Өлең, жыр, ақындар

Бүгін «Шығыс Салбурыны-2025» фестивалінің жабылу салтанаты болды

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Бозанбай ауылындағы «Бүркіт-төбе» алаңында өткен  «Шығыс салбурыны-2025» халықаралық фестивалі өз мәресіне жетті. Аталмыш фестиваль осымен бесінші рет өтіп отыр. «Бүркіт-төбе» алаңында Шығыс Қазақстан облысының әр ауданы екі киіз үйден тіккен. Құсбегілікті дәріптейтін бұл фестивалге Қазақстанның түкпір-түкпірінен әрі шет мемлекеттерден де бүркітшілер жиналып, өз өнерлерін ортаға салды. Үш күнге созылған фестивалде тазы жүгірту, жамбы ату, теңге ілу сынды ойындар ойнатылып, бүркіт, ителгі, қаршыға жарыстарының ақтық бәсекесі болды. Шұрайлы шығысқа құрметті қонақ болып Досымжан Таңатаров, Кенжебек Жанәбілов және «Алатау серілері» тобы да келген. Моңғолия, Ресей, Венгрия, Қырғызстан, Қытай және басқа да мемлекеттерден келген қатысушылар еліміздің мәдениетімен танысып, шығыстың сұлулығына тамсанып қайтты. Олардың арасында өзге елде тұратын қандастарымыз да бар. Фестивалде тек ұлттық ойындар ғана ойнатылып қоймай, шоу-айтыс та ұйымдастырылды. Келген қонақтар фестивалдің жоғары деңгейде өткенін айтып, ризашылықтарын білдірді.

Құсбегілердің біріне аздаған сұрақ қойып, пікірін тыңдадым:

 -Сәлеметсіз бе,фестивалге нешінші рет қатысып жатырсыз?

 - Аманбысың? Бұл фестивалге үшінші рет қатысудамын.

 - Бүркітті баптап жүргеніңізге қанша жыл болды?

  -Бүркітті баптап жүргеніме биыл он бес жылдай болып қалыпты.

 -Қиын ба?

 -Иә, қызығы мен шыжығы қатар жүреді ғой оның да.

 -Ал жалпы фестиваль туралы ойыңыз қандай?

 -Фестиваль өте жоғары деңгейде өтуде. Жылдан жылға жақсарып келе жатыр. Өте қуаныштымыз. Қазақстанның басқа өңірлерінде де осындай фестиваль өткені дұрыс деп ойлаймын.

 -Жауабыңызға рахмет!

Фестиваль соңында әр өңірден келген қатысушыларға марапаттар беріліп, жабылу салтанаты өтті.

                                                                            


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз