Өлең, жыр, ақындар

Қалампыр қалай өзгерді? (ертегі қойылым)

(Ертегі-қойылым)

(Сахнада сақал-мұрты аппақ қарт адам кітап оқып, жазу жазып отырады. Автор қыз шығып, ертегіні бастайды.)

Автор:

— Ерте, ерте, ертеде, Қалампыр атты қыз бала өмір сүріпті. Қалампыр жалқау, көп ұйықтайтын, айтқан тілді алмайтын тілазар болыпты.  Анасы қызын қалай өзгертерін білмей, бір данышпан қарияға барыпты.
(Сахнаға қыздың анасы шығады.)
Ана:
— Сәлем бердік, ата! Сізге бір шаруамен келіп едім. Маған көмектесіңізші..?! 
Қария:
— Қош келдің, қызым! Не шаруа? 
Ана:
— Ата, жалғыз қызым бар еді. Өмірі ұйқымен, ойынмен өтіп барады. Сол қызымды қалай өзгертсем болады?
Қария:
— Қызыңа 24 алтын теңге бер де, күнін үшке бөл. 8 сағатын ұйқыға, 8 сағатын білімге, 8 сағатын тамақтану мен үй шаруасына жұмсасын.  Әр пайдасыз өткізген сағаттары үшін, алтын теңгелерін қайтарып алып отыр.
Ана:
— Бұл тәсіл әсер ете ме екен?
Қария:
— Адам үшін уақыт маңызды болмауы мүмкін. Бірақ алтын маңызды. Осы айтқанды сынап көр!
Ана:
— Жақсы, рақмет! Көрейін. Сау болыңыз!
(Екеуі екі жаққа кетеді. Сахнаға Қалампыр шығады. Бір қолында телефон. Бір қолында алма. Үй шашылып жатады. Осы кезде сахнаға анасы шығады.)
Ана:
— Қалампыр, қызым! Кел, отыршы! Бүгіннен бастап екеуміз ойын ойнайықшы...?!
Қалампыр:
— Қандай ойын, анашым?  Әлбетте ойнаймын!
Ана:
— Мен саған 24 алтын беремін. Оның сегізін түнгі ұйқың үшін төлеймін. Егер түнгі онда жатып, таңғы алтыда тұрмасаң, әр ояу жүрген сағатың үшін бір алтыныңды алып қоямын.
Қалампыр:
— Қызық екен!
Ана:
— Қызық алда! Күніне сегіз сағат білім аласың. Сол уақытта бос нәрсемен айналысып, телефонмен ойын ойнап кетсең, тағы да алтыныңнан айрыласың!
Қалампыр:
— Анашым! Олай болмайды ғой..?!  (Бұртиып, өкпелеп қалады.)
Ана:
— Егер күндіз маған үй шаруасына көмектесіп, далада таза ауада ойнамасаң, тіл алмағаның үшін тағы да алтыныңнан алып отырамын! Ал мына алтындарды сенің қолыңа тек бір айдан соң беремін. 
Қалампыр (көңілсіз):
— Жақсы!
Автор:
— Осы күннен бастап Қалампыр, адам танымастай өзгерді. (Сахнаға 4-5 қыз шығады.)
Құрбылары:
— Қалампыр, ойнайсың ба?
Қалампыр:
— Жоқ, мен қазір бос емеспін! Анам жібергенде ойнаймын!

1-қыз: 

— Ортаға түспек ойнайық деп жатырмыз. 

2-қыз: 

— Әлде телефон көріп отырсың ба? 

Қалампыр: 

— Жоқ қыздар! Менің телефон көруге уақытым жоқ.  Үй жинауым керек. 

3-қыз: 

— Дұрыс!  Анаңа көмектескенің жақсы. Босағанда хабарлас. Бірге ойнаймыз? 

Қалампыр: 

— Рақмет құрбыларым! Әлбетте, таза ауада ойнағанға не жетсін?! 
(Қыздар кетеді. Сахнаға Телефон (кейпіндегі) оқушы шығады)
Телефон:
— Қалампыр, екеуміз үнемі ойнаушы едік қой? Кел, ойнайық?
Қалампыр:
— Ренжіме досым! Маған үй жинау керек. Ал сен құры тұрмай, маған ютуб арнасынан пайдалы мәлімет айтып отыр. 

Телефон: 

— Қандай мәлімет қажет? 

Қалампыр: 

— Қазақ әдебиеті классиктерінің кітабынан үзінді оқып берші?
(Осы кезде «Ұйқы» деген жазуы бар, бұлт секілді әдемі, жылтырақ киім киген оқушы шығады.) 
Ұйқы:
— Қалампыр, кітап тыңдай беріп, ішің пысқан шығар? Кел, азырақ мызғып алсаңшы?
Қалампыр:
— О, о, Ұйқы! Бұл сен бе?! Ренжіме досым. Сені түнгі онда күтемін. Кешікпей кел! Ал қазір мен мазалама! Бара бер!
(Басы салбыраған ұйқы көңілсіз шығып кетеді.)
Автор:
— Осылай Қалампыр өз өміріне әмірін жүргізетін нәрселерді тәртіпке салып, үлкен жетістікке қол жеткізіпті! Оған анасының алтындарының, қажеті де болмай қалыпты.  Өйткені ол алтыннан қымбат білім алып, уақытында тамақтанып, дұрыс демалып, ең білімді де білікті маман атанған еді..! 
Құрметті балақайлар? Сендер ше? Өз өмірлеріңді реттей алдыңдар ма?

Гүлмекен Қасенбай


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер