Өлең, жыр, ақындар

Қазақтың үш жүзге — Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс деп бөлінгені (І нұсқа)

Енді бірінде Адам ата 1000 жыл жасапты дейді. Нұх пайғамбарға дейінгі ұрпағы өсіп жүз мыңға жеткен. Адам ата өлерінде халықты Шышқа тапсырған. Шыш 912 жасқа жеткен. Шыштан Қайнал туған, одан Мағауия, Бөрден, Ыдырыс туған. Ыдырыс өте білімді зор ғалым болып, 750 жас жасаған. Халыққа неше түрлі өнер үйреткен, дүниеден тірі ғайып болған.

Ыдырыстан Манғұрат туған, одан Лайса, Нұх туған. Нұх атасының орнына патша болған. Нұхтың патшалығы кезінде халық өте көп өсіп, бұзақылар көбейіп, патшаға бағынбай, жанжал шығара бастапты.

Жаратушының бұйрығымен жер бетін топан су қаптаған. Содан Нұх пайғамбар үш ұлымен, үш келінімен және сексен адам әр түрлі жануарлардан өздерімен бірге алып, кемеге түскен. Нұх пайғамбар кемемен қырық жыл алты ай суда жүзген. Су тартылып, құрғаққа шыққан соң оба ауруынан үш ұл, үш келінімен қашып құтылыпты. Жер бетіндегі халық сол үш ұлдан тараған. Ол үш ұлының бірі Қам, екіншісі Сам, үшіншісі Якиш екен. Қамның ұрпағы: Орыс, Герман, Румын, Түрік.

Самның ұрпағы: Арын, Габар, Шалық, Арпахмет, Аргон, Анеток, Тарах. Тарахтан Ибраһим пайғамбар.

Якиш ұрпағы: Шын, Шыннан Қытай және сол тектес елдер.

Ибраһимнен Смағұл — Араб халқы және Сақақ. Сақақтан: хандар, Түрік, Табағы. Табағыдан Масагет, Қасах, Махалла, Сах. Сахтан: Әнсәрі, Әнсәріден — Хамит. Хамиттен: Әннессахаба, охас-Сахаба. Охастан Кавказ халқы. Әннастан: Мадат, Ғажат, Сыбай, оқас.

Мадаттан: өзбек, ұйғыр, гагауыз.

Оқастан: Түркмен, Болғар, Қарашай, Құмық, Текежау.

Ғажаттан: Ноғай, Татар, Башқұрт.

Сыбайдан: Алаш, Алаштан Жайылхан, Сейілхан.

Жайылханнан: Қазақ, Қырғыз, Қарақалпақ, Созақ. Сейілханнан Қыпшақ, Палауса. Созақтан: Моңғол, Түркмен халықтары. Қазақ үш жүзге тараған: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз немесе Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс деп бөлінген.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз