Өлең, жыр, ақындар

Бала патша Алдияр

Бұрынғы әділетті Мұхтар деген патшаның заманында бір шәрінің жас балалары жиналып ойнайды екен. Көп балалардың ішінде Алдияр деген бала патша болып, енді біреулері уәзір және бірнешеуі патшаның жендеттері, қазы, сұрақшы болып, тас жинап, патшаға сарай жасап, оны Алдияр патшаның шәрісі деп атапты. Балалардың ішінде тәртіпсіз немесе қылмыс істегендерін жауапқа тартып, түрліше жазаларға бұйыратын болыпты. Барлық балалар Алдияр патшаның әмір-пәрменіне риза болып, бас иіп тұрады екен. Сөйтіп балалар күн сайын Алдияр патшаның шәрісі, өздері ойнайтын жеріне жиналып, патшаның тапсырмаларын орындап, кешінде үйлеріне барып қонып, күндізін өздерінің шәрісінде болады екен. Бір күні балалар топырлап, өздерінің шәрісінде жүргенінде сол шәрінің әділ патшасы Мұхтар патша балалардың ойнап жүрген жеріне кезігіп қалып, балалардың ойындарына және олардың патшалық үкім-сұрақтарына таңданып қарап тұрыпты да, бір кезде бір баладан:

— Балам, бұларың қандай ойын, — деп сұрапты.

Сонда патшаның жауап сұраған баласы айтады:

— Мынау біздің Алдияр патшаның шәрісі, ал енді анау тақта отырған біздің патшамыз Алдияр. Біз бәріміз де Алдияр патшаның бұйрығы бойынша істейміз, — депті. Сонда хан бұлардың істеп жүрген істеріне және де салған шәрілеріне ішінен қатты риза болып:

— Патшаларыңа айтыңдар, осы шәрісін маған сатсын, бір ділдә берейін, — депті. Мұхтар патшаның жауабын әлгі бала өзінің патшасына келіп айтса, Алдияр патша:

— Бұл шәрі сатылсын, басқа жерден шәрі жасап аламыз, — деп, бір ділдәні алып, өздерінің қазынасына тапсырып, Мұхтар патшаға:

— Мына шәрі қазірден бастап сіздікі, — депті. Мұхтар патша:

— Бұл шәрі менікі болды, сендер енді басқа жерге орналасыңдар, — деп өз бетімен кетіп қалыпты. Балалар ертесіне ол жерден кетіп, басқа жерге барып, бұрынғысынан да артық етіп сарай салып, ойнап жүре берген.

Мұхтар патша бір түні ұйықтап жатып түс көріп, түсінде гүл иісті бақтар, өніп тұрған бақша өте зинатты алтын, гауһармен безендірілген алтын сарайлар, бейіш, хор қыздарын көріпті. Мұхтар патша сол сарайларды аралап жүргенде, бір ақ шалмалы адам кезігіп, Мұхтар патша бұл өзіңнің бала патша Алдиярдан сатып алған сарайларың, арала депті. Мұхтар патша ояна кетсе, түсі екен. Патша бұл көрген түсіне сүйсініп, кедейлерге садақа беріп және сейілге шығып, әдейі бала патша Алдиярдың шәрі салған жеріне келіпті. Алдияр патшамен сөйлесіпті.

— Мына сарайларыңды сатыңдар, жүз ділдә берейін, — депті де баланың сарайларына жүз ділдә беріп, «енді менікі» деп кетіп қалыпты.

Балалар өз сарайларын жүз ділдәға сатып, енді басқа бір жерге барып, сарай, шәрі салып, сонда орналасып, бұрынғыларындай жүріп-тұрыпты. Мұхтар патша бір түні тағы бір түс көріп, түсінде бұрынғы көрген сарайынан бірнеше есе артық зинатты сарай, бақтарды аралап жүріпті. Баяғы ақ сәлделі адам кезігіп, патша бұл аралап жүргенің Алдияр патшадан екінші рет сатып алған шәрі, сарайларыңызды әбден аралаңыз депті. Мұхтар патша оянған соң, бұл түсіне тағы да қуанып, кембағал мүсәпірлерге садақа беріп, сейілге аңға шығып, қайтарында Алдияр патшаға келіп, бұлардың бұл шәрі сарайларын бір мың ділдә беріп сатып алып, «мына сарай шәрілер тағы да менікі болды» деп кетіп қалыпты. Алдияр патша төртінші жерге көшіп барып, орналасып алыпты.

Күндердің күнінде Мұхтар патшаның алдына екі адам дауласып келеді. Сондағы даулары екеуінің жетелеген екі биесі бар, екеуінің арасында құлыны бар. Биенің екеуі де қара түсті екен де, арасындағы бір құлыны ала құлын болып туылыпты. Ол құлын екі биені емеді, екі бие бір құлынға де иеді екен. Дауласып келген екі адамның екеуі де менің биемнен туған, менің құлыным дейді. Патша сұрап қараса, екі биеде өткен туған, биелер туғанда биелерінің туғанын екеуіде көрмеген. Күндізінде екі бие бір құлынды тең емізіп жүргенінде бірақ көріпті. Дау осыдан әділ патша екеуінің қайсысына бұйырып берерін біле алмай, қайран болып отырғанда, бір жас бала отырып:

— Ой, құдай-ай осынша адам осы құлынның қайсы биеден туғанын айырып бере алмай отырғанын қарашы. Егерде біздің Алдияр патша болса, бұл іс бағана-ақ шешіп берер еді, — депті. Сонда патшамен бірге отырған уәзірлер:

— Ой, енеңді... былжыраған бала, елдің басы қатып отырғанда былжырамай отыр әрі, — деп ұрысып тастапты. Бала:

— Ұрыссаңыз ұрыса беріңіз, бірақ та біздің Алдияр патша болса, бұл бүйтіп бөгеліп отырмас еді, — деген сөзін айтыпты. Бұл сөзді естіген

Мұхтар патша:

— Ей, бала осы істі сендердің патшаларың шеше ала ма, — деп сұрапты. Сонда бала айтады:

— Тақсыр, біздің Алдияр патшамыз болса, бұл істі бағана-ақ шешіп тастар еді, — депті.

Сонда хан:

— Не деп болмас, — деп бір адам жіберіп, жеті жастағы бала патша Алдиярды шақыртып алып, болған жағдайды түсіндіріп:

— Балам, бұл туралы сен не дер едің, — депті.

Сонда балалар патшасы:

— Бұл іс көп ойланарлық іс емес қой, — депті де, бір шыны су алғызып, құлынды ұстап тұрып, құлағының ұшынан кесіп, шыныдағы суға үш тамшы қанды тамдырып жіберіп, биенің бірінің құлағынан үш тамшы қанды шыныдағы суға тағы да тамызып жіберіп, суға қарап, «мына құлын мына биеден тумаған» депті. Содан кейін тағы да бір шыны су алдырып, құлынның құлағынан үш тамшы қан тамызып, енді ана бір биенің құлағынан үш тамшы қанды шыныға тамызып, шыныдағы суға қарай салысымен-ақ «мына құлынды тапқан осы бие екен», — депті.

Сонда жиналған халық:

— Балам-ау, мұны қайдан ажыраттың деп сұраған екен.

Бала тұрып:

— Өз енесінің қаны су ішінде өзі құлынын қанымен бірге қосылып кетеді, өзі таппаса екеуінің қаны су ішінде қосылмай, екі бөлек жүреді депті. Содан кейін көпшілік болып, екі шыны суға қараса, Алдиярдың айтқанындай болып шығыпты. Құлынды өз иесі алып қайтыпты.

Сонымен енді бір күндерде Мұхтар патшаның алдына екі адам дауласып келеді. Сондағы даулы істері бес жасар атан түйеге екі адам таласып келген екен. Екеуі де өз қолынан боталатқан, менің пәлендей інгенімнен туған, аузын үріп аяғын, сыпырған түйем деп екі адам бір бесті атанды жетелеп келіпті. Мұхтар патша әрі-бері сұрап көрсе, екеуі де өз түйесінен туғаны үшін бірнеше адамдарды куәға тартып, өз сөздерін жөн қылып болмаған соң, патша шариғат айырсын деп қазыға жіберген екен. Қазы әрі-бері сұрап көріп, екі жағында жанға келтірген өз түйемнен туғаны үшін жанымды берем. Екеуі де тоқталмастан жанын беріпті. Бірақ мұны Қазы да ажырата алмай, ақыры патшаның алдына келіпті. Патша даулы түйені қайсысына бұйырып берерін білмей, таң-тамаша болып отырғанда, тағы да бір жас бала тұрып:

— Мұны біздің Алдияр патшамыздан басқа кім ажыратады дейсіздер, — депті. Сонда патша тұрып:

— Балам, сен Алдияр патшаңды шақырып келші, сендердің патшаларыңды да көрелік, — депті. Сонда әлгі жас бала жүгіріп барып, өзінің Алдияр патшасын ертіп келіпті. Алдияр екі жағын сұрап көріп, бұл атанның тапқан енесі бар ма деп сұрағанда, екеуі де «енесі бар-бар» депті. Алдияр «екеуіңіз де енесін алып келіңіздер» деп бұйырыпты. Жиналған ел бұл бала қайтер екен деп қарап отырғанда, екеуі екі інгенді жетелеп келіпті. Алдияр екі түйені арқан бойы жерге ұстатып тұрып, бесті атанды жықтырып, төрт аяғын мықтап байлатып алып, атанның санын қылшылбырмен бұратыпты. Шылбыр атанның санын қиып, атан түйе бақырып, боздап кеп ышқынғанда жерде ұстап тұрған екі түйені қоя беріңдер деп бұйырыпты. Сонда екі түйенің бірі боздап келіп, күндегі дауысымен боздап жатқан атанның үстіне түсе қалыпты. Сонда Алдияр «атан мына түйеден туған» депті. Отырған ел бала патшаның қазылығына қайран қалыпты.

Тағы да бір күндері патшаның алдына 10-11 жастағы екі қара баланы ертіп, бір кісі келіпті. Тақсыр, мына баланың бірі менің өз балам, бірі менікі емес. Бүгін таңертең балам жататын төсекте екі бала жатыр, қарасам, түрлері, киімдері, мінез-құлқы, сөздері, бәрі бірдей. Менің өз балам қайсың десем «екеуі де сіздің балаңыз менмін» дейді. Сонымен, өз баламның қайсысы екенін біле алмай, сіздің алдыңызға келіп тұрмын, — депті. Патша екі баланы жекелеп алып, өткен уақыттағы істерін сұрап көрсе, екеуінің сөзі бір жерден шығыпты. Патша әрі-бері сұрап-сұрап, ешқандай сезік таба алмай, ақыры лажсыз болып, осыған «бала патша Алдияр не дер екен», деп оны шақыртып алып, мән-жайды түсіндіріп беріпті. Алдияр сонда:

— Бұл іс бас қатырарлық іс емес қой, — деп, бір бос бөтелкені алғызыпты да, бөтелкені өзі ұстап тұрып, екі балаға айтыпты:

— Балалар сендердің қайсыларың мына кісіден туған болсаңдар, соның осы мен ұстап тұрған бөтелкеге
кіріп кетесіңдер, — депті. Екі қара баланың бірі секіріп келіп, бөтелкенің ішіне кіріп кеткенде, бала патша бөтелкенің аузын бас бармағымен баса қойыпты да, әлгі кісіге:

— Әне, қасыңызда тұрған сіздің балаңыз, мына бөтелкедегі сізді алдап жүрген шайтан, — депті. Сонымен жиналған халық қайран қалыпты. Мұхтар патша халықты жинап алып:

— О, халайық, жеті жасар Алдиярдың ақылы менен әлдеқайда артық екен. Сол үшін бүгіннен бастап бар патшалығымды осы балаға өткіземін. Бұдан былай сіздердің патшаларыңыз мына жеті жастағы Алдияр, — депті. Сонымен Алдияр бала жеті жасында таққа отырыпты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз