Өлең, жыр, ақындар

Құсбегілік

Құсбегілік — бүркіт, ителгі, қаршыға, қырғи, тұйғын, тұрымтай, сұңқар, лашын, жағалтай сияқты жыртқыш құстарды қолға үйретіп, аңға, құсқа салатын саятшылық өнердің бір тармағы. Құсбегілік жаһанда кеңінен тараған, оның ішінде бүркітшілік қазақ, қырғыз халықтарының дәстүрлі ежелден келе жатқан үлкен төл өнері ретінде саналады. Қазақ халқының арасында бұл өнердің тамаша шеберлері кең дәріптеледі. Мәселен, «Аспанда жүрсем қанатым талады, жерге қонсам жалайыр Шора алады», «Тінейдегі қасиет — ұялас екен сарқұспен, Шорадағы қасиет — тілдес екен бар құспен»,— деген сөз-дер бар

Құсбегілер қыран құсты тор құрып ұстайды немесе қарақанат балапан кезінде ұядан алады. Оның аяғына балақбау мен шыжым тағып, көзіне томаға кигізеді. Құсты әуелде шыжыммен ұшырып, қайыруы жеткен соң семіртіп түлетеді. Бұдан кейін құсты ақжеммен асырап, бос керілген арқанга қонақтатып, ұйқысын алып арытады. Жеңіл ұшып, жеңіл қонатын күйге келгенде аңға салады.

Тарихи сипаттама

Көшпелі өмір салтын бастан кешірген қазақ халқы табиғатпен мейілінше етене болған. Көшпелілер табиғатты өз өмірлерінің бөлінбес сыңарына балап, табиғат тылсымын неғұрлым тереңірек таныса, өмірдің солғұрлым мәнді де қызықты болатынын жақсы түсінген. Табиғат аясындағы таным-тәжірибесі тек қана күнкөріс тіршілігіне негіз болып қоймай, сонымен бірге уақытты мәнді, көңілді өткізудің жолы ретінде де кеңінен пайдаланылған. Солардың бір көрінісі аңшылық-саятшылыққа байланысты. Аңшылық-саятшылық әскери жаттығудың, шынығып-шыңдалудың тамаша үлгісі болған.

Құсбегілік әсем табиғат аясындағы көңілді, әсерлі қызығы мол демалыс болып табылады. Ел ішіндегі ит жүгіртіп, құс салған, қақпан-тұзақ құрып, тор жайған жалғыз-жарым аңшылықты айтпағанда, көшпелілер арасында бүкіл ру-тайпа болып қотарыла көтерілетін, сөйтіп байтақ өңірді қаумаласа сүзетін аңшылық дәстүрлері болған. Мұндай жойқын аңшылықтың із-сорабы, белгі-айғағы ретінде Қазақстандағы Үстірт үстіндегі "құпия сызық" деп жүрген әйгілі қалта ауыз ұра қазбалары, кезінде Шоқан Уәлиханов таңдана жазған, күні бүгінге дейін ізі сайрап жатқан Іле өзені мен Тарбағатай арасындағы ұраны айтуға болады.

Сонау ерте заманнан-ақ қазақ халқы табиғатпен етене қойындас болғандықтан аң-құстың қасиетін айыруға жүйрік болған. Ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесін, әсіресе, кейінгі ұрпаққа үйретуге айырықша мән берген.

Қазақ аңшылары өздерінің таным-тәжірибесінің арқасында аңшылық-саятшылық үшін жүйрік ат, қыран құс, құмай тазы сияқты жан-жануардың тілін таба баптап, қалауына көндіре алған. Осылардың ішінде қыран құстарды баптаудың ғасырлар бойы жинақталған мол тәжірибесі шын мәнісінде әрі өнер, әрі терең біліктілік.

Тарихи деректер

Тарихи деректерге қарағанда, құсбегілік өнері бұдан үш мың жыл бұрын пайда болған. Орта ғасырлардағы итальян саяхатшысы Марко Полоның жазбаларында Құбылай ханның саятшылық мақсатта қолға үйреткен 500 ақ-сұңқары және басқа да қыран құстары болғандығын және оларды баптап, күтуге, арнайы 10 мың құсбегі ұстағанын жазады. Орта ғасырларда Орталық Азия мен Қазақстан, Қырым, Еділ бойын билеген патшалар мен хандар да өз сарайларында арнайы құсбегілер ұстаған. Олар сарай қызметкерлерінің құрметтісі саналған. Сондықтан да хан сарайындағы құсбегілік қызметке тек ақсүйектер, бектер, әмірлер тағайындалған. Кейбір тарихи деректерде Шыңғысханның ұлы Жошының 3 мың бүркітші ұстағаны туралы жазылады.

Қазақ аңыздары

Құсбегілік өнері қазақ ауыз әдебиетіндегі аңыз әңгімелерде де ерекше орын алады. Мәселен, қазақтың әйгілі құсбегісі Жалайыр Шораға байланысты аңызда “Аспанға ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора алады”, — деп қыран құстар мұң шағады екен. Қазақ және басқа түркі тектес халықтар көбінесе бүркіт асыраған, ал Еуропа мен Ресей билеушілері сұңқарларды қолға үйреткен (“соколиная охота”)

Түз құсын қолға түсіру әдістері

Белгілі әдістері: аумен ұстау, тор жаю, қарға орану, тояттатып алып тұтқиылдан басып қалу, шеңгелдестіру, ұядан алу.

— Аумен ұстау үшін шарық жіптен тоқылған ауды елсіз иен жерге құрады. Ол үшін бес-алты талды жерге әлсіздеу қадап, тормен қоршайды да, ау ортасына мықтап қазық қағады. Қазыққа тірі түлкі немесе қоян, кейде бір-екі тауық байлайды. Қиядан көріп, құдия түскен бүркіт төбесі ашық тордан еш уақытта тік көтеріліп ұшпайды. Жүгіре көтеріліп ұшамын дегенше торға оралады.

— Тор жаю әдісі көбіне қыс айларында қар түскен соң пайдаланылады. Ол үшін қар түстес ақ шаңқан торды қар үстіне бір метрге жуық биіктікте кере құрады да, астына тірі түлкі немесе қоян байлайды. Бұған сорғалап түскен қыран аяғын торға шалып алады. Солқылдақ тор бұркіттің аяқ тіреп, серпіле ұшуына кедергі жасайды.

— Қарға орану әдісі қар бекіген соң ғана қолданылады. Ол үшін екі адам бүркіттің аңға түскен сәтін аңдып жүріп, ұшырып жібереді де, біреуі қарға көміліп, жемді төбесіне қойып жатады. Суық сорып, аш өзек болып жүрген бүркіт кешікпей жемге оралғанда, қар астындағы жасырынған адам оны ұстап алады.

— Тояттатып ұстау үшін түз тағысының аңға түскен немесе жемтікке қонған сәтін аңду керек. Сол сәтте ұшқыр атқа мініп, әбден мелдектеп тойған бүркітке ең ұрымтал деген иек артпадан тұтқиылда қосылып береді. Күн желтең болса жел жағынан шықса, тойған құс ыққа қарай жүгіргенде бетегесімен жер соғып, көтеріліп кете алмайды. Сол кезде ұшқыр атпен төніп келіп құс үстіне шапан сияқты киіммен жаба салу керек.

— Шеңгелдестіру үшін қол құсын, қолға үйреткен бүркітті түз қыранына салады. Ол үшін қол құсының балақ бауына түлкінің жон терісін, немесе бір санын қызарта байлап қоя береді. Әрине түз құсының бойын көріп барып жіберу керек. Сонда қол құсы өз тектесімен парлап ұшуды аңсап көтерілсе, түз құсы оның аяғындағы жемге құдияды. Мұндай жағдайда қос бүркіт сөз жоқ шеңгелдесіп жерге түседі.

— Ұядан алу үшін аңшының көп еңбегі, әдісқойлығы, ептілігі қажет. Ол үшін мекен-жайын, қонатын мезгілін әбден бақылап алып, тор, тұзақ, шаппасына кигіз салған қақпан, тағы да басқа әдістер арқылы қолға түсіреді.

Түз құсын баптау тәсілдері

Түзден ұстаған құсты үйрететін адамды құсбегі деп атайды. Құсбегі құсты балапан кезінен бастап баулиды.

Томаға кигізу

Түз құсын қолға түсісімен томаға кигізбей үйретуге болмайды. Томаға кигізген соң да екі-үш күн ұйықтамай қарсылық көрсететін қиқарлығы болады. Ондайда ырғаққа (тербемелі әткеншек етіп байланған жұмыр ағаш) отырғызып тербетіп, ұйықтатпайды, яғни екі күн болсын, үш күн болсын құс қарсылығын қойғанша қажымай бірге болған абзал.

Сылап-сипау

Қолға түскен құсты бірінші күнен-ақ барлық баптау барысындағы қимыл -әрекетте және түн ортасында тұрып сылап-сипайды. Құстың иесіне әбден бауыр басуы үшін мұндай ықылас қажет-ақ.

Жем жеуге үйрету

Құс алғашында жемге өздігінен ұмтылмайды. Сондықтан бір жапырақ етке қант бүркіп, аузына салып жібрген абзал. Сөйтіп қолдан жем жеуге үйреткен соң, алыста тұрып шақырып, құсты өздігінен келіп жем жеуге баулиды. Оған үйренген шақта ат үстінде тұрып жем көрсетіп, шақырып, қолына келіп қонуды үйретеді. Мұның бәрі құстың атқа да, адамға да үйірек болуына әрі шынығуына бірден-бір себеп.

Шырғаға тарту

Баулу кездерінде құстың аяғында байланған ұзын жеңіл шыжым жіптің болғаны абзал. Бұлайша баулуды шырғаға тарту деп атайды. Ерінбей-жалықпай шырғаға көп тартылған құстың қанат, құйрығы берік болып жетіледі.

Далабайға түсіру

Далабайға түсіру деп тұлып етіп сойылған аң терісінің (көбінесе, түлкі терісі) үстінен жем алғызуды айтады. Жемді аң терісінің кез келген жеріне қоя салмай бас жағына тығыздап тығып, екі көзінен болар болмас қызартып көрсетіп қою керек. Сосын тұлыпқа ұзын жіп байлап сүйретеді де, құсқа оны ат үстінде ұстап тұрып көрсетеді. Егер құс томағасын сыпырғанда далабай тұлыпқа талпынып, лап қойса әрі қарай сүйретпей тастай салу керек. Сол жерде далабайдағы қант бүркілген тәтті етті бір-екі рет шоқытқан жөн. Мұнан соң құсты қолға алып томағасын кигізеді де, атқа мініп сүйретпе далабайды тағы да көрсетеді. Осылайша қайталай берудің еш зияны жоқ.

Құстың аңға түсу тәсілдері

— Шаншыла түсу. Бұл тәсілде құс бірде болмаса бірде соғылып, мерт болуы мүмкін.
— Сыпыра түсу. Сыпыра түскен құс екпінін баса алмай тегеурінін (жембасар үш саусағына қарсы орналасқан артқы жалғыз саусақ) алдырып алады.
— Іліп түсу. Іліп түсуге қалыптастыру үшін сүйретіп келе жатқан далабайға құс аяғы тиісімен тастай салу керек.

Құсты аңға салмас бұрын аяғы өреленіп, ауызы тұмылдырықталған тірі түлкіге түсіріп көрудің де пайдасы мол. Мұны құсбегілер "тірілету" деп атайды. Тірі түлкіге қаймықпай түскен құстың аң аулауға үйренгені.
Құсты бұлайша баулу әдістерінің қай-қайсысына кіріскенде де, тіпті аңға саларда да қолдағы құсты аш ұстаған жөн.

Құсты қызылға отырғызу немесе түлету

Құсбегілер қолындағы құсын аңға салуға мамыр, маусым айларынан бастап баптайды. Алдымен қансоқты, қызыл сияқты маңызды жем беріп, түлету үшін семіртеді. Бұл кезді қызылға отырғызу немесе түлету деп атайды. Құс түлегі бапты болса, аз күнде-ақ бой жүні сүзіліп, салаланып сала береді. Ал түлек бапсыз болса, жемі қуатсыз немесе маңызсыз болса құстың бой жүні жымдаспай қобырап, қауырсындары бунақталып дұрыс жетілмейді. Қазақ құсбегілерінің қолындағы құсты тиісті бап, күйіне қарай ашықтыруы, қоялатуы (құстыру), шаятыны (ішін жүргізу) болады.

— Қоялату үшін бармақтай ақ киізді әбден жуып тазартып, майға орап қылғыттырып жіберсе аздан соң құсып, ішіндегі бар қоясы құсықпен бірге түседі.
— Ішін шайып ашықтыру үшін тырна жілігінен жасалған түтіктен бір-екі рет қызыл шай жұтқызады.

"Қайыру"

Қайыру — құсты әр кезде әр түрлі бапта ұстау үшін оған берілетін жеміне байланысты. Құсбегі қолындағы бүркітін қайырып, қалаған бір бабына келтіру үшін бірнеше жем түрлері беріледі:

Қансоқта — өлген аңның немесе малдың туралмаған, қаны сорғалаған кесек еті.
Қызыл — құстың қылғып қақшуына оңтайланып туралған қызыл ет. Мұның да қан сөлі өзінде болады.
Тартпа — малдың немесе аңның желкесі, толарсағы, шандары сияқты құнарлы аз сіңірлі жерлері.
Сарбөртпе — туралған соң суға екі-үш рет шайып, сығып, біршама қан-сөлінен арылтқан ет.
Ақжем — майдалап турап, суға салып қойып, әбден сығымдап, бар маңызынан айырған ет.
Тоят — құс өзі алған аңның етін жұлып жеуі.
Үрген өкпе немесе боз өкпе — сойылған малдың немесе аңның өкпесіне пышақ тигізбей кеңірдегімен қоса алып үріп қояды. Сонда өкпе маңызынан айрылып, құсты белгілі күйге түсіретін жем болып шығады

Қазақстандағы құсбегілік

Құсбегілік өнер соңғы 10-15 жылдың ішінде Қазақстанда қайта жандана бастады.

— 1998 жылдан бастап құсбегілердің басын қосып, баптаған қырандарын сынға салатын "Салбурын” мерекесі дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді.
— Қарағанды мемлекеттік университетінің жанынан арнайы құсбегілер мектебі ашылды.
— Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Нұра ауылындағы Жалайыр Шора атындағы құсбегілер мектебі жанынан Республикалық құсбегілер мұражайы ашылған.

Оқуға кеңес береміз:

Қазақ құсбегілерінің аушы құсты қолға түсіру тәсілдері

Қансоқта (қыран жемі)


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз