтпасаң, өлтірем» деген соң, қорыққаннан «бізге у салып беруге бұйырған хан еді»,— дейді жендеттер. «Онда ханыңмен кездестір, сендерді содан кейін босатамын», — деп, Сырым ханға қарай жаңағы адамдарды жаяу айдайды. Бұл уақиғаны біреулер алдын ала ханға хабарлап қояды.
Сырымның өлмегенін, енді жағдайдың жаманға айналғанын хан біліп, амал ойлайды. «Сырым маған келіп, сол адамдармен ордаға кірер, сонда кімде-кім себебін тауып оны өлтірсе, соған сыйлық беремін»,— дейді. Сол кезде бір кемпір: «Мен у жағып өлтіріп берейін», — дейді. Хан кемпірмен келісіп, қолына күшті у дайындап беріп: «Сырым маған кіргенде, сен тыста жұмысыңды орында», — деп, шығарып жібереді.
Алдында бірнеше айдаған адамдары бар Сырым қасындағы жолдастарымен ордаға кіреді. Үйге кірерде Сырым жолдастарына: «Ер-тоқымның бір жеріне у жағып кетпесін, сақ болыңдар», — деп тапсырады.
Ханға кіріп Сырым:
— Сізге, ер емес екенсіз, «ер қадірін ел білер, ел қадірін ер білер» деген бар еді. Жазықсыз ондаған адамды өлтіру мақсатымен әйел-қыздарды жолға қойып, неге асқа у салып беруді тапсырдыңыз? — дейді. Хан:
— Мен білмеймін, — деп мойындамайды. Манағы алып келген қыз-келіншектер ханның мойнына салудан қорқады, танып шығады. Ордада айғай-шу, ұрыс-жанжал басталады. Сырымның жолдастары үйдегі жанжалмен алаң болып жүргенде, манағы кемпір Сырымның ер-тоқымына у жағып қояды. Жолдастары оны байқамайды. «Сен сияқты талай хандардың басын жойғанмын, енді ісім сенімен түссін», — деп Сырым ашуланып, ордадан шығып, атына мініп, жолдастарымен кете барады. Көз көрінім жерге барысымен-ақ Сырымның оң жақ аяғы қақсап, іси бастайды. Сонда Сырым жолдастарына қарап:
«Мені ұқсатқан екен, жаман жолдас жауға алдырар деген осы ғой», — деп жүруге жарамайды, бір ауылға түсіп, кешке жұлдыз шыға қайтыс болады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі