Өлең, жыр, ақындар

Ғаламат майдан: Сара қыз бен Қарақұс

Жер-әлемді қара түнек пен қызыл аяз, қақсаған дауыл мен қаусаған аштық құрсаған зауалды бір шақта, нұр болып дүниеге қыз келді. Ғажайып болды. Түнек сейілді. Жер жылынды. Аспан тынды. Жүдеген жүздер жадырасып, адамдар қайта тойынды. Нәресте қыздың әкесі Сәбит ел алдына шықты да: «Бізді құтқарған мынау менің жаңа туған қызым, біліңдер!» деп жар салды. Онысына «сандырақтамашы» деген ғана жауап қайтты.

Қыздың аты Сара қойылды.

1-бөлім. КЕСАПАТ

Жылдар өтті. Кішкентай Сара балалардың ішіндегі ерекшесі болды. Келбеті қалай нұрланып тұрса, көңілі де сондай ашық-жарқын. Ізетті. Қарт кісілерге, жарамсыз жандарға үнемі көмек көрсетеді. Кәдуілгі балғын балақай болып көрінгенімен, күші ересек ерден де асып түседі. Ұл балалармен күресіп ойнаса, алып жығады. Осы қасиеттеріне тәнті болған жұрттастар Сәбиттің сол баяғы жариясына сене бастағандай. Олар өз балаларына дәл осы Сараны үлгі қылатын.

Халық алдында Сәбиттің де беделі өсіп, ел-жер мәселелерін талқылайтын түрлі мәжілістерге маңызды қатысушы ретінде шақырылатын болды. Өзінің ұшқыр ұсыныстары, тапқыр шешімдерімен халықтың көңілінен шыға берді.

Бұл өлкенің «байы» болса, өз жұртында өзге біреудің өзінен де маңызды болғанын ақылына қондыра алмады. Содан барлығын орнына қоятын бір амал іздеді…

Кең жамылғылы кесек бет кейуана Байды өзінің лашығында күтіп алды.

— Қош келдің! Мінекей, — деп оған бір сұйықтық құйылған шағын жұмыр шыны ұсынды. Бай бір шилан тиынын берді.

— Мың алғыс, шешей! Бұған қоса сізге бір жақсы қызметшімді бере тұрайын, үйіңізді кішкене ретке келтіретін.

— Жоға, қалқам, рахмет, маған осылай ұнайды.

Бай жымиып шығып кетті.

Сара әдеттегідей аулада балалармен ойнап жүрген болатын. Үйіне таяп келген Бай оны шақырып алып, құрт толған қалтасын беріп, өзі үйге кіріп кетті. Сара қуана барып, достарымен бірге қалтадағы құртты бөлісіп жатты. Ал Сәбит Байды төріне шығарып, екеуі ел-жұрттың күй-жайын сөз қылып отырды. …Кенет «гүрс» еткен дауыс шығып, жер дүр сілкінді! Сәбит пен Бай сыртқа атып шығып көз салса, айнала жап-жарық, ақ түтін арасынан тізерлей отырған кішкентай қыздың арқа сұлбасы көрінеді. Тек сәлден кейін арғыдан қабырғалары қираған тұрғын үйлер мен жол бойы шашылып жатқан өлік денелер біртіндеп көлбеңдеді. Халық шұғыл жинала кетіп, байбалам салынды…

Орынтағында қабағын үйе мүлмиіп отырған бас қазының алдында Сараның тағдыры талқыланып жатқанда, ол қоршауға алынған өз үйінде есеңгіреп, төсек тартып жатыр еді. Бір тарап оны аластату керек десе, екінші тарап қатаң кесім — өлім деп таласуда. Сәбитке ешкім ауыз аштыртпады. Ал өңі қашқан қыз өз-өзіне әлі де сене алмай, көздері шарасынан шығардай. Ақырында ақпаратты жоғарғы жаққа — хан құзырына жеткізу шешіліп, өкіл жіберілді. Ол жақтан айыпталушы билікке тапсырылсын деген бұйрық келді.

Есіктен атып кірген сақшылар Сараны жетектеп шығарып, темір торлы атарбаға қарай жүре бергені сол-ақ еді… тұтқиылдан ақ боз атпен шауып шыққан бөгде біреу еңкейіп келіп қызды еппен іліп әкетті! Қапыда қалған сақшылардың дабыстары басыла берді. Артынан ат мінгендер қуып көргенмен, жетпек болғанын атқымен кезек-кезек атып түсіріп, қарсы атылған оқтардан шебер бұлтарып, қалғандарына жүйрігінің құйрық жалын көрсетпей кетті әбжіліміз.

Ұзақ шапқан сәйгүлік бір дарияға тұяқ тіреді. Ат байланып, от жағылып, кісі мен қыз екеуі сонда жайғасты. Өзеннен бірталай балық ауланып, отқа қақталып, жүрек жалғамақ. Сара әлі де ес түзей қоймапты, тамағынан ас өтер емес:

— Көкетай, мен қандықолмын, мен зұлыммын, — деп сарнады.

— Жоқ, қызым, сен әдейі істемедің.

— Бірақ… достарым… қаншама адам…

Көкесі Сараның басынан сипап, құшағына алды.

Қараңғы түн. Көкесінің тізесіне басын қойып жатқан Сара кенеттен сұрақ қойды.

— Қайда барамыз?

— Көрші елге.

Мұны естіп, Сара орнынан тұра кетті.

— Ал әке-шешем ше?

— Әке-шешең қауіпсіз жерде, уайымдама, ешкім тимейді…

Көкесінің уәдесінен Сараның көңілі тынышталғандай болды… алайда… дәл осы уақытта қолшоқпарлар Сәбит пен әйелін қолға түсіріп үлгерген. Тергеуші бірден сұраққа көшті:

— Сонымен әлгі шабандоз кім, және ол қызды қайда әкетті?

Қараңғылау қуыс үскенеде орындыққа байланып, қарсы бетте Сәбит отыр.

— Ол менің досым, Ерік сері. Және олар көрші Дарық патшалығына кетті. Менің білуімше, ол жерге жәй ғана барып, кез келген тұрғынын көшіріп әкеле салу — оңай емес шаруа. Демек, алдағы уақытта ешқайсысың олардың қарасын да көрмейсіңдер!

— Досыңның есі дұрыс емес онда. Дарық еліне дейін қанша шақырым. Арамыз жапан дала. Оған жетем дегенше аты талып, жолда қалып, ит-құсқа жем болар, бейшаралар.

Тергеуші миығынан күлгенде, Сәбит те оған қарсы езу тартты.

— Көкейіңізге әлі жетіп бармады ма, Еріктің де, сәйгүлігі Ақдауылдың да қарапайым жаратылыстар еместігі?! Жігіттеріңді көзі ашылмаған күшіктердей қыңсылатып кеткені — соған дәлел емес пе?! Тағы екі күннен соң олар жетер жерінде тұрақтап болады. Оған дейін ашықпайды да: ер азығы жолында.

— Күлесің-ау, бірақ қанішердің аты қанішер. Ол бір күні тағы да бәле табады. Естуім бар, ол жақта халық қатаңдау деп: тірілей өртеп құтыла салар. Бастысы, кесапат бізден әдірең кетті. Ал сен, Сәбит мырзеке, лаңкестік әрекеттің басты сыбайласы болғаның үшін жазаға тартыласың…

Аталған салт атты Ерік Сараны патшалықтың тура астанасы Қараордаға жеткізді. Шаһарға кіре сала зәулім ғимараттар бейнесі Сараның көзіне оттай басылды. Алдынан шыққаның барлығы Ерікке сәлем беріп, қуана қарсы алып жатты.

— Мен мұнда бірнеше рет болғанмын, — деп Ерік мұнысын түсіндірді.

— Бірнеше рет?! Сіз мұнда ең танымал адам сияқтысыз ғой!

Біраз аралап, олар қабырғасына «Сатылады. Жиһаздарымен» деген хабарнама ілінген бір үйге тоқтап ат тұсады. Кіре берісте қарауыл жігіт қарсы алды. Бағасын сұраған Еріктің өңіне қарап, жігіт сәл кідіріктеп жауап берді. Ақысын қолма-қол беріп, құжатына қол қойған соң, Ерік Сарамен бірге ішке аяқ басты.

— Әуелі көріп шықпадыңыздар ма? — деді жігіт.

— Кіреміз, көреміз, — деді Ерік тосылмай.

— Бұл жерде әке-шешем өздері ғана тұратын. Олар қайтқан соң, мен… — деп жігіт сөз бастап соңынан ере бергенде, Ерік оған жалт бұрылды.

— Алатын затың қалды ма?

— Жоға.

— Ендеше, тайып тұр бұл жерден.

— Жарайды, жақсы тұрыңыздар, — деп жігіт ыңғайсыздана шығып кетті.

— Неге бұлай дөрекі?! — деп Сара наразылық танытты.

— Маңызды емес, — деп Ерік оған екі қоржынның бірін ұстатты. — Жүр, жайғасып, сосын кешкі ас ішейік.

Шырақ жағылып, қақ ортаға қойылды. Дастарқан басында аш бөрідей жемтігін қаумалап отырған көкесіне Сара ұзақ қарады.

— Рахмет сізге мені құтқарғаныңыз үшін, алдыңызда борышкермын!

— Қажеті жоқ. Сенің әкең қызмет ақымды төлеген. Тұрақжай да қисапта.

Аздаған үнсіздіктен кейін:

— Біз мұнда ұзаққа қаламыз ба? Айтпағым, сіздің отбасыңыз, туысқандарыңыз қалып қойды ғой? — деп іркіле сұрады Сара.

— Менің онда ешкімім жоқ, — деп кесіп айтты да, Ерік үнсіз тамақтануын жалғастырды. Сәлден соң қол-аузын сүрте беріп:

— Ешқандай отбасы, ешқандай туысқан, — деп әңгімесін бастады. — Мен тұл жетім болдым. Сенің әкең және сен сияқты әжеме еркелеп, кілемде аунап өскен жоқпын. Ес білгелі түздемін. Ат үстінде. Аңшылықта. Айдалада әрі бері қаңғумен болдым. Әкеңді кездейсоқ кездестірдім. Ол кезде жас болдық. Бірден жараса кеткен жоқпыз. Мен атқан киікті менікі деп таласқаны бар. Біраз тайталасып ақыры жеңдім. Көзі мөлдіреп шыға келді. Жаным ашып, жартысын бөліп бердім. Аяғында достасып кеттік. Ол үй-жайлы болып, шаруасын дөңгелетіп, бай-бақуатты шенді кісіге айналды. Ал мен сол баяғыдай түз аралап қала бердім. Өзі де кәдуілгі күйбелең тіршілік жаныма жақпайтын. Менікі — еркіндік… Ал қазір, өмірімде бірінші рет өзімнің жеке үйімде ас ішіп отырмын…

— Бұл жер өте жайлы екен. Мен тек үй туралы емес. Шаһар. Өрлеудің ордасы. Осы жерде іс бастап көруге болады.

— Әлбетте. Енді мен сенің қамқоршыңмын. Таңертең патша құзырына соғамыз, сосын сені мектепке орналастыру керек.

— Патша құзырына?!

— Есіңде шығар, мен мұнда ең танымалмын ғой, — деп Ерік жалбыр шашын қайырсынып қойды.

— Иә, әрине! Қалай атысқаныңызды көрдім ғой. Икеміңізді байқадым. Бұл патшаның өзінің қошеметіне лайық! Маған да үйретесіз бе?

— Сол үшін ғана деп ойлайсың ба?! Сен асықпа. Бәрін үйретемін: атуды да, шабуды да.

— Сіздің арқаңызда ерекше жауынгер болып шығатынымды қазірден сезіп тұрмын! — деді Сара кең тыныстап.

— Міндетті түрде. Сен әлден-ақ ерекшесің. Уақыты келеді, сен адамдарға керек боласың. Сол кезде отаныңа да орала жатарсың…

Соңынан Сара ыдыс-аяқты жинай бере:

— Үйден шықпас бұрын үсті басыңызды реттеп алыңыз. Шашыңызды жиып, жаңа киім киіп дегендей. Әйтпесе, көрдіңіз ғой, манағы ағай тіпті сасып қалды, — деп мегзеді. Жастығын жастана: «Маңызы жоқ» — деп Ерік қысқа қайырды. Бұған Сара мырс күлді.

Патша сарайының бедерленген қақпасы ашыла кете, Сараның көзі жадырай түсті: қарсы алдында — мәрмәрдан соғылған алып ғимарат, қабырғасына қанатты қарғұлан мүсіндері орнатылған, екі жағында қос мұнара, екі жерде субұрқақ. Алып денелі, қалың сақалды, домалақ бет, дулығалы күзетбасы Бонай шұқыршасы әрлене кеп:

— Ассалаумағалейкум, аққұрдасым! Аманбысың Ақдауыл! Және де сәлем бердім, кіп-кішкентай алтын шашты ханшайым! — деп Ерікпен төс қағысып, ат жалын сипап, қыздың бетін шымшып қойды. Күзетшілеріне атты тапсырып, қонақтарды сарай ішіне жетеледі.

— Ерік сері сарайға келіп жетті! — деп жаршы дауыстады. Көмкерілген барқыт шапанды, күміс белбеулі, алтын тәжді, ұсқыны сүрең Матаби патша тағынан тұрып құрмет көрсетті.

— Қош келдіңіздер, жолдастарым!

— Қош көрдік, тақсыр!

Көкесі басын игесін, Сара да қайталады.

— Өзіңізді асыға күттік. Жөн-жосығыңызды айта отырыңыз.

— Айтарым, мен сіздің сұрауыңызды қарап көрдім. Және де, өмірімнің қалғанын патшамен бүйірлесіп өткізсем, қуанышыңызға куә болып, қиыншылықта қолғабыс білдірсем — мен үшін мәртебе деп шештім.

— Ғажайып жаңалық! Сіздерге сарайдан арнайы орын тағайындаймын. Патшадан кем түспей өмір сүретін боласыздар.

— Жомарттығыңызды құдай жарылқасын, тақсыр! Сарайыңыз өте жайлы, бүкіл патшалық секілді. Бірақ айыпқа бұйырмассыз, қала аумағынан үй алып қойдым: маған төбемде шатыр, ішерге асым болса болғаны.

— Жо-жоқ, серім, еш оқасы жоқ! Керісінше, сіздің қарапайым ақжүректілігіңізге тәнтімін! Мейліңіз болсын!

Матаби басын бір изеді де, кейін:

— Ал, кішкентай жаңа досымыз келіп қалыпты, — деп Сараға оқтала қарады. Онысынан қыз аздап сезіктенді.

— Жаңа досымыз — Сара есімді керемет қыз. Бір күндері бұзақылардың қолынан құтқарып алғанмын. Айтуынша, нақұрыстар мұның ауылын өртеп, ойран салып, өзін тұтқынға түсіріпті.

— Дәл солай! — деп Сара жарқын дауысымен сөзді қиды да: — Тек менімен бірге тағы бес-алты бала болды. Қол-аяғымыз байлаулы. Жең ішіне бәкі жасырып алғанмын. Айлаға басып, түн ортасында барлығын босаттым. Олар қаша жөнелді. Әлгілердің бірі байқап қалып, айғай салды. Үнін өшірдім. Қалғандары қуып жетті. Тағы біреуін жайраттым. Бірақ олар көп еді. Таң атқанда ғана бұл кісі пайда болды. Ересектеу болғанымда, өзім-ақ барлығын талқандайтын едім, — деп патшаны от көзімен о да атты.

— Өжет екенсің, қымбаттым! Мақтауға тұрарлық!

— Келісемін! Ерік аға мен өскенде керемет жауынгер болып шығатынымды айтқан. Және мен мұны жүзеге асыру үшін бар күшімді саламын!

— Бәрекелді! — деп патша жақын келіп, қол созды. — Олай болса, сені өз бақылауыма аламын. Ең мықтылардан сабақ аласың!

Ойланып барып, қыз патшаның қолын алды.

Осы кезден бастап Сара көп жаттығады, көп оқиды, көп дос-құрбы арттырады. Көптің көзайымы болып бойжетеді. Мамыражай шаһарда ұйымдастырылып отыратын ойын-сауық іс-шараларда шеберлігін танытып, қошеметке бөленіп жүреді. …Осының барлығын үңгірінде сиқырлы айнасынан бақылып тұрған бір қара жамылған белгісіз дуагер әйел ашуға мінді де, қараңғы жерқойнауына түсіп, абақтыға беттегенде, темір тордың артынан үлкен қос жанар жалт етті…

2-бөлім. ШҰҒЫЛ ӘРЕКЕТ

Жаттығу алаңында біркелкі көк жейдедегі жас шәкірттер кезек-кезек жекпе-жек өткізіп жатты. «Келесі — Сара, оның қарсыласы — Серкеш» деп хабарлады жаттықтырушы. Орта бойлы, қыпша белді аққұба қыз бен одан бір қарыс биік, денелі сары жігіт ортаға шығып, таяқтарын таянып, беттесіп тұра қалды. Пәрмен беріле сала, Серкеш бірден шабуылға бас қойғанмен, бүкіл соққысы қалт кетті. Сара қағілез қорғана біліп, қолайлы сәт туғанда қарсыластың бүйірінен салып қалды да, аяғынан қиып түсірді. Серкеш орнынан тұрып тағы байқады, бұл жолы көкірегімен таяқ сабын ауыр қабылдап, тәлтіректей құлады. Отырғандар жеңімпазды қолпаштай кетті. Төбесінен төнген Сара басын бұлғап, жадырай күлімсіреп, қолын созғанда, арудың ай жүзіне тамсана қарап:

— Мынадай сұлулықтың алдында қалайша құламайсың?! — деп Серкеш түрегелді.

— Бұл мақтау ма әлде сылтау ма?! — деді Сара сыңғыр әуезбен.

Жігіт қыздың көкшіл мөлдір көздеріне тігіліп:

— Бұл жәй ғана ақиқат, — деп жауап берді.

Көпшілікпен шығып бара жатқанда, Сараның жанынан:

— Көрде тұр, жамбы атудан сенен анық асып түсемін! — деп Серкеш шыға келді. Сара оған жалт қарап:

— Өзің қиялшыл екенсің, — деп күлімсіреді. — Ол жағынан мен түгіл, Жәнияның өзі-ақ сені алып қояды ғой.

— Мен дәл осы шақты айтып тұрмын. Бүгін мен басқамын. Ал Жәния тіпті қатыспайды. Айпақшы, ол тағы да аңға шығып кеткен бе? Кешеден бері көрінбейді.

— Иә, білесің ғой, ол онсыз тыныстай алмайды.

— Қай тарапқа кетті?

— Білмедім. Артынан барайын деп пе едің?

— Жо-жоға, — деді сасқан жігіт. — Жақсы онда. Сәттілік саған! Ал ол саған әлі-ақ керек болады! Көріскенше! — деп ол асыға қоштасып кетті.

Бұлар айтқан аңшы қыз Жәния түзде түлкі атып жүр екен. Бір уақыт түз тағысының тобырына тап болып, қашып бара жатқанда аттан құлап, аты үркіп қаша жөнелді. Қыз орнында отырып қалып, қарсы алдынан атып келген қасқырдан бұға бергенде, ол бұған жанаспай, қиысып өте шықты! Жүзін ашып қараса, жапан даланың орнына жоқтан бар болған темір құрылыстардың арасында екен. Қасына ұзын бойлы, қара бұйра шашты, бір сымбатты жігіт келе қалып: «Қанеки» деп, орнынан көтеруге ұмтылғанда, қыз оның қолын қағып: «Тиме маған!» деп кейін сүрілді.

— Жарайды, өзің тұрып көр.

— Тұра алмаймын, — деп ауырсына тіл қатты қыз.

— Онда қарсыласпа, — деп жігіт сынсымбаты толықсыған аруды қолына алып, қолаң шашын төгілте көтеріп, бір бөлмеге әкеліп, күйкеге жатқызды. Жан-жағында көзге таңсық құрылғылар. Қыздың кебісін шешіп, зақым келген оң аяғын санға дейін түріп қараса, тізесі ісінген екен. Жігіт оны тексеріп, мұз басып, ем-шараға кірісіп кетті.

Күрең қарамен шауып келіп, Серкеш «палуан» көз ұшындай жердегі қатар ілінген үш жамбыны дәлме-дәл атып түсірді де, ат айлағына жиналған қауымның қошеметін қазанды. Құлашын жая, қуана қиюлап, дайындалып жатқан сайыскерлер тарапқа қарап, Ақдауылының жанында бақылап тұрған Сараға жымиып жігіт көзін қысқанда, қыз тәкаппар сыңай танытып иек көтерді. Мұнысы қалыс емес-ті: кезек өзіне келгенде, басқарушы алқадан сайысқа кірітпе сұранып, қас сұрмерген Сара сәйгүлігін кісінете шабыс бастап, бұл жолы тербеліске түсірілген нысананың, және дағы өзін емес, ілгегін көздеп, қатарынан үзіп өтіп, төбе шегін шегелей қойып беріп, бүкілін «гу» еткізді, ал бұған Серкештің мүлде жағы қарысты. «Ойнампаз боздақ» секілді тыраштанған жоқ, керісінше, түрін жиып, суыққандылығын байқатты, сол сәтте — ат үстіндегі ақ арудың оқжанарын бейне ұшқын жарып тұрды.

Аспан күңгірттеніп, жел соға бастады. Белгішенін лайығынан тағынған соң, екі жағына түсірген самайы үлбіреген ернін қытықтап, өрілген сәулелі шашының шығыңқы талшықтары әлсін желбіреген Сараның қарсы алдынан жирен шашы мүлдем қайырылып, бетіне ұрған лептен көзі қысыңқырап Серкеш келді де: «Сөз жоқ, құрбым! Қатырдың бәрімізді!» деп қол тастады. Мезет басын көтеріп, бір қолымен көзін көлегейлеп: «Ал мынаны ше, қатыра аласың ба?!» деп екіншісімен көлбеу нұсқап көрсетті. Серкештің түріне қарап, маржан тістерін жалаңаштай күлімдеп тұрған Сара ақырындап бас-иығын кері бұрып, биікке көз салды: шалғай көктен қос қанатын жая қалықтаған күмәнді алып Қарақұс жақындап келе жатыр екен! Үрейленген адамдар тарқаса бастады. Бұраңдана айналып: «Көреміз!» — деп оқталып, батыл бикеш асынған ақ саржасын қолына алып, бір қырымен тұра қалып, қорамсағынан қос-қостап қандауызын суырып, кіресіне салып, көздеп тұрып, омыртқасын қайыстырып, жауырыны бүктеліп, кіріс бауын тартып-тартып жіберді. Тұла бойдан күш ала ұшқан оқтар жарқырай тиіп жарылысып жатса да, Қарақұсың қалт етпей, төбеден төніп келген сәтте, Серкеш шалт қимылдап, құрбысын қыпсыра қойынға салып жерге бұғып құлағанда, арқасын сояудай тырнақ ойып ала жаздап өте шықты. Әрекетіне қыңырланған Сара лезде жігітті үстінен аударып, жерден тартылып көтерілді. Шарықтап барып тік айналған Қарақұс көк жарқыл көзімен бұған қарап, қанатын жая қиқу сап, тағы ұмтылды. Бұл жолы ол жарқырауық қауырсындар атқылап келгенде, Сара да, аяқ тіреп үлгерген Серкеш те тұра қашты. Екеуі екі жаққа аунап түсіп әрең құтылды. Оқ жаудыра өткен Қарақұс тағы бұралғи келе, үшінші талпыныста шарасыз Сараны бір балағымен ақыры іліп әкетті. Шаһар үстімен ұшып бара жатқанда қармауындағы қыз қарқымын қосып, денесінен нұр шағытып, жарып түсіп, аунап тұрып, аудырыла кеткен алып құстың мойнына қарғып, жабысып алды. Шатырдың қиыр шетінде мұғдарына қарамай Сара Қарақұсты тырпықтатып ұшырмай қойды. Қанша қарсыласқанмен, шама-шарқы сарқылып, Қарақұс ақыры бұлаңдап барып, есінен танып, қара жерге құлдырай кетті. Одан ажыралған Сара соңынан етпетінен құлап бара жатты да, жер бетіне құлаш керім қалғанда кенет тежеліп, нұржиектене қалқып тұрып, абайлап аяқ тіктеді. Жетіп келген сақшылар ес жидыртпай Қарақұсқа жуан шынжыр салып үлгерді.

Үсті-басын қағып, етек-жеңін туралаған Сараның алдынан ақжаулықты бір толық әйел шыға келді. Сара оны танып, сыпайы күліп амандаса бергенде, ол күтпеген жерден:

— Сен істедің мұны! Сен өлтірдің! — деп долданды.

— Бұл не дегеніңіз, Жұпар ханым?! Кімді өлтірдім?! Бұл қалжың ба?!

Әйел сұқ саусағымен көрсетіп:

— Халайық, жиналыңдар! Міне лаңкес! Барлығын өлтірген мына қыз! — деп айғай салды. Сара жан-жағына жалтақтай бергенде, жиыла кеткен адуынды тобыр ортаға алды.

— Пәлекет!

— Сен менің ұлымды өлтірдің!

— Сазайын тартқызайық сұмырайдың!

Төбесінен мұздай су құйғандай Сара үрейлене тітіркенді; сол мезет жанына Серкеш аптыға жетіп келгенде, есеңгіреген қыз оның кеудесіне бетін басып:

— Мені алып кетші бұл жерден, әке, мені әкетші, — деп жыламсырады. Серкеш қызды құшағына қысып:

— Мақұл, Сара. Бәрі жақсы. Мен жаныңдамын, — деп шашынан сипады…

Матаби патша су жаңа наркескенін қолына алды. Қасындағы айқас бағанаға кигізілген сауытты кесіп қалғанда, ақ ұшқын атқылап кетіп, патша бетін бұрып бекініп:

— Бұл не сұмдық! — деп тістенді. Жанындағы таз басты бас ұстасы Дәрлен:

— Қуат күші дұрыс бағытталмай тұр. Басқарма бөлікте ақаулар орын алған сияқты, — деп түсініктеме берді. Патша оған алауыздана қарап жағасынан алды.

— Ұлы соғыс жақындауда, өзге елдер бізге көптен бері тіс қайрап отыр. Ал сен мұнда «ақаулар» дейсің. Мұны қалай түсінеміз, Дәрлен?! Осы сөзіңді есіту үшін сенің мына месқарыныңды күн сайын тығындап жүрмін бе?! Жұмысыңды мінсіз атқаруды үйрен, дәл осы қылышты әбден тойынған месқарыныңа сынап көрмей тұрғанда! Ұқтың ба?!

— Жақсы, жақсы, ант етемін, — деді Дәрлен діріл қаққан үнмен.

Ерік те сол жерде шебердің қалқанын қара киінген сұңғақ бойлы бас нөкер Рауанның көтере ұрған қолабасымен сынап жатты да, тоқтай қалып, басын бұрып:

— Мынау не пәле тағы?! — деп беті тыжырайа кетті. Қақпа ашылып, Бонай бастаған күзетшілер тобы алпауыт Қарақұсты артып алып, шанақсыз үлкен арбаны тартып кіріп келген екен. Оны көріп, патшаның күй-жайы өзгере түсті де, қою қасы үйіле, ақ түсіңкіреген сақалшығының арасындағы екі езуі қос құлағына тартылып:

— Мәссаған! Мынау бір жаңашылдық болды ғой! Таңғалдырдың, Бонай батырым! Абиырыңды жетерліксіз бағамдаған екенбіз! — деп кеудесі көтеріле, ырғақты дауыстады.

— Қаншалықты мақтанғым-ақ келіп тұрса да, жасыруға болмайды, мәртебелім. Мұны істеген мен емес. Айтсам сенбессіз: мұны істеген — біздің сұлу да батыл Сара ханшайым!

— Не дедің?! — деп патшаның түрі құбыла кетті. Ал Ерік жайсызданып бірден қызының жайын алаңдап, тысқарыға ұмтылды. Бонай оны тосыңқырап:

— Алаңдама, досым. Сенің қызың мықты! — деп иығынан қақты.

— Иә, серім, ол дұрыс айтады, — деп қоштады патша. — Мынадай тірлікті бітіру үшін қаншама күш-қуатың болу керек?! Ал ондай шаманы ойласаң, санағына жетпей мерт боларсың! Сол себепті, Сара бикеште сырық қалса — мұрнымды кесіп берейін! Егер сардарым ескі әдетіне басып, қылжақтап тұрмаған болса, әрине, — деп Бонайға көз қырын тастады. Оның сөзін елемей, Ерік асыға жол алды. «Жақсы, бүгіндікке боссың» деді патша артынан.

— Бұл қыз өзі баяғыдан барлығына ерекше болып көрінетін. Міне, мәселе қайда жатыр! — деп ол наркескенін бетіне тұстай қиғаш ұстады.

— Бір ойлағаныңыз бар ма, басеке? — деп сұрады бастаңғылы тәнсақшысы Рауан. Өткір жүзіне көзін жүгірткен патша қылышын жерлете көлбеу созды да, көз алмай:

— Иә! — деді.

Тізесіне арнайы таңғыш таңылған Жәнияны демеп, табан бастыртып, жігіт төсекке ыңғайлап жайғастырды да, жарақатты тексере беріп:

— Жәрайсың. Тағы аздаған жаттығудан соң қалпыңа келесің, — деп басын көтергенде, өңі бозара қатқан қызды көріп:

— Не болды? — деді беймән күйде.

— Ештеңе, — деді қыз оңалып. — Жәй, бұл орын үйреншікті емес. Оның үстіне, мына кілең көзге жат аспаптар…

Жігіт орнынан тұрып сөреліктегі қатар тізілген құралдардың бір уысқа сыйымды тұтқалысын алып, қыздың қолына ұстатты.

— Жаңа өнертабыс үлгілері.

— Алғаш естуім.

— Әкем осылай атайды. Қолыңдағы — қуаткөзді ұстара. Ұстауға ыңғайлы, жылдам. Мұнымен қырынсаң, мұп-мұнтаз сәбидей болып шыға келесің. Тек, бұл ерлерге арналған. Әйелдерге арналған түрі де бар.

Қызыл түймешесін басқанда, ұстара зуылдай кетті де, Жәнияның бойы дір ете қалды.

— Қызық…

— Әрине, бұл қызықтардың мекені, — деп жігіт күлім қақты.

Ерік үйіне асыға кіріп, ортадағы орындыққа жайғасқан Сараның қасынан бейтаныс жігітті көрді. Жігіт орнынан тұрып амандасты.

— Ассалаумағалейкум! Есімім — Серкеш. Мен Сараның құрбысымын, а… яғни, досымын. Ал сіз, пайымдауымша, оның әкесі, Еріксіз ғой, иә?

— Иә, — деді Ерік сәл тосылып. — Бірақ маған сенің кім екенің қызық емес. Одан да сен менің үйімде не істеп жүрсің, соны айт?!

— Ол маған қарасып жатыр, — деп Сара досының атынан жауап берді.

Ерік жігітпен көз атысып, тұра қалды.

— Ендеше, менің көмегім бітсе, қайтайын. Сауығып кет, құрбым! Жолығамыз.

Жігітті көзбен күзетіп салған Ерік Сараның жанына отырып, аһуалын алаңдай сұрады.

— Оған рахмет десеңіз болар еді, — деп Сара назырқады.

— Қоя берші оны. Қызым, әлгі мақұлық…

— Бәрі жылдам орын алды. Шұғыл әрекет етіп, қауіптің бетін алдым.

— Иә, қорғаныс, ерлік, тағы басқа. Бірақ сен онымен шайқасуға міндетті емес едің. Мұнымен әскердің өзі айналысуы тиіс.

— Иә, бірақ, бір мәселе, ол құс дәл маған шабуыл жасағандай көрінді. Иә! Ол құдды мені іздеп келгендей. Ең қызығы, оған жармасып басқармақ болғанда, санасына кіріп кеттім бір сәтке. Білесіз бе, сонда не көргенімді?! Көз алдымда бір қара бейне төніп келіп, бірдеңені дауыстап оқып жатты. Ал бұл қинала айғай салып жатыр екен. Пайымдауымша, бұл құс асылында сыртынан көрінгендей емес сияқты…

Мұны естіп Ерік те ойланып қалды.

Зынданның кең қойнауында тұтқындалған алып құс қанатын қаққыштап, бітеулі төбеге ұмтыла бергенде, аяғына салынып тереңге бекітілген жуан шынжыры тартылып ұстап қалып жатты. Бұл көрініске қарап, Матаби патша толғанып тұр. Қасында — тәнсақшы Рауан, шебер Дәрлен, Бонай сардар және нөкерлері.

— Бұл — қуат тежегіш арнайы шынжыр. Бойдағы бүкіл қуат-күшін бұғаттап тастайды. Нәтижесінде тұтқынымыз құр тырпықтаудан басқа түк те істей алмайды, — деп баяндама жасады Дәрлен.

— Жақсы жұмыс, — деп бағасын берді патша. — Келесі кезекте, бұл құсқа жақсылап зерттеу жүргізу керек болды. Бірақ бұдан да басты жәйт бар. Ойлап көрші, қалайша бір ұрғашы жалғыз өзі мынадай алыпты қолға түсіруі мүмкін?! Егер ол соншалықты құдіретке ие болса, оны пайдаға жаратуға да әбден болады. Ал ол үшін зертханада үлкен іс-тәжірибе өткізуге тура келеді. Дәрлен, бұл саған арнайы тапсырма.

— Мәртебелім, — деді Дәрлен қысылып.

— Не? — деді патша оған қатулана қарап. — Мен осы уақытқа дейін бәленің бәрін көріп, екі көзім ойыла жаздаған адаммын. Сондықтан, маған «мүмкін емес» деп айтушы болма!

— Мүмкін, әрине! Бірақ, кешірім өтінем, мен темір-терсек, қару-жарақтың шеберімін. Ал адамдарға сынақ қоюға батылым бармайды, бұл қолымнан да келмейді!

Патшаның тұрпаты тағы қымталып, оған оқтала бергенде, кенеттен:

— Мүмкін менің көмегім тиер! — деген әйел дауысы жарқ етті. Барлығы кіре беріске бет бұрғанда, қараңғы ойықтан қара бүркенішті, күңгірт жасыл көйлекті баяғы үңгірдегі дуагер әйел жұмыр басы жақұт тасты аса таяғын ұстап шыға келді.

— Шынымен?! Кешірерсіз, ханым?! Мен не, ойын-сауықшыға тапсырыс беріп пе едім?! Оны мұнда кім кіргізген?! Сақшыларың қайда қарап отыр, Бонай?! — деп булықты патша. Бонайдың пәрменімен сақшылар ұстамақ болып беттей бергенде, дуагер таяғын жерге ұрды да, оларды ұшырып түсірді. Сол сәтте оның көздері жасыл ұшқын ата кетіп, енді Матабидің өзіне оқталды. Қылышын лезде суыра кезенген патша:

— Сен… мыстансың! — деп ақырды.

— Адым басып көр қане! — деп қос сапылы тәнсақшы Рауан оның алдына шығып, шіреніп тұра қалғанда, таяғын сермеген дуагер оның қаруын қолынан ұшыра тартып алып, өзін көлденең лақтыра салды.

— Не деген байқампаздық! — деді әйел көз жалынын сөндіріп. — Таныс болайық: менің атым — Зала. Қорықпа, жаныңды алуға келген жоқпын. Керісінше, өзіңдей ең лайықты әміршіге қызмет еткім келеді. Жаңа ғана тәжірибе, сынақ жайлы әңгіме болып жатыр еді.

Патша қылышын қайта салды да, бойын тіктеді.

— Мықтылығыңа көзім жетті, сөзсіз. Демек, сен мынау Сараның күш-қуатын игеріп, менің иелігіме өткізуге де қабілеттісің?!

— Тіпті одан да зорғысы. Мен бұл сары мыстанды кішкентайынан бақылап келемін. Және оның бойындағы құдіреттің бүкіл меже-шегін ашып бере аламын. Сенің керемет жоспарыңның арқасында жеңілмес қарулы күшке ие боласың дағы, тіпті бүкіл әлемге қолыңды жүргізе аласың. Тек бұл қызды айлалап қармауыңа түсірсең болғаны. Басқасын өзіме қойып бер. Қойнауымда бұл үшін арнайы жабдықтар бар.

— Келістік! Ол жағын ұйымдастырамыз, — деді Матаби зымия түрімен…

3-бөлім. ҚАҺАРМАН

Жәния аяққа тұрған соң, емші жігіт оны сарайына толған құрал-сайман жиһаздарымен таныстырып жүр екен. Оқ боратқыш албұндық. Оққағар кеудесауыт. Тоңазытқыш. Пеш. Бейнеқалқалы ұяшық. Әуен ойнатқыш. Не керектің бәрі табылады!

— Бұл жерді құрған менің әкем, атақты ілімгер Дәрлен. Бұл жер оның алғашқы зерттеу орны. Ол бұл орынды қазіргі мен болашақтың тоғысуы дейтін.

— Тұра тұр, шебер Дәрлен бе?! Оны танимын. Матаби патшаның бас ұстасы. Демек сен соның ұлы болғаның ғой?!

— Иә. Әрине танисың, барлығы біледі оны.

— Ал сенің есімің кім? Қызықпен болып, тіпті танысуды да ұмытып кеттіппін. Жәния. Менің атым, — деп жымиды Жәния.

— Дәурен. Танысқаныма қуаныштымын.

— Қош. Жалғастыр, — деп Жәния өзі сөредегі заттарды шолуын жалғастырды.

— Сонымен, менің әкем жастайынан көп оқитын, көп ізденетін адам болды. Ілім қуып, біраз жерге сапар шекті. Сөйтіп жүріп бір адам аяғы баспайтын алқаптан жарық шашқан зүмірет тастардың қазынасын тауып алды. Зерттеу жасап, бұл жәй ғана мүлік емес, өзге әлемдік қуат көзі екеніне көз жеткізген соң, оны пайдаға асыруды ойластырды. Асыл тастардың қуат-күшін игеріп, одан неше түрлі ғажайып нәрселер ойлап тауып, өнертапқыш Дәрлен атанды. Бірақ ол барлығының шекарасын білетін. Билікке қара пиғылды Матаби патша келіп, оны өзінің қол астына алғанда, әкем алдын ала жолын тауып, бұл жерді көзден таса етіп қойған болатын. Қазір ол Шығыс бекіністе жүздеген жұмысшысымен патша әскеріне кәдуілгі қару-сайман, оқ-дәрінің күшейтілген нұсқаларын ғана жасаумен айналысады. Ал оның шынайы қабілетінен ешкімнің хабары жоқ. Егер патша оны білсе, мұның соңы жақсылыққа апармайтыны айдан анық. Сондықтан, Жәния, сенен өтінерім, бұл сырды ешқашан ешкімге ашпай сақтарсың. Сол ғана менің көмегіме алғысың болсын.

Қолындағы бұйымдарға Жәнияның көңілі ауып кеткен.

— Естимісің, Жәния?

— Иә, әрине, ұқтым. Тіс жармаймын. Бұл сырды көз қарашығымдай сақтауға уәде берем. Бірақ, айып етпе, осының бәрін сенің әкең жасады дегенге сеніңкіремеймін, оның үстіне жалғыз өзі!

— Солай де. Шынымды айтсам, менің де сенгім келмейді. Мұның да бір құпиясы бары анық. Не дегенмен, бар нәрсе бар.

— Иә… Ал мұнда әшекей-бұйымдар бар ма?

Екеуі бір-біріне түсінбей қарап, тұра қалыпты.

Шаһарға «Қарақұсты жеңген қаһарман қыздың құрметіне той ұйымдастырылады» деп дауыстағыштан патша жарлығы таратылды. Шақыртуды қабыл алған Сара опа-далабын жағынып, алтын-күмісін тағынып, қызыл жібек көйлегін киініп есіктен шықты. Қарсы алдында — алтынмен әрленіп, қос ақ атқа жегілген қызыл атарба. Оның жанындағы көмкерілген ақ шапанды, ақ жейделі, ақ шалбар, жирен шашын қайырған Серкеш сері күлімдеп: «Төрлетіңіз, ханшайымым» деп қыздың қол ұшынан алып күймеге кіргізді. Салтанатты қос нөкер арбаны айдап әкетті. Ал Серкештің өзі Ақдауылды мініп, артынан күзетті.

Сыртқы қақпадан кең алқапқа енген соң, Серкеш атты қарауылдарға қалдырып, өзі күймеге таяды. Есіктен еңкейе шыққан сылқым бикеш тағы да қол ұшын жігітке ұсынып, басқыштан төмен түсті. Серкешке сұқтана қарап, содан соң бетін бері бұрғанда, өңі бозара кетті. Сарай алдында есікке дейін қызыл жолақ төселген, қос жағында — ұзынынан тартылған қызыл таспамен шектелген халықтың бір тобыры. Олар қадірменді қонақты көріп, алыстан шуласа бастады. Серкеш Сараның бұдан жайсызданғанын байқады.

— Бәрі жақсы ма? — деп алаңдады жігіт.

— Неліктен патша мен үшін ұлан-асыр той жасамақ?! Мұндай салтанаттың қажеті жоқ еді. Мен жәй ғана қорғанудан басқа түк істеген жоқпын ғой.

— Қобалжыма, құрбым. Сен әбден лайықсың! Неліктен патша атап өтпек? Өйткені, сен оның үлкен шаһарын үлкен қатерден, мүмкін оның өзінің құйрығын да аман алып қалдың! Демек, мұның бәрі орынды. Сен қайта қуана бер. Ең болмағанда, мен үшін қуан — халық қаһарманының серіктесі атанғаныма! — деп Серкеш қыз жүзіне күлкі ұялатып, көңілін жайландырды.

Аруды сүйемелдей қызыл жолақпен өте бергенде, Серкеш: «Сәлем бердім, халқым! Иә, иә, бұл мен, сері жігіт Серкеш! Батыр бикештің серіктесі деген мен боламын! Көрдіңдер ғой, екеуміз күш қоссақ, бізге ешқандай мақұлық төтеп бере алмайды!» деп қолын көтеріп, шулаған халыққа жағымпаздана кетті. Мұнысын есік алдында тосып тұрған Ерік жақтырмай, басын шайқады. Мазасызданып тұрса да, бас көтеріп, түр бермей сенімді қадам басқан Сара сол сәтте айналасындағы дода-шудан бәрібір өзін жоғалтты… Басы айналып, жан-жағына жалтаңдаған оның көзінде қуанышты адамдардың орнына өртке оранып, тістері ақсиып қалған күйік мүрделер қатар тізіле кетті, құлағында мәз-мейрам дауыстарды әйелдердің зарлаулары ауыстырды. Тек арасынан «Сара, не болды? Бәрі дұрыс па?» деген Серкеш үні бәсең естіледі. Кенет аттың жындана кісінеуін есіткенде ғана, ес орнығып, гуіл тарқады.

— Сара, есіңді жи! Бәрі дұрыс па?! — деп Серкеш қалтыраған қыздың иығынан ақырын түрткенде, ол бұрылып, теріс қарады. Серкеш те қайырылып қараса, алыста асау ат — Ақдауыл күзетшілерге ұстатпай, айнала қашып жүр екен. Сара алға басып ұмтылғанда, о да мұны көріп, бері қарай шаба жөнелді. Сара қабағын қатып, алақанын аша қол созғанда, жанары жарқ ұрды. Тап қасына тақап келген Ақдауыл көтеріліп, тұяқ бұлғай кісінеп тоқтағанда, халық «гу» етті. Ат жуасып, орнында азырақ айналшықтап тұра қалған соң, жалынан сипап тыныштандырып, Сара ептеп оны күзетшіге ұстатып жіберді. Мән-жайды түсінбей, сілейе қатқан Серкештің алдына Сара жадырай келіп: «Бәрі жақсы. Ішке кірейік, серім» деп қол созды.

— Ендеше бүгінгі тойдың басты кейіпкері өзіміздің шырайлы да ержүрек Сара бикеш Сәбитқызын уазипалы марапатын табыстау үшін қошеметпен шақырайық! — деп тұғырдан хабарланды. Қызыл жібек көйлегі керім мүсініне үйлесе кеткен аққұба бұрымды ең ауқатты, абыройлылар ғана кіре алатын сердебелі мейманжайдың төріне қарай өкшелі топысын тізіп басты. Оны төрде қызыл барқыт шапанды патша қуана қарсы алды да, нөкеріне тұтқызған оқашадан «қаһармандық төсбелгіні» алып, ду қолшапалақтың сүйемелімен иегерінің кеудесіне тақты. Сара тұғырға шығып сөз сөйледі.

— Баршаңызға алғыс білдіремін! Ең алдымен, маған өз қызындай қамқорлық танытып, көзінің қарашығындай сақтап, осы күнге жеткізген Ерік мырзаны атап өткім келеді. Ол болмаса, мен аяқ басып тірі жүрер ме едім?! Алла разы болсын! Және де менің құрметіме ғажайып сауық кешін ұйымдастырушыларға, мені осынау жүлдеге лайық көрген патша мырзаға жеке рахмет! Балалық шағымнан бергі арманым да, мақсатым да хас жауынгер атану болатын. Сондықтан, бұл төсбелгі мен үшін айрықша қадірлі. Кезінде құшақ жая қабылдаған осы ғаламат шаһар халқының байырқасы үшін оңғатай болсын үлес қосқаным — маған биік мәртебе! Әрі қарай да батырлық жолымды жалғап, қаһармандықтың рәмізіне айналып, әйел баласының да ерлерден кем түспейтін өжеттігінің куәсі болып, өсіп келе жатқан қыздар буынына өнегемді көрсетеріме нық сенімдімін! Назарларыңызға рахмет!

Кеудесін көтере асыл ару мүддесін қанық жеткізген соң, қию-қолпаш үдей түсті.

— Бұл күн барлығымызға мейрам! Қанеки, барынша көңіл көтеріңдер! — деп патша дауыстады. Ән айтылып, би биленіп, шөлмектер босатылды. Сән-салтанаттың шырмауында шүйіркелескен құрбы-құрдастарының жанында тұрған Сараның әйтеуір көңілі күпті. Миын алған толғанысты ойларының оябында — уылжи ойнаған әсем әуен. Кенет селк етіп, иықтан қаққан көкесі Ерікке назарын бұрды.

— Көңіл-күйің қалай?!

— Жақсы, — деді Сара әлсіне күлімдеп.

— Жоқ. Мынадай ортада кез-келген адам «Тамаша!» деуші еді. Демек, жалғыз маған ғана бір шикіліктің иісі сезіліп тұрған жоқ екен.

Сол сәтте жанынан Бонай шығып:

— Әй, достым, жүрсеңші, — деп Еріктің желкесін жуан қолымен баса құшақтады.

— Тұра тұршы, — деді Ерік мойнын ала беріп.

— Тұра тұрған несі?! Күнде көріспей жүргендей не айтпақсың оған сонша?!

— Бара беріңіз, қам жемеңіз, — деп Сара рұқсатын берді.

— Айтпақшы, Сара, өзің тым құлпырып тұрсың! Сен біздің мақтанышымызсың, сүйкімді ханшайым! — деп Бонай қыздың алма бетін шымшып алды да, Ерікті қоймай сүйрелеп алып кетті.

— Қос көзім сенде, — деп үндеді Ерік басын бұра бере. Тап сәтте Сараның арқасынан Серкеш келе қалып, сол қолымен мойнын орай құша асылып, пейілі масаттана, көзі жымыңдап:

— Тамаша! Көптен бері аңсағаным да осы еді ғой! Бұл өмірімдегі ең көңілді күн шығар, сірә! Ал мұның бәрі кімнің арқасы?! Әрине, өзіңдей жан құрбымның! Өзім де керек адамдармен араласатын бағы бес елі жігітпін ғой! — деді оң қолындағы шарап толған шынысын көтеріп. Және сол сәтте олардың алдынан тәнсақшы Рауан шыға келіп:

— Кешірім өтінем, Сара бикеш! Сізді патша маңызды ұсыныс бойынша шақыртып жатыр. Менімен жүріңіз, — деді ірі дауыспен.

— Маңызды ұсыныс бойынша? Еліктіре естіледі екен! — деді Серкеш құрбысын қоя беріп. Оң жауабын алып, кері бұрылған тәнсақшының артынан екеу еріп кетті.

Сақалын сипап, тақта иіліп отырған Матаби күткені кіріп келгенде, орнынан тұра кетіп:

— О, Сара бикеш! Бетімді қайтармай келгеніңізге мың рақмет! — деп құлашын жайды.

— Қош, не мәселемен шақырттыңыз? — деп сұрады Сара көзін қысыңқырап.

— Асықпаңыз, бикеш, — деп, патша төмен түсіп, нөкерінің қолындағы шыны шөлмек пен күміс ұстақанды өзі алды, — әңгімеге уақыт жетеді. Алдымен мына туындыны татып көріңіз. Бұл — арнайы алдырылған аққайнар. Мұндайды тек билеушілер ішеді! Патшаның қолынан дәм тату бақыты сізге бұйырғанын қалаймын.

Шөлмекті көбігін ағылта ашып, аққайнарды толтыра құйып, Сараға тарту етті.

— Дәм татуға уақыт жетеді. Алдымен, айтарыңызды айтыңыз.

Ыдысты құр ұстаған Сараға Матаби оқшиып қарады.

— Тыңдап тұрмын?! — деді Сара көзін алмай, құлағын түрініп. Шөлмегін нөкеріне қайта ұстатқан Матаби ымырана сөз бастады.

— Айтқым келгені, ұлы соғысқа дайындық жүргізіліп жатқанынан хабардар шығарсыз? Ал бізде қор көзі әлі де жеткіліксіз. Егер осы күйде аттанып кетер болсақ, түгіміз қалмайтыны айдан анық. Мұның соңы мемлекеттің де күйреуіне әкеліп соғатыны сөзсіз. Алайда, құдай бұйыртқандай-ақ жарқ етіп сіз пайда болдыңыз. Сіздің қаныңызда толассыз ағып жатқан, тіпті, өзіңіз ойлағаннан да орасан құдірет бар екеніне баршамыз кәміл сенімдіміз. Екінің бірі алып қарақұсты соғып ала бермейді ғой, қайткенмен де. Әп-сәтте менің ойыма мәселенің керемет шешімі топ ете қалды. Біздегі жаңа өнертабыстардың арқасында керемет жобаларды іске асыруға болады. Сіздегі құдірет пен біздегі билікті біріктірсек, биік шыңдарды бағындырар едік! Бізбен істес болуға қалай қарайсыз? Өзіңіз айтқандай-ақ, бұқара халықтың игілі үшін, әрине, барлығы.

Ол сөзін аяқтай бере, Сараның көз-жанары тұмшаланып, бұрынғы жағымсыз көріністер елестей кетті. Ұстақандағы аққайнардың бетінде әлгіндегі Ақдауылдың кісінеген бейнесі қалқып тұрғанын көргенде Сара:

— Мен мұндайдан өтіп қойғанмын, — деп бәсең күбірледі.

— Түсінбедім?!

— Жоқ! — деп Сара сонда ішімдікті патшаның қымбат кебісіне төге салды; таққан төсбелгісін жұлып алып, бос ұстақанның ішіне салды да, патшаға қабыстыра ұстатты. Қос сапысын сақадай сайлай кеткен тәнсақшысына: «Рауан!» деп Матаби алақанымен тоқтам көрсетті. Суық жүзді Сара кері айналып кете барды. Ал орнында қалған Серкеш: «Бұл сұлудың бойынан леп ұрып тұратыны рас» деп әсер танытты да: «Ал мен байқап көрсем, рұқсат па?!» деп сұрады нөкер қолындағы шөлмекке саусағын нұсқап. Өзіне оқырайған қатаң қабақтан сескенген ол: «Одан да келесі жолы, сәті түскенде» деп артынша қарасын батырды.

— Бұлар өзін кім деп ойлайды?! Басеке, белгі берсеңіз болғаны, жолыңызда тұрғанның бәрін тазартып шығуға әзірмін! — деді Рауан қатуланып.

— Адал қызметіңді құрметтеймін, Рауан. Түр ойнатудан мезі болдым. Енді шындап әрекетке кіріспесек болмайды!..

Қабырғасына аспалы шамдар қатар ілінген ұзын дәлізде Серкеш Сараны қуып жетті.

— Не болды саған, Сара?

— Ештеңе. Жәй ғана, оның сондай сыпайы сұмырай екендігіне көзім жетті!

Аттұрағынан Ақдауылы алдына жеткізілген соң, Сара: «Сен маған ескерту жасағың келді» деді оның маңдайын сипап. Артынан Ерік жетіп келді.

— Көз жазып қалдым-ау. Қайтып бара жатқаныңды Серкештен білдім. Бір жайсыздық орын алғаны анық.

— Иә. Бұл шаһардан тез арада кетуім керек.

— Айтсаң болғаны, таңғасалым бірден жолға шығамыз.

Қоймасында Дәурен Жәнияға тапанша атқызып үйретіп жатыр екен. Нысанаға бірнеше рет дөп тигізген соң, дыбыс басу үшін киген құлаққабын шешіп: «Керемет әсер!» деп Жәния жігітке бет бұрды. Сол сәтте төрдегі шыны ұяшыққа қойылған лағыл тасты алтын білезікті көзі шалды да: «Мұнда әшекейлер жоқ деп едің ғой?» деп нұсқады. «А, бұл ма? Бұл жәй білезік емес» деп Дәурен барып, қақпағын ашып, ұяшықтан білезікті шығарды.

— Бұл — ұсақбөлшекті өнертабыс құралы. Яғни, құрылымындағы ұсақбөлшектерден ойлаған қаруың қолыңда құрала кетеді. Мінеки, — деп жігіт білезікті тағып, сілкіп қалғанда, қолын орай ерекше қалыптағы бір атқыш қару жаралып шықты.

— Оу, Мәс-саға-а-ан!

— Керемет, иә? Бұл әкем үшін ең бағалы дүниелердің қатарында. Сондықтан орнына әдемілеп қойып қояйық, — деп Дәурен білезікті шешіп, ұяшыққа қайтарды.

— Білесің бе? Құдды бір қиял әлемінде жүргендеймін!

— Мүмкін шынымен қиял әлемінде шығарсың? — деді жігіт жымия. — Әкемде сондай бір тұжырымдама болған: біздің барлығымыз, тіпті бүткіл қоршаған әлем — жәй ғана біреудің қиялынан туған көріністер. Сол себепті мұнда барлығы мүмкін. Бірақ, мен мұны оның жәй бір сәтсіз қалжыңы деп білемін.

— Енді мені одан сайын толғандырып тастадың-ау, — деп Жәния күлімдей қарады.

Түнделетіп жарық шамдармен көмкерілген қараңғы көше бойымен етегінің бір жағы шығыңқы Серкеш масайрай әндете келіп, үйінің қоршауынан өте бергенде, күтпеген жерден басына қап салына кетті…

Өз үйінің кіреберіс кең дәлізінде сақ отырған Сара мезет сырттағы сықырдан сезіктеніп, есікке беттеді. Есікті ақырын ашып сыртқа шыға қалғанда, қара киімді екеу бірден бұған жармаса кетті. Бірін соғып ұшырып, бірінің жағын бұзып құлатты шымыр қыз. Сұлап жатқан қаракиімді белдігіне қыстырған орамхатты әрең шығарып, сілесі қатты. Қолындағысын алып, Сара ашып оқыса: «Таңертең патша құзырына өт, егер көкең мен жігітіңді көргің келсе!» деп жазылған екен. Сара жедел ішке кіріп, баспалдақтан көтеріліп, Еріктің жатынжайына кіріп қараса: бөлме бос, ашық қалған терезеден ескен самалдан ақ перде желпініп тұр…

Жарақтанған Сара торуыл күзетшілер есігін айқара ашқан патша құзырына қадамын қарқындата басып кірді. Тағында керіліп отырған патшаның екі жағында — көздері байланып, қол-аяқтарына кісен салына тізерлеген қос тұтқын; бастарында — бір-бір баскесер: Серкештің төбесінде Рауан, ал Ерікте — жан досының нақ өзі.

— Бауырым деп жүріп, басыма қару таянғаның қалай кетті?! — деп тістенді Ерік.

— Кешір, бауырым, бұйрық солай, — деп жауап берді Бонай.

Орнынан тұрған Матаби миық тартып, қолын жайды.

— Қош келдің, Сара бикеш! Қалай саған бұл көрініс? Бұл үшін тапсырманы мінсіз атқара білетін сайыпқыран Рауанға қол соғып қойсаң болады.

— Жаныңның барында босат оларды! — деп зілденді Сара.

— Неге? Өзіңсің осыған жеткізген, — деп Матаби бастай бергенде, Серкеш:

— Иә, айтқанын тыңдаңыз. Ең болмаса мені босатыңыз, алдарза болсын, мәртебелім! Кешегі бассыздығым үшін болса, аяғыңызға жығылып кешірім сұрайын! Мен әлі жас баламын ғой. Қалайша оңай өлімге қимақсыз? — деп сарнады сөзін бөле кетіп. «Доғар!» деп Рауан дүмбіден қойып, оны тоқтатты. Матаби ойын жинақтап, сөзін жалғай:

— Егер өз еркіңмен келіскеніңде, іс насырға шаппайтын еді. Қап! Сенің кесіріңнен біраз сарсанға түстік-ау! Онымен қоймай, Ерік серімен арамыздағы кемел достықты да бұзуға тура келді! Көрдің бе, не бүлдіргеніңді?! — деді қою қасын түңілтіп.

— Неменеге қоласты тышқаның болуға өз еркіммен келісуім керек?!

— Есіңе салайын, бикеш, сен бізге өміріңмен борыштарсың! Бөлтірік кезіңде мына біз, мына мен, сені қабылдап, бар жағдайыңды жасағанбыз! Біз болмасақ, далада тентіреп жүрер ме едің, я әлдеқашан қата қалар ма едің, құдай білсін?! Енді қарызыңды өтер кезде, ат тоныңды ала қашқаның — нағыз опасыздық! Әлде мұнда менің патша екендігім есіңнен шықты ма?! Менің әрбір айтқанымның ауыр салмағы барын құлақтарына барлығы құйып алып, алдымда тізе бігуі қажет, мына тертөгіс — саған да осыны ұқтыру үшін!

— Мен қабілетімді бейкүнә адамдарды қырып жою үшін қолдануға жол бермеймін. Барлығы әділетті болуы тиіс!

— Шынымен бе?! Кезінде өз еліңе қылған зияндығың ше?! Және ол да әділетті ме?! Мұншалықты ұжданыңа басылған қара дақты ұмыта қоймассың?! Әлде жұртқа ойдан құралған ертегіні айта салсам, арыламын деп ойлайсың ба?! Кіп-кішкентай бола тұра, соншалық лаңкестікке қадыр болсаң, келесі жолы он есесін қайталамасыңа кім кепіл?!

Мұны естіген Сараның түсі қашты. Матаби:

— Қайдан біліп қойды деп толғанып тұрмысың? Менің барлық жерде құлағым бар. Қара! — деп жан тарабына қолын бағыттады. Ол жақтан егде тартқан қарынды қарасақал қолына қара қобдиша ұстап шыға келді. Сараның басында ойшағыс орын алды: кішкентай кезінде дәл осы кісінің өзіне құрт ұсынғаны, оның арты қандай ойранға ұласқаны.

— Сен! Бәрін істеген сенсің! Мұнда қайдан тап болдың, Бай?!

— Асықпа, барлығы сен көріп тұрғандай емес, — деді Матаби оны басыңқырап. Сонда Бай тұла бойы жасыл түтінденіп, қара бүркенішті дуагер Залаға айнала кетті де, ол маңғазданып тұра қалды.

— Сендер білетін ешқандай Бай болмаған. Танысып қой, бұл менің су жаңа көмекшім — Зала ханым, — деп оны таныстырды патша.

— Демек, сен екенсің ғой бәріне кінәлі?!

— Олай емес, мен әншейін жанама себеппін, — деп жауап берді дуагер. — Барлығы тап мына сенің айрықша дарыныңның арқасы. Бүкілінің қаны бір өзіңнің мойныңда! Қарақұсты жеңдім деп, өзіңді қаһарман сезінемісің? Әттеген-ай, ол да негізі тура сені көздеп келген болатын! Сен бар жерде үнемі бәле-жала жүретінін мойындарсың. Періште емессің, нағыз түленсің!

— Сандырақ! Сара, тыңдама бұларды! — деді Ерік.

— Қош, енді іске көшейік. Тыңда, Сара! Дәл қазір сен байып сақтап, қозғалмай тұрасың. Ал Зала ханым саған ептеп ине салады. Не болмаса, жақындарыңның да қаны мойныңа ілінеді. Таңдау еркі өзіңде, — деп Матаби айқын түсіндірді.

— Мұнда біреу «таңдау еркі» деді ме?! — деп сол сәт Серкеш тағы жағаласты. — Ал бізге ше, таңдау бұйырмады ма? Мәселен, «қалай өлудің жолы» деген сынды. Сайтан-ай, жеке басым карттықтан өлуді жөн санар ем! Немесе, қалғып, оянбай кету — ол да жақсы нұсқа.

— Үнін өшірші мына сұртаңдайдың! — деп бұйырды Матаби одан шырқы бұзылып. Шекесінен сапысының сабымен қойып қалып, Серкешті Рауан талдырып салды. Әрмен қарай Матаби таяп келіп:

— Сонымен, таңдау өзіңде. Егер айтқанымызға көнсең, біз де қолымызды былғап әуре болмайтын едік. Алаңдама, бұл аз ғана уақыт алады. Болғасын, әлбетте, еркіңе жібереміз. Барлығы еш ауырсынусыз өтеді. Және ешқандай қантөгіссіз, — деп Сараның қарсы алдына тұра қалды.

— Бас тарт, Сара! Бізді ойлама, қызым! — деп Ерік қайтаруға тырысты.

— Өтірікші, — деп Сара Матабидің соғуға ыңғайлы тосылып, керіліп тұрған кеңірдегінен қанжарымен тартып жібергенде… бұлжып барып, патша бейнесі қалпына келді.

— Бағыңды сынап көрдің деп есептелік, — деп масаттанған Матаби қолын артына қайыра кері айналды. — Мұндайдан өтіп көрмегеніңе сенімдімін. Таңғаларлық дәнеңе жоқ. Бұл «алғұрам» деп аталады. Зала ханымның біртума өнер туындысы. Сол арқылы, біз осындамыз әрі мұнда емеспіз.

— Таңғалған ештеңем жоқ. Кіргеннен байқағанмын алдымда азулының құр елесі тұрғанын!

— Жоқ. Мен жәй ғана ақылдымын, — деп сұқсаусағын тік көтеріп, Матаби тағына жайғасты. — Бәрі тәмам, Сара! Көн! Тырп етсең, арты жаман болады…

Патша екі нөкері және тұтқындармен бірге ғайып болды. Ұзындығы бір қарыс, ішіне жасыл сұйық тартылған екпені шығарып, қобдишасын тастай салған Зала ортада шарасыз қалған Сараның алдына келіп: «Жеңіңді түр де, қолыңды соз» деді. Сара амалсыз айтқанын істеді. Тамырына егілген ине ұшынан жасыл түйнекшіндер ытқып шығып, қан жасушаларымен соқтығысып, Сара көзалды қарауыта құлады…

…«Кернеуді ұлғайт… Үдеріс бірқалыпты…» деп үзіле естілген жаңғырықтармен орайласа денесі сәт сайын сыз етіп, тітіркене ауырсынған Сараның зорыға ашып-жұмған көзіне жасыл будың арасынан ақ желеңділер бұлдырап, кейін ол тастүнекке қайта батты…

4-бөлім. ҚАЙСАР ҚҰРБЫЛАР

Қараңғы қапасқа Ерік пен Серкеш тасталды.

— Әй, босатыңдар мені, не жазығым бар?! Мен жәй бір кездейсоқ адаммын ғой. Мүлдем қатысым жоқ! — деп Серкеш темір торды жұлқылады. Есікті құлыптаған мұртты түрмеші:

— Тыныш отыр, жігіт, — деп, бұрылып кетті. Темірді жындана соғып, Серкеш кейін шегінді.

— Енді қызыммен дос болғаныңа өкінемісің? Біліп ем құр жорғалап жүргеніңді, — деді желкөз қоршауынан жарты бетіне күн нұры түсіп, дуалға арқа сүйеп тұрған Ерік.

— Жоға, мен жәй бұл арадан тез құтылып, Сараны құтқарғым келеді. Ал онымен достығым — оны ұнатқандықтан.

— Не?

— Сара сондай ғажап қыз. Табиғаты мінсіз! Бала кезден бауыр басқанмын…

Ерік оны жағасынан ала жөнеліп, қабырғаға тақады.

— Ендігәрі қызым жайлы аузыңнан сөз шықпасын! Сен оның тырнағына да татымайсың, осыны біл! Басқалай болса, қазір мына жерде болмаушы едің!

— Түһ! — деп тістене күлді Серкеш. — Ал өзіңіз ше?! Сіз қайда екенсіз?! Сіз менің қасымдасыз, оның емес! Тіпті, оның қайда екенін де білмейсіз! Ал анау жындыпаш бізді тірі қалдырғанына қарағанда, оның жағдайы, шүбәсіз, онша емес. Сондықтан да, қамқор әкенің кейпін танытпай-ақ қойыңыз. Оның үстіне, Сараның шынайы әкесі еместігіңізден хабарым бар. Және ешқашан ондай бола алмайсыз!

Айтқаны көңілінен өткен соң, Ерік жігітті қоя беріп, теріс бұрылды.

— Сенікі жөн-ақ, — деді ол еңсесін түсіре. — Мен оны қорғай алмадым. Әке болып жарытпадым. Оның мен үшін бас тігуіне тұрмаймын. Ешбіріміз оған лайық емеспіз…

Ақ мамық төсегінде рақаттана оянған Дәурен қалың шашы қобдырап, жалаң шымыр денесін кергіштеді де, соң еденге аяқ қойып, қолын тірене ойға батып отыра қалды.

Жуынып болғасын жігіт бетін ақорамалмен сүрте беріп, Жәния жатқан бөлменің ашық есігіне таяды. Іште қыз жоқ. Атқорасында да бір қоңыры кем. Қойма есігін ашып қараса, төр жақта шыны ұяшық іші бос тұр. «Қап, сені ме бәлем!» деді ызаланған жігіт жақтауға жұдырық қойып.

Оның үш тұлпарының бірін мінген аңшы қыз иығына түлкі асынып, өз үйіне келіп жетіпті. Ақ жаулықты анасы асжаулығын жайып, қуана күтіп алды.

— Жарықтық әкең де «аңға шығам» деп, апталап, айлап жоқ боп кетуші еді. Тура өзінен аумай қалыпсың. Бар қызықтан құр қалдың бірақ, — деді анасы сүт қатқан шәйін құя беріп. — Сен жоқта, шаһарға бір үлкен қарақұс лаң салды. Және тура біздің көшеге құлағанын айтсаңшы!

— Қойшы, рас па?!

Анасы сөреліктен бір қызыл бедерленген сандықшаны алып келіп:

— Сенбесең, қара, — деп оның алдына қойды. — Жерде жарқырап жатқасын, көзім қызығып, ала салдым.

Жәния ашып қараса, ішіндегі төсеніште — ұзын қара қауырсын.

Не болғанын бүге-шігесіне дейін естіп білген соң, Жәния Сараны іздеп, үйіне барса, есігі құлып. Серкешті де таппады.

Дуагер Заланың үңгіріндегі зертхана кеңістігін жасыл шамдар жарытып тұр. Тас қабырғаға ойылған қуыстың ішіне толған жасыл түтін арасынан діңке бойлы Матаби шоң аяғын нық баса шығып келді.

— Сынақ сәтті өтті! — деп сондағы ақ желеңді жұмысшылар қол соғысты.

Матабидің қасына Зала наркескенді ала келіп:

— Сонымен, қандай сезім? — деп қолына тапсырды. Матаби дауысы зіңгіттеніп:

— Керемет! Бойымды алапат қуат күші кернеп барады! — деп қаруын созды. — Түсіндім енді оның не сезінетінін.

Қарсы алдындағы шыны қауызда — алтын шашы иығына төгілген ішкөйлектегі ұйқыдағы ару...

Қатпарлы қара құрыш сауытының ара жолақтары көк жарықтанған патша нөкерлерімен үңгірден шығып бара жатыр. Бастан-аяқ бүркеніп, бір-бір мылтық асынған қарауылдарына: «Жақсылап күзетіңдер!» деп бұйырған Бонай оның артынан жетті де:

— Мәртебелім, ал Сараны қашан босатамыз? — деді сол жағында қатар жүріп.

— Жақын арада.

— Бірақ, басеке, — деді оң жақтағы Рауан, — Сиқыршы ханымның айтуы бойынша, қыз орталық қуат көзі болып табылады ғой. Оны ажыратсақ барлығымыздың қара күшіміз сарқылып, қалпымызға оралмаймыз ба?! Қалай болмақ сонда?!

— Бұл уақытша жағдаят. Оның күшін толық өндіріп, басқарғыш текше жасай аламыз.

— Дәрленнің зертханасындағы сияқты ма?

— Мәртебелім, сізге кінәрат таққаным емес, бірақ, — деп Бонай кідіре қалды, — біліңіз, егер екі сөйлесеңіз, көңілімді қалдырасыз.

Матаби оған бұрылып:

— Інім, — деп иығынан ұстады, — сабыр сақтап, күте тұр. Сені ренжітпеймін…

Содан соң патша алды да, оның қарынына наркескенін сұғып жіберді!

— Осылай айтқанымды қаладың ба?! Сілең қатпай тұрып, сен біліп қой: мен ешкімнің көңілін табуға міндетті емеспін! Мен ең құдіретті падишамын!! — деп ол алып денені жанұшыра діріл қақтырып, қайта-қайта тығындады. Оның жындануынан шімірікпес Рауанның өзі секем алды. Аузынан қан сорғалаған байғұс Бонай іші ақтарыла шалқасынан құлады…

…Шығыс бекіністегі өз зертханасында шебер Дәрлен кеудесауытын тігіп болды да, тартпасын ашып, ішінен албұндық бөлшектерін шығарып, алдына жайды…

Алып қамалдың кең алқабында патша әскері жасақталуда. Берен және білтелі, алтыатар мылтық пен оқ-дәрі сандықтарын Матабиге жасауылы тізім бойынша түгел тізіп берді. Барлығы арба-арқұққа жүктеліп, қатар-қатар атқа қонған екі жүз мың қолды бастап Матаби: «Алға, арынды әскерім!» деп ұшқын атқан наркескенін көкке көтере ұрандатты. Сол сәтте қалың жасақ толығымен нұршағылысқа бөленіп, ғайып болды…

Түн. Төсегінде ұйықтап жатқан Жәния кенет: «Босат мені!» деген күрбең дауысты есітіп, күйі бұзыла оянды. Дауыс оны асүйге жетеледі. Есікке жәймен құлақ тұтып, тықырлағанды байқап, кіріп, жарықты қоса қалса, ақ ұзын көйлектегі бір ер жігіт теріс қарап тұр екен. Жәния бірден қолына таққан білезіктен тапанша құрай кетіп:

— Сен кімсің? Көзіңді құрт, әйтпесе өзім құртам! — деп оған кезеді.

— Тұра тұр, — деп әлгі жігіт бұған бұрылды. Қыр мұрыны, ат жағы, қиылған қасына қайырылған қара шашы мен келте сақалы жараса кетіпті. Әдемі әппақ тістерін жадырата күлімдеп:

— Сәлем, мен әруақпын, — деп алақанын көтерді. — Яғни, оншалық емес, жобалап, иә.

— Әзіліңе болайын, — деді Жәния. — Неге сырт киімің жоқ? Жындыханадан қашқанбысың?!

— Қайдағы жындыхана?! Сенбесең ұстап көр, — деп жігіт қол созды. Жәния тапаншасын қарата ақырын жақындап, қолын алмақ болғанда, тимей, ішіне еніп өтті.

— Көрдің бе, тірі адам осылай жасай алар ма екен?!

— Тірі адам жасай алмайтын не бар өзі?!

— Әй, қызым, кіммен сөйлесіп тұрсың? — деп сонда анасы есік алдына келе қалды.

— Әне, қара, ол мені көрмей тұр. Сәлем бердік, апатай, мені көріп тұрсыз ба? Мен мұндамын, апа, — деп жігіт қолын бұлғады. Мойын соза қарағыштаған анасын көріп:

— А, ештеңе, жәй бірдемені ойластырып тұрғаным, — деп Жәния күлімдеп, қаруын жасырды.

— Асүйде ме?

— Иә… не бопты?!

— Жақсы онда. Тұра бермей, жатып дем ал, — деп анасы кетіп қалды. Жәния жігітке қайта бұрылды да:

— Жоқ. Сен жәй ғана елессің, — деп көзін төмен түсіріп, бас шайқады.

— Енді мен не айтып тұрмын?! Мен сенің көзіңе шынайы кейпіммен көрінініп тұрған Қарақұспын, нақтырақ айтсақ, оның қауырсыны. Рас, Жұпар апа асүйден басқа, қоятын оңды жер таппаған екен.

— Солай делік, — деп басын қиғаштай, қасын кере қарады Жәния, — иә, не мәселе туындап тұр, мені ұйқымнан айыратындай?!

— Мен Сараның қайда екенін білемін. Оны зұлым дуагер өз үңгірінде ұстап отыр.

— Ұстап отыр?! Зұлым дуагер?!

— Дәл солай. Сара менімен шайқасып жатып, байқамай менің санамды өз санасына жалғап алған болатын.

— Ал сен неғып шаһарға шабуылдадың?!

— Өз еркіммен емес. Мені сол дуагер жөнелткен. Ал Сара санамды залымның шырмауынан азат етті. Бірақ, қап, зынданға қамалып қалдым. Егер құрбыңды құтқарғың келсе, құлақ ас: дәл қазір сарайға аттанасың да, мені босатасың. Сарай артында босалқы есік бар. Сол жерден кірсең…

— Жалғыз өзім бе? Ол қолымнан келер ме екен?!

— Алаңдама саған өзім бас-көз болам. Қауырсынды ала жүрсең болғаны. Оның үстіне, мынадай құрылғыңмен… — деп жігіт қыздың тапаншасына иек нұсқады.

— Мені пайдаланып, жәй ғана тұтқыннан босалып кетпек ойың бар шығар?!

— Жо-оқ, қайдағы?! Тыңда, қарындас, Сара маған керек. Тек сол ғана мені өз кейпіме қайтара алады. Әлде маған өмір бақи шикі ет жеп, құсша саңғу ұнайды дейсің бе?!

— Жақсы, сендім саған.

— Ендеше, сөреден қауырсынды ал да, тез жинал, — деп елес ғайып болды.

— Тоқта, тоқта, тоқта! — деп Жәния қол созды.

— Тыңдап тұрмын? — деді жігіт қайта көрініп.

— А, жоқ, кете бер, — деп Жәния қолын сермей түсірді. Тісін қағып, жігіт қайта жоғалды.

Көк қаттамасын киіп, белдігіне қауырсынды тағып алған Жәния тұлпарын мініп, сарайдың артқы қоршамасына келіп жетті. Аттан түсіп, көзін жұмып тұрды да, қолын ората ілмекті арқан жасап шығарды. Арқанды айналдыра лақтырып, биік қабырғадан асыра ілдірді де, екі аяғын тіреп, өрмелей бастады.

Қапас ішін темір тордан түскен дәліздегі майшам жарығы әлсін жарытып тұр. Қабырғаға арқа сүйеп Ерік бостыққа үңіліп отыр. Ал үш адым әрідегі қарсы қабырғада Серкеш оны бақылап отыр.

— Мен, әрине, кешірім сұраймын, көңіліңізге қатты тиген болсам. Мен мұны қалаған жоқпын, шын айтам, — деп Серкеш тыныштықты бұзды.

— Сенің не қалайтыныңа түкіргенім бар.

— Жәй, енді, сіз біраздан бері қозғалыссыз қатып отырсыз. Мен, тіпті, сізді кетіп қалды ма деп...

— Тым құрығанда бөлек қамаса болар еді, — деп ығырланды Ерік.

Осы кезде күбірлеген естіліп, Серкеш секемденіп, орнынан тұра кетті. Мұртты түрмеші шомбал серіктесімен бірге абыржи келіп, құлыпты аша бастады. Арттарынан бір қараның қару кезеп тұрғаны байқалды. Есік ашылып, түрмешілер ішке енгенде:

— Дәрлен?! — деп Ерік те орнынан көтерілді.

— Иә, мен. Шығыңдар, — деп қолына албұндық ұстаған шебер Дәрлен көріне кетті. Ерік пен Серкеш шыққан соң, Дәрлен асынған жолдорбасын аяқтарына тастап:

— Ішінде керек-жарақ пен кәрті бар, қызды құтқарыңдар, — деп жедел мәлімдеді. Екеуі дорбадан қос-қостан кеудесауыт, дулыға мен қысқа албұндық шығарды.

— Артқы есіктен қашыңдар, — деп Дәрлен өзі қапасты жауып, бір қолымен кілттей берді. Жарақтанып үлгерген екеу жолдорбаны алып, қаша жөнелгенде, қапас ішіндегі шомбал атып келіп, қоршаудан қолын шығара Дәрленнің жағасынан ұстады да, тамағына пышақ тығып алды. Дәрлен жанталаста екінші қолындағы албұндықтың шүріппесін басып қалған екен, одан мұртты кісі оққа ұшты. Қапастан шыға кеткен шомбал қансырап жатқан Дәрленнің қаруын қолына алып, қашқындардың соңынан оқ жаудыра қуды…

Қабырға үстінен секіре кеткен Жәнияның сұлбасы көк жарқырап, жерге қол тіреп түсті. Содан жүгіріп, босалқы есікке беттеп келгенде, үзіле-үзіле тырқыраған дыбысты есітіп, шығыңқы бөліктің жан бетіне тығылды. Есіктен Ерік пен Серкеш атып шығып, тоқтамай қашты. Ізінен шыққан шомбал шүріппесін енді баса бергенде, оны Жәния тұтқиылдан үлкен темір жұдырықпен жақтан ұрып сұлатты.

— Тым оңай! — деп Жәния езу тартты, соң жердегі қаруды көтеріп, өңі бұзылған күйі оны асынды да, ішке кіріп кетті. Бір бұрылыстан соң, арғы бастан үлкен ойық көрініп, Жәния жүгіре басқанда, алдынан кездескен Дәрленнің мүрдесін танып, қарақтап өтті.

Сарай сыртында өздеріне қарай жүгірген сақшылар мен төбе-төбедегі садақшыларды бірінен соң бірін тойтара атып, Ерік пен Серкеш үлкен атқораға кіріп кетті. Ерік өзінің Ақдауылы мен тағы бір атты босата бергенде, Серкеш есіктен оны қалқалап тұрды. Екеуі қос сәйгүлікпен шауып шығып, жолындағының бәрін қырып, сарай маңынан қарасын үзді.

Жәния ойықтан шықса — қойнауы терең үлкен зындан. Арғы жақтағы жар басында қарақұс мұны көріп, қанат қағып, биікке көтерілді. Тартылған жуан шынжырын көріп Жәния көзін жұмып, оң қолын иыққа апарды. Сол кезде қолынан ұзын зімбіл зымыратқы жаратылып, иығына салынды да, атып жіберді. Зымыратқыдан атылған зымыран-оқ шынжырды жарып үзді. Қарақұс ұшып келіп, аяғының астына жанымен қалқып тұра қалғанда, Жәния үстіне қарғып мінді. Қарақұс жоғары қарай ұмтылып, аузын аша көк жұмыр от атқылады.

Төбені жарып шыққан Қарақұстың биік көктен бірдей бағытпен зып беріп өткенін көргенде: «Құрып кеткір!» — деп Ерік шабысын үдетті.

Қара аспанды тесіп ұшқан Қарақұстың желкесіне жармасқан Жәния алдынан ұрған екпіннен бас көтере алмады. Аз уақытта олар үңгірге де келіп жетті. Үңгір аузын қорыған берен мылтықты қос қарауыл жоғарыға оқ үзе бергенде, ентелеп келген Қарақұс қарқынымен екеуін ұшырып түсіп, сонда қонды. Төмен жайылған қанаттан ішке сырғанап түскен Жәния екеуінің шаруасын бітіріп, әрі қарай басты. Қарақұс тыстағының бәрін жапырып-жаншып жатқанда, Жәния қуыс-қуыс бөлмелерден ағыла шыққан іштегі жауға кезек-кезек оқша атылып, бірін атқышымен, енді бірін қанжарымен қырып-жойып, тез арада қиыр шегіне де жетті. Кең қойнаудың төріндегі жабдықтардың ортасынан Сара жабылған шыны қауызды ол көрді де, жүзі қамығып, алдына таяды. Осы кезде ол арқасынан келе қалған дуагер Заланың басқан қадамын аңдап, лез бұрылып, қолынан шағылтқыш қалқан шығара қорғанды. Заланың сілкіген аса таяғының жақұтынан атқан ақ жарқыл алтын қалқанға тиіп қайтып, өзін ұнтақтап тастады. Орнында жақұт тасы ғана қалды. Оны олжалап Жәния қоржынға басты.

Содан темір жұдырығымен шыны қауызды ұрып сындырғанда естүссіз Сара оған асыла құлады. Құрбысын құшақтай көтеріп апарып, күйкеге жайғастырған Жәния оған жасанды ауа беріп, ес жиғызды да, басын көтере жанторсығынан су ішкізді. Маңдайы тершіп, кірпігін әлсін көтере көз ашқан Сара:

— Мен қайдамын? — деді қауқарсыз үнмен.

— Алаңдама, құрбым, мен бармын қасыңда, — деп Жәния оның солғын қолын қауыша ұстай сүйіп, бетіне басты.

Ал Ерік пен Серкеш шаһардан енді ұзап шығыпты. Жолай Серкеш жолдорбаның тысқары қалтасынан қолшамды алды да, түймесін түртіп жағып, дорбаны ақтарды. Ішінде — оқ-дәрілер, түтеткіштер мен жарғыштар, су толған құтылар, және сыртында жазуы бар бума қағаз. Соңғысын шығарып, созылмалы буғышын шешіп, ашып қарады.

— Міні кәрті. Мұнда оңтүстік тау бөктері белгіленіпті.

— Тым алыс, — деді Ерік бұдан күй-жайы күйзеліп.

— Маған бәрібір. Керек болса, құр сілдерім қалғанша шабамын! — деп қатуланған Серкеш оза шауып кетті. Мұнысын қалыпсыз қабылдаған Ерік те артынан екпін алды.

Таң шапағымен оянған Жәния төсекте өзі жатыр екен. Жанында Сара киім-кешегін тауып киіп, алтынмен әрленген белдігін енді тағып жатқан көрінеді.

— Қалың қалай? Өзіңе келдің бе? — деп сұрады Жәния алаңдап.

— Оу, иә, жақсы. Ал өзіңде бәрі дұрыс па? Ұйқың қанды ма?

— Әрине, сен жақсы болсаң болды ғой.

— Дереу жиналу керек. Көкем мен Серкешті уайымдап тұрмын. Сен оларды кездестірмедің бе?

— Жоқ, бірақ, босалқы есіктен біреулер атысып шықты. Бұл солар болса, онда олар қашып үлгерген.

— Үлгерген болса игі, — деді Сара қамырқап.

Екеуі үңгір аузынан шыға бергенде, шоқы басында міз қақпай отырған Қарақұс қалықтап келіп алдарына қонды. Сара Жәнияны қорғаштап, қылышын кезенді.

— Тоқта, Сара, ол мені осында әкелген, — деп Жәния ұғындырды.

Байыпқа түскен Сараның қасына тақап келіп, Қарақұс басын жерге еңкейтті. Сара оның төбесіне қолын қойып, көзін жұмды.

Айнала ақ жарық бостық. Қасын көтере, бетін күмпите қараған Сараның қарсы алдынан ақ киімді, шаңқан жүзді, келте қара сақалды жігіт жақын келді де:

— Сәлем бердім, Сара бикеш, мен шахзада Алдиярмын. Тақтың заңды мұрагері, — деп нұрлана күлімдеді.

— Мен сезгенмін, сенің асыл кейпіңді, — деп Сара оның бетіне алақанын қойды.

— Сен менің санамды ояттың. Және тек сен мені мына сиқырдан арылта аласың. Мені жеңген кезіңде, бойыңнан қара күштерді тойтара алатын ерен қабілетті сезіндім. Бірақ, әуелі, бір істі тындыруым қажет. Мен білетін Матаби әлдеқашан ұрысқа аттанып кеткен. Ол қолбасшы кезінен Ұлы-Дала хандығына көз салып жүрген, яғни сенің туған еліңе. Қолына билік пен құдірет түскен соң, ең бірінші кезекте сонда атылары айдан анық. Оны тоқтату керек.

— Оны бірге жеңеміз. Және бірге бейбітшілік орнатамыз, — деп Сара бас изеді. Жігіт қыздың жұмсақ қолын бетіне баса ұстап, көзіне терең қарады да, ақ шұғылаға бөленіп кетті.

Сара көзін ашып, қолын түсірген соң, Жәния:

— Онымен тілдестің бе? Ол не айтты? Мен туралы сұрады ма? — деп әуестенді.

— Матабиді тоқтату керек. Ол менің еліме ойран салмақ.

— Бірақ қалай? Оның жүздеген мың әскері бар, оның үстіне, ілгері дамыған қару-жарағы.

— Басқа амал жоқ, менің кесірімнен басталған қантөгістің жалғасуына жол бере алмаймын, — деп Сара басын әлсін шайқады.

— Демек, бізге де теңдессіз мықты қару-жарақ, сауыт-сайман керек. Ал мен оларды қайдан алатынымызды білемін…

Қайсар құрбыларды кең жауырынына мінгестіріп, арайланған таң аспанымен Қарақұс самғап барады.

5-бөлім. БОРЫШ

Әуеден құзғын қалықтап келді де, қансырап өлген сарбаздың басына қонып, көзін шұқып жей бастады. Бекініс сырты ұрыстан кейін майдан тола осындай өліктер. Ал ішін Матаби жасағы тазартып тастап, сонда орнығуда. Айлақты шолып, орталыққа беттеген Матаби алдында бас қолбасшысы Сейдол баяндама жасауда.

— Сарбаздар шығыны жоқ. Оқ-дәрілер саны сегіз жүз мыңға таман. Екі күн ішінде тағы соншасы жеткізіледі. Хан қабардар болам дегенше, және бірнеше бекіністі алып үлгереміз. Адуынымызды жақсылап көрсетсек, сонда ханның бізге алым төлеуден басқа амалы қалмайды.

— Маған оның тиын-тебені түкке керегі жоқ. Біз мәміле жасасуға келген жоқпыз. Бұл ұрыс емес, Сейдол, бұл — жойыс! Бір түнде екі қамалды басып алдық. Бір жеті ішінде хан әскерін түгел қырып, хандықты толығымен қолымызға өткіземіз. Осылайша, әрі қарай батыс елдеріне жол ашамыз, оның үстіне бұл жер — дүниенің төрт бұрышын байланыстыратын әлемдік сауда жолының торабы. Жуырда бүкіл әлем біз қойған ережемен ойнайтын болады…

Сара мен Жәния Қарақұспен межелеген алқапқа келіп қонды. Маңайда он шақты балбал тас орнатылған. Екеуі жерге әкиектене қалықтап түсті. Жәния балбалдан жеті адым жер санап: «Мінеки, тап осы жер» деп табанымен басқылап көрсетті де, қос қолын аузына тұтып:

— Дәурен! Дәурен! Аш өтпеліңді! Бізге сенің көмегің ауадай қажет! Патша әлемді жауламақ! Оны тоқтату керек! — деп айғай салды. Тып-типыл.

— Ту-у, қырсық-ай! — деп қыз қынжыла серпілді. — Дәурен! Естіп тұрғаныңды білемін! Қаншама жазықсыз жан жапа шегеді!

— Мұның өтпейді, — деп Сара оны ығыстырып орнына тұрды. — Сәлеметсіз бе, құрбым Дәурен деп атаған жігіт?! Менің есім — Сара! Және менің әкем бақуатты іскер әрі саудагер екенін мәлімдейін! Сенбесеңіз түр-түсіме қараңыз, қарабайырлар осылай киінуге жағдайы жете ме екен?! Қам жемесеңіз болады, пейіліңізді әбден риза қыламыз!

Сонда барып айнала түрленді. Бойжеткендерді бұлжырай пайда болған құрылыс-қоймалар қоршады да, бір биіктеуінен қоңырдағы бойшаң бозым шыға келді. Жәния жадырап қол бұлғай бергенде, Дәурен түрі буырқана таяп:

— Сен қыз! Әкел бері білезікті! — деп көтерген қолын қысып, бұйымды жұлып алды.

— Ау! Ақырын! — деп Жәния білегін ауырсынды.

— Мен сені ажалдан алып қалдым, айтқан алғысың осы ма?! Жырынды неме! Енді қай бетіңмен көмек сұрап келіп тұрсың?!

— Жә, жә! Өзіме емес, ел-жұрт үшін келіп тұрмын! Әрбірдесін, мен саған құтқар дедім бе?! Жетіп келген өзіңсің!

— Қойшы?! — деп Дәурен мысқылдай күлді. — Неткен таупықсызсың! Міне, осындайдан кейін біреуге қол ұшын созып көр!

— Болды, қойшы. Ең бастысы, білезігіңді сау күйінде қайтарып тұрмын ғой.

— Атты ше, қайтармадың ғой?!

— Сен оны онсыз-ақ берем дегенсің.

— Мен сені атпен жеткізіп салам дедім, құлақ!

Керістен кейін:

— Сен мына құсыңмен осы орныңда қаласың, ал сіз жеке өзіңіз жүріңіз, — деп жігіт бұйырып, баса бергенде, артынан ерген Сара оны қолынан тарта бөгеді де:

— Сабыр, сабыр, сабаңызға түсіңіз, ағасы. Иә, мойындаймыз, бұл бір әбестік болды. Құрбымның атынан мен кешірім сұраймын. Ол мені үңгірден азат етті, сондықтан оны қалдырып кеткенім ұят болар. Ғафу етіңіз бізді! — деп жәудірей қарады. Әуезі мен сүйкіміне елігіп, жаны жібіген Дәурен:

— Жақсы. Тек өзі кешірім сұраса ғана, — деді, бірақ, дес бергісі келмей.

— Кешір, — деп кербезденді Жәния өзіне тесіліп, сөзін күткен жігітке.

Дәурен көңілі көншімесе де:

— Болады, — деп танау шүйірді. Соң байқағыштап:

— Тұра тұр, арқаңдағы не мылтық, көрсетші? — деп қайта барып, Жәнияның асынған қаруын мойнынан шешіп алды. — Бұл әкемнің ойлап тапқан албұндығы. Бұл сенде қайдан жүр?! Мұны да ұрладым демессің?!

— А, жоқ, — деді Жәния жайсыздана. — Қалай жеткізсем екен. Сенің әкең… Сенің әкең…

— Айтпа.

— … қаза тапты.

— Жоқ, сенбеймін.

— Өз көзіммен көрдім.

Қабырғасы қайысқан жігітке қарап, өз көңілі босаған Жәния оны жұбатуға мойнынан құшты. Қыздың иығына бас қойып, Дәурен көз жасын төкті.

— Бекем бол, бауырым, — деді Жәния оның шашын сипап.

— Сарайда ма? — деп құбыла сұрады Сара. Жәния кірпік қаққасын:

— Демек, ол Ерік көкем мен Серкешті құтқармақ болды, — деді Сара мән-жайды ұғып.

Мұны естіп, істің байыбына жеткен Дәурен бас көтеріп, бұрылды.

— Ерік көкем деймісің?! Тоқтай тұр, бұл дегеніміз, әкем оларды құтқармақ болды, өйткені олар артынша сені үңгірден құтқару үшін, — деп ол Сараға саусағын нұсқады. — Бұл сенің кесірің.

Сара тағы талықсыды. Көз алдында — кінә таққан үрейлі елестер.

— «Сен істедің мұны! Сен өлтірдің!».

— «Пәлекет!».

— «Бүкілінің қаны бір өзіңнің мойныңда!».

— «Көрдің бе, не бүлдіргеніңді! Мұның бәрі әділетті ме?!».

— «Өзіңді қаһарман сезінемісің?! Нағыз түленсің!».

— «Сен бізді өлтірдің! Сен бәрімізді өлтірдің!».

— Бәрі сенің кесірің!..

Соңғысын айтқан Дәуреннің Жәния қолын қағып түсіріп:

— Доғар! — деп қабақ қатты. — Сараның еш айыбы жоқ! Сенің әкең өзі шешім қабылдады. Мүмкін, басқа ойлағаны болған шығар. Әкеңнің таңдауын құрметтерсің?!

Осыны айтып, ол барып: «Бәрі жақсы» деп Сараны құшағына басты. Қажырсыз қыз секем ала ес жиғасын, Дәурен:

— Жарайды. Айып етпеңіз, — деп төмен қарады. Соң қызарған көзін сүртіп, мұрнын тартты да:

— Жүріңдер, — деп қыздарға бас бұлғады.

Үшеуі кірген соң неше түрлі жауынгерлік бұйымдармен жігіт таныстырып шықты да, ақырында бұрыштағы әйнекте сақталған, алтынмен апталған ерекше сауыт-киімге жетіп:

— Міне, мынау отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын нағыз өнертабыс. Жеңіл әрі төзімді. Жауға кисең осыны ки! — деп Сараға ұсынды. — Тек бұл менің шымыр денеме арналып соғылған. Бірақ, түс қайтқанға дейін сізге шақтап бере аламын.

Қыз бітімінің өлшемдерін алып, шебер жігіт жұмысқа кірісті.

— Оған дейін мен Қарақұспен ұшып жаттығайын, — деп Сара тысқа шықты. Қарақұс егіліп, ыңғайланды.

Көк аспанда құлашын кеңінен жая рақаттанған Сара: «Ғаламат!» — деп терең тыныстады.

Сарқырама астында салқын суға мауқын басып, жағадағы тас үстінде сыр толғанып отырған бикештің қасына ақ шахзада баяу келіп жайғасты.

— Мен сенің өткен шағыңның үзбектерін көрдім, — деді Сара оған қарап. — Мұның бәрін Матаби ұйымдастырды, солай ма?

— Иә, — деп жігіт жауап берді. — Матаби әрдайым өршіл болды, жаушыл болды. Және барлық мәселені дөрекі күшпен шешуді құп көретін. Шамасы, әкем бұдан тек табандылықты байқады, және оны жоғары бағалап, әскерін басқартты. Ал әкем, Нариман шахтың өзі тым ынтымақшыл, бауырмашыл еді. Осы қасиеттері Матабиге ұнамайтын. Ол ойлады: егер бұлай өмір сүре берсек, басқа елдер жұмсақтығымыздан пайдаланып, бізді құрдым қылады деп. Бірақ, ол бейбіт жолмен де өркендеуге болатынын ұмытқан. Сол себепті әлжуаз әміршіні алып тастауды ұйғарды. Ал әкем оны туған інісіндей жақсы көретін, сенім артатын. Күндердің бір күнінде, Матаби әкемді арбап апарып, бұзғыншылардың тұзағына түсіреді. Сол жерде патша мен нөкерлері түгел мерт болады. Есімде, сонда Матаби өзін де әдейі жаралаған, ешкімде күдік ұяламас үшін. Ендігі кезекте ол мені көздеді, яғни тақ мұрагерін. Болашақ патша ретінде құндылығымды дәлелдеу үшін мен әлгі бұзғыншыларды күйретуге міндетті едім. Халық менен соны күтті. Матаби мені жасағыммен шатқалға жол бастап апарды. Бірақ, онда бұзғыншылардың орнына бізді залым дуагер күтіп тұрған болатын. Ешбіріміз байқап үлгермей, ауаға улы түтін тарады да, барлығымыз естен тандық. Матабиден басқасы, әрине. Дуагер оны барлығымызды түгел өлді деп сендірді. Бірақ, ол жасырынша мені алып қалған болатын, өзінің іс-тәжірибесін жүргізу үшін. Осылайша, ол қара күшімен мені мына мақұлыққа айналдырды, ал сарбаздарымның өліктерімен мені қоректендірді. Содан он бес жыл өтті. Енді, міне, зұлым дуагер ескі сыбайласымен тағы да байланысқа түсуге бел буды. Бұл жолы ол кейпін өзгертіп, өзіне Зала деген атты жамылды. Қайдан тапқанын мұндай ақымақ есімді. Бұрын ол ер адамның кейпінде болатын, сол себепті Матаби танымады. Сара, бұл орайда, саған айтуым керек маңызды жәйт бар. Ой-санам дуагердің шырмауында болса да, мен оның бүткіл ой-мақсатын жіті назарымда ұстап келдім. Міне қара, ол әрдайым нық сенді: дәл мына сенің әлемді қара күштерден қорғап тұрған қандай да бір көк алыбы Заңғардың жердегі ізбасары екеніңе. Сол себепті ол туғаныңнан сені бақылаумен болды. Сен өзіңді бар кесапаттың себепкері деп жаныңды жегідей жеп жүрсің, алайда мұның бәрі тап осы дуагердің айла-шарғысы. Сен барда оның қара күші толық ашылмайды, сондықтан да сені өлтіре алмайды. Ендігі, ол қабілетіңді жауыздыққа жұмсамақ ниетте, сөйтіп сені де сындырмақ. Егер сен түңілсең, бой берсең, қара күштер бостандық алады.

Оның хикаясын тамылжи тыңдаған Сара мөлдір көзбен жымия қарады. Бұл жымиысынан жан ауырлығы сезілді.

— Бірақ, мен лайықпын ба, бұл жауапкершілікті арқалауға?! Қалың әскермен қалай шайқасарымды өзім де білмеймін. Матаби елімді ойрандап жатыр, ал мен осында… Ал көкем мен Серкештің халінен мүлде хабарым жоқ. Егер мен болмасам, мұның бәрі болмас па еді?! Менің орнымда басқа болса, барлығының алдын алушы ма еді?!

— Жоқ, Сара, сен әлі де түсінбей тұрсың, бұл әлем үшін қандай бағалы екеніңді! Сенің орныңда басқа біреу болуы мүмкін емес те! Екеуміздің қолымыздан келеді, өйткені бұл біздің тағдырымыз!

Шахзада бикешті иығынан құшақтады. Екеуі табиғаттың сұлулығына ұзақ тамсанды.

Ал Ерік пен Серкеш тау аңғарына ақыры келіп жетті. Үңгірдің іші-сыртындағы шашылған мүрделерді, төгілген қанды көріп:

— Қап, біз үлгермедік, Қарақұс бәрін жалмап кетті, — деп Еріктің жүрегі қан жылады.

Олар сонда да үміт үзбей, мүрделерді аяқпен түртіп тексеріп, үңгір ішін толық аралады.

— Мұнда ол жоқ, демек қашып үлгерген, — деді Серкеш сенімді түрде. Шыға бергенде үңгір аузында аяғы сынып, қабырғаға сүйеніп отырған бірі жөтеліп, ес жиды. Дереу барып бұлар оның бетінен қағып, су берді.

— Сөйлей аласың ба? Жауап бер, мұнда не болды? Сара қайда? — деп Ерік тергей кетті.

— Мен несіне сендерге есеп беру керекпін?! — деп қарауыл қарлықты.

— Жауап бер, не өлтіреміз!

— Іске сәт!

— Әй, тыңда, — деді Серкеш байсалды күйде, — Есімің кім сенің? Алдымен таныс болайық, менің атым Серкеш, ал мына кісі — Ерік.

— Ерасыл.

— Сенің жанұяң, бала-шағаң бар шығар?!

— Әйелім қайтыс болған. Жалғыз ұлым бар.

— Аты кім?

— Әскербек.

— Көргің келе ме оны?

— Шексіз.

— Міне! Сара да біздің жанұямыз. Біз де оны шексіз көргіміз келеді. Түсінесің бе?! Біз бір-бірімізге көмектесе алар едік, жақындарымызбен табысуға. Тек сұраққа жауап берсең болғаны, сосын біз сені шаһарға жеткіземіз. Келістік пе? Біз екі сөйлеп, еркектік намысымызды таптамаймыз. Бұл дүниеде ердің сөзі бір нәрсені білдіру керек қой.

Аз ойланған қарауыл жауап берді.

— Былай. Түнде мұнда Қарақұс пен бір қыз келіп Сараны құтқарып алып кетті. Олардың әңгімесін үзіп-үзіп естідім. «Матабиді тоқтатамыз» деп жатты. Меніңше олар қазір сонда бара жатыр, не әлдеқашан өліп қалған.

Еріктің арқасынан жүк түскендей болды ма, екі есеге артқандай ма, өзіне түсініксіз.

— Қайда?! Қайда Матаби?! — деп жекіре сұрады ол.

— Ұйықтап жүрсіңдер ме?! Матаби кеше ғана Ұлы-Дала хандығына жорыққа аттанған. Ол оны оңай бағындырары сөзсіз, анадай құдіретімен, қару-жарағымен. Бүкіл әлем оның алдында…

Орнынан көтерілген Ерік оны атып тастады.

Кіреберісте жерлеп отырған Серкеш қойнындағы кәртіні қолына алып, ашып, теріс аударды да, жазбаны көріп, дауыстап оқи бастады.

— «Тірі қалмау ықтималдығыма байланысты жазып қалдырайын. Мұқият оқыңдар. Мен ілім жолында көп сапар шектім. Жан аяғы баспайтын сан түрлі жерлерде болдым. Соның бірінен ерекше асыл тастар қазынасын тауып алдым. Олардан қуат күші атып тұрды. Мен көп зерттедім, көне әдебиеттерді, аңыздарды ақтардым. Ақыры жауабын таптым. Ол мынадай. Ежелгі дереккөздерге сүйенсек, көкте бір-бірімен таласқан екі алып болған. Бірі — ақ Заңғар, бірі — қара Сеңгір. Сеңгір қара күшімен күллі әлемге бей-берекеттік орнатуды үнемі қалады, бірақ оған Заңғар мұрша бермей, бөгет болып отырды. Шыдамы таусылған Сеңгір ғасырлар бойы қара күшін жинақтап, бір алпауыт зүмірет тасын жасап шықты. Бұл зүмірет қуатымен әлемді теңселдірді. Міне, сол кезде жер бетіне зауалды күндер орнады. Бірақ, оны басқаруға Сеңгірдің күші жетпей, зүмірет оны ішіне жұтып алды. Берілмеген Заңғар бар күшін жиды да, алтын наркескенімен зүміретті жоя алды. Бірақ, артынша қарқынды қуаттан өзі де жарылды. Алайда, мұнымен барлығы аяқталған жоқ. Зүміреттің сынықтары шартарапқа шашылып, қара күштердің әр жерден қайта бас көтеруіне жол ашып берді. Мұның бәрін ескі заманның сәуегей-көріпкелдері болжап кеткен. Мен тапқан асыл тастар — сол зүміреттің бөлшектері. Олардың көмегімен әлемара өткел аша алдым, сөйтіп көптеген дамып жетілген әлемдерді араладым. Сондағы үлгілермен мол өнертабыстарға қол жеткіздім. Кейбіреуін жәй ғана жымқырып кеттім». Хыһ. «Осылайша мен бұл асыл тастарды игі іске, адамзаттың өркендеуіне жұмсаймын деп ойладым. Бірақ арты нендей ойранға әкеліп соғатынын, қандай күнәға батқанымды енді түсініп отырмын. Қателігімді түзеу үшін сендерді азат етуім керек. Дәл қазір Матаби ұлы жорығын бастап кетті. Оның қуатты қарулы күшіне ештеңе төтеп бере алмайды. Оны тоқтатудың жалғыз ғана жолы бар. Шығыс бекіністің зертхана қойнауында орналасқан қара текшені бұзу керек. Патша әскерінің бүкіл қару-жарақ, сауыт-сайманының басты қуат көзі — сол. Егер оның көзін жойсақ, патшаның қарулы күштері жарамсыз болып, әскері ойсырай жеңіліске ұшырайды. Текшені бұзу үшін сол жердегі үлкен алтын қылышты қолдану керек. Бұл қылыш сонау Заңғардың алтын семсерінің бір паршасы болғандықтан, қара күшті жоюға тек соның ғана құдіреті жетеді. Онда тағы бір мәселе туындайды: қарапайым адам текшені жоюға тырысса, оның кернеуіне төтеп бере алмай, сол жерде мертігеді. Алайда, бұл істі өзіне нұқсан келтірмей жүзеге асыра алатын жалғыз адам бар. Ол — Сара! Сәуегейлер айтқандай, алып Заңғар жарылар алдында, өз жанының бір бөлшегін ғаламшарымызға жөнелтіп үлгереді. Міне осыдан бір алтын қыз дүниеге келеді де, аласапыранды тоқтатады. Және осы күнге дейін әлемді қара күштердің билеп-төстеуінен қорғап келген де дәл осы бикеш. Өкінішке орай, залым Матаби мен дуагер оны қармауларына түсірді. Үлкен апанда оны елу шақты берен мылтықты қарауылдар күзетіп тұр. Және оны күш жұмсамай босата алуға құзіретті күзетбасы Бонайды да патша өлтіріп тастады. Енді тез арада оны азат етіп, Матабиді қуат көзінен айырмасақ, ақырзаман орнайды. Ал оны болдырмау — баршамыздың борышымыз. Бұл міндетті өздеріңе сеніп тапсырамын. Іске сәт!». Және де Шығыс бекініс қамалының сызбасы. Мұнда қай бөлікті қанша қарауыл күзететіні толық белгіленген. Зертхана қақпасын ашатын құпиясан да жазылыпты.

Ерік қағазды қолына алып, сызбаны шолды да:

— Демек, әрі қарай не істеу керегін білеміз! — деп бекінді. Серкеш сонда бір мүрденің киімін шеше бастады.

— Не істеп жатырсың? — деп сұрады Ерік түсінбей.

— Бізге бүркемелену керек. Егер қарауылдардың барлығы осылай тұмшаланатын болса, бұл бізге қол. Бекіністің дәл артындағы ну орман арқылы барсақ, алыстан келгенімізді ешкім байқамайды. Қамалға жасырынып кіреміз де, қолайлы сәтті шұғыл пайдаланып, артық шусыз шаруаны тындырамыз.

— Егер олардың бәрі бір-бірін танитын болса ше?

— Танымайды деп үміттенеміз. Оның үстіне екі жүз адамның барлығы бір-бірін тануы мүмкін емес деп ойлаймын. Сонымен, істесіз бе?

— Әлбетте!

Қос сері қарауылдарша киініп, белдерін бекем буынып, борыштарын өтеуге аттанды.

6-бөлім. ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТ

Шебер Дәурен біріне алтын, біріне көк сауыт-киімдері мен қуатты қаруларын сақадай сай еткен соң, қос құрбы су жаңа жарақтарына үйренісіп, жаттығуға кірісті. Сондағы айналмалы жау-үлгілерін соққылап, нысанаға көздеп атып шынықты. Үзілісте Сара бой жазып жатқанда, Жәния сырттарынан бақылап, есік жақтауына сүйеніп тұрған Дәуреннің алдына келді де:

— Сен оның сауытын асыра мақтадың, дегенмен менікі мықтырақ сияқты, — деп кербезденді.

— Солай ма?! Ендеше бізге оның керегі жоқ, — деп Дәурен барып, сөредегі қаруды алды да, көздеп тұрып, Сараның артынан бытыратып оқ үзді. Жәния шошынғаннан демін ішке тартты. Сара бұрылып үлгермеді: атылған оқтар түгелімен сауытынан теспей өте шыққанда, ол аңтарылып қалды.

— Құдай атқыр! — деп Жәния дауыстап жіберді де, Дәуреннің кеудесін ұрғылады. — Осылай да қалжыңдауға бола ма?!

Жігіт қақыраңдап күлді.

— Айттым ғой, отқа салсаң жанбайды, суға салсаң…

— Бат-пай-ды, — деп Сара кірбең түрмен қосыла айтты.

Ымырт жабылды. Жәния себезгіден себелеген ыстық судың рақатында. Ал айна алдында Сараның алтын шашын Дәурен қиып беріп жатыр.

— Әлгінде, — деп жігіт қыздың айнадағы кескініне қарады, — сіз әкем іскер, саудагер дедіңіз ғой, сол негізі Ерік көкеңіз ғой, иә?!

— Иә, бірақ ол туған әкемдей болып кеткен. Бірақ, туған әкем де сондай кісі болған.

— Мен негізі өтірікті жек көретін жігітпін. Әйтсе де, сіздің сұрауыңыздан бас тарта алмадым. Құн үшін емес, ойлап қалмаңыз. Жәй бір… сіз… мені баурап алдыңыз…

Сара қымсына күлді. Осы кезде киініп үлгерген Жәния да келіп, есік жақтауына сүйеніп, қолдарын қапсыра байлап тұра қалыпты.

— Жоқ… Ондай мағынада емес… әрине, — деді де, жігіт қайшысын жерге түсіріп алды.

— Абайла. Құрбымның шашын құртып қойма, — деп Жәния кірпік салды.

— Жоға, өзім де міне, болып қалдым, — деп, қайшысын көтерген жігіт, қыздың шашын соңғы рет туралады. — Міне, дайын. Қалай, ұнап тұр ма? Әлде тым қысқа ма?!

— Бәрі дұрыс, қолыңыз дерт көрмесін! — деді Сара мойнына дейін келтерген шаш үлгісін жан-жағынан бағамдап. Ол орнынан тұрып, есікке беттегенде:

— Маған да қысқарту керек пе? — деп сұрады алдындағы Жәния.

— Қажеті жоқ. Сенің менімен баруың шарт емес.

— Ол не дегенің?! Мен құрбымды майданға жалғыз аттандыра алмаймын. Сен үшін ешнәрседен тайынбаймын!

— Кешір, бұл сенің соғысың емес. Сен онсыз-ақ мен үшін көп нәрсе жасадың. Алдыңда мәңгілік қарыздармын.

— Олай емес… Сен маған туған бауырымдайсың.

— Сен де маған туған бауырымдайсың. Мен ет жақындарымның мен үшін құрбан болғанын қаламаймын. Сен, Ерік көкем, Серкеш, ешқайсысыңның…

Жәния Сараны құшағына басты. Құрбылар біраз құшақтасты.

Түн. Ілінген шамдар айналаға әр бер беріп тұр. Есік алдындағы баспалдақта әкесімен түскен суретті қарап, жабырқап отырған Дәуреннің алдына Жәния келіп жайғасты да, демеу білдірді.

— Ендігәрі оны көрмейтініме әлі де сене алмаймын. Ол менің бар байлығым еді, — деді жігіт көзі жасаурап.

— Түсінемін қайғыңды. Менің де әкем дәл солай марқұм болған, — деп сыр шертті Жәния. — Ол керемет аңшы болған. Он үш жасар кезім еді. Жаз айының бір күні әкем дос-жарандарымен әдетінше аңға шығып кетті. Содан достары оның өлік денесін алып келді. Олармен бірге бір бейтаныс әйел болды. Әкем оны қарақшылардың қолынан құтқарам деп, өзі құрбан болыпты. Сол кезде, есімде, мен бұл әйелді иттің етінен жек көрдім. Бірақ өсе келе, түсініп жеттім бұл әкемнің өзіндік таңдауы болғанын. Және оның ғұмыры ізгілікке арналғанын мақтан тұтып, ту еттім. Сенің әкең де, менің әкем де ізгілік жолында шейіт болғандар. Ал шейіттер өлмейді. Олар әрдайым бізді бақылап тұрады. Ал біз олардың жолын жалғап, адамзатты жақсылыққа жетелеуге өз үлесімізді қосуға тиіспіз.

Жігіт көзінің жасын сүртіп, Жәнияға ақырын жымия қарады.

Қараңғыда лаулап жанған сексеуіл оты. Басында екі сері еттеніп бірге отыр.

— Ал сен Сараға айтқансың ба? — деп сұрады Ерік кенет.

— Нені?

— Оны жақсы көретініңді.

— А-а, — деп Серкеш күлімдеді. — Жоқ, әрине.

— Неге?

— Оны жоғалтып алудан қорықтым… Сол үшін күнде қасірет шегіп келемін…

— Эх, жауапсыз махаббат… — деп Ерік қолын артқа тіреп шалқаңдады. — Маған да оның қасіретін сезіну мәртебесі бұйырған.

— Сіз де ғашық боп көргенсіз ғой, демек?! — деді жігіт құтыдағы суын ұрттай беріп.

— Сондықтан да жалғызбын... — деп Ерік кең тыныстады. — Білесің бе, алдыңнан өткен шағыңның кішігірім естеліктері көріне кетсе болғаны, олармен бірге біраз нәрсе есіңе түседі. Құдды бір, өз қалпыма қайтып келген сияқтымын. Дәл осылай отырып, түздің тамағын жемегелі біраз жыл болыпты. Тіпті, бұрынғы өмірімді сағынып қалғанмын ба деп ойлап отырмын.

— Е, солай деңіз, мен болсам алғаш рет шалғай түзде түнемекпін, — деді Серкеш оралған шапанын жастана беріп. — Және қазірден үйімді сағынып тұрмын. Анамның тәтті тоқаштарын. Егер бұл өмірімнің соңғы сәттері болса, бар тілерім мұны сол тоқаштарды жеп тауысумен өткізу болар еді. Шынымды айтсам, әлгі қарауыл жайлы ойлаудан әлі де арыла алар емеспін. Оны шынымен де шаһарға жеткізгім келген болатын. Баласы үшін. Өйткені, мен өзім қазірден сағынып тұрмын...

Тыныштық. Жұлдызды аспанға қарап түрлі ойға шомасың да, қалғып кетесің...

Күн көтерілді. Шешуші сағаттар жақындады. Құрбысымен құшақтасып, серіктесімен қол алысып, Қарақұсқа мініп, жауынгер қыз Сара ұлы шайқасқа самғап кетті.

— Ол неткен ғажайып! Маған ұнап қалды, — деді артынан Дәурен тамсанып.

— Не көрінді саған?! — деді Жәния сазарып.

— Ой! Іштей айтқан сияқты едім…

Қыз қос қолын қабыстырған күйі сырт айналып, кете барды.

Атын ағашқа байлап болған Серкеш:

— Ал сіз сенесіз бе патшаның бүкіл әлемді тізерлете алатынына, Дәрлен мырза жазып қалдырғандай? — деп сұрады.

— Ол есуас, керісінше, барлығымызды жығып береді, — деді Ерік те Ақдауылды ыңғайлап жатып. — Мынадай бассыздығының кесірінен бүкіл әлем бізге соғыс ашса, күніміз қараң.

— Иә. Бірақ, екеуміз де білеміз, мұның жүзеге аспайтынын, біз сияқты нағыз жанкешті жігіттер тұрғанда! — деді де, Серкеш мылтығын оқтап алды.

— Дайынсың ба? — деді Ерік те сайланып.

— Әрине. Бәрібір өлеміз.

Қарағайлы орманнан қарауылдарша тұмшаланған екеуі шыға келгенде, бекіністің артқы қабырғасындағы қарауыл:

— Әй, екеуің, орманда не істеп жүрсіңдер?! — деп дауыстады мылтығын кезеп. Серкеш екі қолын көтере:

— Біз бе? Жәй… қоян атып жүргенбіз. Еріккенің ермегі ғой, — деді маңдайы тершіп.

— Еріккенді көрсетейін сендерге! Кіріңдер тез!

Артқы қақпаны сондағы екі қарауыл ашып беріп, екеуі ішке кірді. Арқасынан екеу, алдынан екеу сүйемелдеп, оларды қамал ішіне алып кірді де, жеделсаты арқылы ең жоғарғы қабатқа көтеріліп, дәлізге шығып, ертіп бара жатты.

— Бізді қайда апара жатырсыңдар? — деп сұрады күдіктенген Серкеш.

— Басшының алдына. Сендерге жаза тағайындалады.

Осы кезде Ерік пен Серкеш ымдасып, бірден іске кірісті: Ерік теріс бұрылып, артындағы екеуді, ал Серкеш алдындағы екеуді қас қақтырмай атып салды. Мылтықтарын тастап, албұндықтарын шығарып, екеуі дәліз бойымен жүгіре жөнелді. Саққұлақ қарауылдар дабыл қақты. Барлығы басқыншылардың ізіне түсті.

Хандықтың тағы бір бекініс-қаласын басып алған Матаби, алдына осы елдің алты даңқты батырын қаз-қатар қып тізді де, наркескенімен барлығының бастарын қатарынан шауып болған соң:

— Дорбаға салып, жетіншісіне ұстатып жіберіңдер. Ханға сәлемдеме, — деп тапсырды. Қан шашыраған жүзінде — асқан қаныпезерлік.

Қаланың төбесіне қабат-қабат қара бұлт үйіріліп, аспан түнеріп, жел күшейіп, әскерлер даурыға бастады. Есіктен атып кірген нөкер:

— Ұлы мәртебелім, сыртта… алапат дауыл… — деп аптықты. Түрі қымтарылған Матаби сыртқа беттеді. Сақшылар қақпаны ашып қалғанда, патшаның бетіне орасан жел ұрды. Алыста ойнаған үлкен найзағайларды көргенде:

— Қарақұс! — деп патша ақырды.

Төбеден қатарласа ұрып, жерді жапыратқан найзағайлардың арасынан атылып шыққан Қарақұс құйғытып төніп, жиылған қалың әскерді жайпап түсті. Үстінен қарғып түскен алтын сауытты Сара жедел оқталып, тасадан тасаға жүгіре, келте албұндығымен жауды атып-жойып, жақын таяғанын алмас қылышымен шауып-қырып шайқасып барады. Ал Қарақұс айнала ұшып, тоқтаусыз жай соқтырып, атой салуда.

Ерік пен Серкеш екеуі екі жақ орамды баспалдақпен айнала түсіп, атысып келеді. Ең төменгі қабатқа түскен соң, түтеткішпен түтетіп, жарғышпен жарып, таса-тасадан қарсыластарды қақырата атып, ұстаханаға жетті. Ондағы жұмысшылардың көпшілігі сыртқа ағылып шығып кеткен. Бірен-сараны қуыс-паналарға жасырынып қалыпты. Одан өтіп қос сері ақыры зертхана дәлізіне шықты. Дәліздің тұйығында — қойнаудың қақпасы.

— Сіз дәлізді қалқалап тұрыңыз, мен текшені бұзамын! — деп Серкеш оза жүгірді.

— Тоқта! — деді артынан Ерік. — Саған бұл істі сеніп тапсыра алмаймын.

Серкеш тоқтай қалып:

— Түсініңіз, бұл — менің жұлдызды сәтім! Маған сенім артыңыз! — деді бұрылып.

— Жоқ. Орнымызбен ауысамыз!

Серкеш тыңдамай жылжи бергенде, артынан Ерік те жүгіре басты. Серкеш қақпаға жетіп, жанындағы құлыптағышқа құпиясанды жылдам енгізді де, құрылғының өзін атып, істен шығарды. Осы кезде көлденең сырғытыла, ақырын ашылған қақпа артынан тосып тұрған бір жұмысшы атып шығып, Серкешті қабырғаға тіреп, пышақтамақ болды. Екпіндеп келген Ерік оны қағып, бұрышқа тақап, өзін бауыздай бергенде, әп-сәтте Серкеш ішке кіріп кетіп, жартылай ашылған қақпаны сырғытып жапты.

— Тоқта, тоқта, жүгермек! — деп айқайлады Ерік тек ақырғы сәт сығалап үлгеріп.

Ғимараттардың үстімен жүгіре басып, төбеден-төбеге секіріп өтіп, Сара орталыққа қарай беттеп барады. Алдынан көтеріліп шыққандардан оңай сытылып, ордаға жеттім дегенде, екпіндетіп келіп, ішкі қорғанға қарай қарқынмен биік ұша секіргенде, бесеуі оң жақтан, бесеуі сол жақтан ұшып келген қара сауытты таңдаулы жасақ оны тосып алды. Көкте аз қалықтап тұрған Сара сонда көзін жұмып тұрып, сәулелі қылышын қысыңқырап, жау арасынан зырылдақтай өте шыққанда, барлығының бастары денесінен ажыралған күйі топырласып құлады. Қорғаннан асып өтіп, қылышын жантарапқа соза тізе тіреп, сақ түскен айбынды аруды қақпа аузында көкірек керген басты жау нөкерлерімен күтіп тұр. Қамартқан Сара қадамын қарқындата басып келе жатыр. Ол жақындай бергенде, Матаби қос саусағымен белгі берді. Нөкерлер жабыла жүгіргенде, қылышынан шұғылалы от шығарып, Сара бәрін жарып жіберді. Артынша тәнсақшы Рауан биіктен секіріп келіп, қос сапысымен төбеден шаппақ болғанда, Сара қылышын тосып, оның соққысын бұғаттады да, кері ысырылып барып, қайта оқталып айқасқа түсті. Қызу кескілесте Рауан Сараның қаруын қағып түсіре алып, көлденеңінен кесіп қалғанда, қылыштары ішінен жарақатсыз өтіп, өзі ырықсыз кері айналып кетті. Сара лезде оның арқасынан аяғын теуіп тізерлетіп, мойнын бұрап өлтірді. Қаруын қайта көтерген жауынгер қызға ақыры Матабидің өзі атылды. Өзінен екі есе дерлік ірі дұшпанның жындана сермеген наркескенінен Сара әдемі орағыта, бар соққысын асқан дәлдікпен қайтара біліп, қарымта соққылар бағыттауда. Әр соғылғанда ұшқын шашқан қылыштардың әуені ырғақ алып барады. Бір мезет Матаби Сараның соққысынан жалтарып қалғанда, уақыт баяулағандай... Көк сәулелі наркескен белінен кесіп өткенде, Сара қатты жараланып, жантая құлады...

Зертхана қойнауында Серкеш төрдегі қалайы қолғапты киіп, жалаңы тік жайпақ алтын қылышты қос қолдап суырып алды да, қабырғаға орнатылған ендік-биіктігі жарты құлаш қара текшеге таяды. Сырттан Еріктің қақпаны ұра дауыстағаны естіледі. Серкеш қылышты көтере екі жақтағы жалғауыш шоғырсымдарды үзіп, текшені жерге құлатты да:

— Мен... лайықпын! — деп, үстінен қылышты қадай тықты.

Айнала жап-жарық болып, қайта сейілді. Алтын қылыш тік қадалып, сыртылдай жанып-өшкен қара текшені қолтықтаған күйі сұлық жатқан Сері көрінді…

— Бүкіл құлшынысымның құнын көк тиын қыла жаздадың! Сен — халық жауысың! — деп долы Матаби наркескенін көтеріп, әлсіреп жатқан Сараға соңғы рет сұқпақ. Әп-сәтте тосыннан құлдырап келген Қарақұс оны қағып құлатып, тырнағымен кеудесінен басып, аузын ашып кеп басын жалмай бергенде, қылышын тіктеп үлгерген Матаби:

— Сайтан алғыр, Қарақұс! — деп көк жарық атты. Арқасын жарық тесіп шыққан алып құс талып, аударылып түсті. Орнынан түрегелген Матаби:

— Өзіңнен он есе үлкен сайтан! — деді оған қаруын сілтеп. Сара қылышын тіреп, аяққа тұрды.

— Сонымен, қайта оралайық, — деп Матаби оған енді ұмтыла бергенде, сауыты мен қылышының көк жарығы сөніп қалды. Матаби кеудесіне қарайлап, соң басын тіктей бергенде, Сара қас қағымда оның басын шауып түсіп, жардай денесін итеріп, дүрс еткізіп әрі құлатты.

Қыз қамығып, бірден Қарақұсқа жақындай бергенде, ол жарылып, көк нұрына бөленді. Сара көзін жасырып, соң қолын түсіріп қарағанда, нұр ішінен шыққан шахзада Алдияр жүзі жадырап қасына келді.

— Саған ештеңе болмады ма?! — деп алаңдай сұрады Сара.

— Уайымдама, менің жалған кейпім ғана өлді. Мен сиқырдан арылдым.

Бикеш кенет шахзаданы қауыша құшақтап алды.

Алдарына жетіп келген қолбасшы Сейдол:

— Алдияр шахзада?! — деп таңырқай қарады. — Демек, сіз осы уақытқа дейін…

— Иә, мен тірімін. Мұның бәрі Матабидің зұлымдығы.

— Жалған падиша өлді! Заңды тақ мұрагеріне бас иеміз! — деп қолбасшы бұйырып, қалған әскерін шахзаданың алдында тізе бүктірді.

Отанына оралған Сара әке-шешесінің қабірін тауып, зиярат етті.

Мұратбай хан мен шахзада Алдияр ортақ келісім-шартқа қол қойысып, бітісіп, екі жақ бейбіт тарқасты. Дарық халқы көптен көрмеген сүйікті шахзадаларын қуанышпен қарсы алды. Алдияр алтын тәж киіп, таққа отырды. Көп ұзамай ол Сара бикешпен көңіл қосып, той арты тойға ұласты. Қаһарман Серкеш серіге жанпидасының құрметіне ескерткіш орнатылды. Өнертапқыш Дәурен әкесінің еңбегін қалпына келтіріп, шәкірт оқытып, адамзатты өркендету жолындағы қызметін бастап кетті. Оның ісіне сүйікті жары Жәния үлкен шабыт сыйлап тұрды. Ал өз міндетін межесіне жеткізген Ерік сері Ақдауылмен қайтадан түз аралап кете барды…

* * *

…Қараңғы үңгірде қара жамылған дуагер жақұтсыз қалған аса таяғына сүйене басып, орнына жайғасты.

— Барлығы бұлай аяқталмауы тиіс еді, — деп ол жындана күрсінді. — Мен ойсырай жеңілдім, бар күшім сарқылды… Күте тұр… Мен оны сезіп тұрмын… Орасан зор қара күш… Оның ішінде… Ол — оның ішінде!…


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (5)

Ару

өзің жаздың ба? Кино түсіруге болады екен! фантазияң мықты екен

Серікбол

Күшті

Айдана

Керемет!

Айжулдыз

Керемет олендер

Айжыулдыз

Керемет олендер

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз