«ҰБТ – мүмкіндік пе, әлде стресс пе?»
Автор: Аманкулова Назерке Балтабекқызы
Алматы қаласы, Әуезов ауданы, №122 жалпы білім беретін мектептің түлегі
«ҰБТ – мүмкіндік пе, әлде стресс пе?»
Қазір 11-сынып оқушысы ретінде менің ең үлкен ойымның бірі – ҰБТ. Көп адамдар бұл тек тест деп ойлайды, бірақ шын мәнінде ол тексеру ғана емес, әркім үшін үлкен стресс. Кейде өзім де ойланып қаламын: «ҰБТ мен үшін мүмкіндік пе, әлде жай ғана қорқыныш па?»Менің күнделікті өмірімде ҰБТ әрдайым бар сияқты. Таңертең мектеп, сабақ, қосымша курстар, дайындық тесттері… Тіпті үйге келгенде де телефон мен планшеттен тапсырмалардан көз алмайсың. Кейде кешкісін шаршап, «не үшін осылай дайындалып жатырмыз?» деп өзімді сұраймын. Бірақ сол сәтте түсінемін: бұл тек стресс қана емес, бір мүмкіндік те. Мүмкіндік – өзіңді тексеріп, қаншалықты дайын екеніңді көру, болашаққа қадам жасау.
Сондай-ақ, ҰБТ бізді ұйымдастыруға үйретеді. Уақытты дұрыс бөлу, жоспар құру, тапсырманы тез шешу – бұның бәрі кейінгі өмірде де қажет болады. Мен өзімде байқап жүрмін: күн сайын кішкене дайындық, тесттерді орындау, қайталау – өзіме сенімділік береді. Сол себепті ҰБТ тек қорқыныш емес, өзіңді сынап көрудің бір түрі сияқты.
Әрине, стресс те бар. Кейде дайындыққа уақыт жетпей қалады, қосымша курсқа бару керек, сабаққа дайындалу керек, достармен кездесу керек… Барлығын бірге жасау қиын, ми шаршайды. Мен сияқты көп достарым да: «Қалай бәрін үлгереміз?» деп алаңдайды. Бірақ осы стресс арқылы да бір сабақ аласың – шыдамдылық, төзімділік, жауапкершілік.
Бірақ 11-сынып болған соң тағы бір жағдай бар – уақытты барлығына үлгеру керек. Сабақ қана емес, виньетка, сыныппен қыдыру, вальс дайындықтары… Бір сәтте бәрі бірдей келеді. Сол кезде ойлайсың: «Қалай бәріне үлгереміз?» Бірақ шын мәнінде, дәл осы сәттер – ең қызықты, ешқайда қайтып келмейтін мектеп өмірі. Кейде шаршаймыз, кейде уайымдаймыз, бірақ бірдеңені өткізіп алмас үшін барымызды саламыз. Универде дәл осы сәттерді сағынатыным анық. Сол үшін ҰБТ де – тек сынақ қана емес, осы керемет мектеп кездерін есте сақтап, бар күшімізді көрсету мүмкіндігі.
Қорытындылай келе, жастардың тез шаршауы немесе қысым – жай ғана әлсіздік емес. Бұл қазіргі өмірдің, технологияның, қысымның әсері. Бірақ соған қарамастан, өзімізді күте білуіміз керек. Ұйқыны реттеу, телефонды азайту, өзімізге уақыт бөлу — қарапайым нәрселер сияқты, бірақ өте маңызды. Біз бәрін үлгеруге тырысамыз, бірақ өзімізге де уақыт бөлу керек. Кейде жай ғана баяулап, демалу – әлсіздік емес, керісінше өзіңе деген қамқорлық.
Сондықтан, 11-сынып оқушысы ретінде айтарым: ҰБТ – стрессіңді тексеретін сынақ емес, өзіңді сынау, болашаққа дайындық және мектептің ең қызықты сәттерін есте сақтап, бар күшіңді көрсету мүмкіндігі. Стресстен қорықпай, мүмкіндікті таңдайық!
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Әл – Фараби
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі