Өлең, жыр, ақындар

Әнес сахаба ұрпағынан Алаш пен Наурыздың таралуы

Қазақ шежіресі көп аңызда Әнес сахабадан басталады… Әнес сахабаның атасы Мәлік деген кісі екен. Басыра деген шаһарда хан болып тұрып, сол мекенде қазаланады. Әнес бес жасында жетім қалады. Тоғыз жасында анасы дүниеден қайтады. Әнесті бір жақын-жуық ағайыны жетелеп әкеліп Мұхаммед пайғамбарға табыс етеді. Пайғамбардың тәрбиесін алып, оның ілімін бойы на сіңіреді. Бірінші болып дінді Әбубәкір, сосын Омар қабылдайды. Үшінші — Біләл деген құл. Оны Әбубәкір сатып алып азат етеді. Ол өмір бойы азаншы болып өтеді. Төртінші болып Әнес үбі, бесінші болып дінді Омардың қарындасы қабылдайды.

Әнес әуелі жарлы болып өмір кешеді. Халі нашарлаған соң пайғамбарға келіп жағдайын айтады. Пайғамбар: «Бір әйел алыңыз», — дейді. Әнес айтқанын орындайды. Бірақ шаруасы түзеле қоймайды, қайта тұрмыс-тіршілігі бұрынғыдан да ауырлай түседі. Әнес ұнжырғасы түсіп пайғамбарға тағы да келеді.

Мұхаммед пайғамбар тыңдап болып: «Неше әйелің бар?» — деп сұрайды. Әнес үбі: «Екеу», — дейді. Пайғамбар: «Тағы бір әйел ал, жақсы болып кетесің», — дейді. Әнес үбі бұл ақылға айран-асыр болып, қайғыланып жүреді. Басқа діндегілер (кәпірлер) оны мазақтап: «Сен пайғамбарыңнан жәрдем сұрасаң, ол басыңа қайғы салады. Жарлы адамға әйел бара ма?» — деп әжуа қылады. Арада бірнеше күн өткесін, Әнес үбі бір күні Әбубәкірге келеді, жағдайын мәлім етеді. Пайғамбардың әйел ал дегенін айтады.

Әбубәкір де: «Неше әйелің бар?» — деп сұрайды. Әнес үбі: «Екеу», — дейді. «Олай болса Пайғамбардың айтқаны сүннет, — дейді, — және бір әйел ал», — деп қолына шамалы тіллә береді. Сол тілләні мекер ақыға беріп, Әнес біреудің қызын алады. Үш әйелімен өзі төртеу болып даладан отын шауып, оны арқалап тасып әкеп, сатып халдерін түзей бастайды. Кіші әйелі отын пұлынан үнемдеп бір ұрғашы лақ сатып алады. Онысы ешкі болып, буаз болып, лақтайды. Шапағаты тиер деп сүтін сауып, Пайғамбарды шақырып дұғасын алады.

Бір күні Пайғамбар жорыққа аттанады. Қыс айы, күн суық еді. Амалсыз жапан далаға түнейді. Жағуға отын таба алмайды. Пайғамбар ерте тұрып, намаз оқиын деп дәрет алмақ боп жатқанда, Әнес келіп қолына құманымен жылы су құяды. Пайғамбар жылы суды қайдан алғанын сұрайды. Сонда Әнес: «Түнде жатқанда қойныма алып жылытып жаттым», — дейді. Разы болған Пайғамбар рақымы төгіліп: «Балам, қолыңды жай, ықыласыңа дұға оқиын», — дейді. Әнес қолын жайып отыра қалады. Пайғамбар дұғасын оқып, сонан соң: «Жақсы боларсың. Тұқым-зүрриятың көп болар, сізден Медине халықтарының нашарлары қуат алып ауқаттанып тұрар», — дейді.

Міне, осыдан кейін Құдайы беріп Әнес үбі бай болады. Малы мыңғырып шаһарға симайды. Пайғамбар оған: «Енді сіз сахараға барыңыз», — дейді. Содан біздің бабамыз малын айдап сахараға — далаға кетеді.

Сол Әнес үбіден ұрпақ былай тараған дейді:

Әнестен Жабал, Мағаз, Сахел туады. Сахелдің үш әйелі болады. Бірінші әйелден: Естек (орысша — Башкир), Ноғай.

Екінші әйелден — Қырым татары. Үшінші әйелден: Ақшолпан, Қорай. Осы Қорайдан екі бала тарайды: Шешен мен шеркеш. Бұлар қазір Кавказда мекендейді.

Ал Ақшолпаннан Аламан, Аламаннан Алаш пен Наурыз туады. Наурыз баласыз болыпты да өлерінде: «Менің атым жойылмасын, өлген уақытымда жыл сайын бір қазан көже құдайы беріп тұрсын. Балаларыңа айт!» — деп табыстап-аманат етіп кетеді. Алаш аманатын мақұлдап жыл сайын март айында бір қазан құдайы көже беріп келеді. Ол халық арасына келекеле Наурыз көже атанып кетті…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз