(Көрініс)
(Сахнаға екі қыз шығады. Біреуі — байдың, екіншісі — қарапайым аула сыпырушының қызы. Екеуі бір сыныпта оқығандықтан, мектептен бірге шығып, аялдамаға бірге келеді. Байдың қызы Альмира телефонын алып, әкесіне қоңырау шалады.)
Альмира:
— Ало, әке?! Әке маған тағы да он мың салыңызшы.. Не дейсіз? Ол ақша неге жетеді? Жүргізушіңіз әкелмей қойды ғой. Сосын таксимен келдім. Тамақ алдым. Сайттан бір зат көрдім. Соны алғым келіп тұр... Бопты бермесеңіз.. Қажет емес! Өзім жұмыс істеп, ақша табам. (Телефонын өшіріп қояды. Қайта қоңырау шалған әкесіне жауап бермей, шақыртуды басып тастайды.)
Гүлім:
— Жауап берсеңші Альмира?! Адам әкесіне осылай сөйлей ме екен? Жүрегін ауыртасың ғой?
Альмира:
— Кішкене уайымдасын! Онсыз да айдаладағы біреулерге ақшасын шашып жүреді ғой? Ауру-сырқау, қайыршы, мүгедектерге күніге көмектеседі. Ал мені не қымбат мектепке ауыстырмайды. Не қымбат көлікпен тасымалдауға рұқсат етпейді. Дұрыс па осы қылығы..?!
Гүлім:
— Әкең қандай керемет жан, құрбым?! Сен не деген бақытты қызсың? Егер әкең күніге садақа берсе, демек сендер үшін беріп жүр. Жаратқан барлық жақсы амалдарын қабыл етсін!
Альмира:
— Айтқаның келсін Гүлім! Сен ше? Сен бақытты емессің бе? Сенің әкең қандай адам?
Гүлім:
— Менің әкем, менің әкем ең жақсы адам! (әндете жауап береді) Оны сен күніге көріп жүрсің! Қазір де көріп тұрсың.
Альмира:
— Қайда? Қайсы? Дұрыстап айтшы..
Гүлім:
— Анау мектептің ауласын сыпырып жүрген күзетші ағайды көріп тұрсың ба? Сол кісі менің әкем!
Альмира (таңғалып):
— Қойшы..? Шынымен бе?
Гүлім:
— Ия, рас. Есесіне ол кісі әлемдегі ең мейірімді әке. Ал мен ең адал перзентпін. Таңертең әкеме тамағын әкеліп беремін. Қазір үйге бара сала алдын-ала дайындап, мұздатып қойған тұшпара немесе мантыны пісіріп, әкеме ыстықтай алып келемін. Кешке ауысымнан шығып, үйге барғанда қолына крем жағып беремін. Киімдерін жуып, аяқ киімін майлап, жақсы жаңалықтарыммен бөлісемін.
Альмира:
— Ал анаң ше? Ол кісі ренжімей ме күйеуіне? «Неге аз ақша табасың?» — деп. (күмілжи сұрайды)
Гүлім:
— Анашым да осы мектепте еден жуады. Негізі ол кісілердің екеуінің де жоғары оқу орнын бітірген дипломдары жоқ. Балалар үйінен шыққан. Бір-бірінен басқа арқа сүйер жақындары болмағандықтан, ата-анам ешқашан ренжіспейді. Өзара өте тату, бір-біріне қамқор!
Альмира:
— Ал сенен басқа балалары бар ма?
Гүлім:
— Жоқ. Мен жалғыз қыздарымын.
Альмира:
— Гүлім, сен біздің сыныптың ғана емес, бүкіл мектептің мақтанышы, бетке ұстар оқушы, алтын медальға үміткер түлексің! Осылай кедей бола тұра, қалай үздік оқып жүрсің?
Гүлім:
— Альмира, менің алға қойған арман-мақсаттарым өте көп! Ата-анамды қартайғанда жұмыс істетпей, мәпелеп күткім келеді. Сол үшін жақсы оқып, мектепті алтынға бітіріп, тіс дәрігерінің оқуына түссем деймін. Дипломымды алған соң жеке клиникамды ашып, «ең үздік тіс дәрігері» атанғым келеді. Ал сен ше? Сенің арманың бар ма?
Альмира:
— Жарайсың құрбым! Арманыңа жет! Мен әлі ойланған жоқпын. Анам секілді әлемді аралап, өзім үшін өмір сүргім келеді. Бірақ.. білмеймін. Ойланбаппын.
Гүлім:
— Әй, досым-ай! Мақсатсыз жәндіктер де інінен шықпайды. Білімсіз адам — қызықсыз кітап сияқты. Әсіресе қыздар... жан-дүниесі жұтаң, оқыған-түйгені аз болса, айналасын тез жалықтырып жібереді. Сондықтан көп оқы. Көп ізден! Қой, мен кеттім. Уақытым жоқ. Көріскенше сау бол! (Кетеді)
Альмира:
— Сау бол! (Ойланып тұрып қалады. Сосын қолына телефонын алып, әкесіне қоңырау шалады.)
— Ало, әке! Мені кешіріңізші... Мені неге осы мектепке бергеніңізді енді түсіндім. Мен енді өзгеремін әке! (еркелеп) Әкешім, осында бір кісі бар. Сол кісіні фирмаңызға жұмысқа алыңызшы.. Әйелін де! Менің құрбымның ата-анасы ғой. Керемет кісілер! Өтінем? Күніге маған беретін ақшаңыздың жартысын берсеңіз болады. Алақай! Рақмет, әкешім! (сахнадан шығып бара жатады) Қазір барған соң айтып беремін. Аха! (шығып кетеді).
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі