Сахнаға есінеп-құсынап ми шығады. Бір қолында кітап. Бір қолында телефон. Орындыққа келіп отырып, кітапты ашып оқи бастайды. Бірақ ұйқысы келіп, қайта-қайта есінейді. Сол кезде уатсабына хат келіп түседі. Телефонға қараған ми, инстаграмм, ютуб, тик-токты аралап кетіп, кітап жайына қалады. Ми есінеуін тоқтатып, сергіп, тырқылдап күле бастайды.
Осы кезде шұбалып сахнаға шыққан ұзын Кітап Парақтары:
— Ми қарағым! Сергіп болсаң тұр! Мені оқы. Ертең сабаққа барғанда тарихтан не айтасың? - дейді.
Ми:
— Қазір, кішкене көре салайын! Сосын оқимын! - дейді. (Ары қарай инстаграмм көріп кетеді. Қасында біраз тұрған Парақтар, басын шайқап, түңіліп, сахнадан кетіп қалады. Аздан соң қызықты вайндар көріп, күле бастайды. Осы кезде дүңкиген Әдебиет Оқулығы шығып):
— Ми досым! Маған да бір уақ көз салшы?! Жақында бжб-тжб басталады. Есіңде ме? Классикалық шығармаларды оқып келіңдер деп еді ғой? Бірақ сен маған назар да салған емессің!
Ми:
— Әдебиет, сен ренжімеші. Сенің бетіңді ашып, қалай оқи бастаймын, солай ұйқым келеді. Одан гөрі жолда жүріп құлаққаппен аудио кітап тыңдағаным артық, - дейді.
— Аудио кітаптан емтиханға қатысты қандай сұрақтарды оқыдың? Қалай талдау жасадың?
— Досым, бара берші! Сенсіз де күн көргем. Қазір технология заманы. Сенің қажетің жоқ! - деп жауап береді.
(Ренжіген Әдебиет қолын бір сілтеп, шығып кетеді. Осы кезде бір қолында қаламы бар Дәптер келіп):
— Ми дос! Тұр! Қазақ тілден эссе, алгебрадан есеп, орыс тілінен жаттығулар орындауың керек! Жазу, жазу және жазу!
Ми:
— Оооф! Енді жетпеген сен едің. Кетіңдерші бар! - деп айқайлайды.
Сахнаға бәрінің соңынан жеткен Телефон:
— Ей, концелярия! Тимеңдер миға! Оған көп қозғалуға болмайды. Өзі су мен майдан тұратын, жалқау жаратылысқа неге тисе бересіңдер?! Ұйықтасын! - дейді.
Ашуға мінген Дәптер:
— Осы сен бәле қайдан шықтың? Сен жоқ кезде кітап бала-шағаның қолынан түспей, үлкендер бір-бірінен сұрап, кей адамдар ұрлап, кей адамдар аттай қалап, қадірлеп үйіне алып кететін. Әр үйде кітапқа таласып, жата-жастана оқитын. Ұқыптылары көшіріп жазып, ішіндегі жақсы сөздерді елге тарататын. Сен қалай шықтың, солай барлығы саған жабысып қалды. Оқушылар тіпті жоламайтын болды. Тиіп-қашып оқитындар бар енді... Онда да үздіктер ғана. Бұлай жалғаса берсе, мына қоғам кері кетеді ғой?!
(Осы кезде сахнаға шыққан Телефон):
— Дәптер, көп сөйлеуіңді әлі қоймапсың ғой?! Сендерге адамдар неге қызықпайды, айтайын ба?! Өйткені сендер мылжыңсыңдар! Көп сөйлейсіңдер. Әрі мен секілді ешнәрсе көрсете алмайсыңдар. Не аудио, не бейнематериалың да жоқ.
Дәптер:
— Әлбетте, сенің айтқаның дұрыс телефон. Бірақ, адам баласы түбінде сені емес, Кітапты құрметтейтін болады. Оның құрметіне әлемнің әр қаласында кітапханалар салынды. Әр мектеп, әр оқу орындарында оны дәріптеп, қолдан-қолға тигізбей оқиды. Ал саған қандай мемлекеттік құрмет көрсетілді. Керісінше, қоғам болып күресуге шақырып жатыр.
Телефон:
— Күлкімді келтірмеші Дәптер. Бұрын сендерді қадірлесе қадірлеген шығар?! Ал қазір баласының маңдайынан сипамайтын үлкендер, күні-түні менің бетімді сипалаумен әлек. Менсіз бір сағат та өмір сүруге шыдамайды. Сондықтан Дәптер ханым, қайқайыңыз! Сізді ешкім шақырған жоқ! Миға ауырлық түсіруге болмайды! - дейді.
Ашуға мінген Дәптер, ренжіп кетіп қалады.
Телефон болса Миға келіп:
— Мына канцеляриялар әбден мазаны алды. Кеттік, екеуміз таза ауада, тыныш жерге барып отырайықшы..! Сабақты уайымдама. Гуглдан көре саласың. Бастысы бірге болсақ болғаны!- деп ертіп кетеді. Ми Телефонмен қол ұстасып шығып кетеді.
Орындық үстінде қалған кітапты қолына алған үлкен Кітап:
— Мұңайма! Бұл күндер де өтер..! Бізді де жата-жастана оқитын ұрпақ келер! Еһһ! - деп шығып кетеді.
Г.Қасенбай
13.04.2023
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі