Өлең, жыр, ақындар

Қансоқта (қыран жемі)

Қансоқта — қыран құстың жемінің — аңның қан-сөлінен арылмаған жас етінің атауы.

Қансоқтаны беру мақсаты

Қансоқта екі түрлі мақсатта беріледі:

біріншісі — саят кезінде қыран құстың өзінің алған аңының етіне дәніктіру. Мұндайда қансоқтаны қыранды жылы күйінде тамақтандырады.

Кейде әлі құрыған қыранға да қансоқтаны жылыдай береді;

екіншісі — түлек кезінде қыранның ағзасының жетілу үшін иесі дайындап береді.

Саятта қансоқта беру

Саятта бір-екі кесек тоят (ет) кесіп берсе, құстың пейілі артып, тағы да аң ілуге шабыттанады. Саятта қыранның ілген аңының етінен берілетін қансоқтаны шақтап қана береді. Өйткені, қан-сөлі мол жас етті тойып жеген бүркіттің жемсауы майланады дейді. Ондай қыран аң ілмей қоятын көрінеді. Түлкіні көп ілдіру үшін қыранға оның тілін кесіп береді. Сонда қыран құс дәнігіп түлкі ұстағыш болады деп есептейді.
Саят маусымында түрлі себептермен зорығып шаршаудан арықтап, екі иығы салбырып кеткен, әлсіреген қыран құсқа аз-аздан қызыл (ет) жем беріп күйлендірген соң тұтас қоянды немесе семіз қойдың мойнын қансоқта орнына беріп жегізеді. Қансоқта бойына тарап, екі-үш күн өткенде әлденді деп есептейді. Сөйтіп, қайтадан саятқа алып шығуға жарайды.

Қансоқтаны көп жеп, іші майланған қыранды қайта түзейді. Ол үшін суға бір күн бойы салып сөлі мен майынан арылған құнарсыз ет — бөртпені береді.

Түлектегі қыранға қансоқта беру

Қар еріп, саят маусымы аяқталған соң бүркіт түлекке отырады, яғни жілік майы, тұяғы және қауырсындары қайта жетіледі. Қанаты майымас үшін күн көзінен тасада, бұлақ жағасына отырғызады. Осы кезде қақпан құру, тұзақ құру, атып алу сияқты тәсілдермен ұстаған аңның етін бүтіндей береді. Мұндай қансоқтаны құныға жеген соң қыран тез жетіледі. Егер қансоқта болмай, бүркіт ашығып қалса, түлеген жүнінің қауырсындары толық жетілмей, кенжелеп, буылтықтанып қалады дейді. Мұның зардабы алдағы аңшылық маусымда байқалады, яғни, бүркіттің аң ілуі кемиді. Аң еті болмаса, қойдың мойын етін береді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз